Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3659 0 пікір 30 Наурыз, 2012 сағат 05:14

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

 

ІІ

 

Дүйсенбі күнгі сабаққа қобалжи кірдім. «Тергеуге меңгеруші қашан шақырар екен, кеше кештегі жанжалқаншамызды шарпыр екен» деген күдік алқымдай берді мені. Әлмен кетерде бірге болғаным рас қой; жасырын сатып алған кітаптарым класс бойынша бәрінікінен көп еді. Кешегі кеселді жиындағы мәселелерді анықтау үшін ізге түсіп, сабақтастардың бәрінен сұрай қалса, қадағалап тексеретіні менің ісім сияқты да, жарқ етіп шыға келетіні мен секілдімін. Дөрбілжіндегі Арысбектің «қара мысығы» мысық қана еді, меңгерушінің аузынан қасқырдың тісі ырсиып тұр. Маған қасқырдай тиер бәлкім!

Бірінші сағаттық сабақ аяқталысымен Шақан шақырылды тәртіп бөліміне. «Шақан!» дегенде-ақ бір шоқпар төбемнен шақ ете түскендей сезілді. «Басталды,- дедім ішімнен, - бұл көркеудені көкітіп алып, ырсиған азуды маған салмақ қой!»

Тұқырып алып, конспектіден көшірілген «Жұңго тарихына» үңіле бердім. Осы сабаққа қомағайлана үңілгенім осы-ақ шығар.

- Немене, Хуаңдиге1 сиынып отырмысың әлде Чин Шыхуаңның орлары (Жұңго тарихындағы ең қатыгез қанқұмар патша. Ол ор қаздырып, неше жүз оқымыстыны тірідей көмген. «Чин Шыхуаңның орлары» деп сол орлар айтылып отыр) көрініп отыр ма? - деп қасымдағы Өмірбек жымия сыбырлады.

- Үндеме! - деп күбірлей үңілдім оқулыққа.

 

ІІ

 

Дүйсенбі күнгі сабаққа қобалжи кірдім. «Тергеуге меңгеруші қашан шақырар екен, кеше кештегі жанжалқаншамызды шарпыр екен» деген күдік алқымдай берді мені. Әлмен кетерде бірге болғаным рас қой; жасырын сатып алған кітаптарым класс бойынша бәрінікінен көп еді. Кешегі кеселді жиындағы мәселелерді анықтау үшін ізге түсіп, сабақтастардың бәрінен сұрай қалса, қадағалап тексеретіні менің ісім сияқты да, жарқ етіп шыға келетіні мен секілдімін. Дөрбілжіндегі Арысбектің «қара мысығы» мысық қана еді, меңгерушінің аузынан қасқырдың тісі ырсиып тұр. Маған қасқырдай тиер бәлкім!

Бірінші сағаттық сабақ аяқталысымен Шақан шақырылды тәртіп бөліміне. «Шақан!» дегенде-ақ бір шоқпар төбемнен шақ ете түскендей сезілді. «Басталды,- дедім ішімнен, - бұл көркеудені көкітіп алып, ырсиған азуды маған салмақ қой!»

Тұқырып алып, конспектіден көшірілген «Жұңго тарихына» үңіле бердім. Осы сабаққа қомағайлана үңілгенім осы-ақ шығар.

- Немене, Хуаңдиге1 сиынып отырмысың әлде Чин Шыхуаңның орлары (Жұңго тарихындағы ең қатыгез қанқұмар патша. Ол ор қаздырып, неше жүз оқымыстыны тірідей көмген. «Чин Шыхуаңның орлары» деп сол орлар айтылып отыр) көрініп отыр ма? - деп қасымдағы Өмірбек жымия сыбырлады.

- Үндеме! - деп күбірлей үңілдім оқулыққа.

- Қорқақтық әлі де жетерлік екен-ау өзіңде?!

- Бұрынғыдан да көбейді қазір, «қорқақтың көзі көп» болады. Отырған адамды қаппайтын ит-ит емес екен, нағыз иттің қапқанды қойып, жеп қоятынын көрмедік пе?!

- Ендеше, еңсеңді көтеріп отыр! Ерегескенде ер шығатын мінез де пайда болған еді ғой өзіңе, не қылар дейсің!

- Мына қасқырыңның маған қарасы жаман көрінді. Тісі ырсия қалған алдыңғы күні.

Басымды көтеріп шалқалай бергенімде Шақан қайтып кірді. Жайшылықта қолапайсыз бет-аузы әлем-тапырық; ақ таңлақ, қызыл, көк таңлақтар ненің ізі екені белгісіз, екі алақанын тынымсыз уқалап, үргілей береді, Закүн таяқтың зардабы өртеп бара жатқан сияқты. Үнсіз қарасып қалған сабақтастар арасынан «Шоқ-шоқ!» деген сыбыс естілді. Оралқан банжаңның меңгерушіге дұрыс жеткізгендігінен келген әділет екенін сезсем де, жүрегім зір қақты - «мұны бұлай жазалағанына қарағанда, мені жаркемдейді деші!»

Ынтықбай күреңітіп тұқырған бойы шыға жөнелгенде, жым-жырт көпшілік біріне-бірі жалтақтаса берді. «Меңгерушіні ертіп келер ме екен» деген үдірейіс бар бәрінде де, мұғалім класқа кірмеген сағат еді.

Осы бос уақытымыз - тілеген кітабымызды оқып, аңсаған зәмзамымыздан алаңсыз сіміретін алтын шағымыз хауып-қатер кеулеген ызғарлы күдікке толды. Сабақтастардың бәрі де славян жазуындағы Қазақстан кітаптарын тыққыштап, алдыларына Гоминданша безендірілетін көшірме оқулықтарын жайды. «Жұңго тарихы», «Жұңгоның тағдыры»1, «Санминжуий» дірілді саусақтармен ашылып, жиырылған мұрындармен еріксіз оқылып жатты. Көбі «Жұңгоның тағдырынан» жан сауға іздегендей, «Данышпан философ көсем» еккен осы шеңгелдің астына, бөктергіден қашқан торғайша тығылмасқа шара жоқ сияқты.

