Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3131 0 пікір 6 Сәуір, 2012 сағат 04:40

Әліби Жангелдин. Менің ғұмыр жолым*(жалғасы)

(Жалғасы. Басын мына жерден оқи аласыздар: http://old.abai.kz/content/elibi-zhangeldin-menin-gymyr-zholym)

*1946 жылдың желтоқсан - 1947 жылдың қаңтар айларында Ә.Т.Жангелдиннің өз аузынан тарих ғылымдарының кандидаты Р.И. Голубева жазып алған бұл естеліктер кейбір қысқартулармен ұсынылып отыр.

***

Польшадағы саяхатымды 1910 жылы 29 тамызда аяқтадым. Менің кітапшама төмендегідей жазулар түсті:

18 тамызда біз Варшавадан шықтық.

19 тамызда біз Угольцы қаласына келдік.

21 тамызда - Радом қаласындамыз.

23 тамызда - Илжу кентіндеміз.

25 тамызда - Кельцы қаласына соқтық.

27 тамызда - Мехов мекеніне келдік.

1910 жылы 29 тамызда біз Михаловицк кедені арқылы өтіп, одан соң Австрияға келдік. Кеденде бізді шешіндіріп тінтті. Төрт сағат бойына біз автриялықтармен келіссөз жүргіздік, әйтеуір, ақырында шекарадан өтуімізге рұқсат берілді.

Краковтан, Прагадан, Будапештен және Венадан соң мен жалғыз кеттім: Пламенецкий Венада қалды, Полевой мен Коровин Швейцарияға бет алды.

(Жалғасы. Басын мына жерден оқи аласыздар: http://old.abai.kz/content/elibi-zhangeldin-menin-gymyr-zholym)

*1946 жылдың желтоқсан - 1947 жылдың қаңтар айларында Ә.Т.Жангелдиннің өз аузынан тарих ғылымдарының кандидаты Р.И. Голубева жазып алған бұл естеліктер кейбір қысқартулармен ұсынылып отыр.

***

Польшадағы саяхатымды 1910 жылы 29 тамызда аяқтадым. Менің кітапшама төмендегідей жазулар түсті:

18 тамызда біз Варшавадан шықтық.

19 тамызда біз Угольцы қаласына келдік.

21 тамызда - Радом қаласындамыз.

23 тамызда - Илжу кентіндеміз.

25 тамызда - Кельцы қаласына соқтық.

27 тамызда - Мехов мекеніне келдік.

1910 жылы 29 тамызда біз Михаловицк кедені арқылы өтіп, одан соң Австрияға келдік. Кеденде бізді шешіндіріп тінтті. Төрт сағат бойына біз автриялықтармен келіссөз жүргіздік, әйтеуір, ақырында шекарадан өтуімізге рұқсат берілді.

Краковтан, Прагадан, Будапештен және Венадан соң мен жалғыз кеттім: Пламенецкий Венада қалды, Полевой мен Коровин Швейцарияға бет алды.

Будапеште мен үшін жұртшылық қабылдауы ұйымдастырылды. Венгрия интеллигенциясы арасында қазақ даласында саяхатта болып, қазақтардың өмірі мен тұрмыс-салтын зерттеген ғалымдар, профессорлар кездесті. Тіпті ол жерде бір ауданда өз қандас туыстарымды таптым. Маған сол жерде қалуға ұсыныс жасады. Олар менің фотосуретімді үлкейтіп алып, портреттерімді Ұлттық мұражайға орналастырып, оның астына «осындай да осындай саяхатшы 1909 (10) жылы 30 қыркүйекте біздің қалада болып кетті» деген мазмұнда жазып қойды.

Будапештен Белградқа келдім, ол туралы менің кітапшамда Сербиядағы орыс миссиясының хатшысы Муравьевтің белгісі бар. 26 қазанда Нишеде болдым. 28 қазанда «Күнделікті хабаршы» - «Тәуелсіз күнделік», «София күнделік-хабаршысы» редакторы қабылдады. Сол күні «Балқан мінбесі» газеті редакциясында да болдым.

