Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Біртуар 6403 2 пікір 26 Ақпан, 2021 сағат 14:23

Нағыз актер туралы аңыз...

Жұмахан Әбдіқадыров актер... Театр және кино артисі. Қазіргі көрермен Жұмаханды «Сұрапыл Сүржекей» мен «Батыр Баяннан» біледі. Ал театрдағы рольдері өкінішке орай ұмытылған. Жұмаханды сахнада көрген көрермендер де бүгінде санаулы қалған болар.

Жас актер Жұмахан Әбдіқадыров Жамбыл облыстық қазақ драма театрына келген кезде ол шаңырақтың нағыз өрлеу-өсу кезеңі еді. Оның үстіне бас режиссер Маман Байсеркенов театрдың репертуарын биікке көтерді. Маман театрдың нағыз маманы болатын. Қасында екінші режиссер Әскер Құлданов екеуі театрдың бет-бейнесін қалыптастырғаны рас-ты. Олар театрдағы Шекспирдің «Отелло», «Дуалы түнгі Думан», «Гамлет», М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Ш.Айтматов пен Қ.Мұхамеджановтың «Көктемдегі кездесу» Тұрар Рысқұлов туралы жазған Шерхан Мұртаза мен Қалиқан Ысқақовтың «Революция сарбазы» С.Жүнісовтың «Тұтқындары» тек қана Тараз үшін ғана емес, Республика үшін де мәдени құбылыс еді. Ал артистері: ҚР Халық артисі Алтын Ружева, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Оразғали Әбділманов, Жорабек Шлүмбаев, Мақсұт Салықов, Гүлбаршын Өскенбаева, Әтіркүл Дүйсекенова, Жас буын артистері Мағзом, Шалқия Бақытжановалар, Қарабай Сатқанбаев, Үмбет Әлжанов, Мәкен Рахымжанова, Спандияр Мұқышев, Шәмшәгүл Жәмеңкеевалардың «алтын кездері» болатын. Және сол жылы Жамбыл театры Алматы қаласына барып, талғамы биік көрермен мен театр сыншыларынан жоғары бағасына ие боп келген еді. Институт қабырғасын енді тамамдаған жас Жұмаханға бұл кезең оңай емес-ті. Алайда құдай берген дене мен дарынның арқасында ол көзге бірден ілінді. Жұмахан келе сала М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегіндегі», Есен, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» Қодар, Д.Исабековтың «Әпкесіндегі» Тимур, Т.Ахтановтың «Антындағы» Әбілхайыр, Шекспирдің, «Гамлетіндегі» Лаэрт, «Дуалы түнгі думанындағы», Оберон патша А.Бектің «Волоколам тасжолында», Бауыржан Момышұлы, О.Бодықовтың «Жан азабындағы» Моцарт Ш.Мұртаза «Сталинге хат» Сталин, М.Әуезовтың «Айман-Шолпанында» Арыстан Д.Исабековтың «Кішкентай ауыл» Демесін, Шекспирдің «Ричард ІІІ») Эдуард патша. Осы тізімдегі орны ерекше ол Александр Бектің «Артымызда Москва» повесі бойынша Әскер Құлданов қойған «Волоколамск тасжолындағы» Бауыржан Момышұлының образы болатын. Жұмахан сахнаға гүрілдеп шығып келгенде Баукеңнің өзі келгендей әсерде қалатын. Оның үлкен көздері оттай жанып, блиндажда ойланып әрлі бері жүргенде , командирі В. Панфилов пен екеуінің арасындағы сахна әкемен баланың сөйлесуіндей болды. Ал қоршаудан шығарда – Жұмахан пистолетін жоғары көтеріп «Ура!» деп айқайлап жау шебін бұзғанда, тек сахна ғана емес, көрермен де орнынан тұрып кетердей әсерге бөленген. Осы роль үшін Жас актер «Жігер 76» фестивалінде лауреат болып алғашқы дипломға ие болған.

