Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6636 0 пікір 30 Наурыз, 2012 сағат 08:02

Ардақ Нұрғазыұлы. Жеміс ағашының түбінде

«Саябақ» поэмасы хақында

(эссе)

1992-жылы Құлжа қаласында кітап дүкенінде кітап қарап тұрғанымда, шетелдік бір сыншының «В.Пастың поэзиясы П.Неруданың поэзиясы аяқталған жерден басталады» деген сөзін оқыған едім. Ол кезде Мексика ақыны В.Пас жаңа ғана Нобель сыйлығының иегері атанған, ақын туралы зерттеу еңбектер мен ақпарат қарша борап жатқан. 370 беттен тұратын В.Пастың шығармалар топтамасынан алғаш рет ақынның «Күнтас» поэмасы кезікті. Латын Америкасының екі ұлы ақынына қарата айтылған жоғарыдағы сөздің салмағын сезінбей тұра алмайсың. Айталық, «Macchu Picchu» поэмасының биігінен басталған поэзия - сонда қандай поэзия?!

«Саябақ» поэмасы хақында

(эссе)

1992-жылы Құлжа қаласында кітап дүкенінде кітап қарап тұрғанымда, шетелдік бір сыншының «В.Пастың поэзиясы П.Неруданың поэзиясы аяқталған жерден басталады» деген сөзін оқыған едім. Ол кезде Мексика ақыны В.Пас жаңа ғана Нобель сыйлығының иегері атанған, ақын туралы зерттеу еңбектер мен ақпарат қарша борап жатқан. 370 беттен тұратын В.Пастың шығармалар топтамасынан алғаш рет ақынның «Күнтас» поэмасы кезікті. Латын Америкасының екі ұлы ақынына қарата айтылған жоғарыдағы сөздің салмағын сезінбей тұра алмайсың. Айталық, «Macchu Picchu» поэмасының биігінен басталған поэзия - сонда қандай поэзия?!

Бастысы осыдан кейін «деңгей» деген ұғым орын алды. Не жазсаң да, қайда беттесең де, көзсіздікке салынуға болмайтыны, ненің болса да өз заңдылығы, болмысы бар екені анық еді. Ол кезде жігіттердің көбі өз әлінше өлең жазатын. Қазақстаннан келетін кітаптың қарасы да молайған шақ. Омарғазы Айтанұлының поэзиясы орныға бастаған. Қазақ ақындары Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза-Әли, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Төлеген Айбергенов өлеңдері өз оқырманын тауып үлгірген. Жоғарыдағы ақындардың жолына түскен жастардың да қарасы молайған еді. Соған қарамастан, арамыздан қара үзіп шыққандар поэзияда өзіне тән үнін іздей бастаған. Жеңіс Шәкеннің «Қара таудың елдері», Ынтымақ Сәдудің «Қорқыттың көрі» дәл сол кезде жарыққа шыққан еді.

Х.Блоом айтқандай, өнерде екі түрлі нысай қатар жүреді. Бірі дәстүрді сақтайды, соған сай шығарма жазады. Екінші біреулер дәстүрді жаңарту бағытын ұстанады. Х.Блоом бұл екі үрдіс өнер адамының рухани біліктілігіне байланысты деп қарайды. Дәстүршілдер көп жағдайда өзінен бұрын өткен өнер иесінің ықпалын толық қабылдап, соның көлеңкесінен шықпай өмір сүруге бейім болады, өзін мұрагер санайды, шығармашылықта негізінен ағартушылық, насихаттық бағыт ұстанады. Бастысы оларда дәстүрдің шекпенінен шыға алатындай талант пен дарын кемшіл түсіп жатады. Ортада оны соған бейімдейді. Ал екінші ұстанымдағылар өздерінен бұрын өткен өнер иелерінің ықпалын өте нәзік сезінеді, шығармашылықта қашанда дәстүрмен қайшылықты өмір кешеді, білігі жеткен жағдайда, дәстүрлік ұстанымдарды жаңартып тынады. Бастысы өзінен бұрын өткен таланттардың көлеңкесінде қалмайтын қабілет-қарым болады. Әдебиет кеңістігінде жоғарыдағы екі түрлі ұстаным бірін-бірі терістейтін, қарама-қарсылық сияқты сезілгенімен, олардың біріне-бірін алмастыруға болмайтын өзіне тән орны бар. Әдеби ортада олардың салыстырмалы басымдылығы өзгеріп отырғанымен, әдебиеттің түпкілікті даму арнасында бәрібір өз орнымен қалады. Қоғам дамудың түрлі кезеңдерін басып өтетіні сияқты, әдебиет те өзгеріс пен салыстырмалы тұрақтылықтың үздіксіз айналымында болады. Әдебиет майданы салыстырмалы тұрақты кезеңге өткенде, әдеби ортада дәстүршілдер басымдылық алады. Ал, әдебиет майданы өзгерістер дәуіріне кез келгенде ортаға жаңартушылар шығады.

