Жұма, 22 Қараша 2024
Әліпби 4884 3 пікір 11 Наурыз, 2021 сағат 13:38

Ұлттық әліпбиде жат тілдік нормалар болмауы керек

«Өзіміздің тіл байлығымызда жоқ сөздер теріліп, жиналып сөз азаматтығына қабылданып, заңды жүйеге салынуы керек»
                            Б.Момышұлы

Қазір  елімізде әліпбиге қатысты талқылауды тоқтатып, жетілдірілген деп ұсынылған осы төртінші нұсқаны қабылдау керек деген пікірлер  айтыла бастады. Тіл саясатына жауапты орталық және жергілікті органдар тарапынан да жобаны талқылауға қатысты белсенділік  байқалып тұрған жоқ. Әліпби туралы әңгімеден шаршадық деп отырған ағайын да бар. Жалпы біз өз тарихымыздан өзіміз сабақ алатын өрелі қоғам деңгейіне жете қоймағандымызға осының өзі мысал болатын сияқты. 

Бұған дейін бірнеше рет ұсынылып, жоғары деңгейде бекітілген  әліпби нұсқаларының қолдануға жарамсыздығы, олқылықтары неге кейін анықталды? Әліпби нұсқалары неге жетілмеген болып шықты? Кім жауапты? Ал мына ұсынылған кезекті жобаға қатысты жан-жақты ғылыми сараптама мен ашық талқылаулар болды ма? Қалай өтті? Бұл сұрақтарға жауап беру оңай емес.

Кеше ғана ұлттық арнада әліпби мәселесіне қатысты «Ашық алаңда» (16 ақпан, 2021 ж) өткен әңгіме де бір жақты,  жетілдірілген әліпбиді жақтау, насихаттау бағытында болды. Осы жетілдірілген әліпбиге қатысты сын пікірлерін айтып жүрген тілші-ғалымдардың хабарға шақырылмауы себебінен де  ұлт тағдыры мен болашағына тікелей қатысты  мәселеге қатысты ел күткен ашық талқылау болған жоқ. 

Бұрын ұсынылған, бекітілген  әліпбидің олқылықтарын айтқан ғалымдар мен тіл мамандары пікіріне құлақ аспай,  бекітілген әліпби қазақ тілі дамуының белгісі деп ұрандатып, науқанды шараларды бастап та кеткен жауапты  органдар бүгінде Мемлекет басшысы  ескерткеннен кейін ғана сол әліпбидің жетілмегендігін мойындап отырғаны рас және сол кешегі жетілмеген жобаларды ұсынғандар да,  бүгін  үйреншікті тәсілмен кезекті әліпби жобасына жетілдірілген деп ат қойып, сәл өзгерістерімен  қайта ұсынып отырғандар да - сол бір жауапты орган, сол бір орфографиялық жұмыс тобы мүшелері. Осының өзі-ақ бұл шараға жауапты мекемелерде жазу реформасына қатысты анық та айқын ғылыми негізделген тұжырымдаманың болмағандығын көрсетіп тұр. 

Ғалым сөзіне құлақ түрсек, жетілдірілген әліпбидегі «бір дыбыс- бір әріп» қағидатының сақталмағандығы мен дыбыстардың таңбалануы, әріптердің әліпбиде орналасуындағы олқылықтар туралы қазақ тілі фонетикасының көшбасшы ғалымы Ә.Жүнісбек жеткізе айтты, көрсете дәлелдеді деп ойлаймыз (28.01.2021 ж). Белгілі ғалымдар Е.Қажыбек пен А.Салқынбай да жетілдірілген әліпбидің кемшін тұстарын дәл көрсетіп, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Ғалымдар пікірін қолдай отырып, жазу реформасының басты мәселесіне, күні бүгінге дейін тілімізде қолданылып келген  әліпби мен емле жүйеміздегі тіл бұзар жат тілдік ережелерге арнайы тоқталсақ. Өйткені өзге тілдің ықпалынан туған тілдің тынысы тарыла бастағанына алаңдаған зиялы қауым жазу реформасы басталарда мәселені нақты қойған еді.  «Біз орыс тілінің ықпалынан арылуымыз керек. Мәселе, тілдің тәуелсіздігін алуда тұр» ( Ғ.Есім,  №16, «Ана тілі», 2018).     «Жаңа әліпби тіл бодандығын жалғастыра бере ме?» (Б.Нұржекеев, «Ана тілі», 18.10.2018 ж).  Әліпбиді жетілдіру туралы мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін жаңа әліпби мен емле арқылы тіл тәуелсіздігіне қарай тәуекел қадам жасаймыз деген үміт болған. Бірақ біз тағы жартылай қадам жасадық. 

