Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Су саясаты: 6751 7 пікір 10 Наурыз, 2021 сағат 15:44

Ресей мен Қытай қыспағындағы Қазақстан

Қазақстан БҰҰ-ның болжамына сәйкес 2045 жылы су тапшылығын тартатын елдердің қатарында тұр. Еліміздің басым бөлігінде су тапшылығы байқалады, оның басты себебі көптеген өзендер бастауын өзге елдерден алады. Оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай мен Ресей тұр.

Трансшекаралық өзендер Ақорда үшін қашанда бас ауыртып, балтыр сыздатар мәселелер қатарында болған. Тарихи жады тұрғысынан өзен суын шексіз пайдалану экологиялық апат әкелетінін де көзіміз көрген халықпыз. Аралға құятын өзендерді шектен тыс мақта және бау-бақша шаруашылығына пайдаланған Өзбекстан Арал апатына себепкер болды. Оның зардабы орасан. Сонымен жеке қарастырып көрелік.

Билігі де, бастауы да Қытайдағы өзендер

Қазақстандағы ауыз судың 70%-ға жуығы шығыс пен оңтүстік-шығыс аймақта орналасқан. Оған таулы аймақтың көптігі, бұлақтар мол болуы және алып трансшекаралық өзендердің ағып жатуы себепкер. Қазақстан мен Қытайдың арасында 25 трансшекаралық өзен бар. Оның ішінде әйгілі Ертіс, Іле. Ертіс өзені қазақ үшін аса маңызды. Ол тек шығысты емес, тұтастай шығыс-солтүстік-орталық бөліктің ауыл шаруашылығы мен ауыз суына қолданылуда. Іле болса Балқашты көл статусында сақтап тұрған өзен. Алматы мен Талдықорған өңіріне көрік беруде. Алайда бұл өзендердің су мөлшері жыл өткен сайын азайып келеді. Себебі бастауы Қытайда, ал Қытай экономикасы қарыштап өскен сайын өзен суын пайдалануды арттыруда.

Қытай Шыңжаң аймағының экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында барын салуда. Ірі құрылыстар, жол төсеу мен көпірлер, ғимараттарды салып жатыр. Шыңжаңдағы халық санын ғасыр соңына дейін 25 млн-нан 100 млн-ға жеткізу жоспары бар. Демек суды пайдалану да 4 есе артады деген сөз. Оған қарқынды көтеріліп жатқан экономикасы мен ауыл шаруашылығын қоссақ, Қытай алдағы таңда өзендегі су бекеттерінің санын арттырады. Қазірдің өзінде Қытай тарапынан Іледе 13 бекет, ал Ертіске 15 бекет салынған. Әр су бөгеті салынған сайын, өзен суының деңгейі төмендейді. Қазақстан жыл сайын Ертіс пен Іленің суы азайып келе жатқанын айтуда, соған қарамастан Қытай өзенге бөгеттер салуды, суды шексіз пайдалануды азайтар емес. Азайтпайды да. Неге? Себебі Қытайға халықаралық заң талаптары бойынша қысым көрсету, БҰҰ-ға шағым жасау жолы жоқ. Қытай БҰҰ-ның трансшекаралық су көздеріне қатысты бірде-бір конвенциясына қол қоймаған ел. 2001 жылы Қазақстан мен Қытай арасында мемлекетаралық су ресурстарын тиімді пайдалану туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды. Жиырма жыл уақыт өткеннен кейін, ол келісімдердің дұрыс іске аспай отырғанына көзіміз жетуде.

Қазақстан Балқаш тағдырына алаңдайды. Іле өзенінің су деңгейі төртінші жыл қатарынан түсуде. Бұл Балқаш үшін Арал теңізінің кебін киюі мүмкін дегенді білдіреді. Яғни тағы бір экологиялық апат орын алуы мүмкін. Балқаш маңында Қазақстан жолбарысты қазақ даласына әкелу бағдарламасын іске асыруда. Оған миллиондар бөлініп, арнайы қорық жасалуда. Жолбарысқа азық болатын бұғы, қабан, қарақұйрық өсірілуде. Қамыстың қалың өсуін де қарастырып жатыр. Алайда Іле суы азайып, Балқаш көлі тартыла бастаса бұл бағдарламаның іске асуы екіталай. Сондықтан да Қазақстан Қытаймен трансшекаралық өзендер мәселесін реттеуге мүдделі. Бұл біз үшін ауадай қажет келісімдердің бірі.

Жайықтың бойы енді су...

«Жайықтың бойы енді су» деп жырлап еді кезінде ер Махамбет. Бүгінде Махамбет батыр жырға қосқан сұлу Жайық жоқ, суы тартылып, құты қашты. Қазақстан мен Ресей Жайық өзенін сақтау бойынша келісімдер жасасты. «Жайық өзенінің экожүйесін сақтау және қалпына келтірудің 2021-2024 жылдарға арналған бағдарламасын» қабылдады. Ол бойынша өзен суын келісе отырып пайдалану, оны қалпына келтіру мәселесі көтерілген. Дегенмен келісімге қарамастан 2023-2024 жылдары Ресей Орынбор маңайында су сақтайтын бөгет салмақ. Бөгет сөзсіз өзеннің су деңгейін түсіріп жіберері анық. Бұл Каспийге құятын ірі өзен болғандықтан, Каспийдің су деңгейіне де, экожүйесіне де орасан зор соққы болмақ. Қазірдің өзінде Жайықтың суы азайған.

Тегі бір, суы бөлек

Жамбыл облысының жыл сайынғы мәселесі ауыл шаруашылығына пайдаланатын су тапшылығы. Облыс шаруалары бау-бақша өнімдерімен қатар, мал шаруашылығының да артта қалуына дәл осы мәселе әсер етуде дейді. Талас-тартыс Қазақ хандығының қазығы қағылған Шу мен Талас өзендірі аясында өрбиді. Бастауын Қырғызстаннан алатын бұл өзендерді көршіміз өз саясатына пайдаланып келеді. Жазда суды жібермей, бөгеп, қыста керісінше ашып жіберіп, әбігерге салды. 2001 жылы Қырғызстан суды тауар ретінде бағалайтын заңды қабылдады. Ол бойынша суды көршілес елдерге сатуға болады. Аталмыш заң кейіннен Тәжікстанда да қабылданып, олар да өзен суын сатуды алға тартты. Осылайша Орталық Азияда Тәжікстан мен Қырғызстан қазақ, өзбек пен түркіменге суды саудалап келеді. Қазақстан мен Қырғызстан арасында Шу мен Талас өзендерін ортақтаса пайдалану бойынша бірнеше келісімдер жасалды. Келісімдердің ішіне тек су емес, электр энергиясын сатып алу да жатады. Бұл екі елдің келісімі аймақтағы өзге елдер арасында пайдаланылуы мүмкін. Себебі қырғыз-өзбек, өзбек-тәжік, тәжік-қырғыз арасында жер дауынан бөлек, су дауы да бар.

Қазақстан мен Өзбекстан 1998 жылы Сырдарияның суын пайдалану бойынша келісімге келген еді. Ендігі таңда екі ел арасында Шыршық, Келес, Өгем өзендерін пайдалану бойынша келісімдер жасалмақ. Қазақстандық тарап Ташкенттің кез келген суға қатысты шешімді өзара келісім аясында жүзеге асыруын талап етуде. Себебі «Сардоба» бөгетінің жарылуы біздің елімізге күтпеген апат әкелді.

Трансшекаралық өзендер қашанда қысым күші болып табылады. Адам саны артып, ауыз су мөлшері азайған сайын, су үшін талас-тартыс көбейе бермек.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051