Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әдебиет 5158 0 пікір 11 Наурыз, 2021 сағат 14:01

Қорқыт қобызының ғарыштық сарыны

Интеллект тәни тіршілік пен рухани болмыстың кең әлемін түгел қамтыған қазіргі заманда адамзаттың ең қажетті тұтыну объектісін анықтаудың өзі оңайға соқпайды. Техникалық шырқау рухани пайымдаудың жетелеуші күшіне айналды да, адами құндылықтардың өңі күннен күнге өзгеріп барады. Дәлірек айтқанда, космополитизм өміріміздің барлық саласына сыналай енуде. Оның жақсылығы мен жамандығының аражігін ажыратудың өзі қиынға соғуда. Пәлсапалық кіріспеміз неге меңзейді?  Оған түрткі болған – адамның ақыл-ойын техникалық жаңалықтар баса көктеген осындай заманда, оның себептері мен салдарларын түсінуге, дәлірек айтқанда көркемдік тәсілмен айшықтап көрсетуге тәуекел еткен қаламгер Қуаныш Жиенбайдың «Жер үстінде де жұмақ бар» атты романы.

Қуаныш Жиенбай. Күзетші

Біздің атам заманнан бері қалыптасқан түсінігіміз бойынша тамұқ пен жұмақтың ежелгі мекені жер асты. Ал, жер бетіндегі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған», яғни қиялымызда ғана өмір сүріп, бейуақыт сағымды кеңістікте ғана қылаңдайтын жұмақ өмірдің орны мүлдем бөлек. Әзірге, оның дәмін таттым, ерекше бақытқа кенелдім деген тірі жанды кездестірмейсің. Демек, қаламгер қиялдағы шындықты күнделікті тіршілігіміздің шындығына айналдырмақшы. Және жұмақты ыстығы ми қайнататын, ыспа құмы ауыз-мұрныңды бітеп, тұншықтыратын, «барса келмес» бетпақ даладан іздейді, жұмақ дегеніміз осында деп иландырмақшы. Иланып көр! Бұл бетпақ дала автордың туған жері, бірақ әркімнің туған жері өзіне жұмақ деген қарапайым ұғым бұл арада жүрмейді, өйткені қаламгер пенде ретінде кіндігі туған жеріне байланғанымен, оның кәсіби жауапкершілігі мұндай шектеуге көнбейді,  өйткені ол адамзаттық кең ауқымдағы объектіні зерделеуші, оған жүктелген міндет те шектеулі аумаққа симайды. Сондықтан, нар тәуекелдік орға жығуы бек әбден мүмкін.

Дегенмен, түпкі шешімге асықпалық. Автор іздеген жұмақты біз де іздеп көрелік. Іздегенде өз бетімізбен басқа әдебиеттерге, күнде көріп жүрген басқа да объективтік, субъективтік себеп-салдарға сілтеме жасамай, аталған шығарманың өз бойынан, қаламгерлік шеберліктен іздейік. Әп дегенде, оның сұлбасы да көрінбейді, автор шығармасын күнделікті қарапайым өмір суреттерін, сүреңсіз күйбең тіршілікті шиырлап бастайды. Ол неге керек екен деп ойлап қаласыз. Жоқ, керек екен. Эпизодтық қызмет кейіпкері Жарымес пен кәрі қаншықтың көзімен суреттелетін депо маңындағы тіршілік экологиялық апатты өңірдің болмысын пайымдауға жетелейтін елеусіз түйсікті оятады. Түйсік автор объектісінің басты қақпасы сыртынан сол объектінің өзіне сығалай қарайды. Сығалай қарайды да, қақпаның ар жағынан басты кейіпкер Көбейсінді көреді. Жолаушысы бар, басқасы бар, қоқыр-соқырдан арылмауға тиіс депо айналасы неге жылан жалағандай тап-таза. Кәрі қаншықтың тіске басуына жарайтынның бәрі целлофан қалтаға мұқият оралып, діңкені құртқаны өз алдына, одан қалғанын жаңағы Жарымес ыңылдап, әндетіп жүріп, тап-тұйнақтай етіп жинайды да, арнаулы ыдысқа төңкере салады. Тіпті, астынан тұз сорып үстінен күн қыздырып, қыздырып емес-ау, тура өртеп, «жасыл көрпе» жамылуға еш мүмкіндігі жоқ Төретам топырағын сан бояулы шоқ гүлдермен құлпыртып қойғанын қайтерсің. Кәрі қаншыққа керегі ол емес, тамағынан өткізіп жіберуге жарайтын бірдеңе табылар деп қоқыр-соқырды іздейді. Ал, ол жоқ. Оны жоқ қылған жаңағы Көбейсін. Сосын Көбейсінге жақтырмай алара қарайды.