Өткен ғасырдың 90-жылдарында Қытайда қазақ әдебиеті осындай өзгеріс дәуірін бастан өткізді. Қоғам шұғыл өзгеріп жатқан. Соған дейін ұран болған дүниелердің өңі тайып, жалғандық менмұндалап қалған еді. Үлкен кеңістікте әлем әдебиеті жалпы беттік көрініс берумен қатар, Қазақстандағы қазақ қаламгерлерінің шығармаларымен толық танысуға мүмкіндік туған. Бұл әдебиетке енді келген біздер үшін соған дейін мойындалып үлгірген жеке шығармашылық үлгілердің қақтығыс дәуірі ғана емес (айталық Мұхтар Шахановтың өлеңін жақсы көретіндер мен Қадыр Мырзалевтың өлеңін ұнататындардың арасындағы дау ғана емес), әдебиет туралы көзқарастардың, түсініктердің, ұстанымның қақтығысқан дәуірі еді. Көтерілген апыр-топыр шаңнан тіпті кімнің кім екенін айырудың өзі қиын болатын. Өзгеріс өте тез жүріп жатты. Оны мына бір жағдайдан да байқауға болады. Жеңіс Шәкеннің «Қара таудың елдері» 1987-жылы жазылған. «Тарбағатай» журналында жарық көрген өлең, 1990-жылы «Астынан алты қырдың» деген қоспа жинаққа кірген. Өлеңді мен 1990-жылы Іле педегогия иниститутына оқуға түскен жылы күзде, жоғарыдағы жинақтан оқыдым. Үлкен бәсеке жүріп жатқан әдеби орта шығарманың қасиетін бірден сезінді. Жігіттердің (Жеңіс Шәкеннің өз тұстастарының да осы қатарда екенін айта кеткен жөн) сол кезде жазған өлеңдерінде қазақтың танымал ақындарының өлеңінің ықпалымен қатар, Жеңіс Шәкеннің осы шығармасының әсері бірден сезіледі. Басқа ақындардың әсеріне ұқсамайтын жері - Жеңіс Шәкеннің бұл өлеңінің табиғатында тың дүние бар еді.

Шағи белбеуі,

Ақ құр белдеуі,

Нардың сүті төгілген қара тауларым,

Жасылдың тұмсығы дал болған жартасым.

Түн кезген бөріге,

Маңыратып көтертпе,

Ауылдың лағын, марқасын. Еңіретсең біреуді,

Ертең -

Азабын он есе тартасың.

.   .   .   .   .   .   .   .   .   .

Сол менің,

Иісі бұрқыраған ерменнің,

Қажырлы қажымас ерлерім,

Басына көтерген туған жерлерін.

Тау деу керек таудың елдерін,

«Таудай» дейтұғын таудың елінде.

Қара таудың қаны бар,

Қара таудың қалы бар,

Қара аюдың жалы бар,

Кісінесе жылқы қай жерде,

Сол жерден сол ел табылар,

Көбейсін жылқы жануар.

Өлеңнің айтар ойында көп жаңалық жоқ. Бұрыннан келе жатқан, ақынның халқына деген сүйіспеншілікке тән ақеділ сезімін жеткізген туынды. Соған қарамастан, шығарманың сөз алысы мен екпінінде өзгеше иірім бар. Бастысы, өлең қазақ сөзінің жаңа лебін, иісін сездіреді. Ой сөзде түлеп, бөлекше мән-мағынаға, сезімге ие болған, қазақтың қара сөзінің тасадағы қыры көрнеуге шығады. «Қара таудың елдері» жарыққа шығысымен кейін көп уақыт өтпей, біздің арамыздан бірінші болып Ынтымақ Сәду «Қасқыр мінген жігітпін» деген өлең жазды. Өлеңді алдымен жақын жүрген біз оқыдық. Кейін инситутта өткен өлең оқу кешінде Ынтымақ Сәдудің оны өзі жұрт алдында өр дауыспен оқыды. Бұл өлең екпіні мен сөз алысы тұрғысынан жоғарыдағы шығармаға жақын келеді. Ұлттық дүниетанымды өлеңге айналдыруға бейімделген дүние. Алайда, Ынтымақ Сәду «Қара таудың елдерінің» түп ерекшелігін жете түсініп, игеріп кете алмағаны байқалады. Тек өзінше еліктеумен ғана шектелген еді.

Алып жатыр жалынды от кекілді,

Жалын ұрттап біреулер от кекірді.

Көкжал мініп бастадым сапарымды,

Талпынғанға қиын іс жоқ секілді.

Қасқыр мініп азулы қарсы ауыз,

Сіздер жаққа көп барам, танысамыз!

Бұл өмірде сапарлас бола алмасақ,

Ахиретте ақ жолдан танысармыз...

Арада үш жыл өтер-өтпестен, Ынтымақ Сәду жоғарыдағыдан мүлде басқа әуенге ауысты. Бұл жолы біз «Қорқыттың көрімен» ұшырастық. Өз басым бұл өлеңді алғаш оқығандардың  бірімін. Тосын бір оқиғаға байланысты туған жырды 1994 жылдың көктемінің бір кешінде Ынтымақ Сәду филология факультетінің 4 қабатындағы кезекші ұстаздар отыратын кабинетте оқып берді (Ынтымақ Сәду сол кезде факультеттің оқушылар ұйымының белсендісі болатын. Қытайда жоғары оқу орындарында студенттер кешкі сағат 7- 9 аралығында міндетті түрде сыныпта отырып сабақ пысықтайды. Ынтымақ Сәду филология факультетіндегі студенттердің жоқтамасын жасайтын. Гүлнар Ақанқызы мен Ынтымақ бір топта оқитын. Таяу маңдағы химия факультетінен мен күнде кешке, солар жаққа жүгіретінмін.) Өлең маған қатты ұнады, ұнады деген жәй сөз, мен қатты әсерлендім. Тіпті төбемнен әлде кім тоқпақпен бір қойғандай әсер де болдым десем де, артық емес. Досымды не деп қуантқаным есімде жоқ, әйтеуір, «мынауың керемет екен!» дегенім есімде. Шындығына келсек, «Қорқыттың көрін» естігенен кейін, көпке дейін өлең құлағымның түбінде жаңғырып тұрды. Алабұртқан көңілімде реніш пен қуаныштың екеуі де бар еді. Ренжіген себебім - өзіме ашулы едім, досым болса да, Ынтымақ бірінші болып өзінің өлмейтін шығармасын жазды, ал, мен болсам найқалып-жайқалып әлі жүрмін деген ой келді. Қуанған себебім - қазақтың қара сөзімен әлемнің ең үздік ақындарының әйгілі модернист өлеңдері сияқты өлең жазуға болатынын осы кеште аңғардым. Бұл үлкен жаңалық еді. Саясаттың салдарын жырлаған қиялы жұтаң Кеңес қазақ ақындарының өлеңдерінен басқашада өлең жазуға болады екен. Енді, алаңдамауға болады, алаңдасаң - өзіңнің талантсыздығыңа ғана алаңдауың керек.