Борис Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз» кітабында Совет Одағының батыры Алексей Мересьев туралы жазған. Онда ұшқыш Алексей өзінің кезекті тапсырмасында жау ордасын бомбылап жүріп, самолеті құлап өзі жау тылында қалады. Екі аяғы жаралы әзер шығады қоршаудан. Дәрігерлер амалсыздан оның екі аяғын кесіп тастайды. Алайда өзіне деген сенім мен дос-жаранның көмегі оны штурвалға қайта отырғызады. Екі аяғына протез салған ұшқыш кейін сау кезінен де артық ерлік көрсетеді.

Бұл соғыс кезіндегі батырлардың ерлігі. Неткен жанкештілік! Неткен өз-өзіне деген сенім. Мұндай ерлік тек соғыс кезінде ғана емес. Бейбіт кезде де болып жатыр. Көпшілік оның біреуін білсе, біреуін білмейді.

Ұйқысы ояу еді. Бір сәт ұйықтап кеткен. Түсінде шешесі Мөржан болу керек. Жұмаханды маңдайынан сүйіп жатыр. Аймалап жатыр.

-Сіз кімсіз? –дейді Жұмахан ұялып.

-Мен бе? Мен сенің анаңмын.

- Менің шешем басқа кісі ғой. Ділдәкүл...

-Жоқ балам... Мен нағыз шешең Мөржанмын...Ділдәкүл екінші шешең.

«А-а а шынында да мына кісі менің өз анам ғой. Түрі қандай мейірімді еді. Апа... Апа...Мен сізді танымай қалдым... Кешіріңізші. Сіз көкке ұшып, біз жетім қалғанда мен 4-те ғана болғам. Түріңізді де ұмыта бастаған екем.... Апа... Апа... Ол анасын енді құшақтай бергенде бір ұлы күш кеудесінен итеріп жіберген... Ол құлай берді....

Осы кезде құлағына тарс еткен дыбыстан шошып оянған. Алдымен санасы оянған. Қатты бір соққыдан басы мен белі үзіліп кетердей ауырған. Сосын мойны жұлынардай болған. Ары қарай қап-қара дүние. Сосын жарқ еткен күннің сәулесіндей жарықтан екі көзі көрмей қалған. Жо-жоқ...ұйықтап кеткен екен ғой. Жұмахан есінен танып қапты.

Таңғы сағат 6-ларда Павлодардан шыққан «Қазақфильмнің» уазигі Целиноград, Қарағанды, Семей, Үшаралды артқа тастап Талдықорғанға асыққан. Кешке қалада «Батыр Баян» фильмінің тұсау кесері. Жұмаханның қасында фильмнің режиссері Сламбек Таукелов болған. Түнгі жауған кірбік қар, шаршаған шофер, қатты келе жатқан машинаның тормозы ұстамай аударылған. Және Андреевканың осы жерлерінде сай көп. Машина екі-үш аударылып барып төңкерілген. Қатты соққыдан Жұмахан есінен танып қалды. Тіпті оны машинадан қалай шығарып алғаны, оны Сарқандтағы ауруханаға қалай апарғаны да есінде еміс-еміс. Бұл Өнер айдынында Жалауын жаңа көтерген кемедей Жұмаханның да жұлдызды сәтін жаңа бастаған кезі еді..

Кененбай бүгінгі спектакльді ерекше ойнады. «Біздің Ғанида» ол Ғаниды ойнайды. Актер Кененбай Қожабеков «Шабандоз Қыздағы» Айдар, Марк Донскойдың «Алитет уходит в горы» фильміндегі Айедан соң актердің шын мәнінде бағы жанған. Жас актер ТЮЗ-дің комсомол комитетінің басшысы, театрдағы басты рольдерде де Кененбай. Болашақта Гамлетпен Пер-Гюнтті, Хлестаковты ойнаймын дейтін.

