Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 5754 4 пікір 15 Наурыз, 2021 сағат 14:54

Әбдірахманның соңғы сапары туралы...

Әбдірахман Абайұлы туралы жас зерттеуші Елдос Тоқтарбайдың Әбіштің өмірі мен өскен ортасы, соңғы сапарынан мағлұмат беретін мақаласын оқыдым. Оқыдым да, ойға қалдым. Абайдың өмірі мен шығармашылығы, өскен ортасы жайлы естелік жазушылардың ішінде ең ұзақ, толыққанды мағлұмат берген Кәкітайдың баласы - Әрхам.

Әрхам Кәкітайұлы Абайды көрген, тәрбиесінде болған. Абай қайтыс болғанда Әрхам 19 жаста. Яғни Әрхамның естелігі тарихи куәгер ретінде қабылданған асыл мұра.

(Әбдірахман)

Әрхамның атасы Ысқақ - Абайдың туған інісі, әкесі Кәкітай – Абайдың тұңғыш жинағын шығарушы, ақынның ең алғашқы өмірбаянын жазып, қазақтың әдебиеттану іліміне өшпес із қалдырған. Өзі де ғажайып ақындық ортада өмірге келген Әрхам Кәкітайұлының соңына мол мұра, ғалымдарға азық болар үлккен іс қалдырған ерекше тұлға. Сондықтан да Абайдың өмірі мен шығармашылығы, ақынның туысқандық айналасы туралы сөз еткенде Әрхам Кәкітайұлына жүгінгеніміз абзал.

Әбіш Түмен қаласындағы реальный школды төрт жыл оқып бітіріп келген соң, баласының болашағы зор екенін танып, Абай оны Петербор қаласына төрт жыл әскери оқуға жібереді. Оқуын аяқтап елге келген соң, Әбішті Шығыс еліне келіп саудамен байыған Ысқақ деген татардың баласы Сүлейменнің Мағрифа деген қызына айттырып, екеуін үйлендіреді.

Әбіш бір жаздай дем алып Алматыға қызметке жүрмекші болғанда Мағрифаны өзімен бірге ерте кетеді. Бір жылдай Алматы қаласында қызмет істеген Әбіш демалыс алып, елге келгенде Мағрифа екіқабат екен. «Өз қолымызда босансын» деп Ділдә бәйбіше келіні Мағрифаны алып қалып, Әбішті Алматыға жалғыз жібереді.

Әбіш кеткен соң екі-үш айдан кейін Мағрифа босанып қыз табады, атын Рахила қояды. Ақылды, білімді, кейінгі жастарға басшы боларлық жігіт әкесіне берген уағдасы бойынша оқитын кітаптарын мезгілінде елге жеткізіп, ұғымға ауыр сөздердің мағынасын түсіндіріп жазып беріп отырады.

Абайдың көңілі жай тауып, Оспан өлімінің жарасы ескіріп, алаңсыз өмір сүре бастағанда тағы бір ауыр соққыға душар болады.

1895 жылы октябрь айында Алматыдағы Әбдірахманнан (Әбіш) хат келеді.

«Мен ауру болдым. Жүріп, тұруым қиын болды. Маған Мағауияны жібер. Мағрифа келмей-ақ қойсын, жас баласы жүдеп қалар, бұл аурудан қорқыныш аз, уайым етпеңіз. Бірақ серік керек болған соң Мағауияны шақырып отырмын»,- деп жазады.

Осы хаттан соң, көңіліне алаң кірген Абай Мағауияның қасына өз аулына көрші болып отырған төре тұқымы Майқанды ертіп Алматыға жібереді. Абай Әбіш ауруына қатты алаң болып көп өлеңдер жазады. Үздіксіз хат жазып, хат алып отырады. Сол жылы ноябрь айында Алматыда көз жұмған Абайдың сүйікті баласы Әбдірахманды мұсылмандар зиратына алты айға аманат қойып, Мағауия елге оралады.

Ол туралы Әрхам Кәкітайұлының естелігінде былай дейді:

«...Әбіштің сүйегін қазып алып мақтаға орап былғарыға қаптап, ағаш табытқа салып алып шығады. Табыт пәуеске арбаға тұрқы сыймаған соң қиғаштап салып ашық жеріне орындық қойып, Ысқақ отыратын орын жасайды. Барлығын көңілдегідей ғып жайлап алып, түн ішінде жүріп кетеді. Әбдісамат Әбіштің сүйегін бір бекет жерге шығарып салып, Әбішке мінгізгенім деп торжорға атын беріп қош айтысады. Майқан мен Тәнеке екі атты салт мініп, екі атты жетектеп Әбіштің сүйегін салған арбадан қалмай желе текіректеп отырады. Ысқақ басына айыр қалпақ киіп, оқалы шекпенін сыртынан жамылып, құдды бір орыс ұлықтары сияқтанып Әбіш сүйегінің жанында отырады.