Даланы мұжып арпалыс ұран, аттандар,

Күңіреніп күйлер тауларға тарап жатқанда...

Жолаушы тағдыр... Жолаушы арман жетелеп...

Қанатты торды талқандап... Бұлдыр елеске батқанда...

Ерменнің исі кеңсірік жарып,

Қалақай, тікен тірсекті шағып,

Жұлдыздар жерге аққанда,

Ғаламат екен бабалар өткен кешегі,

«Қорқыттың көрі» қазылып болыпты деседі!

Бұлбұлдар әнін тоқтатып, сауысқан жырға басқанда,

Қызуы шығып, түтіні тарап оттар да...

Толқын да көкке көбігін шашқан тоқтауда...

Бір ғұмыр өзін сыбызғы үнмен жоқтауда...

Бағытын бұрған бұйырықсыз атқан оқтар да,

Дүние бірақ құшағын соған ашқанда,

«Қорқыттың көрі» қазылып бопты о, тәубә?»

Бәрін де қиып, бәрін де бүгін ұмыттым,

Жуаның гүлін, жусанның бүрін жиып мың,

Алдыңа әкеп үйіппін...

«Қорқыттың көрі» өлең ғана емес, ол - муызыка. Бір адамның көкейінде ойнай жөнелген үлкен оркестрдің синфоникалық әуені. Толық құраммен биік деңгейде жұмыс істеген оркестрден ғана міне, осындай әуен шығады. Әлем поэзиясындағы үздік шығармалардың денін де дәл осындай синфониялық үн ойнайды.

Енді бір жағынан, «Қорқыттың көрі» Жеңіс Шәкеннің жоғарыдағы өлеңінен әлде қайда биік тұр. Жеңістің өлеңі дәстүрлік түсінікті жаңаша жырлау болса, Ынтымақтікі модернистік ойлаудың туындысы. Екеуіндегі парық үлкейтіп айтқанда, романтизм мен модернизмнің арасындағы, кішірейтіп айтқанда ойлау формасындағы өзгешелікке барып саяды. Жеңіс Шәкен халықытың өкілі және сол позициясын сенімді әуенмен жырға қосқан. Ынтымақ Сәдуде ондай ашық позиция жоқ, қайта, заманның күрледі бет-бейнесін терең түсінген, қайшылықтың текпісіне түскен, жеке тұлғаға тән  бұлқыныс  бар. Жиып айтқанда, поэзияға құйрық тістесіп қатар келгеніне қарамастан, екі ақын өнерде екі дәуірдің тумасы болып отыр.

2004 жылы шілде де Шәуешек қаласында атажұртқа қоныс аударудың соңғы жұмыстарын аяқтадым. Ертең таң ата шекарадан өтуге тиіс едім. Шығарып салуға келген достарыммен кешкі базарда түн ортасына дейін отырдық. Айналамыз ыс-түтек, музыка, айғай-шу. Шамамен түнгі бірдің кезінде кезектесіп өлең оқып отырғанбыз, кенет, ойыма «Қорқыттың көрі» келді. Өлеңді мен біраз жеріне дейін жатқа білетінмін. Басын бастадым да, тоқтаттым. Отырғандар: «Ой, немене оқымай қалдың?» - деп жатыр. Мен орнымнан тұрып, ашық тұрған дүкеннің біріне кірдім де, Ынтымақтың Үрімжідегі үйіне телефон жалғадым. Телефон тұтқасын Ынтымақың өзі көтерді. «Ынтымақ, мен ғой, Ардақ, «Қорқыттың көрін» оқиын деп едім, есіме түсіре алмай тұрғаным, қалай басталушы еді?!» - дедім. Ол өлеңді бірден оқып кетті. Қазақ «қайда барсаң да қорқыттың көрі» деген. Алдағы тағдырдың не болатыны мен үшін белгісіз еді... Енді бір жағынан «ұйқыдағы досымды түн ортасында «мен кетіп барамын!» деп бір оятайын»  деген ой келді.

«Қорқыттың көрінен» кейін әдебиеттің ұлы мұхитында бір батып, бір көрініп жүрген менің тездеп жағаға шығуым керек еді. Не жазатынымды 1992-жылдың алды-артында ойлана бастағанмын, содан кейінгі бірнеше жылда санамда үздіксіз толғаныс жүрді. Бірақ, нақты қалай жазатыным өзіме мүлде беймәлім еді. Әйтеуір, тездетіп бір дүниені қолға алатыным анық болатын. Алайда, ол күнге мен араға он жыл салып барып, бір-ақ жететінім, ол кезде ойыма кіріп те шықпапты.