Қар аспаннан бүгін бір ерекше жауып тұр. Бұл қаңтар айының ортасы болатын. Кешке болашақ спектакльдің прогоны. Басталуына да уақыт аз қалған. Кененбай көңілі көтеріңкі, мына әлемді құшақтап, аймалап, бауырына басқысы келгендей күй кешкен. Ойда жоқта қарсы алдарынан бір топ ішіп алған жігіттер шықты. Қасындағы екі досынан алдымен темекі сұрады. Оларды боқтап, былапыттап, әжуалай бастады. Екі досы да театрда, кинода түсе бастаған жас актерлер болатын. Мазақтағандары аздай, әлгі шпаналар енді оларға қол жұмсап, сабай бастаған. Кененбай бәріне төзсе де, мұндай қорлыққа шыдамады. Ол өмірде де, өнерде де әділетсіздікті сүймейтін. Оның үстіне досын ұрғанда қарап тұрсын ба? Кененбай да біреуін бір ұрған. Екіншісін теуіп үлгерді. Қып-қызыл төбелес. Тағы бір досы бар-тын. Бір сәт арт жағынан біреу кеп қылғындырғандай болды. Басқа ештеңе білмейді. Кененбайдың жұлынынан өткір біз қадалған болатын. Аппақ қар жауған көшеде жаралы Кененбайдың қанша жатқаны белгісіз...

Оған дәрігерлер отаны 5 сағат жасады. Тіпті оның аяғына тұрып кетуі де екі талай болатынын ашық айтты. Бірақ Кененбай жұлынына сұғылған бізге де, тағдырдың тауқыметіне де қарсы тұра білді. Оны көп жұрт орнынан тұра алмас деген. Бірақ Кененбай осы жерде Пятигорскіде биік баспалдақпен жоғары шығуды қайта үйренді. Таяғына бірде сүйеніп, бірде сүйенбей баспалдақпен шығып жүрді. Кененбай өзін-өзі қинады. Балдағын тастап қайтадан киноға түссем, тағы да сахнаға шықсам деді. Әрине оған досы Сұлтан Хожықов та күш берді. «Кәне, Кенен, еріккенді қой. Мен сенің орныңа басқа актер іздемеймін. Өзің бастаған фильмді өзің бітір, Пятигорскіден балдақсыз орал» деген сөзі үлкен күш берді. Сол үшін де Кененбай барын салған.

Жұмахан жалпы батыр жігіт. Екі иығына екі кісі мінердей апайтөс азамат. Ол жас кезінен ұшқыш болуды армандаған. Бірақ әскери комиссия оның көзінен ақау тапты. Жалпы әскерге, не танк, не артиллерияға барғысы келмеді. Оның үстіне орысшаға шорқақ. Сөйтіп жүріп бір жылы бекер кетті. Ол кезде оқуға түсе алмау жігіт үшін үлкен сын-ды. Осылай жүргенде ауылдасы Махмуд Ибраев кездесе кеткен. Махмуд сөзшең. Жалбыраған шашы, кең балақ клещ шалбары, гүлді галстугі, оның болашақ нағыз артист екенін «Менмұндалап» тұрады. Оның үстіне Махмудтың айтқанына сенсе, артист деген нағыз таптырмас мамандық көрінеді. Тек киноға түсіп, теледидарға шығып ел аралап жүріп, құрметке бөленетін жұмыс екен. Әне Асадағы Тұңғышбай Жаманқұлов теледидардан анда-санда көрінеді. Ал Асанәлі Әшімов біресе Бекежан, біресе қызыл комиссарды ойнап «Дутовты өлітіріп» жүр. Қысқасы Жұмахан да мына сөзге еліктей берді. Тұңғышбай жөн сілтеп, болашақ мұғалімі Асқар Тоқпановпен кездескен. Сол жылы Жұмахан Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның театр факультетіне оқуға түсті. Бала кезінен спортқа қатысып, күрестен аудан, облыстық жарыстарда жүлделі орындар иеленген жігітке би, пластика, вокал сабақтары оңай болған жоқ. Ол кезде театр факультетінің студенттерінің барлығы дерлік жатақханада тұрады.Маңайдағы тентек жігіттер қала берді Жұбанов мектебін бітірген «қалалықтар» театр факультетіне маза бермейтін. Осындай кезеңдердің бірінде 4 жігіт кеп Жұмаханды дүкенге жұмсаған. Бірақ бес минуттан соң әлгі «крутой» төрт жігіт Жұмаханның алдында тізерлеп отырып кешірім сұрады. Алайда ішіндегі біреуі кек сақтап қалыпты. Алматының күзгі кешінің бірінде бір топ бандит сымақ жігіттер келіп Жұмаханды «тәрбиелегісі» келген. Олар Жұмаханды көшеге шақырған. 15-20 жігітке ол жалғыз қарсы шықты. Абай көшесінің алды үлкен аллея... Бақ. Бұл жерде жарық та шамалы. Жұмахан қалтасындағы пышақты суырып алып өз білегін, өзі кесіп жібергенде қып-қызыл шапшыған қанды көрген жігіттердің есі шыққан. «Қане кім бар маған шығатын? Келіңдер қане қазір бәріңді қырайын!» дегенде 20 жігіт бет-бетімен тұра қашқан. Бұл Жұмахан жайлы аңыздың басы.