Дәретке шыққансып Ынтықбайдың артынан бақылай кеткен Бексапа алдымдағы партаға қайтып келіп отырды да:

- Кәменді ертіп, тәртіп бөліміне кірді!- деп сыбырлады.

Камен - ханзу тілі кәсібінің үшінші жылдығында оқитын жігіт еді. Оның жақында сақшы тыңшылығына тартылғанын естігенбіз. Денем бір ысып, бір суыды. Көз астымен әркімге бір қарап қойып отырғанымда есік ашты біреу.

- Серәлі!- деп қалғанда селк ете түстім,- тәртіп бөлімі шақырады!

Серәлі шыға бере Ынтықбаймен сүзісіп қалды да, бір-бір тілдесіп өтті. Ашты тілдессе де, тату-тәтті сабақтастардың амандасқанындай дағдылы үнмен жайбарақат қана сыбасты бұл кезекте.

Сүйір мұрынды, қызыл күрең сұлу Серәлі жарты сағаттың ішінде-ақ мүйіз біткендей, бір жақ шекесі томпайып, тұмсығы қоңқиып қайтты. Ынтықбайдың сабақтастары арасынан да «шоқ-шоқ!» дегендей шіңкілдеген сыбыс естіліп жатыр.

- Сені не деп жазалады?!- деп ашына сұрады парталас біреуі.

-Айтмаймын, - деп бұшықшылай міңгірледі Серәлі,- «айтмайсың» деп тіл хат алды.

Тергеудің жайын айтудың орнына Ынтықбайға атыла қарап отыр. «Кімнің үстінент шағымп айтсаң сонды шақырымп алып, сабай мбереді екен!» деген ашулы мыңқылы біраздан соң тағы естілді. - «Тұра тұр шошқа, ентді мбенен сұра шағудыңқ әдісінт!»

Толғағым күшейе түссе де, мен күткен пәле туа қоймады. Мені де, Қабенді де шақырған жоқ. Күндізгі сабақ уақыттарында да, кешкі пысықтау сағаттарында да екі жақтан осылай кезек шақырылып, кезекпен додаланып шығып жатты. Бір жағы мұқатқансып жайраңдай қалғанда, бір жағы тұқыра қалады. Екі жақ кезек айтысады «шоқ-шоқтарын». Бір жағын бір жағы кезекпен шағысып жүрді. Кластағы бетпе-бет қағысу тоқтап, Ынтықбайдың жолымен жасырын шағысуға дәнігіп алды бәрі де. Ашық өштік жасырын қастыққа ауысып, бәрі де уыттарын іштеріне жия жүріп шағысты. Бұл уыт өзара төбелестерден әлдеқайда сойқанды - зәрлі екенін көрдік. Ақыр соңында еті тірі сабақтастарымыздың ешқайсысы қалмай уланып, меңгерушінің пендесіне айналғандай.

Көп алдында сып-сыпайы күле сөйлейтін бір «жайдары» тәртіп меңгерушісі, сол пенделерінің құйрығын екі-үш күннің ішінде-ақ бір-бірден тартып, бөксеріп болды.

- Мен қалай шақырылмай қалдым?! - деп сұрадым Оралқаннан, асхана залындағы кешкі пысықтаудан сабақтастар тараған кезде оңаша қалып еді.

- Сенде шақырылуға тиісті қылмыс жоқ қой! - деп қалың қырма сақалды иегін қасыды ол.

- «Әлменді қашырып жіберді» дейтін пәле оңай ма?

- Жергілікті ұлт оқушыларын азайта алмай жүргенде, қашып кеткенін бұлар іздей ме? Екі-үш айдың ішінде-ақ қызмет алғалы отырған Әлмен қашып ақымақ болса, тіпті қуанбай ма? Оны қателік деп санамайды бұлар!

- «Совет кітаптарын оқиды» деген тағы бір зор қылмыс бар ғой менде?

- Мұныңды ешқайсысы айта алмайды, Биғаш, алаң болма, сен!... бұл туралы менен басқаңның бәріңнің де арттарың былғаныш, ал ондайларыңмен менің жұмысым жоқ, әйтеуір қырсыққа шалынбай, өз тауымдағы бастауыш мектепке мұғалім болып шықсам болды маған! - деп күбірлеген банжаң, иен қалған үстелдерге айнала қарап алды да, ешкім жоқ екенін көрсе де сыбырға ойысты. - Биғаш, басыңа іс түсе қалса, дәл осы мектеп көлемінде қорғап қала аламын, алаң болма!... Жарты жылдық сынауда қатты қиналып отырған кезімде көрсеткен көмегіңді ұмытқам жоқ, ондай жақсылықты ұмытады екен деме!

- «Сый қылсаң сыпыра» дейді Ожа, анау Қабенді қорғай көріңіз!... Сол екеуміз ғана қалдық қой, бір күні бізге де жетпей қоймас!

- Жоқ, оның үстінен де басқалар шағым айтпайды. Өз жерлестері оны шақпақ емес, өздеріне қайта тартып алу жағында жүр. Ол бәрінің сырын білетін көрінеді. Шындаса кеткенде одан қорқады екен. Ха-ха-ха...- деп күлгенде, Оралқанның жалпақ беті теп-тегіс бола қалды.

- Үстінен бірер шағым түскен адамды меңгеруші неліктен тексеріп анықтамай тепкілей береді? -деп сұрадым мен.