1909 жылы 29 қазанда Софияға «Болғариядан Славян қайырымдылық ынтымақтастығында» болдым. Сонда 30 қазанда «Болғария туристік ынтымақтастықта», «Алеко Константинов-Софияда» қауымдастығында болдым. Ол осы қоғамның төрағасының қолымен кітапта белгіленген. Болғарияда мені ерекше құрметпен қарсы алды, банкет ұйымдастырылды, ондағы болған жерлерімде кітапшама өз белгілерін зор ынтамен салып отырды. Ал Халық театрына барғаным саяхатшы күнделігімде театрдың бас режиссерының қолымен расталынды. Мен болған қоғамдардың, ұйымдардың өкілдері: Халық жиналысының төрағасы және халық өкілдері - ұйымдастырылған банкеттерден кейін кітапшама өз белгілерін қойды.

Маған Болғария едәуір азат ойлы ел көрінді. Онда революционерлерге пана боларлық екен. Мені қаналушы халық өкілі ретінде ерекше жылы қарсы алды.

1909 жылы 2 қарашада мен Константинопольде болдым. Тіршілік базардай қайнаған, ала-құла, көп сөзді, түрлі тілді және әсем Шығыс бірінші күннен-ақ мені баурап алды, ол жерден тез аттанып шығуға еркім жетпеді.

Константинопольде: еуропалық Пера, Сауда Галата, Түрік Стамбулы, Ескі Айя-София, Омар мешіті, Принцевы аралы, серуен үшін ғажап Босфор;

Афинада: қала көгіне асқақтай ұмтылған ақ мраморлы акрополь, оның етегінде ежелгідегі халық жиналысы өтетін орын, онда бұдан мыңдар жыл бұрын аристократтарға қарсы көтеріліске шыққан плебейлер рухы;

Сирияда: оның бүкіл жағалауын алып жатқан Смирна;

Бейрут, Яффа, Иерусалим, сондай-ақ бір кездерде атақты болған кітапхананың әлі де сақталынған қалдықтары ерекшелейтін Александрия;

Каир және күнқала атанған Гелиополис, жүз қақпалы Фивы - міне, бұның бәрі де ұмытылмас әсерлердің нұр сәулелі әсем тізбектерін құрайды, тек онда Шығыстың байлығы мен көл-көсір салтанатымен бірге бұқараның құлдыққа түскен және қайыршы күйі көзге ұрады.

Египет пен Палестинада - ағылшындар, Сирияда - француздар, Турцияда -немістер қожа. Мен еріксіз алыста қалған өзімнің туған даламды есіме алдым. Батыстағы және біздегі халықтарды отарлау мен құлдыққа салу тәсілдері бірдей.

Константинопольден кейін маған өте күшті әсер еткен сары Нілдің жағалауында созылып жатқан жинақы да әсем Каир болды. Мұнда мен 1910 жылы 4 (17) желтоқсанда келдім. Мені оның прирамидалары қайран етті. Электр трамвай қаладан құмды шөлге дейін жүреді. Түйемен немесе есекпен жүрсеңіз, алып сфинкстің етегіне жетесіз. Бұл мыңжылдықтар ескерткішінде құм көшкіні, шөлдің аңызақ желі, алаулаған, өрттей жанған күн сәулесі өз іздерін қалдырған. Құпия сырлы сфинкс назары шөлге бағытталған. Сол аса қашық емес Хеон пирамидасына жақын келеміз. Арнаулы жолбасшы мені бір кездерде құдіретті болған фараон моласының дәліздерімен алып жүрді. Мен пирамиданың аса күрделі кертпештерімен көтерілдім, сол жолмен кейін оралдым.

Каирде үлкен жаңа мұражайда әйнек қақпақтар астында фараондардың бальзамдалған мумиялары сақталады. 3-Рамзес дейтін билеушінің мумиясын мұқият қарадым, оның шымқай қара толқынды шаштары сол қалпында сақталған, бұл мумияның әйнек астында алты мың жыл жатыр дегенге сену қиын.

Мен елімді сағындым. Каирдің пирамидаларынан 40-50 шақырымдай жерде орыс санаторийі бар деп естіген едім. Сонда баруға бел будым.

Тамаша жер екен, сән-салтанаты асқан бақтар. Теміржолмен барып, содан соң бес шақырымдай жаяу жүріп, әсем үйді көрдім, тамаша бауды көрдім, еуропалық талғаммен шаршылай орналасқан көшелерді көрдім. Діттеген санаторийді таптым. Ол жерде орыс тілінде «Доктор Рабиновичтің санаторийі» деп жазылып қойылған.