Алматыдан ұзағанша біреу тексерер деп хауіптеніп қатты жүріп келіп, ұзаған соң жәй жүріп бір жұмада Балтабек аулына таяу бір бекетке келсе, алдарынан Балтабектің Қондықазақ деген баласы күтіп жатыр екен. Сол бекетте бір күн дамылдап Балтабектің баласы бір жолдаспен еріп бір қол адам, бір топ атпен Арқат бекетіне келеді. Абай баласының сүйегін алып келеді деген хабарды естіп, сол айналадағы Мамай жігіттері жиналып күтіп алады».

Ал, Елдос Тоқтарбайұлының жазбасында «киізбен қаптап, мәйіттің денесі ауыр да, алыс жолға шыдайтын әрі иіс шығармайтын иірмен, жалбыз сияқты шөптерді үгітіп, сеуіпті. Сөйтіп, пар ат жегілген арбаға аяулы Әбіш марқұмның сүйегін салып, жолға шыққан екен», - дейді.

Әбіштің соңғы сапары туралы басқа да тарихи естеліктерде Қапал қаласы, Есімбек қажы, Сара Тастанбекқызы туралы айтылмайды. Абайдың сүйікті баласы Әбдірахман қаза болды дегенді естіп, замандасы Жамбыл Жабаев та «Жалғызбын деп жүрмесін, Сәлем айт барсаң Абайға», деп қаза қайғысына ортақтасып, Алматыдан Абайға сәлем жолдайтыны белгілі. Сара Тастанбекқызының Әбішке арнаған жоқтау өлеңі де осындай мәндегі туынды болса керек.

Әбіштің сүйегін алып қайтарда тек үш адам ғана барған. Бұл оқиғаға Шәкәрімнің еш қатысы жоқ. Әбіштің сүйегін Ақшоқыға әкелгенде Кәкітай, Шәкәрім бастаған оншақты адам Архат бекетінен күтіп алады. Ол туралы Әрхам тағы да: «...Абай аулына пәлен күні шықтық деген телеграмм келген соң бастығы Кәкітай болып он кісі пәуеске арба жегіп Арқат бекетіне кетті. Сүйек ауылға келгенде көп адам жиналды. Арбадан табытты көтеріп үйге кіргізген соң Абай Әбіштің бетін ашқызып көрмекші болды. Сонда Махмұт деген кішкене молланың баласы:

- Абай аға, өлген адамның бетін ашу күнә емес пе,- деп еді Абай:

- Әй, Махмұт, қате айтасың, мен сонау Алматыдан көп михнатпен алғызып кімнің сүйегі екенін көрмей жерлеуіме бола ма? Екінші, шариғатта жыламасын деген бар, бірақ баласының бетін әкесі көрмесін деген сөз жоқ,- деді.

Абай Әбіштің басын ашқызып өзі көріп маңдайынан иіскеді де, одан соң:

- Сендер де көріңдер, бірақ жыламаңдар деп шешелеріне, бауырларына түгел көрсетті.

Әбіштің еш жері бұзылмаған, аппақ болып ұйықтаған адамдай жатыр екен. Жалғыз-ақ, оң жақтағы қасы түсіп қалыпты.

Әбіштің сүйегін атасы Құнанбайдың аяқ жағына әкеліп жерледі. Мағрифа талып қалды. Бір түн есі кірмей жатты. Абай дауыс шығарған жоқ. Бірақ екі көзінен жас парлап ағып тұрды, Әбішке жыламаған жан болмады», дейді.

Әбіштің сүйегін алып қайтуға келген үш адам туралы да Әрхам нақты жазады:

«Қыстай Абай алты атты жемге байлатып, семіртіп қар ала тегенек болып кете бастағанда Әбіштің сүйегін алып келуге үш кісі жіберді. Оның бірі өз қолынан қойып келген Майқан төре, екіншісі, орысша тілге жүйрік, Оспан болыс болғанда жағымды би болып жандаралдан оқалы шекпен киген, түсі сары, көзі көк, мұрты едірейген, байқамаған кісі орыс деп қаларлықтай түрі бар Бөкенші Солтабайдың Ысқағы. Үшіншісі жанған оттан қайтпайтын, жаудан қорқып таймайтын, алған бетінен бұрылмайтын Жуантаяқ Байту баласы Тәнеке. Үшеуі үш атты салт мініп, үш атты жетекке алып, жол азығын бөктеріп Алматыға жөнеледі» деп айқын көрсетеді.

Абайдың сүйікті баласы Әбіштің қайтыс болуы, аманаттап Алматыға жерленген мәйітін елге алып келгендегі жоғарыдағы аңызға қарай бұрмалаушылық жақында ғана түсірілген «Абай» фильімінде де қолданылады. Кейінгі кезеңдер ел арасында Абайға қатысты емес сөздер, деректер, тіпті өлең жолдары мен афоризмдерді ұлы ақынға телу жиілеп барады. Ел аузында айтылған деректер мен ғалымдардың қаламынан шыққан туындылардың салмағы екі бөлек.

Қалай десек те, ел арасындағы аңызға сүйеніп, бұрмалаушылыққа жол беру ғылыми-тарихи құндылықтардың құнын түсіреді.

Менің ұғымымда өзін ғалыммын деп санаған әр адам, мақала жазса да, зерттеу жүргізсе де нақты деректерге тоқтап, саралап, салмақтап сөйлегені жөн.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Астана

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5483