1991-нші жылы Кеңес Одағы ыдырады. Жалпы одақтың ыдырауы адамзат тарихында, ең кемі соңғы жүз жылдықтағы ең үлкен оқиға. Оған қазақтың Тәуелсіздік алуын қосыңыз. Тереңірек ойланып көрсең, Кеңес одағының ыдырауы адамзат баласының басындағы қасіреттің трагедияға анйлауы деуге болады. Коммунизм идеясы өмірге келген күннен бастап қандай сынға ұшырамасын, бәрібір адам баласының тәтті қиялын көрсететін. Адамзат соңғы төрт ғасыр бойында осы сөзге өзінің бар үмітін, арманын артып келді. Ол - «теңдік, әділдік, бауырмалдық» дегенге өкілдік ететін. Ақыр аяғында не болды? Шығыс пен батыстың ұрдажық ұлтшыл коммунистері әлгі тәтті үмітті ең қатігез деген капитализмнің өзінен бетер қатігез - жазалау машинасына айналдырып, аяқтарымен таптап, асқан жиркенішті дүние етіп бір-ақ шығарды. Бұдан өткен өкініш бола ма?! Адамзат баласы XX ғасырдың 90-жылдарына келгенде коммунизмнен құтылғанына бас киімдерін аспанға атып қуанды ғой. Әсілінде, бұған қуанудың орнына, жұбануға тиіс едік. Өйткені, үміт селге кетті, болашақ күңгіріт, алда не болары белгісіз...

Қазақ елі Тәуелсіздік алғаны туралы хабарды естігенде, жер бетіндегі бойында шыбын жаны бар қазақтың қуанбай қалғаны, сірә, жоқ шығар. Алайда, қуанышпен қатар алаңдау да бар еді. Қазақстан ел бола ала ма? Алмағайып заманда, Тәуелсіздіктей үлкен сынға дөп келдік, осы сынан сүрінбей өте аламыз ба? Жоқ, әлде екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Тәуелсіздік алған Африка мен Латын Америкасындағы елдер сияқты ондаған жылғы ішкі соғыс пен жанжалдың, көрсоқыр билеушілердің мәдениеттен жұрдай тірлігіне белшемізден батып, торғайдай тозып кетеміз бе?, деген үрей тұрды. Үрейленуге негіз де бар еді. Адамзат баласы коммунизмді жеңгенімен, қақтығыс пен қан төккен соғысты жеңе алған жоқ. 1991 жылы  Орта Шығыста, 1998 жылы Балқан түбегінде, 2001 жылдан кейін тағы да Орта Шығыс та, көршіміз Ауғанстан да қазір де алапат соғыс жүріп жатыр. Қасіретті қан төгіс іргеде деген сөз.

Айта берсең, осы алаң менде қазір де бар. Өзгені түгіл өзін де аямаған, нені болса да тізеге салып күшпен шеуден басқаны біле бермейтін  орыс иделогиясын ұстаз тұтқан біздер, соның мемлекет машинасының бір бөлшегі болып бірнеше ғасырды өткіздік. Содан бойымызға құлға да, қожайынға да тән қатігез дүниетаным әбден сіңген. Екі жүзділіктің орныққаны соншалық, басымызға тозақтың өзі келіп орнаса, cоны «жұмақ» деп қабыл алдық. Онымен қоймай қожайыннан да асып түсіп, «Кеңес одағын ыдыратпайымыз!» деп жұртта қалып, күллі дүниенің алдында масқара болдық. Ал еш жазықсыз  қырғындалған аштық құрбандары мен 40 жыл бойында ядролық жарылыстан зардап шекендердің қасіретін (басқаны қойғанда өзіміздің қандас туысымыз ғой) адам ретінде шынайы сезінудің орнына,  оны саяси ойынымыздың бір бөлігіне айналдырып жібердік. Ең берісі басымыздан өткен қасіретті өз атымен атау да қолымыздан келмеді. Біз үшін бейкүнә жандардың қасіреті қолжаулықтан басқа еш мән-мағынасы жоқ дүние болып шықты. Бұны зұлымдықты танудан, оған дұрыс баға беруден саналы түрде бас тартып, келер күнде келуі мүмкін жаңа зұлымдыққа есік ашу деуге болады. Мемлекеттік құндылық ретінде ауызда ғана айтқанымыз болмаса, теңдік пен әділеттіліктің ең қарапайым түрін де ұстанбаймыз. Жеке мүдде, билік, байлық үшін ел мүддесінен тартып кез келген дүниені саудаға салуға бармыз. Тіпті ұрпаққа дейін саттық. Мұндайда адамгершілік туралы, тіпті айтудың өзі ұят. Бұл рухани жақтан құлдыраудың шегіне жетіп қалғанымызды аңғартады. Бастысы ұлттық дүниетанымымыз азғындықпен күресу бағытында емес, онымен қолтықтасып, істес болу бағытына кетіп барады. Оның жемісі түбінде қоғамды біріктіруші емес, бүлдірушы болып келетіні анық. Солай болды да. Жаңаөзенде дәл 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні біздің қолында қаруы бар сақшылар қарапайым азаматтарды қанға бөктірді. Ашық ақпаратта өлген адамдардың саны 16 делінгенімен, нақты сан мұнан әлде көп екені белігілі болып отыр. Рухани делқұлылық меңдеткен жерде, демкоратияны сезініп, оны дұрыс алып жүре алмайтынымыз, міне, осыдан-ақ белгілі болып отыр.