Оралқан терезелерге қарап қойып, мені қолтықтай шықты сыртқа, құлағыма аузын тақай сыбырлады:

- Араздастыру - біріміздің үстімізден бірімізге шағым айтқызудың, көрсеткізудің амалы. Шағым айтқызу өзінің сылтау табуы үшін керек. Біреудің шағымын ести сала, сылтау таба сала ұруы - өз арамызды ушықтыра өштестірудің әдісі. Сөйтіп, өз арамыз ушыққан сайын шағым көбейеді. Шағым көбейсе, «мықтыларға» соғым көбейеді. Бәрін жиып келгенде, мақсаты - бізді мектептен үркіту-қуу ғана!...Көріп жүрген шығарсың, ханзу сабақтастарды дәл бізше қирата сабамайды ғой?!... Саған сенгендігімнен ғана айтып келемін!... Есіңде болсын Биғаш, үркіткеніне үріксең-ақ оқи алмай, зиян тартасың! Қазір құдайдың оғынан жағдайдың оғы жаман, тек жүрсең ұрса да ешнәрсе қыла алмайды.

- Өзіңіз мұның саясатын терең түсініпсіз, Ожа, мықты екенсіз!

- Шалғыға ілінетін сақалым бар емес пе! - деді Оралқан, - мен және ... саясатты көп оқыдым, осы Үрімжіде көзіммен көре жүріп оқыдым.

- Рас, жергілікті сабақтастар саясат пен ханзу тіліне мықты. Бірақ, негізгі ғылым сабақтары жағынан қалай төмен қалдыңыздар екен?!

- Мені семізсің, үлкенсің деп секіртіп оқытты ғой, өзім де бос  белбеу, салқы балақ біреумін. Славян жазуын әлі білмеймін, ол кітаптарды пайдалана алмай қойдым.

- Онда мен ... көмектессем қалай? ... Өзіңіз қай сабақтың қай тақырыптарын игере алмайсыз, сол тақырыптарды жазып беріңізші маған!

Оралқан шалқалай күлді:

- Ха-ха-ха... өлер жерімді тап баса білсем, әулие болмас па едім!... Математика, физика, химия дегендерің түгелімен жұмбақ көр сияқты маған, сынау кезінде тұс-тұсымнан үңірейіп, есімнен адастырады!... Сөйтіп, тілім ұшқыр, күйім мүшкіл біреу болып қалып барамын!

- Мықты ұстаздардың қолды болып кетуінен туып отыр ғой бәрі де,- деп күрсіндім мен. - Олар болса, меңгерушінің сұрқиялығына да қарсы пікір айтар еді ғой! ... Менің оқытушым да, оқу құралым да Қазақстан кітаптары. Өзі сұрау қойып, өзі толық түсіндіріп береді. Сол ұстазыммен жақсылап таныстырайын сізді, әліппесін жазып берейін!

- Жаза аламысың?

- «Шындап жыласа, соқыр көзден де жас шығады» -дейді ғой, жазайын...

Екеуміз осыған бекісіп қайттық. Ертеңіне мұғалім кірмеген екінші сағатта сол «әліппе жазуды» ойластыра қалдым. «Жасырын кітап дүкенінде бар ма екен әлде?» деген ой сап ете түсті. Алдымен содан сұрап көру ойымен ішімді сипалап «ауыра» қойдым. Совет азаматтары ауруханасының түкпірінде ғой ол.

- Оралқан банжаң... дәрігерге.... ауырып барады.... ішім!

- Бар, осы сағаттан қалмай кел!

Ынтықбай да «ауруын» айтып, рұқсат сұрай қойды.

- Мен де барайын, басым аурып тұр!

- Биғабіл келген соң бар! Бір-бірден ғана бармасақ, сөз келеді!...

- Бәсе, солай ғой!

- Несі солай?!- деп Оралқан сақ ете түскенде, мен шығып жүре бердім.

Іздеген әліппем бар екен, мұрты таныс өзбегім суырып алып бере қойды. Әліппені қойынға тыға, ішімді уқалай кері қайттым. Арлы-берлі кезіп жүрген бақылаушы-тыңшылар «бұйымтай» сұрамай қала берді...

Тымпиып келіп отыра қалдым партаға.

- Ал енді сен барып кел!- деп Оралқан Ынтықбайға жуан мойнын бұра қарады.

Ынтықбай тұқыра түсті:

- Бармай-ақ қойдық!

- Алалап отырмын ба мен сені, енді бармаймысың ауырсаң?...  Жігітім, мені рушыл-жікшіл деп ойлама, егер жікшілдік етсем, саған ғана іш тартар едім. Өйтетінім, мен де өзіңнің керейіңмін ғой!... Қайсының бұрын айтсаң, рұқсатты соныңа бұрын бердім, менде не айып бар? Тәртіп бөліміне айтпай, екеуіңді бірдей шығарып жібере алмаймын, менің басым екеу емес, мен де өздерің сияқтымын ғой!

Оралқанның сөзіне ешкімнен жауап шықпады. Мен кеткен соң тағы бір рет «оттасып-оттасып» алып, енді ғана «жусағандай» көрінеді. Әрқайсысына бағдарлап қарай түстім. Жоқ, жусағандай рақаттанып тынышталуда емес екен; дағдылы тыныштықтағыдай еш партадан славян жазуындағы кітап көрінбейді, тағы да тегіс тығылыпты, алдыларындағы «Жұңгоның тағдыры» мен «Санминжуийге» қарамай, орындықтарына шалқалай түсіп, аяқтарын тықыршытады; қарсы беттерінен көз алмай телміріседі, іш қысталық, сарылу-сарғаю бар сияқты. Жан-жақтарына анда-санда бір қарасып қояды, бәрі де иектерін көтерісіп алыпты. Осы әлпеттеріне қарағанда қорыған пышендікке кіре алмай, соны ғана аңсап, татыраңда тұрып қалған бір табын сиыр тәрізді көрінді бәрі. Ал қазір бұл жерде «пішен қорушы» да жоқ, өздерінен өздері қорқып, өздерін өздері қаңтарып, бірінен бірі жалтарып, бірінен бірі пәле ізін аңғарысқандай аңдысады, іштерінде у қайнағандай.