Тағатым таусылып, тіке барып, қорасының есігін қақтым. Ақ алжапқыш байлап алған, қызықтырарлықтай киінген жас әйел шықты. Мен орыс тілінде жөн сұрадым. Ал ол орысша білмейді екен. Мен ишарамен ымдап түсіндірдім. Ол күліп жіберді. Бірнеше минөттен соң басқа бір көрнекті жасамыс әйел шықты. Ол менен:

-        Сізге не керек еді? - деп сұрады.

Мен доктор Рабиновичті көргім келетіндігін айттым. Өзім туралы қысқа баяндадым. Ол кейін кетті, 5-10 минөттен соң оралып, менің төрлетуімді өтінді. Мен қораға ендім. Санаторий іші таза, салтанатты тәртіп. Қабылдау бөлмесі үлкен. Қабылдау бөлмесінен әрі - доктор Рабиновичтің кабинеті.

Мен өзімді таныстырдым. Ол қатты қуанып, өзінің барлық туыстарын шақырып алды. Ресей туралы сұрап жатыр, әсіресе Мәскеу, Петербург жайында сұрайды. Мен еліме келгендей болдым. Оларда алты-жеті күн тұрып қалдым. Өте жақсы әсер алдым. Ұзақ сапардан соң бір түрлі жаңарғандаймын.

Гельванда мені өте жақсы қарсы алды. Онда болған бір апта маған сапарымды одан әрі жалғастыруға күш-жігер берді. Доктор Рабинович өте мәдениетті, тамаша тәрбие алған, елгезек адам екен.

Түркияда болғанымда, Таяу Шығыста түрік тілін білгенім көп көмек болды. Тіпті Үндістанның өзінде ақсүйектер ағылшын тілінен гөрі түрік тілінде көбірек сөйлейді, ал үнді тілі өркениет тілі ретінде жалпы қабылданбаған. Бұл - қара халық тілі. Түркия, Арабия, Ауғанстан, Таяу Шығыс зиялылары түрік тілінде сөйлейді. Шетелдерде жүрген кездерімде байқағаным - барлық елдерде үш тіл: ағылшын, неміс және француз тілдері өзара бәсекелес екен. Француз тілі - мәдениет тілі ретінде, ал неміс және ағылшын тілдері - сауда тілі ретінде саналады.

Гельваннан соң Хартумға бет алдым. Хартум - ағылшындар қаласы. Абатталған, интернационалды қала. Хартумнан Солтүстік Суданға, Қызыл теңізге өттім. Онда таныстар арқылы жолбасшы тауып, карта сатып алып, Суданның Солтүстік бөлігіне тезірек жететін жолды белгілеп алдым.

Хартумнан Африка құмдары арқылы Суданның Солтүстігіне жыл сайын асып жүретін бір арабты ұшырастырдым. Соны жалдап, азық-түлігімді қамдап алып, жолға шықтым. Аптап ыстықта жолда көптеген қиындықтарға төзуге тура келді. Көшкін құм тауларға тап болған кездеріміз де болды. Ондай жерлерден тезірек өтуге тырыстық.

Күндіз жылжу мүмкін болмады. Жолбасшым күдіз-түні жүре алады екен, олар, жалпы, әдеттенген және шаршауды білмейтін халық. Тек мен ыстыққа шыдай алмадым. Сондықтан түнде ғана жүріп, күндіз күн шыға демалуға тоқтап отырдық. Жол қиын болды, бір жағынан қызық та еді: біркелкі құмдар, страустар, жабайы аңдар. Менің есімде өмір бойы қалған бір күлкілі жағдай еске түседі.