(Тәуелсіздік қастерлеуге тұрады. Алайда, әуелі тәулесіздігімізден басында неге, қалай айрылдық, айрылуымыздың түп себебі неде, сонда жіберген қателіктеріміз қайсы?  Бүгінгі басымызда бар былық пен шылықтың түп тамыры неден шығып отыр? Бұл сұрақтарға біз әлі анық жауап тапқанымыз жоқ. Оның орнына дүние-мүліктің бөлісіне түсіп кеттік: мемлекет емес, компания құрып жатқандаймыз. Содан да маған тәуелсіздік туралы кесіп айтуға әлі ерте сияқты сезіледі (мен кейде өзімді кеше қорқынышты түс, бүгін күлкілі түс көрген біреудей, әлде кімнің қолжаулығы болған адам сияқты елестетемін...).

Қан төгу, соғыс - мәдениетті күйретіп, өркениетке өшпес жара салатын зұлымдықтың нақты көрінісі. Өкініштісі, адамзат баласы алға жылжыған сайын соғыс та бұрынғыдан бетер сұрапыл тартып әрі барынша күш алып, өршіп келеді. 2003 жылы көктемде, АҚШ бастаған одақтас армия Иракта адамзат бұрын-соңды басынан кешіп көрмеген алапат соғыс өртін тұтатты. Бұл постмодернистік дәуірге тән соғыс еді. Қарсыласыңды көрмей отырып-ақ алыстан жайрата беретін, кез келген құндылықты тек қана қиратып тынатын, адам өлтірудің өзі шартты дүниеге айналған, соған сай мағынасын жоғалтып, орнында қатгездік ғана қалған еді. Және бұл адамзат дәуірінің жаңа бір басталу кезеңі болмасына кім кепіл?! Міне, осы соғыс жүріп жатқанда мен «Саябақ» поэмасын жазуға кірістім. Он жыл бойында не жазатынымды анық білсем де, өзіме тән мәтінге баратын жолды таба алмай-ақ келген едім. АҚШ-тың Үнді мұхитындағы авиаматкасынан Иркақа қарай ұшқан алғашқы «Соғыс балтасы» зымыранының үні мендегі барлық түйсікті оятса керек.

Еден бағынан қуылған адам баласының басы біздің дәуірімізге келгенде алаңда қосылды. Енді қайда беттейміз, алда не күтіп тұр? Сонау Франция ұлы төңкерісінен бастап, алаң - демократияның символы ретінде сыпатталып келеді. Тәуелсіздікпен қатар біз,  қазақтар, демократия жолын таңдадық. Содан да біздің санамызда бақша мен алаңның елесі қатар жүр. Коммунизмге үміт артқан қиял селге кеткен соң, адамзат баласы ендігі сенделген сенімін - «теңдік, әділдік, бауырмалдық» туралы жаңа әрі ескі үмітін - осы демократия деген ұғымға артып отыр. Алайда, бұл да оңай жүре салатын соқпақ емес. Бұған қарт тарихтың өзі куә. Демократияның ең ұлы нәсихатшысы - Сократтың өзін соңында демократиялық жүйеге сай құрылған 500 адамнан тұратын палата өлім жазасына кескен. Ұлы ойшылдың сонда бас сауғалап, өлімнен аман қалуына мүмкіндігі болған екен. Бірақ, қарт қашудан бас тартқан. Тас түрмеде отырып берген уды ішіп өлу бекіміне келген. Сократтың сондағы аққуға теңеу қосқан соңғы сөзі екі жарым мың жылдан бері, әлі де адамзаттың құлағының түбінен өшпей келеді. Сократ үміт үзбеген сол демократияға қазір біз де бетпе-бет келдік, жұрт алдында жер болмай, сәтті алып жүре аламыз ба, жоқ па? Сенімімнен күдігім басым. Поэмада мынадай жолдар бар:

Таң.

Кешегі уақыт пен бүгінгі уақыт тоғысқан

Алаң.

Аққудың соңғы әуенін зарлы сұңқылы деме,

(Үнсіздікті ішіме бүкпен.)

Жарық пен қараңғы қақ бөлген жүзін,

Жориды таңғы желі

Теңіздің тар терезесінен кірген.

Былдырлаған сәбидің тілінде айтылған кесім бар,

Құлағыма келді бір әуен ұзақтан талған.

Батар күнді кеудесіне қондырған қарт,

Шыққан күнге мінәжәт етті

Темір тордың аржағынан.

Жүзінен терең түскен әжімді көрдім.

Қабырғада ілулі тұрған қобызым аққуға айналды да

Қанатын қақты.

Даланы торлаған жолдар сірә, қайда барады?!

Көлеңкесін сүйреткен түннен ұшып шықты

Қарлығаш және үкі...

