Тәуелсіздікке - 30 жыл. БҰҰ-дағы Қазақстан
Қазақстан 1992 жылдың 2 наурызында Біріккен Ұлттар Ұйымының 168-ші мүшесі ретінде тіркелді. Бұл дүниежүзілік қоғамдастық мойындаған маңызды оқиға еді. Себебі, 1945 жылы құрылған аталмыш ұйым 76 жыл өтсе де, қазіргі таңға дейін баламасыз жаһандық ұйым ретінде адамзат қажеттілігі мен мүддесі үшін қызмет етіп келеді.
Қазақстан Тәуелсіздік алған уақыттан бері Ұйым Жарғысының қағидаттары мен мақсаттарын толық ұстанатынын БҰҰ-мен табысты әріптестік орнату арқылы көрсетіп келеді.
Мәселен, 29 жыл ішінде Қазақстан Республикасының Президенті БҰҰ-ның штаб-пәтеріне 11 рет барып, Бас Ассамблеяның жалпысаяси дебаттарында 9 мәрте сөз сөйледі. Одан бөлек Ұйымның бас хатшылары Кофи Аннан, Пан Ги Мун және Антониу Гуттериш Қазақстанға ресми сапармен бірнеше рет келді. Ал, 2011-2013 жылдары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның Женева бөлімшесінің Бас директоры лауазымын атқарды.
Ал, БҰҰ мінберінен Қазақстан жариялаған негізгі халықаралық бастамалар қатарына: 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру, БҰҰ-ның Орталық Азия елдерінің экономикасы үшін арнайы бағдарлама құру және тағы басқалар жатады.
2017-2018 жылдары Қазақстан Орталық Азияда бірінші болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл – еліміздің ұйым мүшелігіндегі шарықтау шегі деуге болады.
Ал, 2017-2018 жылдары Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесін төрағасы болды. Осы уақытта Қазақстан халықаралық ұйымның төрағасы ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының хатшылығы арқылы қауіпсіздік кеңесінің үздіксіз күделікті жұмысын атқарып отырды.
Қазақстан төрағалық еткен уақытта пікірталас пен консултация, брифинг форматында 30-ға жуық отырыс өтікізіліп, қорытындылары шығарылды.
Мәселен, 2018 жылдың 18 қаңтарында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бсшылық етуімен “Жаппай қырып жою қаруын таратпау: сенім шаралары” тақырыбындағы брифинг Қазақстанның Біріккен Ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде төрағалық етуінің басты шарасы ретінде қарастырылды.
Айта кету керек, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне сайланған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет.
Қазақстанның БҰҰ-ға Төрағалығы аясында Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесі делегациясының Кабулға сапары Қазақстан төрағалығының маңызды іс-шарасы ретінде қарастырылды. Шара барысында ел тізгінін ұстаған азаматтар азаматтық қоғам өкілдері мен саяси партиялардың өкілдерімен кездесті. Сапар барысында Ауғанстан үкіметінің өзара байланыс мәселелерін шешу жөніндегі мәселелер қарастырылды.
Нәтижесінде, Кабулдағы далалық миссия Қауіпсіздік кеңесінің Ауғанстанға алғашқы сапары болды.
Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар ұйымы аясында Қазақстан Терроризмсіз әлемге қол жеткізу жобасы аясындағы ауқымды іс-шара өткізді. Оның негізгі мақсаты – 20445 жылға дейін серіктес елдердің халықаралық коалициясын құру және терроризмсіз әлем қалыптастыру. Қазақстанның бұл бастамасы БҰҰ басшылығы тарапынан және Қауіпсіздік Кеңесінің терроризмге қарсы бөлімшелері тарапынан қызу қолдауға ие болды.
Ал, Қазақстанның төрағалығының ерекшелігі – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне алты мемлекет мүше болып тіркелді. Олар: Нидерланд, Экваторлық Гвинея, Кувейт, Кот-д Ивуар, Перу, Польша мемлекеттері еді. Олар Қауіпсіздік кеңесі залының алдына өз туларын орнатты.
Қазақстан өз кезегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде күн тәртібіндегі барлық мәселелерді бейтарап шешіп, транспарентті және ашық төрағалық етті.
Одан бөлек, Қазақстанның БҰҰ-мен екіжақты қарым қатынасы елімізде де қарқынды даму үстінде. Оған дәлел- ҚР Үкіметі мен БҰҰ ынтымақтастығы жөніндегі бағдарламасы.
Бүгінде Қазақстанда БҰҰ жүйесінің 23 құрылымы жұмыс атқарады.
Ал, 2019 жылдың 1 мамырында Алматы қаласында ҚР Президентінің қатысуымен БҰҰ жүйесінің 16 ұйымы орналасқан халықаралық ұйымдардың жаңа ғимараты ашылды.
Abai.kz