Осы үнсіз өлі дағдарысты Тілеуқан қу бұзды бір кезде: Абайдың «сегіз аяқ» әнінің бір үзіндісін баяу ғана айтып қалды.

- «... Ол аңдып сені,

Сен аңдып оны,

Қылт еткізбей бағып көр!»

Ашық, ашты сықақты жақсы көретін әнші Бексапа жалғастыра қойды соңын:

- «Ойнасшы қатын болса қар,

Аңдыған ерде қала ма ар!»

Абайдың осы шумақты жазғандағы буырқанысты шырайы көз алдыма тағы да елестей қалды да, ып-ыстық қос тамшы ыршып түсті омырауыма.

Салықтың тұмсығы Бексапаға едірейе қалды:

- «Ойнасшы қатын» деп кімді айтып отырсың ей, сен?!

- Абайдың өзін айтып отыр деп пе едің?... Абай бізді түйреп отыр қазір!

Таяқты алдыңғы күні жеп шыққан Бексапа бүгін де тым ашулы еді. Көзі тұздай болып, кірпік қақпай қадалды:

- Біз осы мектепке білім іздемей, боқтық іздеп, таяқ жегелі келіп пе едік, ауызды неге аңдисың осынша? ... Енді Абайдың өлеңіне де тұсау болмақпысың?!... Біріміздің әкемізді біріміз қашан өлтірісіп едік осы біз! Осыншалық өштесіп, осыншалық аңдысатындай неміздің құны қалып еді бір-бірімізде?!

Тәртіп бөлімінен ең алдыңғы қатарда қолы күптей болып шыққан Өмірбек баяу күрсіне сөйлеп кетті:

- Сабақтастар, біздің оқулықтарымыздың жайы өзімізге мәлім; әр текістен бір-бір сөйлем көшірген конспект қана бар ғой, Қазақстан оқулықтарынан басқа, толық оқу құралы бар ма бізде? Енді соны аңдысамыз деп бір бірімізге алақтасып қалдық. Танаумен ғана ойламай, баспен ойласып көрейікші, білім іздеп келгендіктен мұндай бос сағаттарда сонымызды оқиық, иә үйді-үйімізге қайтайық, бұлай аңдысып отырып, зая кетірмейік уақыттты!...

Класымыз бойынша осы кезде екі-ақ оқушы алаңсыз еді. Оның біреуі Шакерімнің «Үш анық», «Дін тексеру» атты жазба шығармаларын көшіріп отырған осы Өмірбек, мынау сәтте ол қамсыз, ешкімге қатыссыз-шатыссыз еді. Мұндай дін қорғаушыны, идеялизм философиясын көшірушіні бұл кезде ешкім шағып, жазалата қоймайтын. Екінші біреуі, бос уақытында математикадан өзгеге пысқырып та қарамайтын менің жерлесім - Омарқан. Ол алгебраның енді жарым жылдан кейін өтілетін есебін шығарумен әуреленулі еді. Өмірбек сөйлеп отырғанда, сол Омарқан орнынан атып түрегелді.

- Пән кітаптарын кім көрсетіп, кім өртетпек, қане айтыңдаршы?! Ондай оқушының, өз көзін өзі ойып тастап, көр соқыр болатындығы плюс нөль мен плюс нөлден біржолата өшкен көрсоқыр нөль шығатынындай айқын. Білім іздеп алыстан келіп, ғылыми кітап оқудан қорқудың өзі қоян жүректік екендігі, ғылыми кітапты меңгерушінің де қорқыта алмайтындығы - аксиома*. Егер Қазақстан оқулықтарын оқымайсың десе, қазақша дәл сондай оқу құралдарын тауып берсін бізге!... Менің осы сөзімді айтып барыңдар қане!

Бұл сөзге сабақтастардың бәрі күлді.

- «Есірік болмай ер болмас», жарайсың нақұрысым!- деп қалды біреуі. Омарқанның есепке үңіліп отырып-отырып кілт өзгеретін - мас адамша иә жынданғандай шыраймен тосын өлеңдетіп, билей жөнелетін әдеті бар-ды. Сондықтан, «нақұрыс» аталуына өзі дән разы ол. Бет-аузын сан саққа жүгірте қисаңдатып, көпшілікті ажуалап алып отырды.

Сабақтастар түгел сергіп қалғандай, Омарқан сөзін жеңіл-жылы шыраймен тыңдасты. Күбірлесе жөнелді сонан соң:

- Расында біріміздің не оқитынымызды біріміз аңдып отырып, білім ала алмайтын сияқтымыз ғой?!

- Білім ала алмайтын ғана емес, адам болмайтын жолға түсіп барамыз!

- Қазақстан оқулықтарын оқиды деп меңгерушіге кім мәлімдепті! - деп Салық күбірледі.

Ынтықбай Салыққа қарап сөйлесе де, өз пікірін көпшілікке құлақтандырып қалды:

- Өзіміздің де зиян тартатанымызды біліп... Доғарғамыз ғой ондай шағымды! Білімге жауласқанымызды ант атсын!

Алдыңғы күнгі таяқтан көзінің алды көгеріп кеткен Серәлі секіре тұрды орнынан.

- Олай етсек бәрімізді де ант атсын!

- Сабақтастар! - деді Қабен,- Мұнан кейін Қазақстан оқулықтарын оқиды деп кім шақса, бәріміз соның үстінде болайық па?

