Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Аймақ 21350 2 пікір 23 Ақпан, 2021 сағат 12:35

Торайғыр балалары тоңып жүр

«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» аңсаған ақын ізбасарлары қыста бүрісіп тоңып отырғаны жайлы не білеміз?! Баянауыл ауданындағы Торайғыр ауылының тұрғындары С.Торайғыров атындағы мектептің шағын орталығында тәрбиеленіп жатқан балаларының денсаулығына алаңдаулы. Олар: «Шағын орталық іші қыста азынап тұрады, әсіресе, едені тастай суық», - деп отыр. 

Ауыл имамы Берік Қожабергенов ауылдың тумалары мен қазіргі тұрғындарына WatsAAp желісі арқылы осы мәселе жөнінде дабыл қағуда. Имамның айтуынша, таяу күндері ауылдың бір топ азаматы, соның ішінде кәсіпкер Бауыржан Сейітов, Қабдынасыр Сүлейменов және имамның өзі де бар, шағын орталықтың жағдайын көзбен көріп қайтыпты. «Мектептің іші қайнап тұр, ал шағын орталықтағы балалардың аяқтарынан сыз өтіп, денсаулықтарының бұзылғанына ешкім басын ауыртып отырған жоқ», - дейді ауыл азаматтары.

Мәселенің мәнісіне келсек, С.Торайғыров атындағы жалпы білім беру мектебі екі ғимараттан тұрады. Оның бірі – шағын орталық орналасқан ғимарат кеңестік кезеңнен қалған ескі интернаттан орын тепкен. Ғимараттың жылу жүйелерінің тозығы жеткен, ешқашан жөндеу көрмеген.

Біз мектеп директоры Сайлау Тоқтасыновқа хабарласып, мән-жайды сұрастырып едік, Сайлау Сәпиұлы шағын орталықтың ойын және жатын бөлмелеріндегі жылу температурасы талапқа сай, яғни, 20-21 градус екеніне сендіріп бақты. Суықтың адам денесіне табаннан өтетіні және «еденнің суығы» деген жеке параметрдің жоқтығы мектеп басшысын алаңдатып тұрмағанын байқадық. Десе де директор жылу желілерінің тозып тұрғанын, қазандықтан шыққан жылу мектеп ғимаратынан өтіп, көне интернат ғимаратына жеткенше қуаты бәсеңдейтінін мойындады. Ал қазандықтың жылу желілері 2016 жылы жөндеуден өткен көрінеді. 

Ауыл имамы «Торайғырлық азаматтар қалтамыздан ақша шығарып, жылу желілерін ауыстыруға атсалысайық» деген бастама көтерді, алайда жылу желілерін ауыстыру арзан шаруа емес, оған қыруар қаржы ғана емес, уақыт та керек. Ал мектеп директоры болса білім ошағын мемлекеттік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енгізуге тырысып жатқанын айтты. Алайда мектеп ол бағдарламаға іліге ме, жоқ па -  ол әзірге белгісіз. Мектепті бағдарлама тізіміне алу – Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы шаруа. 

Пандемия кезінде оқушылардың дені сабақты үйінде оқып отырғаны белгілі. Осыны пайдаланып мектеп басшылығына мектептің бір-екі сыныбына шағын орталық балаларын көшіре тұрса болар еді ғой. Директордың өзі «Қыс мезгілінде әдетте 25 баланың 10 шақтысы ғана келеді», - деді емес пе. Он балаға жылы орын тауып беру соншалықты қиын ба?! 

Бұл мәселе біржақты болғанша ауылдың қанша баласы зардап шегіп үлгерер екен?! 

Жанаргүл Қадырова

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972