Роман соңында мүлдем басқа көрініс. Көбейсін адам қолымен жасалған сатқындық салдарынан айдаладағы қираған үй ішінде азап тартып жатқан кезде тілімен оның денесін жалап, жан күйзелісімен көз жасын төккен тіршілік иесі де осы кәрі қаншық. Мұнда ассоциациялық сыр бар. Көбейсін адамзаттық ұлы мұратқа кәдімгі адами сүйінішімен адал қызмет етуге бар күш-жігерін жұмсаушы, бірақ оның игілігін емес, бұған кереғар жат пиғылдың сатқындығын бастан кешуші, ал кәрі қаншық болса өңі өзгертілген, сол сатқындыққа жаны қас, алайда араша түсуге қауқарсыз жанама күштің прототипі сияқты әсер етеді. Бар болғаны авторлық концепцияның ширығуы үшін қолданылған қосымша тәсіл ғана. Қаламгердің басты көздегені –  Көбейсіннің қарапайым көпшілікке көп ұқсай қоймайтын мінез-әрекетін  адамзаттық өредегі ерекше қасиетімен даралай сомдау.

Байқоңыр әлем көз тіккен кешен. Және Байқоңырдың Байқоңыр болғаны қашан. Жұмыр жер мен айдын көкті тұтастырып, орбитаға тұңғыш рет адам ұшырған қасиетті мекен. Содан бері де мұнда адам баласының ақыл-ойының шексіздігін дәлелдейтін қаншама ғылыми жаңалықтар жасалмады десеңші?! Ғылымның дамуы шексіз. Жә-ә, мұнымен ешкімді таңғалдыра алмайсың. Авторды толғандырған басқа мәселе. Өзі сол жерде туып, өскендіктен және сол өңірдің табиғатымен, адамдарымен біте қайнасып бойын да, ойын да түзеген қаламгер өңір проблемасына жақсы таныс болған соң кешен орналасқан Төретамның кәдімгі көз үйреншікті бейнесін жасауға тырысқан. Көбейсін Төретамның тумасы ғана емес, оның бүкіл тағдыр-тауқыметіне қара басының тағдыр-тауқыметіндей қарайтын жан. Тіпті кейде, Төретамды ойлағанда өзін де ұмытып кетеді. Сонысы үшін де жан-жары Ақкербезден ауыр-ауыр сөз де естиді. Бірақ, оған қыңатын Көбейсін жоқ, өйткені табиғаты солай жаратылған табиғатынан таймайды. Дырдай мекеменің, ғарышқа бір де бір сапар онсыз жүзеге асырылмайтын ерекше депоның бастығы бастықпын деп әмірлік жүргізуге, төмендегілерге жоғарыдан қарап, кім екенін көрсетіп қоюға жоқ.