Сабақтастар бөшкеге қамалған көп араның қақпақ ашылғандағы быжылындай ду көтерілді:

- Болайық! ... болайық!...

- Бәріміз соның үстінде болайық!...

- Сертіміз осы болсын!...

- Олай шақса тілін суырып алайық!- деп Шақан партасын сарт еткізді.

- Саған біткен парта да сорлы-ау!-деп шұнаң қақты Тілеуқан. Бұл шыраймен әзілінің зілсіз екенін бейнеледі. - Қатыныңша сабайсың да отырасың!

Оралқан жуан қарнының партадан қысым көріп отырғанына қарамай қозғалақтады:

- Бәсе, осылай татулассаңдаршы, сабақтастар, менің сақалым ағарып кететіндей болды!

- Басқа жөнінен татуласудан қалдық қой? - деп Ынтықбай күбір ете түсті. Оның бас ауруы таяқтан болған еді, беті әлі де қып-қызыл ала.

Менің жүрегім орнына түскендей, соза күрсініп алып, «Санминжуийді» жиыстыра салдым да, БК(Б)П тарихын1 партадан суырып алдым. Оқуға қатты асығып жүргенім - «диялектикалық материализм мен тарихи материализм» бөлімі еді.

Суырып алдым да, қайта сұға қойдым: «Гоминдан ең өшігетін кітап қой бұл, қаңғалақтап шыға келіп, қақпанды шаптырып алмайын!» деген сақтық біте қалды. Оның үстіндегі май баспада басылған, ұйғырша «жаңа фәлсапаны» алдым сонан соң. Бұл Шың Шысайдың беті қызғылт тартып тұрған шағында дабырасыз таратылған материалистік Маркстік философия оқулығы еді. Мұны Шәкәрімнің философиясымен «сүзістіруге» - айтыстыруға ынтығып жүргенмін. «Аузыңды ашсаң нанамын, өтірік айтсаң Құдай ұрсын!» дегендей, Ынтықбайға бір қарап қойып, оқи жөнелдім. - «Әйтеуір славян жазуында емес қой!»...

Бірнеше күннен бері оқи алмай іш құсталыққа түскен сабақтастар Қазақстан кітаптарын жайып салып оқи жөнелді. Славян әрпін білмейтіндері білетіндерінен сұрасып, тіпті қара тақтаға жазып та үйреністі.

Дәл осы кезде Оралқан маған жаутақтай түсті де, мен әріптестеріме жалтақтай бердім. Байқасым, жаулық сезінгендерім түгел-ақ славяншаға төніскен екен. Ең «пәле» Ынтықбайы ең қалыңын - әдебиет хрестоматиясын жайыпты алдына. Мен жаңағы әкелген әліппенің әрбір әрпінің астына арапшасын жазып жіберіп, қасыма келіп қарап тұрған Оралқанға ұстата қойдым.

- Үй, мұның әліппесі қайдан табылды?!- десіп, қара тақта маңында жүргендер жамырай келіп төністі соған. Ынтықбай да ептеп басып барып, қарап тұрып-тұрып мұқабасының сыртын қайырып көрді. Славян әрпіне оның шала сауаттылау екенін байқағанмын. «Жасырын кітап дүкеніне барып алғысы келген шығар» деген оймен онысынан сезіктене қойдым...

Сөйтіп, қызыққа батып кетіппіз де, қыспаққа түсе қалғанымызды білмей қалыппыз: мұғалімі жоқ екінші сағаттың ғана емес, мұғалімі тосыннан ауырып келмей қалған үшінші сағаттың да, тіпті аралық демалыстардың да өтіп кеткенін сезбеппіз; төртінші сағатта Кұңзы тәлімін үйрететін үлкен шяужаңның1 өзі келіп қарап тұрыпты. Алдымыздағы қабырғаны түгел алып тұрған қара тақта беті славян әрпіне лық толған. Оралқанды қоршағандар шяужаңды көре сала дүр етіп орындарына келді де, отырғандар ыршып-ыршып тұрыстық. Ызамен тұнып тұрған айбарлы қиық көздің ызғарынан өліктей қатыппыз. Шыбынның ызыңы естілетіндей жым-жырттық орнай қалды.

«А...а....» деп алып, соза сөйлейтін әдетінше:

- Мынаны кім  жазды?- деп сұрады шяужаң. Тілмашы - өткен күзде ғана осы мектепті тауысқан Ақылбай атты кексе жігіт қазақшаға аударып айтты. Көпшіліктен үн шықпай қалды да жауапты Оралқан қайтарды:

- Бәріміз жаздық! - дей салып, қолбаңдай жүгірді де, қара тақтаны апыл-ғұпыл сүрте бастады.

- Өшірме! -деді шяужаң бәсең үнмен ызбармен. Оралқан шертиіп тұра қалды. - А.. а... бұл не жазу?

- Қазақстандағы қазақтардың жазуы!- деді Оралқан.

- Кім үйретті сендерге?

- Бұрыннан білетін сабақтастар көп.

- Қазір қайсысы үйретіп жатыр?

- Бәрі де өздіктерінен үйреніп жатыр!- дей салған Оралқан көпшілікке шытына қарады. - Өй, өздерің тұрып айтсаңдар болмай ма, сабақтастар, мені шыжғыртпай!

Қара тақтада үйренушілер түгел тұрып, өздіктерінен үйреніп жатқандықтарын айтты да, Ақылбай аудара берді. Шяужаң еті қашқан ұзын-ұзын сары тістерін ырсита күлді. Қатпарлы көзінде сол күлкінің ізі де жоқ, оттанып тесірейе түседі.

- Олай емес, сендерді дүрліктіріп, үйретіп жүргендер бар, мен білемін, бірақ өздерің айтыңдар!

Төрегеліп тұрғандар жауап қайырмады.