Модернистік шығармалардың басты ерекшеліктерінің бірі - уақыт туралы дәстүрлік түсініктен басқаша көзқарас ұсынады. Бұл ұлттық сананың уақыт талабына сай жаңарғанын айғақтайды. Модернизмнің бар болмысы да осы түйінмен тікелей байланысты. Модернистік поэзияда ең алғаш уақыт туралы түйсігімен ерекше көзге түскен шығарма ағылшын ақыны Т.С.Элиоттың «Шөл» поэмасы. 1922 жылы жарық көрген бұл туындыға ол түйсікті АҚШ-тың ұлы ақыны әрі сыншысы Э.Паунд сіңірген. Кейін белгілі болғанындай, мың жолға жетіп жығылатын «Шөлдің» (The Waste Land) алғашқы нұсқасын Э.Паунд ықшамдап, бүгінгі біз білетін 434 тармаққа түсіреді. Осы ықшамдаудан кейін «Шөл» өзінің дара құрылыс ерекшелігі мен өзгеше уақыт туралы танымына ие болған. Әдебиетте осыдан басталған модернистік ойлаудың үлкен бетбұрысын кейін, Т.С.Элиот ары жалғап әкетті. «Шөл» жарық көріп бір мүшел өткенде барып, Т.С.Элиот мәселенің түйінін түсінген, содан кейін өзіне тән кемелді уақыт көзқарасын ұсынудың жолын қарастыра бастайды. 1944 жылы толық аяқтаған «FOUR QUARTETS» поэмасында ол гректік-християн ілімі мен шығыстың үнділік будда аңыздарындағы мифтерді ала отырып, өз мақсатын толық жүзеге асырды.

Time present and time past
Are both perhaps present in time future,
And time future contained in time past.

- FOUR QUARTETS

(Бүгінгі уақыт пен өтіп кеткен уақыт

Мүмкін, келешек уақытта,

Ал келешек уақыт өткенде...)

-   деп жазды Т.С.Элиот «FOUR QUARTETS» басталған жерде.

Ағылшын поэзиясындағы бұл бетбұрыс өзге халықтардың поэзиясына да ықпал етті. Француз, Грек, Италиян, Испан тіліндегі поэзияның бәрі де модернизмге аяқ басу кезеңінде, осы жолмен жүрді. Бірақ, соңғылардың дені өздерінің ұлттық дүниетанымын алға шығаруға барын салды. Осыдан барып әлем поэзиясы үздік туындылармен толықты. Соның бірі В.Пастың жоғарыдағы «Күнтас» поэмасы. 1957 жылы жарық көрген, 584 жолдан тұратын бұл еңбегіне ақын 1790 жылы көне Мексика қаласының орнынан табылған, 24 тонна салмағы бар Астактардың ежелгі қасиетті тасы - Күнтастың болмысын сіңірген. Маусым айырмашылығы көрнекті емес экватор аймағына жақын өмір сүрген астактардың танымы бойынша бір жыл 584 күннен тұрады. Астактар өздерінің уақыт кестесін 584 күнде бір айналып келетін шолпан жұлдызының фериотына сай түзген.

Ақыры «Шөл» поэмасы туралы сөз болған екен, бір әңгімені қыстыра кеткім келіп тұр. Бұл поэманы мен алғаш рет 1990 жылы Іле педегогия иниститутында оқыдым. Қазан айының бір күні болатын, иниситут кітапханасында қытай тілінде шығатын «Шетелдің өнер туындылары» басылымының 1981 жылы жарық көрген сандарына тапсырыс бердім. Поэма сол жылдың №3 жарық көріпті. Және Т.С.Элиоттың «Дәстүр және жеке бастың таланты» деген мақаласы қоса берілген.  Бұрын атын ғана естігенім болмаса, поэманың өзін оқып көрмеген едім. Қызық болғанда, кітапхананың журналдар бөлімін басқаратын қытай әйел Шәуешек қаласының тумасы болып шықты да, Толы ауданынан келген студент мені «жерлесім» деп өзіне жақын тартып жүрді. Арада екі жыл өткенде, сол кісі «үнемі осы журналға тапсырыс бере бердің, саған қажеті бар сияқты. Игілігіңе жарат, бірақ, ешкімге айтушы болма», - деп журналдың сақталған нұсқасынан бір данасын маған ұстатты. Кейін мен поэманың ұқсамаған төрт аудармасын оқыдым. Бірақ, сол алғашқы нұсқасын ерекше қастер тұтып, қимас жәдігерім ретінде сақтап келемін. Әсілінде, «Шөл» поэмасының табиғатында да соғыстың елесі бар. Жалпы Т.С.Элиоттың екі үлкен шығармасының өмірге келуіне бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс қатты әсер еткен. Айта берсең, Т.С.Элиоттың дәуірімен біздің дәуір көп жақтан ұқсап кетеді. Екеуі де дәстүрлік дүниетаным тас-талқан болып, адамзаттың рухани дүниесі шайқалып тұрған, онымен қоймай соғыс қаупі төнген заман дегендей...

Модернистік поэзия ақылдық сана мен аңдаусыз сананың үздіксіз тоғысуынан тұрады. Бұл айналып келіп сөздің дәмін қалай сезінуге барып саяды. Өркениет пен мәдениет анық көзге көріне бермейтін, тасадағы, уақыт ағысында шөкпей ағатын үлкен кеңістік. Ол адамның аңдаусыз санасында және тамыры тереңге тартқан сөз теңізінде өмір сүреді. Бұл түйінді поэзияның табиғаты терең, жете сезінеді. Хайдгердің «Поэзияда өмір сүр» дейтіні де осы түйінмен қатысты. Сондықтан да, талантты модернист ақындардың дені өз бойындағы өркениет пен мәдениеттің асыл құндылықтарына сөздің құдыретімен ақылдық сананың суаруынан өтіп, аңдаусыз санаға көтеріле отырып, әлгі үлкен кеңістікке шыққан сәтінде ғана жетіп отырған. Шынайы дүниетаным, ұлттық болмыс, уақыт туралы түйсік дегеннің түп мекені де сол - аңдаусыз сана. Қазақтың да өзіне тән дүниетанымы, уақыт көзқарасы бар. Қорқыт пен Асан қайғының болмыс туралы түйсігі біздің санамыздың төрінен айрылмас бір тұлға түрінде орын алған. Мен бұл туралы «Жұмекен Нәжімиденов: Уақыттың тұңғиық тереңіндегі көл» («Қазақтың модернистік поэзиясы» 64-бет, «Арна» баспасы, 2010-жыл.) мақаламда жаздым. «Саябақ» поэмасында осы таным үстемдік құрады. Қарама қарсылықтан тұратын, біріне-бірі айналатын, соңында жаңа қарама-қарсылыққа өзгеріп, үздіксіз қозғалыста болатын болмыс туралы таным поэманың ең кіші бөлшегінен бастау алып, жалпы тұлғасын шашау шығармай ұстап тұр. Арыдағы екі дүниеге бірдей бет түзеуіміз бен бүгінгі екі жүзділігіміздің арасында байланыс бар ма, жоқ па?  Ойлануға тиіспіз.  Поэмадан үзінді оқиық.