Ең алдымен, тек төл дыбыс таңбаларынан құралған ұлттық әліпби жасауға тағы да біздің тәуекеліміз жетпей, жартыкеш қадам жасағанымызға мына жетілдірілген әліпби дәлел. Қазақ әліпбиі атымен ғана емес, затымен де ұлттық әліпби болуы керек қой. Жат тілдік бір топ әріптер (v -в, f - ф, i - и, h - х, h)  орын алған әліпбиді  ұлттық деп атауға бола ма?  «Қазақ сөзінің айтылым үлгісі мен жазуын шатастырып жүрген де сол кірме әріптер» (Ә.Жүнісбек, «Ана тілі», №33,2002) болса,  жат тілдік әріптерді неге қимай отырмыз?  

Әліпби авторлары «бұл әріптермен жазылатын мыңдаған сөздер бар, сондықтан бұл әріптерді бірден ауыстыруға болмайды» деген уәж айтуда. Қазақ тілінде қолданыста жүрген тек «в» әрпі жазылған жат сөздердің өзі үш мыңнан асады екен. Бұл жат әріптермен жазылатын сөздердің көп болуының өзі тіл қауіпсіздігіне қатер  және ол жат сөздердің легі көбеймесе, азаймайтыны да анық. Сонда бұл әріптерден қашан құтыламыз? Бұл - қазіргі қазақ қоғамының бір бөлігінің қазақ тілінің әлеуетіне әлі де сенбей отырғандығына мысал.

Жетілдірілген әліпби авторларының бірі «латынға көшкеннен кейін сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да орыс сөздері қазақтың шапанына оранып шыға келеді» деп пікір білдірген екен. Күшті де әдемі пікір. Бірақ күшті сөздердің күшті дәлелі, негізі болу керек қой. Жат, кірме әріптермен бірге   кірме сөздер де, сол сөздермен бірге жат тілдік айтылым, жазылым нормалар да келетіні анық қой. Ол жат сөздер қазақ шапанын қалай кимек?

Осы жетілдірілген әліпби негізінде 2020 жылдың желтоқсан айында ұсынылған жаңа емле жобасына қарасақ, шет тілдік сөздер жазылымына тұтас 22  параграф арналған жоба бойынша жүздеген, мыңдаған бөгде сөздер бұрынғысынша орыс орфографиясымен жазыла беретіні көрініп тұр, әріп түрі өзгергенмен жазылым нормасы өзгеріссіз қалған. Емле жобасынан мысалдар:  «banknot-банкнот, moderator-модератор,  onlain - онлайн, oflain-офлайн skrinşot-скриншот (§97). Ал өзгертіледі, қазақ тілі заңына бағынады деген мына топ сөздердің жазылымы  таза қазақша ма әлде шала қазақша ма екенін өзіңіз шамалап қараңыз: мanövr-манөвр (§76), kvars - кварс,( §77), praporşik - прапоршік (§78), elevator - елеватор (§79),  glükoz-глүкоз (§80), völfram-вөлфрам(§96),  Қазақ шапанын жамылып тұрған сол бұрынғы «tauar-тауар, poşta-пошта, poiyz-пойыз» (§75) мысалдары бір параграфта (§75) ғана берілген екен. Осындай жартыкеш әліпби, қосамжар емлемен біз қаласақ та, қаламасақ та  қазақ тілінің жазу жүйесінде өзге тілдің ереже, нормалары қала беретіні анық. Бұндай жағдайда тіліміз толық тәуелсіз деп қалай айта аламыз? Жаңа әліпби сонда тіл бодандығын жалғастырып тұрғаны ма? Өзге тілдік нормадан толық арылмасақ, солай айтпағанда қалай айтамыз.

Сөздерді толық қазақ тілінің заңдылығымен жазуға, айтуға не кедергі?     «Шеттілдік сөздерді қазақ тілі заңдылығымен жазуды қазіргі қоғам қабылдамайды», «Қоғамдағы белгілі бір топтардың көңілінен шығатын әліпби мен емле жасау оңай емес» деген уәждердің де негізі жоқ.  Қазіргі қазақ қоғамның бір бөлігіне ғана «интернационалдықтың қазанында көп қайнап кеткендіктен»  (Д.Исабеков) жазудағы бұл өзгерістер көзге қораш көрінуі мүмкін. Ештеңе емес. Өз тілінің заңдылығы өзіне ерсі көрініп тұрған бұл қауым санада сілкініс болғанша «вагон, профессор» деп айта берсін.  Уақыт өтеді, ұрпақ ауысады. Ең бастысы, өзінікін қор, өзгенікін зор санайтын бодандық санадан ада келешек ұрпақ қазақ тілінің ата заңдылығын сақтап «бәгөн, пірәпесір» деп жазатын да, сөйлейтін де болады. Жазу реформасы да, ең алдымен, солар үшін, ел ертеңі үшін, болашақ үшін қолға алынғаны анық қой.

