Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 12608 6 пікір 23 Ақпан, 2021 сағат 15:07

ИК - WU KANG. Қазақстанның боямасыз бейнесі

Жастар арасында «Ирина Кайратовна» деген атпен танымал топ бар. Азамат Маркленов, Алдияр Жапарханов сынды азаматтардан құралған команда, жарыққа шығарған туындылары арқылы қоғамдағы және саясаттағы ащы шындықтарды астарлап жеткізіп келеді.

Күні кеше сол «ИК» тобының «WU KANG» деген туындысы жарық көрді. Директоры - Қуаныш Бейсеков, продюсері - Алмас Жали.

«Қазақ қызын жалаңаштады», «сөзінде мән жоқ» деп сынауға асықпаңыз. Иә, клипті бір көргеннен түсінбеуіңіз мүмкін. Алайда, әр детальіне анықтап мән берсеңіз, бүгінгі қоғамның боямасыз бет-бейнесін көресіз.

Мәселен, бейнеклип басталғанда-ақ, хот-дог, күріш және арақ көрсетіледі. Бұл дегеніңіз - Еуропа, Қытай және Ресей. Үш мемлекеттің бренді арқылы олардың бүгінгі біздің қоғамға ықпалын көрсетуге тырысқандай...

Авторлар бейнеклип басталғанда шыбын ұрғышты неге көрсетті? Уиллиям Голдинг дейтін ағылшын жазушысының «Шыбындардың әміршісі» атты аллегориялық романы бар. Оның сюжеті бойынша, қоғам өзін-өзі жояды. Авторлар осы көрініс арқылы бүгінгі қазақ қоғамының, Қазақстан қоғамының бет-әлпетін көрсетуге тырысады.

Оқиға бір ресторанның ішіндегі планнан басталады. Демек, клиптегі ресторан - сіз бен біздің мемлекетті сипаттайды. Ал оның қызметкерлері  жұмыссыз, бос отырып, карта ойнайды.

Әрі қарай, қазақы нақыштағы қызға еуропалық үлгідегі киінген қыз «самса» әкеліп береді. Осы самсаны тістеген кезде,  жаңағы қазақи нақышта киінген қыз ойланып кетеді де, өз ойында қазақтың тұлғаларының портреті алдында жалаңаштанып билейді. Бұл да қазақы құндылық деген ұғымның қазір тек жасандылыққа негізделгенін аңғартатындай.

Қазақстаннның картасы бейнесінде жасалған торт жеп отырады. Бірінші - торттың батыс бөлігі желінген. Бұл дегеніңіз мұнайлы өлкенің бар байлығы шетке кетті дегенді айтып тұрғандай.

Бейнеклип барысында Қазақстан картасы бейнеленген торт бірнеше мәрте желінеді. Алдымен Батыс Қазақстан бөлігі кесілетінін айттық. Осы жерде мән бере кететін жәйт - кесілген бөлікке екі қолдың таласатынын, әлдекімнің ол қолдарды қағып жіберетіні көрсетіледі. Бірақ, нәтижесінде бәрібір Батыс Қазақстан желініп кетеді. Бұл жерде таласушы қолдар АҚШ пен Қытай десек, қағып жіберуші - Ресей деп түсінуге болады.

Әрі қарай, қазақ жігітінің үйіндегі бар затты, тіпті керегедегі «обойды» жыртып алып, қытайға ақшаға беріп жатқаны, Қазақстан деген шағын үйді елестетпей ме?.. Бейнеклипте қарыз беруші қытайдың қолындағы 1000 пайыз деп жазылған парақ та Қазақстанның қазіргі экономикалық жағдайынан хабар берсе керек. Әлгі жігіт барлық заты сатылып, дымсыз қалған соң, тамақ ішіп отырған үш қытай азаматының жанында жаттығу жасап жатады. Оның үстіндегі киім мен оның іс-әрекеті, Қытайдың Шыңжаңдағы этникалық аз ұлттарға арналған лагерлерін елестетеді. Осыдан кейін, жаңағы Қазақстан дейтін торттың Шығыс бөлігі желінеді.

Онан әрі, теледидардан Ресей депутаты Федоров сөйлеп отырады. Оған арақ ішіп отырған қазақ қатты ашуланады. Бірақ, есіктен арағын көтеріп кірген орысты көргенде бар қыжылын соған айтып, бірге ішеді. Ал, әлгі орыс қарқылдап күледі. Сөйтеді де екінші план арқылы карта бейнесінде жасалған торттың қалған бөлігін асап жейді.

Клипте:

«Cash rules everything around me дейсің ба?
Алдыңа не қойып берді соны жейсің ба», деген сөз айтылады. Яғни, «Cash rules everything around me», деген тіркес ағылшын тілінен аударғанда - «ақша бәрін шешеді» деген сөзге сәйкеседі. Демек, ақша бәрін шешеді деп, алдыңа келгенді талғамай жұта беру - өз тамырыңа балта шабу емес пе дегенді емеурінмен ұқтырады деп түсіндік.

Әзірге біз байқаған, мән берген тұстары осылар. Клипті 18 сағаттың ішінде 280 мың адам көрген. Туындыны әрқайсы әртүрлі талдап, ойын жазып жатыр. Бірақ, барлық көрерменнің пікірі - қоғамның боямасыз шындығы көрсетілген деген пікірге саяды.

Бұған дейін де аталған топтың «5000» деген клипі жарыққа шыққан. Оны қазірге дейін 11 млиллионнан астам адам тамашалапты. Ондағы - Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның азапталып өлуі, Заманбек Нұрқаділовтың қазасы, Нұр-Сұлтандағы LRT құрылысындағы жемқорлық, халық коронавируспен ауырыл жатқанда астанада шашылған отшашу сынды детальдердің көрсетілуіне көпшілік көрермен ыстық ықыластарын білдірген.

Ал, соңғы туындылары арқылы да «ИК» тобы қоғамдық мәселелерге өзіндік көзқарастары бар екенін тағы бір мәрте көрсеткендей.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3267
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5618