Жұмахан студент кезінде-ақ киноға түсті. Режиссер Шәріп Бейсембаевтың «Кәусәр» фильмінде басты рольде ойнады. Жылқышы Абылай адал да, батыр жігіт. Медбике Әйгерім де оның осы қасиетін бағалаған. Сондықтан да пысық Боранбайға емес, сұлудың жүрегі Абылайға бұрған. Жұмахан бұрын атын ғана естіген, болмаса кинодан, не сахнадан ғана көрген артистерімен партнер болды. Әкесін Кәукен Кенжетаев, шешесін Әмина Өмірзақова, партнері болып Мұхтар Бақтыгереев, Досқан Жолжақсынов және жас актриса Гүлнәр Ералиева түскен. Жұмахан экранда керемет көрінді. Батыр денелі жігіттің атқа отырғаны еркше-тін. Дәл бір ескерткіш іспетті. Қою қара өткір көздерінде тек батырлық, ерліктен өзге нәзіктік, қорғансыздықты көрсете білді. Оның нәзік жүрегі адамды - сүю, адамды құрметтеуден тұратын, табиғи талант екенін бірден дәлелдеген. Премьера «Кино үйінде» болды. Зал көрерменге лық толы. Ол кезде қазіргідей емес, ел-жұрт қуанышты бөлісуге асығатын кез. Қараңғы залдағы экраннан бір сәт Жұмахан жарқ ете қалғанда, ішімізде екі-үш ұдай ой пайда болды. Біріншісі –танғалу. Екіншісі «Жұмаханның орнында мен неге болмадым екен» -деген арман қиял... Үшіншісі мақтаныш Жұмахан Әбдіқадыровпен бірге оқимын деген тәубешілік. Біз Жұмаханды сол кеште қайта тауып, қайта танысқандай болдық. Әсіресе қыздар... Әншейіндегі театр факультетінің жігіттеріне мұрнын шүйіріп қарайтын музыкант қыздар да, жоғарғы курстың арулары да Жұмаханды кездессе құр жібере салмауға тырысқан. Алайда бір тоға қызға қыры жоқ, олармен оңаша қалудан қашатын Жүкең, қыз көрсе құтылуға асық болатын.

Жұмақанның әкесі Әбдіқадыр өмір бойы наубайханада істеді. Баяғы ФЗУ-да біреулер электрик, біреулер шофер комбайнер болып оқып жатқанда Әбдіқадырды мұғалім наубайшының оқуына жіберген. Жұмахан сондықтан да керемет аспаз. Оның жуан саусақтарын көрген адам басқа басқа одан мұны күтпеуі мүмкін. Ал Жүкең палау пісіргенде орысша айтқанда «Пальчики оближешь». Ал мәнті түйіп, лагман созғаны кез-келген келіншекке үлгі болары хақ. Ал ет асқаны –бір төбе. Ол аз десеңіз. Жұмахан етік те жамайды, жыртылған допты да өзі тігіп, бұзылған кез-келген велосипед болсын, сағат болсын жөндей береді. Және сол үшін ешқашан ешкімнен бір тиын алмайды. Әсіресе баяғыда Жұмаханды «мүгедек» деп театрдан шығарып жібергенде ол жабырқаған жоқ. Сол маңайдағы автотұрақта күзетші болып істеді. Ел аяғы басылып оңаша қалғанда көзмайы таусылып сағат жөндейтін. Бұл өзі қызық жұмыс. Былай қарасаң басың қатады алайда сағаттың іші де өзге әлем басқа планета. Әр түрлі тетік. Бірімен бірі жалғасқан, бірін-бірі көтерген, итерген ұсақ дүниелер. Жұмахан ұзақ түндер ешкімге көрсетпейтін көз жасын, ешкім жоқта осылай төгетін. Иә,иә ол талай рет өзіне-өзі қол жұмасасам деген сәттер де болатын. Бірақ кішкентай екі қызы мен жары Гүлшатты қалай тастамақ. Жо-жоқ... деген Жүкең. «Мен кеудемдегі жүрегім соғып тұрғанда өлмеймін» деген. Иә... бұл да Жүкең жайлы аңыздардың бір тармағы.