Мұнда бәрі құпия ... ғарыш сапары ... қашан, қалай ... құпия. Ұшу аппараты жеткізілетін ерекше алаң .. оны жеткізетін ерекше тепловоз жұмысы ... құпия.  Әр іс-қимылдың сағаты, тіпті минуты ... бәрі құпия. Аэрокешенге жеткізілуі тиіс ерекше құпия техниканы таситын нақ сондай ерекше тепловоздардың жұмыс кестесімен толып жатқан құпия тапсырмалардың орындалуын Көбейсін қалай білсе, автор да солай біледі. Сондықтан да Көбейсіннің әр әрекеті шынайы, яғни кейіпкерінің кәсіби іс-әрекетімен, оқырманның қабылдауына жақын кәдімгі адами тартылыс қасиетімен нанымды суреттеледі. Жалаң баяндау емес,  психологиялық көңіл-күй орамдары басым, көркемдік бояуы анық. Ерекше тепловоз ерекше алаңға жеткізілуі тиіс, мұндайда жұмсақ мінезді, өзін қарапайым ұстайтын Көбейсін мүлдем өзгеріп сала береді. Енді одан қатал,  одан талапшыл адам жоқ. Ғарышқа ұшу, жәй әуеге ұшу емес. Әр ұшудың көтерер жүгі бір аймақ не бір өңірмен емес, бүкіл жұмыр жердің ғаламдық құпиясын шешумен тікелей байланысты. Демек, Көбейсін өңірлік емес, ғаламдық кеңістіктің мүддесіне қызмет көрсетуші, елеусіз қателік жіберді ме, ұшу аппаратын дәл минут, дәл секундында ұшу алаңына жеткізе алмады ма... бәрі өлшеулі, бәрі қаттаулы ғаламдық ғарыш операциясы рельстен шығады. Операцияның кез келгені әлем назарында, мұндай қателікті Мәскеудегі ғарыш зерттеу орталығы қалт жібермейді. Көбейсіннің өзін ұмытып, депо тынысымен бірге тыныстайтын себебі сондықтан. Солайы солай, бірақ ол туған жерінің экологиялық сырқатқа ұшырауына да төзе алмайды. Қызметі де жоғары, тұрмысы да жақсы, Ақкербез сияқты ақылымен де, көркімен де жан рахатына  бөлей алатын әйелі бар Көбейсіннің сол жан рахатын толық сезінуіне жол бермейтін кедергі, міне, осы  мазасыздықтан келіп туындайды.

Мәскеуге де Көбейсін сияқты кәсіби білімі сәйкес келетін және осы бір қаңбақ қуған қу даланы жан-тәнімен сүйіп, соның мұқтажы үшін бар күшін салып қызмет етуге әзір Көбейсін сияқты жанкешті керек-ті. Сондықтан Мәскеу оны ғарыш станциясының, дәлірек айтқанда оның орталығы Байқоңыр қаласының мэріне орынбасар етіп тағайындайды. Бұрынғы бұрынғы ма, Көбейсін енді түнді ұйқысыз өткізуі өз алдына, әлем таныған ғарыш саласының орталығын төретамдықтардың өздері атап жүргеніндей, «жер кіндігіне» айналдыру үшін, оның дүниежүзілік мәртебесін өз қиялында үкілеп, соған орай ғаламдық ұйымдардың назарын аударуға  тырысады. Қорқыт кесенесі мен космодромды біріктіріп, біртұтас этно қазақ ауылын тұрғызбақшы. Байқоңырды да, Мәскеуді де елең еткізген, бұрын-соңды ешкімнің ойына келмеген жаңалық. Құдды қиялдауға ғана болатын әрекетке ұқсайды. Бірақ, Көбейсін құр қиялдың адамы емес, нақты шаруаның адамы. Ізденеді, тыным таппайды. Этно қазақ ауылының жарғысын өзі жазды және соған лайық заңдастырды. Космодром мен Қорқыт кесенесі аралығындағы құба жазық Бүкіләлемдік туристік ұйымның атлас картасына енгізілді. Демек, әлем Байқоңыр космодромын Қорқыт кесенесімен біртұтастықта тануға тиіс.