- Мен сендерге не деп тәлім бердім?... Менен не үйрендіңдер? - Жауапкерлері онан әрі үнсіз тұқия түсіп еді. - Сен тұрып айт! -деп шяужаң Шақанды нұсқады.

- «Ақ жүрек адал бол», «рахымды бол»1 деп үйреттіңіз.

- А... а... а... солай! ... ал, адалдықтарың қайда?!... Менің тәлімімді қабылдайсыңдар ма, жоқ па?!

Жуан басын төмен түсіріп Шақан да үнсіз қалды.

- Әрине, қабылдаймыз! - деп бірнешеу жарыса дауыстады.

- Олай болса, айтыңдар, кім үйретіп жатыр?!...  Айтпасаңдар бәріңді жазалаймын!

- Айырым үйреткен ешкім жоқ, өздігіміз...

- Сонша қиналатын не бар, айт деген біреуін-ақ айтсаңдаршы! -деп Ынтықбай атып тұрды орнынан. - Мен турасын айтайын, қара тақтаға жазғандар - өз беттерімен үйренушілер, ол рас! Ал, славян әліппесін таратып жүрген - анау, Биғабіл! Оралқанға осы қазір ғана біреуін берді, сенбесеңіз партасына барып көріңіз!

Тұла бойым от алып кеткендей, ып-ыстық бірдеме зыр етіп табаныма дейін барды да, тосын суына қалды. Тулап ала жөнелген жүрегім қорғасындай ауырлап барып бір сәтте-ақ қорғасындай сол салмақ біте қалғандай болды өзіме. Ол ызаның ерегесінен пайда болған сияқты. Өмірбектің санынан түртіп қалып, партаның астын нұсқап едім, ол сезе қойды да, менің қатерлі кітаптарымды бір-бірден ұрлап, алдымыздағы Бексапаға өткізіп жатты. Ақылбайдың аударуына қарай бердім мен. Еңкіштеу ұзын бойлы Ақылбай Ынтықбайдың сөзіне тыжырынып қалып, бейілсіздеу аударды. Ат жақты ақ құба жүзі суына бір қарап қойды Ынтықбайға. Жаратпай қалғаны байқалып тұр.

Шяужаңның қысықтау, үлкен көзі кең ашылды:

- Кім ол, Биғабили?!

Мен орнымнан өзінің әдетімен өтірік күлімсірей түрегелдім; өтірік айтпай, өлмей қалудың жолы бітеліп барады ғой.

- Сен кітапты қайдан алып тараттың?

- Мен ешқандай кітап таратқан емеспін!

- Оралқанға бергенің не кітап?

- Ол - өзімнің бұрын сатып алған әліппем!

- Қашан, кімнен сатып алдың?

Әліппенің сыртынан 1940 жылы басылғанын көргенмін. Совет кітаптары әшкере таратылудан шектеліп, былтырдан бері «жер астына» түскендіктен, бұл әліппенің өтпей тұрып қалғанын түсініп едім. Жауапты сол жыл есебі бойынша қайтардым:

- 1941 жылы күзде Шәуешектің кітап дүкенінен алғанмын.

- А ... а... а... Оралқан, шығар кітапты!

Оралқан балпаңдай келіп, қылмысты әліппені парта астынан алып қос қолдай ұсынды. Әліппенің шяужаңға дір қағып жетуі төбедей банжаңымыздың қаншалық қорыққанын байқатқандай. Қып-қызыл бөрте болып, ізетпен тұра қалды өзі. Шяужаң мұқаба сыртындағы «1940» деген жылға үңіле қарады да, кітаптың беттерін асығыс бір тырылдатып үстеліне қоя салды.

- Өзіңде бұдан басқа қанша кітап бар, бәрін шығар!

- Бұдан басқа кітап жоқ.

- Ал, мұны қазірге дейін тастамай, неге сақтадың, Оралқанға не үшін бердің?!

- Бұл әліппеге үкіметіміздің тиым салғанын естігемін жоқ! Шың Дубанның рұқсаты бойынша Шинжяңға өткен кітапты бізде рұқсат бойынша алып үйренгенбіз.

- А... а... а... Шың Шысайдың ол ісі дұрыс болды ма?

- Мен дұрыс деп түсінемін.

- Не себепті?

- Ол жүргізген алты саясат - ұлы Санминжуийдің бірінші сатысы. Өзі солай мақала жазды ғой.

Ақылбай жадырап, ажарлана аударды бұл сөзімді.

- Шың Шысайда қателік бар ма, жоқ па?

- Білмеймін, мен оқушымын ғой, шяужаң.  Сөйтсе де саясаты дұрыс болған соң, істеген ісі қате болмайды деп түсінемін.

Ақылбай маған үңіле, күлімсірей тұрып тыңдады да, ханзуша көбірек сөзбен түсіндіре жеткізді.

- А... а... а, - деп аз ойланып алған шяужаң ғаяр күлкіге баса тұрып, тағы бір сұрау қойды. - Оның істегенінің бәрі дұрыс болды ма, мәселен, адамды не үшін көп қамады ол? Ал, біз не үшін кеңшілік қылып, ол түрмелеген адамдарды азат ету жағында тұрмыз?

- Бұл - қазір бізге Санминжуийдің толық нұры түскендігі, данышпан көсеміміз - Жяң уиюанжаңның қамқорлығы ғой. Менің түсінбей тұрған бір мәселем бар, өзіңізден түсініп алайын, рұқсат па?!

Ақылбай бұл талабымнан күдіктенгендей, аңыра қарап қойып аударды. Шяужаң секемденгендей, иегін кідіре көтерді. Мен қарсы сұрау қойдым.

- Адамды сондай көп қамаушы, қатал бақылаушы - Дубан оқуға рұқсат еткен әліппені осындай «кең нұрлы саясат» астында, «ең зор ғалым» ұстазымыз - сіздің тектеуіңізге түсінбей тұрмын.