Солтүстік Судан бағытында Хартумнан үш жүз шақырымдай шыққан едік, жолбасшының жолды білетінінің арқасында құмдардың арасындағы көгалды жерлерді тауып, аялдап келеміз. Ол жерлерде құрма пальмалары мен құрақты қамыстар өседі. Біз түні бойы жүріп отырып, таңертең көгал шетіне тоқтадық. Жолбасшы ас пісіру үшін тезек теріп келгенше, мен су іздеуге шықтым. Көгалдың ортасына жақындадым, онда құрма пальмасы мен бұта-тоғай өсіп тұр. Жақынырақ барғанымда, қамыстардың екі айырыла ысырылып келе жатқанын байқадым. Басқа ештеңе де емес: не арыстан, не жолбарыс сияқты тағы аңдар ма деп ойладым. Ол кезде ондай жабайы аңдар бұл жерлерде бола беретін. Сақтықта қорлық жоқ деп, белдігімнен ешқашан тастамайтын браунингімді қорабынан суырып, күтіп тұрмын. Осы сәтте құрақтар арасынан ұзындығы шамамен 10-12 метр алып жылан шықты.

Мені көре салып, басын жерден бір метрдей көтеріп алып, тілін шығарып, ысқыра бастады. Құрма пальмалар мен ағаштар ішінде оның да түсі жасылданып кеткен, жердегі у жыландар ағашта оралып тұрған кезімен салыстырғанда, аса қауіпті емес екенін білетінмін, үрейленіп саспадым, тура басынан атып жібердім. Бірінші оқтан ол құламады, маған қарай жылжи түсті. Мен екінші рет аттым. Екінші оқтан соң ол жерде жатып бір жиырылып, бір жазылып, ирелең қақты. Сол кезде жолбасшым жүгіріп жетіп: «Құдай бізге ет жіберді» деп қуанып кетті. Сөйтсем, олар жылан етін жейді екен. Мен бұрылып кетіп қалдым, ал жолбасшым жыланның денесінен кесіп алып, қабығын тазалай бастады. Мен ұйықтауға жаттым, ұйықтап тұрғанымша, жолбасшым жылан етін қуырып қойыпты. Бұл жолы мен жылан етін жемедім, бірақ жол-жөнекей ашыға бастағанымызда, жылан еті біздерге бірден-бір тамақ болды.

Мен бұл кездерде Палестинада, Иерусалимде, Яффада болып өттім, ал 1911 жылы 9 (22) ақпанда Порт-Саидке келдім. Пор-Саид арқылы Суэц каналына және Қызыл Теңізге Джедаға жетіп, керуенмен Меккеге бардым. Мен қажылық сапарға отыз-қырық түйемен шыққан елу шақты адамдарға қосылдым.

Жол-жөнекей біздерге бәдәуилер шабуыл жасады, байлап тастап, тонады, бірақ ешкімге тиген жоқ. Үш-төрт сағаттан соң мені тағы үш-төрт адамды босатты. Біз әрі кеттік. Меккеге сапар екі аптаға созылды. Қала маған көп әсер ете қойған жоқ.

Меккеден соң Мәдинеде болдым. Мекке мен Мәдине - егіздей. Қажылыққа барғандардың көбі Меккеден соң міндетті түрде Мәдинеге келеді. Мәдинеде көк өсімдік көбірек. Қала әлдеқайда жылы шырайлылау. Еуропалықтар да ұшырасып жатады. Мұнда Мұхаммед пайғамдардың шекпені, таяғы, шәркейі, сәлдесі сақталған: ғасырлар бойы жатса да, олар пайғамбар жаңа ғана осы жерден шыққандай күйде. Мәдине-  мұсылмандардың қасиеттісінен де қасиеттісі.

Үнді мұхитымен және Парсы теңіздерімен кемеге отырып, Басраға бет алдым, ол жерге 1911 жылы 8 (21) наурызда жеттім. Біз кемемен бара жатып, күшті дауылға тап болдық. Кемеміз бағытынан ауып, Мадагаскар аралынан бір-ақ шықты, онда бір апта болып, қайта жолға шықтық.

Басра - тарихи мәнді қала. Қаланың нобайы Венецияны еске салады: түгелінен каналдарда тұрғандай. Көшелерінен қайықпен өтеді. Адамдар ашық түсті киінеді. Халықтарға еуропалық мәдениет тіпті келмеген де. Бәрі де байырғы дәстүр-салтымен өмір сүреді. Менің есіме «Мың бір түн» ертегілерін түсірді: мыңдаған жылдар өтсе де, сол ертегілерде айтылған образдар сақталған. Көшелерінде көше әншілері көп. Сот ашық түрде көшелерде жүріп жатады. Өмір көшеде өтіп жатқан сияқты: көшелерде тамақ қуырады, тамақ пісіреді, ертегілер айтады, осы жерде сот үкімі орындалады. Сот қазылары - қария шалдар, Орта Азиядағы «ақсақал» деп құрметтейтін адамдар. Олар ұрылар мен басқадай қылмыскерлерді соттайды.