Кененбай 32 жасында мүгедек болып қалды. Алматыдағы киноактерлердің мектеп-студиясын өте жақсы тамамдаған ол Марк Донскойдың «Алитет уходить в горы» фильміндегі басты рольдің бірінде Айені ойнады. Бұл Қызыл Армияның Чукоткіге келуі ондағы большевизияның орнауы жайлы. Бұл фильмде ол атақты Георгий ЖЖенов, Юрий Леонидов және қырғыздың дарынды артисі Мұратбек Рысқұловтармен әріптес-партнер болды. Жас актер үшін бұл әрі бақыт, әрі абырой еді. Бұл оның тек кино-театр ғана емес қазақ өнерінің есігін еркін ашқан дарынды жас екендігінің дәлелі болатын. Кейде пенде болған соң әттеген-ай дейсің ғой. Шіркін... Кенағамыз... Қадірлі Кененбай Қожабеков сау болғанда экран мен сахнада қаншама образдар жасар еді деп ойлайсың. Әттең... Бірақ шүкір дейсің... Кененбай мүгедек болып жүріп те талай-талай образдар жасады. Әсіресе «Қыз Жібектегі» Жібектің әкесі Сырлыбай хан, «Менің атым Қожадағы» мұғалім Рахманов, «Құлагердегі» Батырашты, және Болат Шамшиевтің «Қасқырлар апанындағы» басты роль Мұса Шәріповтың образдары қазақ киносының алтын қорында.

Жұмахан аз уақыттың ішінде Д. Манабайдың «Сұрапыл Сүржекейінде» Сүржекейді, Т.Өмірзақовтың «Әмина» фильмінде Әминаның әкесін,Қ.Қасымбектовтың «Жамбылдың жастық шағында» фильмдеріне түсіп үлгерді. Бірақ ел ішінде оны «Батыр Баяндағы» басты роль Баян деп біледі. Фильм Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының желісі бойынша, Смағұл Елубаевтың сценарийімен түсірілген. Және бұл тек кинематография үшін емес, жалпы еліміз үшін де өте бір қиын да, мұқтаж кезеңдер болатын. Режиссер Сламбек Тәуекел фильмді Көкшетауда түсірді. Кино режиссердің де, сценаристің де ең негізгі көрерменнің көңілінен шыққан туынды болды. Осы фильмде Батыр Баянның туған інісі Ноянның жоңғар қызы Лағдаға ғашық болып, екеуінің қашатын сахнасы бар. Онда жас актерлар Кеңес Нұрланов пен актриса Амина Махметова түскен. Осы кезде Ноянның ағасы Батыр Баян келеді.

-Ноян, қайда қашып барасың? Айт деймін.Жоңғардың қызымен қашып барасың ғой. Сенің сатқын болғаныңша өлгенің артық...