Алайда, қарама-қайшылық эталоны қасарысуын қоймады. Қызғаныш, менмендік сияқты қаскөй мінез араға түсті. Бір жағында – қала мэрі Евгений Ильич, екінші жағында – сол мэрдің орынбасары Көбейсін. Үстінен қара майдың исі аңқитын теміржолшылар өкілі Мәскеудің өзі билікке әкеліп отырғызған басшының алдында өзін, қызмет бабына орай, неге төмен ұстамайды? Төретамдықтар неге Евгений Ильичті емес, Көбейсінді көбірек тыңдайды? Мәскеу стратегиялық маңызы бар объектіге басшы етіп анау- мынау адамды таңдамайды. Евгений Ильич сондай таңдаудан өткен адам. Егер оған салса, ол тамұқ отына күйгендей  күй кешкісі келмейді, Төретам ол үшін мұндағылар айтып жүргендей жер кіндігі емес, мұнда бір күн де тұрғысы жоқ. Бірақ, Мәскеудің бұйрығы бұйрық. Ол бұйрықты Евгений Ильич мүлтіксіз орындай біледі. Адамдармен сөйлесу мәдениеті, өзін ортаға орай ұстау қабілеті құрметтеуге лайық,  сырттай осылай көрінген мінез өзі іштей толғанғанда мүлдем басқа ракурста жарқ етеді. Осы жарқыл Евгений Ильчтің ішкі табиғатын ашық, айқын көрсетеді. Байқоңыр, яғни ғарыш станциясының бүгіні мен болашағы үшін қазақстандық станция мен Бүкіләлемдік туристік ұйымды бір бағытқа топтастыра алған, экологиялық апат алаңын экзотикалық жұмақ алаңына айналдыру үшін күресуші  Көбейсінге жасалған қастандық екінің бірінің қолынан келетін қастандыққа ұқсамайды. Қастандық та ерлік сияқты адамның табиғи болмысының көрінісі. Көбейсінге жасалған қастандық та, міне, осындай қолында ерекше билік бар, сыртқы бейнесі мен ішкі дүниесі бір-біріне кереғар адамның әрекеті. Бұйрығын орынбасары тыңдамаса қала мэрінде қандай бедел болады. Бірақ бұйрықтың да бұйрығы бар. Евгений Ильичтің бұйрығы өзі басқарып отырған Байқоңырдың бағын ашуды ойлаған бұйрық емес, қайта керісінше, оның бағын байлайтын, ішкі көреалмаушылық, өктем менмендік ашыған көжедей ернеуінен асып төгілген кесапатты бұйрық. Көбейсінге жасалған қастандық әлі төрт құбыласы түгенделмеген, бірақ түгендеу адамзаттық мүддеден туындайтын объектінің бір бұрышын ұстап тұрған, құпиясы, автордың айтуынша «космодромның сым темірмен қоршалған атырабы адам миы жетпейтін құпия!»,  мың қатпар ерекше қаланы басқарып отырған, егер қаласа қандай қылмысты болсын жаңағы қажеттілікті, жаңағы құпиялылықты желеу етіп, сыртқа шығармай жабық күйінде жабық қалдыра алатын басшының ғана қолынан келетін қастандық. Автор бұл арада Евгений Ильчтің атын атамайды. Тұжырымды оқырманның еншісіне қалдырады. Шынында да, мұны түсінудің еш қиындығы жоқ. Соған дейінгі суреттеулер, айталық коммерциялық ұшырулар ... Коммерциялық бір зымыраннан түскен табыстың өзі Төретамды алтынға көміп тастар еді! «Тиынның сылдыры естілген жерден сыпсың әңгімелер де үздік-создық түтіндеп жатады. Сол жылы бюджет есебіне кіріп, сол жылы зымыран ұшырылмаса мол қаражат қайта шығатын жол іздейді ... мұнан жиырма-отыз жыл бұрын құрастыру цехынан шыққан «Сатурнның» құлдилау аппаратын ба, әлде төменгі люкті ме, әйтеуір бір бөлшегін пайдаға асырайық деп шешеді ғой мықтылар. Құрастыру жұмыстары да оңайға түседі, әрі уақыт өлтірмейді. Түнгі жарылыс соның нәтижесі еді. Зымыран старт алаңындағы соңғы сынаққа шыдамай жарылып кетті. Төретамдықтар сол түні аяқтарынан тік тұрды. Келушілер болмаса бір де бір пенденің Төретамнан шығуына рұқсат етілмейді. Ауыздарына ие бола алмайтын белсенділер бірден жауапқа тартылады. Жауапқа тартылғанда да сот процесі жүрмейді, бірден статьясы қойылады да, этаппен басқа қалаларға жөнелтіледі». Оны аз десеңіз, «техникалық ақаулар» дегені тағы бар. Дәлелдеп көр!