Мен ерекше бір бөлек әлемге тап болғандаймын. Бұның бәрін көріп, араб халқының өткен даңқты замандары еске түседі.

1911 жылы 13 көкекте Бағдадқа келдім. Ол - Вавилоннан қырық шақырымдай Ефраттағы Мессопатамиде орналасқан зәулім қала.

Мұнда менің бір қызықты кездесуім болды: атақты батыр Шәмілдің ұлы, Бағдат генерал-губернаторы Мұхаммед-Пашамен кездестім.

Менің жер шарын аралап, сапар шегіп жүргенімді біліп, бала кезінен таныс орыс сөздерін есітіп, ол мені нағыз көл-көсір шығыстық тәртіппен қонақ етті, Ресей туралы көп сұрады, отанына деген сағыныштан жүрегі езілетінін айтты, сонымен қатар патша үкіметіне өзінің ымыраласпас өшпенділігін  де жасырмады, бәріміз оның даңқты әкесін еске алдық, ол қолға беріліп, тұтқындалған соң, Меккеге баруға рұқсат алып, сонда қаза болған.

Бағдад - шығыстың думанды сауда қаласы, онда әлі күнге дейін ежелгі халдейлердің, финиктердің іздері сақталған, тіпті қазірге дейін Гарун-Әл-Рашид көлеңкесі елес беріп тұрғандай, қала ауасы Шахризаданың ертегілеріне қаныққандай әсер етеді.

Жазда онда өте ыстық. Жабық базарлары екі-үш шақырымға созылған. Көшелерге су шашылады. Өмір көшелер мен базарда өтіп жатады. Бәрі де көшеде болып, көшеде жүзеге асады. Онда мейрамханалар, дәмханалар, тәтті дәмдер мен жемістер аса мол. Мен үшін ол тамаша әсерлер қалдырды.

Бұл қалада суниттер мен шейттердің өзара күресі бірде бәсеңсіп, бірде жаңа күшпен ушығып жүріп жатады, бұлар - Мұхаммедтің сақабасы Әзірет-Әлі мен оның ұлдары енгізіп кеткен өзінің шырқау биігіне шыққан табынушылықтың бойға сіңіп, әдетке айналғанынан туындаған діни ағымдар қақтығысы.

1911 жылы 7 маусымда Астрабад, Керманшах арқылы мен Персия астанасы Тегеранға келдім. Аяғым Парсы жеріне тигенде, жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Анау таулардың арғы жағында туған далам жатқандай сезіндім. Отбасым, туып-өскен қазақ құмдары еске түсті.

Сапарымды жалғастыра бердім.

Фанаттардың қаймағы шоғырланған, өзінше бір Иерусалим болып табылатын, бәріне де шариғат билігі үстемдік ететін Құм қаласынан кейін мен Исфаханға, Ширазға, Бендерге, одан Бушерге тарттым. Бұлар - тарихи мәнді атақты қалалар. Мұнда, бүкіл Персиядағы сияқты, соғыстар көп болған, халықтардың қоныс аударулары жүрген.

31 тамызда мен Бомбейге келдім. Үндістанның ежелгі астанасы Дели еді. Үндістанды ағылшындар жаулап алғаннан кейін, теңізге жақын жаңа орталық Бомбей салынған. Бұл қала ағылшындар қалауымен салынған, себебі, біріншіден, теңізге жақын; екіншіден, сауда орталығы ретінде саналған. Барлық шикізаттарды Англияға жіберуге қолайлы еді. Ол қалада ағылшындар көп. Әкімшілік және экономикалық құрылымы өзгеше қызық.

Бомбейде сіз халық ішінен түрлі діни ағымдар кездестіресіз. Онда үндістер, мұсылмандар, ағылшындар бар. Отқа табынушылар, теңізге табынушылар секталары да бар.