Сосын бұл арада мен бір нәрсенің басын ашып алу керек деп ойлаймын. Неге біз белгілі бір топтардың көңілінен шығатын әліпби мен емле жасауымыз керек?  Әліпби реформасы қоғамдағы белгілі бір топтың көңілін табу үшін қолға алынған жоқ болар. Басты ұстаным – тіл мәңгілігінің басты шарты болып табылатын тіл табиғаты, болмысы  екені  анық қой. Бізге ұлттық мүддеге ннегізделген ұлттық идеяны тереңдетіп, мемлекеттік идеологияны жүргізе отырып, сол ескі менталитеттен арыла алмай отырған қоғам бөлігінің санасын өзгерту керек пе, әлде өз тіліміздің тазалығына зиян келтіріп, болашағын бұлыңғыр ету керек пе?

Тілге түскен «жараның» жазылуы қиын. Сондықтан да бізге бүгінде жат (кірме) дыбыс пен таңбалардың, жат сөздердің тілімізде  қолданылуы  мәселесіне байланысты түпкілікті  байлам мен шешімге  келу  маңызды. ХХ ғасыр басында  қазақтың ұлттық жазу жүйесін қалыптастырған ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының жазу, әліпби, емлеге байланысты қағидаттары – бұл бағыттағы біздің басты ұстанымыз болып, ұлттық әліпби құрамы да барлық өзге тілдердегі сияқты  төл дыбыстарды таңбалайтын әріптерден ғана құралуы керек. «Барлық сырттан алынған «есіктен кіріп,  төр менікі» деген сөздер» «сөз азаматтығына қабылданып» (Б.Момышұлы) қазақ тілі заңымен жазылуы тиіс. Бұл арада жартылай шешім болуы мүмкін емес. Қазақ жазуының ұлттық сипаты күшті болуы керек. Бұл мәселелерді шешпейінше, қазақ тілінің бәсекеге қабілетті ұлттық тіл ретіндегі келешегін қамтамасыз ету де мүмкін емес     

Қазақ жазуы тарихындағы А.Байтұрсынұлының төте жазу әліпбиі ұлттық жазу болғаны белгілі. Жетілдірілген деп ат қойылған жартыкеш әліпбимен салыстырғанда ұлттық әліпби ұғымына толық сай келетін, төл дыбыстардың 28 таңбасынан құралған Ә.Жүнісбектің ұлттық әліпби жобасының болашағы бар деп ойлаймыз.   Жақында белгілі қоғам қайраткері, ғалым, ақын, ел ағасы О.Сүлейменов те осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.  «Бізге 28 таңбадан артық алуға болмайды, өйткені қазақ тілінде одан артық дыбыс жоқ» (Abai.kz. 28.10.20).  Ең бастысы,  ұлттық әліпби жобасы «тіліміздің тағдыр-талайына зауал болып төнген осы кесірден» (Ә.Кекілбай), жат тілдік ықпалдан арылу жолын, тілді жаңарту, жаңғырту жолын көрсетіп тұр.  «Ұлттық үлгідегі төл әліпбиге сырттан дыбыс кіре алмайды» (Ә.Жүнісбек, «Ана тілі, №24, 2018).

Мемлекет басшысы «Бұл  мәселеде  асығыстыққа жол берілмейді. Жаңа әліпбиді енгізудің барлық аспектілерін мұқият тексеру, жан-жақты талдау және пысықтау қажет»  дегенді босқа айтып отырған жоқ. Ұлт тағдырына, тіл болашағына  қатысты  жалпыұлттық маңызы бар ұлттық жазу, оның емлесі туралы мәселеде бізге енді қателесуге болмайды. Ұлттық әліпби жоқ жерде толық мағынасындағы ұлттық тіл де жоқ.    Басты рухани қазынамыз - ұлттық тілімізге толық ие боламыз десек, бұл бағытта бізге жартылай қадам, шала шешім емес, тіл тынысын ашатын тәуекелшіл қадам, нақты шешім қажет.    Сондықтан да, ең алдымен, ұлт пен ұлт тілі  болашағы алдындағы жауапкершілік пен міндетті түсіне де түйсіне отырып, шешім қабылдаған дұрыс деп ойлаймыз.

Болат Жексенғалиев 

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы, БҚИТУ доценті

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1445
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3206
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5199