Былайынша, Жарасбайдың бүгін-ертең боталайтын түйесінің іш тастауы күнделікті көзге көп іліне бермейтін, күйбең тіршіліктің бір қиығындай көрінісі ғана. Кімнің түйесі іш тастамай жатыр. Бірақ, зымыран сынақ кезінде объективті, субъективті себептермен жарылып, Төретамның асты үстіне шығып, жұмыр жердің өзі қақ айрылардай жойқын дауыстан онсыз да толғақ қысқан анадай ботасын күтіп, бойы балқып, сәл нәрсеге үрке қарайтын сағаттарда түйе байғұс іш тастамағанда қайтеді. Космодромның ғаламдық проблемасына қарағанда, бұл әрине, түкке тұрмайтын нәрсе. Бірақ, Жарасбай үшін ол бала-шағасына кәдімгідей напақа көзі. Басқа жерде, басқа жағдайда болса, жергілікті үкіметтен шығынның орнын толтыруды талап етер еді. Мұнда олай емес, билік екеу. Байқоңыр түптеп келгенде Мәскеудің құзырында. Шығынын өндіріп алмақ түгілі, малыңа ие болмай, не бітіріп жүрсің деп өзіне дүрсе қоя беру түкке тұрмайды. «Техникалық ақаулықтан» құлаған зымырандар уына қарағанда не тәйірі ол. У іштің деп уысына қажетті емдік қаражат салып жатқан кім бар. Бәрі ғарышты игеруге арналған ғой. О – о, қалай әдемі естіледі. Тек космодромдағы шағын жауапты топ қана ем мен демалыстың ең жоғары деңгейін иеленуге құқылы. Ал, төретамдықтардың үкімет белгілеген жеңілдіктің өзіне қолдары жете бермейді. Және ғажабы, мұның еш сөкеттігі жоқ. Космодромның адамзаттық мәртебесі қарапайым ой аясындағы тұжырымнан әлдеқайда кең, әлдеқайда терең пайымды қажет етеді. Осы пайым космодромдағы жоғары билік тұтқасын ұстағандардың «жеңіл-желпі» кемшіліктерін байқатпай жіберуге жетіп жатыр. Евгений Ильич, міне, осы «артықшылықты» пайдаланудан тайынбаған жан. «Сөйткенше болмай ауыр соққыдан Көбейсіннің миы солқ ете түсті. Артынша «укол»  дегенді анық естіді. Ертеңіне айдаладағы қақыра тамның ішінде қара суықта бүрсең қағып жатқандығын бір-ақ аңғарды». Космодромның әлемдік деңгейдегі өркенді орталыққа айналуын армандайтын Көбейсінді, қала мэрінің орынбасарын мұндай күйге тек қаланың бірінші басшысы, Евгений Ильич қана түсіре алды. Евгений Ильичті мұндай қастандыққа не итермеледі? Өте өкінішті, бар болғаны рухани құндылықтың қас жауы – пенделік қызғаныш қана. Және, ол бұл әрекетін «шебер» ұйымдастырады. Космодромдағы шаруашылық мәселесіне Көбейсін жауап береді. Осы саладағы рұқсаттың соңында Көбейсіннің қолы тұруы тиіс. Әрі жаупкершіліктен босайды, әрі Көбейсінге «бас ауруын» тауып береді. Сол оймен Көбейсіннің туған ағасы, Парламент депутаты Ебейсінді араға салады. Қалай? Ебейсіннің жас кезінен бергі досы, тіршілік түйткілдерін жақсы білетін, табысты кәсіпкер Сағыныш Қорқыт кесенесінің дәл түбінен жер сұрайды. Мейманхана тұрғызып, демалыс аймағын жасамақшы. Кесенеге күн сайын қаптап келіп жататын, оның ішінде қалталы шетелдік туристер де бар, аймақ табыс түсірудің нағыз таптырмайтын көзі. Бұл ойын ол Ебейсін арқылы жүзеге асырмақшы. Евгений Ильчке Парламент депутаты сияқты мәртебелі тұлға ауадай қажет, қаншама бай орталық дегенмен, космодромның да жамап-жасқайтын тесіктері жетіп жатыр. Республикалық бюджеттен көмек сұраса оны Ебейсін сияқты беделді, сөзі өтімді адамдар ғана қолдай алады. Ебейсін ұсыныстан бас тартпас, өйткені ол Көбейсіннің туған ағасы және Ебейсіннің досы Сағыныштің туған қарындасы Ақкербезді алып отыр. Ақкербездің Көбейсінге тұрмысқа шығуына дәнекер болған да осы Сағыныш. Демек, туыстық желі Көбейсінді шырмауықтай шырмап алуы тиіс. Әрине, ол берілмеуге тырысады. Өйткені, Көмейсіннің арманы жоғарыдағы ұсынысқа мүлдем кереғар. Егер ойын жүзеге асырса, Евгений Ильич, біріншіден, Ебейсін сияқты мәртебелі тұлғамен жақындасады, екіншіден этноауыл деген қайдағыбір қияли әрекеттің жолын кеседі, оның авторы, яғни қызметтес қарсыласы Көбейсіннің «көріктей көтерілген» кеудесін басады. Өмірге құштарлықты адами тазалықпен қастерлеу мен ет пен терінің арасында жүретін қанды іріңнен арылмаған пенделік әлсіздік, бұл арада опасыздық автор қаламы арқылы рухани шайқас алаңында бетпе-бет келеді. Бастапқыда, нақты өмірде жиі кездесетіндей, бұқпа-сұқпа айла-амалға сүйенген қара күш үстемдік еткендей көрінеді, бірақ түптеп келгенде өміршең рух бәрібір жеңіп шығады.  Бұл «бай болып барша мұратына жеткен» дейтіндей ертегілік бой үйретуден аулақ, табиғаттың өзінен тамыр алатын ұлы қасиет. Көбейсін, міне, осы қасиеттің арқасында қара күштің «құдыретімен» құрып кетпей, еңсесін көтереді.