Сұрауымды бар ықыласымен ажарлана аударған Ақылбайдан ести келе ақ сұр жүзіне сұйық қана қызғылт ніл пайда болған шяужаң сойдиған сарғыш тістерін ақсита күлді:

- Сен Санминжуийді жақсы оқымапсың!- деп, өзінің де «ұлылығын» көрсеткісі келгендей қасқа басын сылап қойып, екі алақанын нәнси жайды. - Саясаттан тым надан екенсің! Осыныңды өзіңе әшкерелету үшін тергедім, ха...ха...ха ... мәселе енді шешілді, миыңды енді емдейміз. Қазірше мұныңа бір ғана жауап айтамын: Санминжуий Совет одағының кітабына мұқтаж емес, Жұңхуа Мингоның өз кітабы өзіне жетеді. Славян әрпі сендердің миларыңды уландырады. Мұны не үшін айтқанымды надандықтан - хайуандықтан азат болғандарыңда өздерің-ақ түсінесіңдер. Біз - Жұңхуа ұлтымыз, біз - дүниеде ең парасатты, ең ұлы халықпыз... ұқтың ба?!

- Енді түсіндім-ау деймін!- деп басымды изеп-изеп қалдым. Күлкімді ішіме әрең сиғызып тұрмын; «түсіндім» деуімде, «Совет одағы - біздің бірден-бір жауымыз» деген сөзін Шинжяңда әлі атап айта алмайтындығын түсінгендігім еді. «Кейін өздерің-ақ түсінесіңдер» деді ғой, қайын атасының атын атай алмайтын келінше қорғалақтап тұрмай ма. - Түсініп-ақ қалдым! -деп изектедім тағы да. - Осындай кітаптарды көрсек, өзіміз-ақ өртеп жіберер едік, өз елімізде қазір қазақша басылған толық оқу құралы жоқ. Қысқаша тезис көшірумен ештеңе игере алмай жатырмыз. Шың Дубан Қазақстан оқулықтарын оқуға сондықтан рахым еткен. Сізге осы жөнінен өтінішімізді жеткізуге қазір ғана мүмкіндік туылды. Әсіресе химия, физика, математика оқулықтарын қазақша бастырып берсеңіз! Ал оған қазірше мүмкіндік болмаса, сіздер рахым етіңіз, Қазақстан оқулықтарын тауып оқи тұралық!

- Сен менен не сұрап тұрсың?... Совет кітаптарын оқуды ма? - Шяужаңның көзінің ағы жарқ ете түсті. - Тілейтініңді атап айтшы!

- Күңзының «ұлы» тәлімін үйретіп жатқан сізден басқа ешкімнен зор рахымдылық күтпейміз. Бізге пән оқулықтарын бастырып беруді сондықтан сізден ғана өтінеміз! Ал, оған мүмкіндік болмаса, қазірше Қазақстан оқулықтарын іздеп тауып оқи тұралық, соған рұқсат етіңіз!... Өз еліміздің қазақша оқулығы шыққан соң славянша кітаптарды дәретхана жаққа апарып өзіміз-ақ өртеп жіберейік!

Сабақтастардың барлығы түгелімен менің пікірімді қолдап шу ете түсті:

- Бәріміздің өтінішіміз осы!..

- Сізден басқа кімге айтармыз, пән сабақтарын игере алмай қалдық!

- Қамқорлық етіңіз, бәрінен көшірме көшіріп үлгере алмай жатырмыз!

- Рахым етіңіз!...

Оралқанның жүрегі орнына енді түскен сияқты:

- Қазірше Қазақстан оқулықтарын пайдалана тұруды сізден өтінбек болғанбыз,- деп бастап, қылмыстан ақталу жағын орайластырды, - ал, қара тақтада славян әрпін үйреніп жатуымыздың да, менің Биғабылдың әліппесін алғанымның да себебі сол!

Шяужаң маған көзінің астымен қарап қойып, түрегеп тұрғандардың бәрін отырғызды.

- Отырыңдар!... Славян әрпінде басылған кітап болса, бәрін мұнда әкеліңдер!... Кімде бар қане, тапсырыңдар!

- Жоқ,... бізде жоқ!- деп көпшілік тағы да шу көтерді. - Сіз рұқсат етсеңіз іздемек едік!...

«Рахымды» шяужаң көк мешпетінің жеңін түріп, маған қарай мамырлады. Парта астынан оқуқұралдарымды бір-бірден өз қолымен алып көрді де, басқа кітап таба алмаған соң өз орнына қайта барып, әр оқушының жүзіне бір-бірден төне қарап шықты.

Гоминданның көптеген әскери-саяси «мамандары» сияқты, бұл кісі де өзін гипнозбын1 деп санайтын, көзіне қарап адамның ішіндегісін «білетінін» көрсеткісі келетін. Оқушыларының жүзіне қадалып, бір-бірден қарап шыққан себебі сол еді. «Ең кеселдісінен шықпаған кітап, басқаларынан табыла қоймас» деп торықты білем, басқа сабақтастардың ешқайсысын тінтпеді. Аз ойланып алып, сөйлей жөнелді:

