Кеңестік металолом кесапаты
13 наурызда ҰҚК әуе қызметінің астанадан ұшып шыққан АН-26 әскери ұшағы Алматы әуежайына қонар кезде апатқа ұшырап, бортындағы алты адамның төртеуі қаза болып кеткені аса бір өкінішті сезім туғызды. Марқұмдардың отбасы мен туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Тірі қалған жігіттердің тезірек сауығып қатарға қайта қосылуына тілектеспіз.
Бірақ осы арада айтпай кетуге болмайтын нәрсе бар. Саясаткерлер десоветизация туралы жиі айтады. Сол десоветизация материалдық игіліктерге де, құрал-жабдықтарға да тікелей қатысты сияқты көрінеді. АН-26 ұшағы Антонов атындағы конструкторлық бюрода әлгі аты да, заты да құлақ тұндыратын АН-24 базасында 1969 жылы жобаланып, 1973 жылдан бастап Киев авиациялық зауытында жаппай шығарыла бастаған. Қырық жылдан асып елу жылға жақындаған көне ұшақтар «металдық шаршаудан» қажыған сияқты.
Осындай апат тура бір жыл бұрын, 2020 жылы 6 наурызда Сирияда орын алған. Аспан ашық, күн жарықта Хмеймим базасына небары 500 метр жетпей ресейлік әскери АН-26 ұшағы құлаған. Бортындағы 33 жолаушы мен экипаждың 6 мүшесі түгелдей қаза тапқан. Сол өткен жылы 25 қыркүйекте Харьков облысында тағы бір АН-26 апатқа ұшырады, бортындағы 26 украиналық курсант түгел ажал құшты. Мұндай ұшақтардың қозғалтқыштары 1973 -1979 жылдарда шығарылған көрінеді. Металл екеш металл да уақытқа шыдамайды ғой.
Осыдан бес ай бұрынғы (31.10.2020 ж) деректерді ескергенде бұл ТМД және шетелдерде апатқа ұшыраған 170-ші ұшақ. Бәрі де АН-26!!! Өндірістен алынып тасталғанына қырық жылға жуықтаған ұшақтардың ресурстары жылдан жылға қолдан ұзартылып отырылған. Ресейлік мамандардың қолынан келетіні сол. Металлолом құламай қайтеді? Әбден ескірген кеңестік ұшақтарға бізде десоветизация жасалып, бәрі қолданыстан шығарылуы керектігі көзге ұрып тұр.
Кеше қаза тапқан төрт ұшқышты қосқанда бұл апаттарда барлығы 1470 адам опат болған. Сонда біздің авиациялық билік «мәңгілік елге» «мәңгілік ұшақтар» арқылы жетпекші ме?!
Марат Байділдәұлының жазбасы
Abai.kz