Өліп, тірілгенде оны демеген қандай сиқыр? Жоқ, сиқыр емес, Қорқыт ата қобызының қасиетті құпиясы. «Құпияның сырына қаныққыңыз келсе ... тазаланып, ең алдымен адамдық иманыңызға жүгініп, Құран Кәрімнің аяттарында айтылғандай, біліп-білмей істеген күнәларың болса алдымын соларыңызды реттеп, Қорқыт кесенесіне келіңіз! Ал, Қорқыт кесенесі космодромның нақ іргесінде, таяқ тастам жерде. Қобыз үнін күңірентіп, ұлы даланы адам қолымен жасалатын жамандық атаулыдан сақтандырып, күндіз- түні кірпік қақпастан күзетіп тұр».

Сиқыр дейсіз бе, аңыз дейсіз бе, ерік өзіңізде. Ал, автор төретамдықтардың ауыр тұрмысын жеңіл сезінуін Қорқыт атаның қасиетінен іздейді. Кейіпкерлерінің барлығы да, тіпті Қорқыт атаның кім екенінен мүлдем бейхабар шетелдікке дейін, Төретамға аяқ басты ма, қаласын, қаламасын қасиетті кесенені айналып кете алмайды. Бірі қалтқысыз сенеді, бірі ішкі дүниесінің қарсылығын күшпен тежеп, бәрібір сырттай болса да Қорқыт ата қобызының сарынына тағзым еткен түр көрсетеді.

Адамдардың рухани байлығы олардың ішкі дүниесіндегі адалдық пен екіжүзділік қасиеттерінің таразылануымен айқындалады.  Евгений Ильич соңғы топқа жатады. «Астамшылық, тойымсыздық, қызғаныш секілді жаман әдеттерден жер үстін бүтіндей тазартуға бола ма? Оу, жерге ашкөздікпен қарайтын өзге планеталар аз ба еді? Олардың бір-біріне қандай сигналдар арқылы белгі беретіндігін кім біліпті. Жер бетіндегі адамдардың айуандық әрекеттері тым шектен шығып барады, оларға қандай айла-амал қолданамыз деп әлдебіреуі жер шарын кішкене нұқып жіберсе жетіп жатқан жоқ па?! Аласат дауыл соғып, су тасқыны күшейіп әбден әбігерге түсірер. Сақтан, сақтан! Бір-біріңе жау болмаңдар! Қорқыт кесенесіндегі қобыз үні осындай ескертулерді жан-жаққа дамылсыз айтып жатқандай, дала қоңырауын үсті-үстіне дамылсыз ұрғылап жатқандай».