- Менің оқушы тәрбиелегеніме отыз жылдан асты, - деді маңғаздана түсіп. - Менің оқушыларымнан астроном да, химик те, физик те шықты. Көптеген ғылым мамандары мен әскери қолбасшылар жетілдірдім. Соның бірі де совет кітаптарымен жетілген емес, мына менің тәрбием арқылы ғана жетілді!- деп кеудесін қағып-қағып жіберді. - Менің, сондай-ақ, менің серіктерімнің лекциясын ықыласпен тыңдасаңдар, сендер де... егер миларыңда айырмашылық болмаса, ғалым болып шығасыңдар... Мен сендерге ғылымның бір шындығын айтайын: Ғылымға сену де, сеніп кетпеу де жақсы. Сену арқылы ұмтылып сауат ашасыңдар, ал сенбеу арқылы ақымақтықтан құтыласыңдар. Мәселен, «витамин адамның денесін өсіреді» дейді. Америка құрама штаттарында таудай денелі етіп шығарамыз деп балаларға арнаулы витамин жегізгелі қашан. Ал Американ халқынан бірер дию шыққанын көрмеппін. Әлі басқа адамзат сияқты ғана ғой. Ақымақтық - соған сенуде. Енді философия ғылымына келейік, материалистік философия Құдайды жоққа шығарғалы қашан. Ал сол құдайсыздардың аспан мен жерді - табиғатты өзгерткенін көрдіңдер ме! ...Құдайдың орнына Құдай болғанды қойып, Германия армиясы сол коммунистеріңнің аузы-мұрнын қан жалатып жатпай ма?!- дегенде шяужаңымыздың қиық көзі қанталап, еті қашқан арса тісі ақсиып кетті. Екі езуінен көбік бұрқырап, жынданғандай жініге сөйледі. - Түкке шамасы келмесі бар, Құдаймен алысқаны ақымақтық болмай ма?!... Оқушылар, мен көп көрген, көп ғалым тәрбиелеген ұстазбын, сендер басқа ғылым талап етіп қаңғырмаңдар, нағыз ғылым міне, мынау ғана: жер шарында Жұңхуа ұлтынан парасатты ұлт жоқ, Күңзы ғылымынан зор ғылым жоқ. Ол бүкіл жер шарына нұрын шашып, адамзатқа шын адамгершілік-адалдық, рахымдылық үйретуге, дүниенің ұлы бірлігіне сөзсіз жетуге лайық!

Осындай сылдыр көмей, шешен сөзбен есіп келіп тоқтаған шяужаң маған көзінің қырымен қарай қалды:

- Сенің атың кім? ...Сен, санминжуийді жақсы оқы! А... жақсы оқы!... Түсініп алмасаң, сенің келешегің қатерлі, екінші мұндай кітап оқыма! -деп саусағын білеп-білеп қалды да, Ынтықбайға қарады. - Сенің атың кім?

- Ынтықбай! -деп ол ытқып тұрды.

- Отыр, отыр! ..Ә...ә.. ән-тікі-бәй, сен - жақсы! ... Бәрің де осыдан үйреніп адал болыңдар! Ән -тікі-бәй менің сабағымды, санминжуийді жақсы оқыған!...

«Рахымды», «адамгершілік ғылымының ұстазы» осы бағасын айтып, бас бармағын көтере ыржиды да, алдындағы әліппені ала жөнелді.

- «Рахымды ұстаз» жабыла жалынғанымызда жалғыз әліппемізді де қайтарып бермей кетті-ау!- деп қалды, алдыңғы партадағы бір сабақтас. Ақылбай артына бір қайрылып күлді де, маған қарап, басын изей шықты.

- Қоян жүрегім-ай!- деп мені құшақтай алды Өмірбек. - Қарнын қасқырша ақтардың-ау өзінің!

-Жоқ, ол енді мені жейді!- деп күбірледім. Оралқан бастаған сабақтастарымның көбі маған бас бармақтарын көрсетті.

 

Әділетті тергеушім, «ақыл ауыс, ырыс жұғыс» дейтін нақыл бар бізде. Ұстазым алдамкөс болғанда, маған соның тым құрығанда бірер өтірікшілігі жұқпас па? Менікі, «Балта тигенше дөңбек жал табады» дегендей, далбасаның ғана өтірігі ғой. Ол күле тұрып жемекке сап ете түскенде, менің де күле жалтарып, аузын салп еткізгенімді күнаға бұйырмассыз деп сенемін. «Әркімнің өз жолымен өзін бапта» деп тәлім беріпті философ Жу Ши. Өтірікшіні өтірікшілікпен бапта деген нұсқау да шықпай ма бұдан. Сондықтан, өтірікшілікті қылмыс қатарына қоспайтыныңыз хақ.

«Өлер өгіз балтадан таймайды» ғой, несін жасырайын, бұл тарауда қаза соққысына жүкті қылмысым әшкереленді. Ол - менің сол кездің өзінде-ақ шектеуге ұшыраған ғылымға құмарлығым. Мені оқымысты етіп шығармау үшін Гоминдан қаншалық құрысса, мен соншалық тырысыппын. «Мұндай кітап оқыма, келешегіңе қатер» деген ғой сол қасқа бас шяужаң. Осы сөзінің қаншалық данышпан сөз екенін енді түсіндім, айтқаны енді келді ғой. Мендейлерді «сасық зиялы» деген атаумен қамап, қанға бөктіріп отырсыздар. Сол ұстаздың айтқанын орындасам, осы түрме алар ма мені?! Сол кездің өзінде-ақ Гоминдан тіс-тырнағымен қарсы болған Совет кітаптарында нем бар еді менің!... Көзімді ашамын деп, ойғызуға ұмтылыппын ғой! Қылмыс, қылмыс!.. Ең зор қылмыс!... Бар қылмыстың негізі осы ақымақтығымда!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

 

 



1 Хуаңди - Жұңгода тұңғыш мемлекет құрыпты делінетін аңыз патшасы

1 «Жұңгоның тағдыры» - Жяң жиешы жазып, 1943 жылы жарияланған кітап

* Аксиома - дәлелдеуді керек етпейтін, даусыз шындық

1 «Совет одағы коммунистік (болшевиктер) партиясының қысқаша тарихы»

1 Шяужаң - мектеп бастығы, мүдір

1 Кұңзының адамгершілік жөнендегі төрт принципінің екеуі осы еді

1 Арбау, көз байлау

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282