Батыр Баян туған інісі Ноянды да, оның сүйген қызы Лағданы да садақпен атып өлтіреді. Өлтірмеске амал жоқ. Туған ел, туған жер үшін, жау табанында тапталмас Еркіндік үшін Баян бәріне баруы тиіс. Халқының болашағы үшін ол бәрін де құрбан етуге дайын. Міне бірін-бірі сүйген екі жас құшақтасқан Қозы мен Баяндай сұлап жатыр. Олардың бар кінәсі бірін-бірі шексіз сүйгендігінде ғана. Таза, адал, махаббаттың құрбаны болған қос ғашық. Батыр –аңғал деген. Баян ызамен, лықсып келген ашуымен істерін істеп, жасарын жасап болған соң адами қалпына келеді. Батыр зар еңіреп иен далада жан ұшырайды. Батыр Баян - Жұмахан бұл сахнаны керемет көрсете білді. Оның жан дүниесіне мына дүлей табиғат та тыныш тұра алмады. Жұмаханның інісі Бабахан да ер мінезді, ешкімнен тайсалмайтын қорықпайтын ер жігіт боп өсті. Әлі есінде Жұмахан інісі екеуі әкесіне наубайханаға барып кеш шыққан. Ол кезде Аса аудан орталығы болғанмен, көшелерінде шам жоқ.Қойындарында әкесі үйге беріп жіберген екі үш бөлке ыстық нан бар. Осы кезде бұрыштан бір топ балалар шығып, бұлардың нандарын тартып алды. Бабахан өте намысшыл... Әлгі жасы үлкен жігіттердің көптігіне қарамай төбелесті бастап кетті. .... Екеуін бір топ жігіттер әбден тепкіледі. Жұмахан сол сәтте өзі таяқ жеп жатса да, Бабаханды аяған. Оны іштен теуіп, әлгі бандиттер ұрғанда өзі үшін емес, інісі үшін жылаған. Батыр Баян да інісі Ноянды өлтірген сахнасы дәл соны еске түсіргендей. Оның үстіне інісі Бабаханның өмірден өткеніне көп уақыт болған жоқ-ты. Жұмахан бұл қиын сахнаны 1-ақ дубльмен түсті. Әншейінде актерлер камерада жылай алмаса олардың көзіне глицерин тамызады. Болмаса басқа тамшылар құяды. Ал Жұмахан оған барған жоқ.Өзі жылады. Еңірегенде екі иығы дірілдеп тоқтай алмаған. Түсіру тобы да, оператор, режиссердан бастап жарық берушілерде Жұмаханмен қоса көздеріне ерік берді. Сол күні табиғатта ерекше бір тебіренгендей аспанды қара бұлт жаулап, күздің нөсері қоса құйылған. Жұмахан бұл сахнада тек Қазақфильмнің көгінде емес, Әлемдік жұлдыздардың ғарышына көтерілді. Оның тек батырды ғана көрсетпей, білегіне сенген Баянды ғана баяндамай, адами жүрегі нәзік, бауырмал, өткеніне өкіне білетін жаны жаралы, жүрегі қарс айрылған, баһадүр бауырын жоғалтқан Баян болатын. Бұл да Жұмахан жайлы аңыздың бір тармағы.

Белгілі жазушы, сценарист Смағұл Елубай осы жайлы өкінішпен «Егер Жұмахан мына жағдайға тап болмағанда батырлар галлереясын сомдайтын актер еді» дейді. Өте дұрыс айтылған сөз. Шіркін-ай дерсің... «Жұмахан экрандағы Махамбетті де, Әбілхайырды да, Абылайды да , Қабанбайды да яғни кез-келген батырларды ойнайтын актер еді.» дейді.

Кененбайға ең қиын тигені қыздай қосылған жары Риманың үйден кетуі болды. Ұлы Ильяс пен қызы Алена қолында қалған. Ал сүйген жары кете барды. Келіншегінің мүгедек адамның қасында ұзақ отыруға шыдамы жетпеді. Жо-жоқ... Қайта кеткені де дұрыс шығар. Беу дүние-ай... Шабандоз қызға түскен жап-жас, қараса көз тоятын артистке қарамаған, көз тастамайтын қыз болмайтын. Бірақ Кененбайдың көңілі осы көк көз Римаға түсті. Әкесі Молдан іштей ұлының осы Римаға, өзге елдің қызына үйленем дегеніне қарсы болғанмен, ештеңе деген жоқ-еді. Қайран әкесі іштей сезген екен-ау. Алайда... алайда әттең дүние...