Көбейсін фанат емес, оның жаратылысы Қорқыт ата сарынымен табиғи үндес. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп», Абай айтқандай, ол ешкімді алаламайды, басшы ма, қосшы ма, қазақ па, еврей ме, бәрібір, жүрегі таза ма – ол оның бауыры. Алғашқы махаббаты Маргаританың әкесі – еврей, анасы –француз. Бірін бірі сүйді, шаңырақ көтеруге аз-ақ қалып еді. Шайтан арбады ма, Сағыныштың ас та төк жомарттығы, Ақкербездің сұлулығы жетім өскен Көбейсінді тәни әлсіздікке тізе бүктірді ме,  Сағыныш пен ағасы Елеусіннің жұптасып, тез қимылдауымен Ақкербезге үйленіп тынды. Маргаританың ішінде сәби кетті. Міне, осы сәби, яғни Аньес, (тек қуушылыққа бұдан кейін сенбей гөр) қазақ даласына, оның ішінде қайдағыбір Төретамға ерекше ынтығады. Оған анасы Маргарита  әкесінің кім екенін, оның қандай кәсіппен айналысатынын ешқашан айтқан емес. Тіпті, айтудан әдейі жалтарып жүреді. Соған қарамастан, Аньестің сырт тұлғасының құйып қойғандай Көбейсін екені өз алдына, ішкі дүниесі, рухани әлемі, өмірлік ұстаным-мінезі де одан аумайды. Түу Франциядағы, Париждегі әкесіз бала, сыртқы ақпараттан тыс, өзінің табиғи болмысымен құдды әкесі Көбейсін сияқты, Байқоңыр космодромын зерттеуге неге сонша құштар? Тіпті, оның бойына Қорқыт ата кесенесіне деген ерекше  сүйіспеншілік қайдан пайда болған? Айдаладағы қақырада Төретамды жан-тәнімен сүйген Көбейсін адам бойындағы күншілдіктің, дарақы менмендіктің азабын тартып жатыр. Ал, Парижде бір француздық ғалым осы қу далаға, Төретамға жеткенше асық.  Көбейсін жайлы мүлдем бейхабар ұл әкесінің жан азабын ішкі түйсікпен сезген адамдай, Төретамға асығыс сапар шегеді. Жәй сапар емес, ғарыштық кеңістіктің құпиясын ашу жолындағы  ғылыми жаңалығын, жерді қашықтықтан зондтауды Байқоңырда зерделеп көрмекші. Евгений Ильчті таңғалдырығаны жаңағы  арнайы ғылыми экспедицияны бастап келген француздық ғалым  сапарын Қорқыт ата басына барып тәу етуден бастамақшы. Ал, керек болса! «Француздар қызығатындай жабық қалада не бар?» деп сұрақ қойған қала мэрі  делегация басшысының «Алдымен Қорқыт  ата кесенесіне соғамыз», «Этноауылды көреміз»  дегені оған төбеден түскен соққыдай әсер етеді. Жер түбіндегі француз түгілі, қала мэрінің өзі жаңағы этноауыл туралы жарытымды ештеңе білмейді. Жанталасып, өзі құбандыққа шалып жіберген Көбейсінді іздейді. «Қорқыттан пәлеге қалдық-ау!» деп зығырданы қайнайды. Міне, осы арада, азапты сағаттарда жаны қиналып, өмірге құштарлық өмірден күдер үзу сезімімен арпалысқан сәттерде Көбейсіннің ішкі жан дүниесі барынша ашылады. Автордың бұл тақырыпты неге таңдағанын басты кейіпкері Көбейсіннің траго-психологиялық тағдыры арқылы білеміз. Мұны қаламгер өз монологынан гөрі кейіпкерлерінің монологтарын көркемдік бояуымен айшықтап, бек сендіреді. Аньес, оның ұлы ғана емес, адами ұлы мұраттың өміршеңдігінің символы сияқты әсер етеді.

Роман мынадай романтикалық нотамен аяқталады. Ішкі дүниесі қаламаса да, Евгений Ильич кесене басында делегацияға құтты қадам тілеп: «Алдымен Қорқыт кесенесіне маңдай тіреп келгендіріңіз қандай жақсы болған» дейді.

Осы кезде кәрі қаншықтың адам жүрегін дірілдетер ащы дауысымен ұлып бір бергені. Жиналғандардың сай-сүйектерін сырқыратты.

– Мына иттің көзін жойыңдар! – деді біреу.

Қолына кеспелтек таяқ ұстаған еңгезердей бір жігіт кәрі қаншықтың жанындағы жұпыны киінген, көздері кіртиген жүдеу жүзді адамды көргенде ток соққандай қалт тұрып қалды. Не ілгері, не кейін шегіне алмады. – Кө ... Көбейсін аға!

Жұрт жапатармағай ошарылып бері бұрылды.

Делегация басшысы, өзінен айнымаған қапсағай денелі ұзынтұра жас жігіт Көбейсінге күлімсіреп қарсы жүріп келе жатты».

Авторға да, Көбейсінге де керегі осы еді. Адам бойындағы рухани құндылық жеңіске жетті. Жұмақты жасанды түрде қолмен жасауға болмайды. «Әркім өз жүрегі арқылы адами құндылықтармен қайта табысса, жұмағың әне сол». Автор дұрыс айтады және оны қаламгерлік шеберлікпен көркем бейнелейді.

Сырым Бақтыгерейұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525