Маған жерлеу рәсіміне қатысуға тура келді. Адам қайтыс болған соң, оны орманға апарады. Онда орасан үлкен құдықтар бар: тереңдіктері 30-40 саржыдай болады. Әдетте мәйітті әкеліп, сонда түсіріп, қақпағын жауып кетеді. Жерлеген соң, сонда қалуға болмайды: жын-шайтан мекені саналады. Теңіз жақ бүйірінде  тесіктер болады. Шибөрі қарсақтар келіп мәйітті жеп кетеді.

Үндістанда үш айдай аялдадым. Калькуттада, Делиде, басқа қалаларда болдым. Қадам аттап басқан сайын ағылшындардың Үндістанды отарлау тәсілдерін көріп бақылап, туған даламда патша әкімдерінің қазақтарды қалай талап жатқаны еріксіз есіме түсіп, көңілім жабырқау тартып жүрді.

Одан әрідегі кезең - Мадрас қаласы, Цейлон аралы, Титикурин, Коломбо, Сингапур.

1911 жылы қыркүйекте Бангкокта, Сиам корольдігінің ежелгі астанасы Аютияда болдым. Барлық корольдердің таққа отыру рәсімі Аютияда өтеді екен. Онда мен Сиам королінің таққа отыру рәсіміне қатыстым.

Одан әріде Аннам корольдігінің астанасы Сайгонда, одан әрі Гонкогта, Кантонда, Ханькоуда болдым. Контонда мен американ генералдық консулдығында тоқтадым. Қытай тілін білмейтін едім, ағылшынша жарым-жартылай сөйлей бастадым. Ағылшын және американ тілдерінің айырмашылығы көп емес болып шықты.

Кантонға мен кемемен 1-кластық каютада келдім. Шетелдік саяхатшылардай ақ қалпақ кидім. Көрші каютада бір азамат келе жатты. Ол маған назар аударып, әңгімелесіп кеттік. Ол Кантондағы американ генералдық консулы екен. Менің Кантонда танысым бар-жоғын сұрап, содан соң өте сыпайы құрмет көрсетіп, өзіне шақырды. Таңертеңгі астан соң қаланы аралауға шықтым.

Мен қытай өмірімен әбден таныстым: суда діңгек тіреулерге ұстатылып салынған ілмелі үйшіктер сығылыса орналасқан. Кантонда халықтың жиі тұратыны сонша, суға ілмелі үйшіктер салыныпты. Қамыс арасында, қайық үстінде де адамдар тұрады.

Мен қалаға шыққанда, консулдықта жұмыс істейтін бір қытайды жолбасшы етіп қосып берді. Қалаға шықтық. Қала көне және лас. Көшелері тар, үш-төрт қатарлы үлкен үйлер. Өмір мұнда да көшеде өтеді. Келе жаттық. Кеспекте үлкен жылан жатыр. Қытай жыланды мойнынан ұстап кеспектен шығарып, басын кесіп, терісін сыдырды. Африкада болғандағы жыландармен кездесуім түршіктірген жоқ еді, ал мұнда ол маған жағымсыз әсер қалдырды. Бұлар суда жүретін усыз жыландар екен. Біз қаланы аралап, дүкендер көрдік. Ақырында мен шаршадым, қарным ашты. Тамақтанғым келді. Дәмханаға келдік. Столдар таза. Маған дәммәзір ұсынды. Мен ештеңе де түсінбеймін, әйтеуір ең жақсысын әкел дедім. Маған жылан әкелді. Бұл ең таңсық дәм екен. Мен жемедім. Содан соң тауық және күріш әкелді, тауықтың еті тым қатты болды. Тауықтың орнына қарға етін әкелген екен. Қаттылығы сонша тіс батпайды.

Алған әсерім: тіреуаяқтарға ілінген үйлер, қайыршылық, шығандай үймелеген халық. Бұл көріністің арғы жағы -  байлар. Мұнда бірінші рет адам сүйреген арба-рикшилерді көрдім, байларды зембілге салып, ат орнына адам алып жүреді. Рессорлы дөңгелекке құрылған күймешіктерге адам жегіліп, жылдам жүгіріп тасиды. Алғашқы кезде ұнамсыз көрінеді. Оның ішінде ағылшындар темекі сорып жатады.