Гүлшат Қыпшақова Қазақстанның Халық артисі Шолпан Жандарбекованың курсын тамамдап келгенде 20-дан жаңа асқан болатын. Жалпы Гүлшат Алматы облысының тумасы. Сондықтан да ол оқу бітірісімен алысқа емес, Таразға келді. Қылдырықтай қыпша бел, ұзын бойлы, бидай өңді қыз келе сала театрдың героинасы болды. Ол келе сала М.Әуезовтың «Еңлік-Кебектегі» Еңлікті, У.Шекспирдің «Отеллосындағы» Дездемонаны сомдады. У.Шекспирдің «Гамлетіндегі» Офелияны, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Анасындағы» Жер-Ананы т.б. Гүлшат жарының қиын қыстау кезеңінде қасында сүйеу бола жүріп, театрда да 60-тан аса рольдерде ойнады. Жатақханада көріп жүретін қара қызбен Жұмахан осы жерде –Таразда көп сөйлесетін. Екеуі де бірін-бірі ұнатқан... Көп ұзамай үйлі-жаранды болды. Үйелмелі-сүйелмелі Әсел мен Әнель өмірге келді. Тұп-тура Кененбайдың тағдырындай, Жұмахан да көп қиналды. Көп ойланды. Бірде түн ортасы ауғанда сол қорқынышын әйелі Гүлшатқа айтқан. Ал, Гүлшат тек басын шайқап жылай берді, жылай берді. «Не болса да, мен сенің мәңгі бақи қасыңдамын» деген. Кейде мен Жұмаханның бүгінде тірі жүруі де осы Гүлшаттың арқасы болар деп ойлаймын.

Бұл сәт, бұл түн Жұмаханды өмірге қайта әкелген. Сол түннен бастап Жұмахан өмір сүрудің не екенін өзіне де, жары Гүлшатқа да, өзге жұртқа да көрсете білді. Иә, Жүкең жайлы бұл да бір аңыз.

Жұмақан Әбдіқадыров бүгінде киноға да түспейді. Сахнаға да шықпайды. Омыртқасына бір емес екі рет ота жасалды. Әсіресе екінші рет жасауына Елбасы Н.Назарбаев Жұмахан жайлы газеттен оқып Жамбылға келгенде арнайы шақырып, сөйлесіп, Германияда жасалатын отаның ақшасын де шешкен. Өкінішке орай ол ота Жұмаханға көмектескен жоқ. Екі қыздары бүгінде тұрмыста. Екеуі де Алматыда тұрады. Ал Тараздағы кішкене ғана екі бөлмеде Гүлшат екеуі. Облыстық әкімшілікке рахмет, осыдан 10 шақты жыл бұрын кішкене машина берген. Бар тірегі тек сол. Ал атақ, орден-медаль жайлы сөз болса, Жүкең үнсіз. Өткен күнде белгі жоқ дегендей. Баяғыда ойнаған рольдері үшін кім атаққа ұсынады дейсің?! Әттең дүние-ай... Бір клип, не 2-3 ән айтқан пысықайлар «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерін» алып жатқанда Жұмаханды еске алам. Ал Жүкең оған филососфиялық тұрғыдан қарайды. «Мейлі жастар алсын, бізді қойшы» дейді ол.

Батыр денелі баяғыдай ақ көңіл таза да дархан Жұмахан Әбдіқадыров бүгінде ой үстінде күнделік жазады, кітап оқиды, жаңалық көреді, жастарға тілек тілеп, дұға жасап отырады. «Тек Еліміз, Жұртымыз,Халқымыз аман болсын.» дейді. Мен де соған іштей қосыламын.

Қазақстанның Халық Артисі Ұлы Кененбай Қожабековтың көрген қияметіндей, Жұмахан Әбдіқадыров та тағдырдың - тауқыметін азапты күндерді артқа тастап ертегінің батырларындай Ұлы өмір көшінде ілесіп келе жатыр. Және оның ең бір керемет қасиеті қандай жағдай болмасын әрдайым барлық нәрсенің жақсы жағын көре білетін оптимисттігі. Қашан көрсең де, телефонмен сөйлессең де, арқа-жарқа, өмірінде ештеңе болмағандай қарқылдап күліп, анекдотын айтып айналасын нұрға бөлеп жүреді. Қазақша айтқанда маңайына нұрын шашқан батыр жігіт, балуан жігіт, алуан қырлы жігіт, көресің де риза боласың. Осы сәтте менде:

Ей, Алла осындай азаматтың өмірін ұзақ ете гөр, азабын азайта гөр. Болашағының қуанышын көрсете гөр.» деп тілеймін. Оған пәтер де , атақ та, орден-медаль да емес, оған тек Амандық бере гөр деймін!

Талғат Теменов,

ҚР Халық артисі, режиссер 

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036