Адасып қалдым ойымнан -

Күннің шуағы

Әлемді жарық пен қараңғыға қақ бөлген.

Бұрқыраған иісі бар,

Шөп, жапырақ, қара топырақ

Астында жатқан шылаушын,

Күннің дүлей шуағынан жалтарып,

Түні мен жауынның келуін күтеді,

Жаңбыр мен суықтың ызғарын.

Көшеде жортты жел

Үйіріліп,

Көлден көтерілген аққу, аңызға айналып

Тат басқан теңгенің көзінен өтті.

Соқырдың таяғы тиген тас баспалдақ

Жаңғырады -

Шұбатылған, ғасырлар жатқан аңғар

Уақыттың өзегінде,

Өшпейтін қан дағы қалған...

.   .   .   .   .

Түннің толқыны жартасты, құмды жағаны ұрып

Ақ көбік уақыт шатынап сынған, шашырап.

Өткен мен бүгін - толқын, толқиды шайқалып

Жағада жатыр ұлудың қабығы ағарған.

Келешек уақыт - құм қайраңда жоғалған,

Ізді жұтқан,

Нар толқын түнектен - түнекке шапшыған.

Өзін де жұтқан жағада -

Құм қайраңға шаншылған...

Қараңғыда бір қолым бір қолымды іздейді -

Аттанған алыс сапарға жолаушы,

Қобыздың қыл ішегінен туған жыр -

Көмусіз көр -

Бұйраланған судың бетінде толқын

Шулаған...

Сырдың жағасын құшып өксіген,

Мен де толқын -

Емілдің жағасын құшқан...

 

Поэманы мен бір жарым айдың көлемінде жазып тауыстым. Бір әрпі өзгермей, түпнұсқасы қалай қағазға түссе, сол күйінде жарық көрді («Шетел Әдебиеті» газеті, 2007-жылы, №1.). Кезінде «Жұлдыз», «Жалын», «Таң-Шолпан» журналдарына ұсындым. Осы аралықта поэма үш жылдан артық жатып қалды. Алғашында үш бөлек жыр жазамын деген ой болды. Жалпы тақырыпты «Ұйқысұраған берудің жыр парағы» деп қойдым. Жазып бітірген 11 парақты «Бақша-алаң» поэмасы деп атадым, екінші бөлімді тек бастап қана қойдым. Алайда, уақыт өте түсінгенім, бастап жазған екінші бөлім - «Даланың» алғашқы парағы, әсілінде, жазып болған поэманың кіріспесіне лайық екен. Поэма сонда тіпті де түсінікті болып шығады.

Жым- жырт аспанда құс кідірді.

Серпіген қанаты -

Тас жұмылған уақыттың мәңгілік ашылмас алақаны.

Терезеден төгілген күннің сәулесін

Тықпалап қара түнекке - көлеңке кемірген.

Ашылмайтын түңліктің жібі үзілгенде

Даланы торлаған тарау - тарау жолдар құлазып

Төбеден бір жұлдыз аққан.

 

Біреуді шығарып салып, біреуді тосып тұр.

Алақандағы топырақ

Желде ұшқындайды

Ен даланың соқпақтары тірелген моллалар құсап.

Күтіп тұрған жанның бейнесі де бұлыңғыр -

Қасқайып тұрған тас обаларға ұқсайды.

Ол да үн-түнсіз.

Тас обаның түбін қазған қолдардың

Көбесінде де қалған.....

Бір түйір топырақ.

Тостағандағы жазудың үзілген ұшығын

Иненің көзінен өткізген де -

Бұлыңғыр далада қалған іздер

Тас обаны сүйеп тұрғызған қолдар.

Уақытқа қараған көздің жанарында жас бар

Дегенмен....

Жылжыған уақыттың

Тозған кіреукесінен де тозаң төгілген.

Көш жүріп кеткен екі жұртгың арасынна

Сақ, Ғұн, Түрік, Қыпшақ пен Қазақтың

Ізі шөккен бе?

Айға сілтенген қылыштың жарқ еткен жүзінен

Қан тамғанда,

Тілім-тілім болып кескіленген далада

Қара түн тұнған.

Кім сонда

Шаншылған қанжарға ақ пен қан құйған.

Құлағыңды түріп тыңдасаң жерді, естисің

Ен даладан шауып келген

Ен далаға шауып кеткен ...... үнді.

Қазып жатыр жер -

Қазылып жатқан көр.

Ол біздің

Жүрегімізде ағып жатқан өзенге көмілген.

Бақшаның далаға ашылған есігінде

Түн ұйып тұншықты.

Желмен жортқан аңызда қыл ішек өксіп,

Бір сапарда екі бағытқа кеткен кезбені

Кімдер арулап жерледі?

Көз алдымнан бір сәт кетпейтін жарымның

Бетіндегі мендей,

Қаққан қазықтың түбін қопарсаң да шығады

Қорғанға қадалған жебе -

Оны неге ешбір тат шалмайды?

Бақшаның тас қаланған жолында тұрған жанды

Түсінен оятты -

Таяп келген,

Далада әлде қашан өшіп кеткен ...... аяқтың тықыры.

Сынған құмыраның қирандысы

Қолдың табымен қайта тұрғызылған мүсіннің

Тереңнен үзіліп жеткен сазда мүлгуі .....

Басында «Саябақ» поэмасы туралы осындай бір эссе жазамын деген ой болған жоқ. Бірақ, жазған жөн екен. Әдебиеті еркінше дамыған ел болсақ, осының бәрі артық дүние, көп нәрсені әдеби ортаның өзі сіміріп алар еді. Ал бізде жағдай мүлде басқаша. Қазір қазақ әдебиеті сынын әлі де кеңестік әдебиеттің теориясымен, таным-түйсігімен мұздай қаруланған академиктер мен профессорлар шеңбектеп отыр. Олардың дегеніне көнсең, қазақ әдебиетін кемі жарты ғасырға кейінге шегіндіруге бар. Жоғарыдағылардан қалған азғантай кеңістік әдебиеттегі «большевиктердің» қолында. «Большевиктер» кез келген жаңалыққа өршелене шабуыл жасап, ақ пен қараны араластырып, біреудің қалпағын біреуге кигізіп, ұғым шатастығын тудырып, қазақ әдебиетінің жаңа өркеніне күйінің келгенінше қара күйе жағып жатыр. Бетіне қара күйе жаға берсек, өзіміз сұлу көрінеміз деп ойлайтын болса керек. Білімсіздікті бақыт санайтын, сөздің жөнін түсінбейтін де осылар. Бірақ, біздің артқа қайтатын жағдайымыз жоқ.

«Саябақ» поэмасына қатысты бір-екі ауыз ой түрткен болдым. Бастысы - шаң-тозаң айықбай тұрған заманда, оқырман туралы да ойлану керек. Поэзия -  күрделі, ақсүйек жанр. Әсіресе, модернистік поэзия адам жанының көзге көп түсе бермейтін болмысын ашуымен ерекше. Поэзия рухыңа жарық ғана емес, жылу да сыйлайды. Лайықты оқырман бола алсаң, поэзия сенің жаныңды жарқыратып қоймай, жандырады. Қазіргі ойланудан гөрі, жүгіріп жүруге бейім заманда өте аз сандағы талғампаз оқырман ғана модернистік поэзияның өрісін сезінуге бейім десек те, бәрібір пенде баласы поэзиялық көңіл-күйсіз өмір сүре алмайды,  онсыз тірліктен рең кетеді. Тек модернистік поэзиямен үндесудің жолын таба алса ғана болды. Ондаған жылға жалғасқан кеңестік насихаттық әдебиеттің теріс ықпалынан кейін, төмендеп кеткен қабылдау талғамы қазіргі тобырлық әфсананың сандырағында кешегіден бетер құлдырай берсе, түбінде қоғамды әдебиеттің өзінен бас тартуға апаруы әбден мүмкін. Содан да оқырманға ойдан үзік ұстату, оларды кеңесшіл сыншылардың таптауырына тастаудан, талғамсыздардың тобырына итеріп қойып, қарап отырғаннан әлдеқайда пайдалы деп ойлаймын. Ал қазақтың жаңа әдебиетін жоққа шығарып, көнені көксеп жүрген мырзалардың өзіне келсек, айтылар сөз әлі алда. Бізде кеңес әдебиетін талқыға салу әлі басталған жоқ. Зұлымдықтың қайтып, қалай ен жайылып келгені, кеңес өкіметі әдебиетті оның бет-бейнесін жасырып-жабу үшін қалай жұмыс істегені туралы әлі айта қоймадық. Келер ұрпаққа зұлымдықтың не екенін ұғындыру үшін біз кеңес әдебиеті туралы міндетті түрде айтамыз.

Әдебиет адамзат өз қолымен жаратқан қатпары қалың, қалтарысы көп өзгеше әлем. Адам баласын құлдық санада ұстағысы келетін кез келген билеуші топтың құрығына көнбейтін рухани бостандық та, бостандықтың соңғы мекені де әдебиет. «Не үшін?» деген сұрақты қойғызатын да, бір сәт өзі жан-дүниеңе үңілтетін де осы өнер. Оның тұлғалауынсыз адам баласы «толық адам» деңгейіне көтеріле алмайды. Бүгінгі аласапыран жағдайда әдебиетті жүйеден, поэзияның туын саяси арандатулар мен бәрін ақшаның құлына айналдырып жіберетін капитализмнің обыр қоғамдық түзімінен бір саты жоғары ұстау аса маңызды. Поэзия сонда ғана өзінің түпкі мәнін сақтай отырып, адамзаттың сана көкжиегіндегі өзіне тиеселі орнында қалатын болады.

Әлем әдебиеті мен үшін мәуесі мол үлкен жеміс ағашы сияқты. Оның түбінде тұрып жемісінен керегіңше азықтануыңа болады, алайда, жеміс ағашын жегі құрттардан тазалап отыруды да ұмытпау керек.

Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ

2012. 01. 04.

«Абай-ақпарат»             

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036