1911 жылы 20 қарашада Шанхайда болдым. Онда шаршылана салынған еуропалық көшелер бар: француздар, ағылшындар, итальяндықтар және қытайлықтар тұратын кварталдар. Қаланың қақ ортасындағы еуропалық кварталдарда «Хитий парк» орналасқан. Қытайлықтарды төменгі нәсіл санайды. Қытайдың байлары ғана еуропалықтармен қатыса алады, ал орта жамағат пен кедейлер оған қолдары жетпейді. «Хити паркте» үлкен етіп «Иттер мен қытайларға кіруге болмайды» деп жазылып қойған.

1911 жылы 4 желтоқсанда Нагасакиде болдым. Жапонияда көп тұрдым. Токиода, Цуругада, Никада болдым.

Романовтардың патшалық құруының үш жүз жылдығында амнистияға іліндім де, 1913 жылы Жапониядан Сібір арқылы Ресейге оралдым, бұл туралы Мәскеу генерал-майоры Джуковскийдің белгісі соғылған.

Менің жердүниені аралап шыққан сапарым туралы «Жердүниені аралаған саяхатшы Н. Степановтың (бұл менің лақап есімім, сонымен қатар оның өзі Али-Бей Джангелдин болып табылады) кітапшасы» деп аталған кітапша сақталған. Онда менің болуыма тура келген барлық елдер мен қалалардағы орыс генерал-консулдықтарының белгілері соғылған. Қойылған қолдар тиісті мөрлермен бекітілген.

Бомбей муниципалитетінің бедерлеп басылған мөрі ерекше қызық. Бұл мөрлерге қарап отырып, барлық ондағы елдер мен қалалар атауларының жазуын оқып отырып, сол жерлер бойынша қайтадан шексіз-шетсіз қиялмен саяхат жасайсың.

Шетелден оралысымен, туған өлкем - Торғай облысына кеттім. Мен өзіммен бірге жаңа ғана шыққан «Кок» деп аталатын су жаңа киноматографиялық аппаратымды ала бардым. Оның көлемі шағын, салмағы жарты пұттан көп емес еді. Аппараттың айналатын тұтқасы болды. Тұтқа айналғанда, динамо жұмыс істейді, электроқозғағыш қозғалысқа келеді. Таяққа оралған ақжайма экран қызметін атқарады, тарқатсаң, - экран болып шығады. Аппаратпен бірге мен 40 орам кинопленка ала келдім. Олар революциялық мазмұнда болды: Испаниядағы айлақ жұмысшылары, Үндістан, Қытай жұмыскерлерінің өмірлері. Оларда сол елдердің адамдарының өмірі туралы, оларға ағылшындар мен американдықтардың көзқарасы туралы айтылады.

Маған Ресейдің кез келген қаласында тұруға рұқсат берілді. Мен еліме барып, осы кино-аппаратты қолданғым келді. Әдетте мен былай істедім: стөлге аппарат салынған жәшікті қойып, таяқты шегеге ілемін, сөйтіп ақ жайманы ашамын. Қабырғада өзінше бір экран пайда болады. Аппараттың тұтқасын айналдырып, динамоны қозғалысқа келтіремін, кинокартиналар көрсетемін.

Бұл - үлкен жаңалық еді. Ол кезде ол жерде кино туралы түсінік жоқ болатын. Жүздеген адамдар жиналатын. Қарттар, бала ерткен әйелдер, жастар келетін. Мен оларға аппараттың құрылысы туралы, өзім болған елдер туралы, еуропаның мәдениеті туралы, Шығыс туралы, халықтардың салттары туралы айтатынмын.

Алғашқы кездерде олар үрке қарады, бұл шайтанның ісі деп ойлады. Мен бұл қалыпты құбылыс екенін, оның сырын: химиялық құрамдар арқылы бейнелер пайда болатынын - түсіндірдім.

Үндістан, Қытай, Испан жұмысшыларының қалай жұмыс істейтіні туралы көрсете отырып, бізде жұмысшыларға көзқарас одан да жаман, қанау одан да күшті екенін, тиын төлеп, сом пайда табатынын әңгімеледім.

Үш-төрт осындай сеанстан соң, бүкіл Торғай даласына бұл туралы дақпырт тарап кетті, 30-40 шақырымдай жерлерден құйылып келіп жатты. Менің қазағым кино көрсет деп талап етті. Өздерінің ауылына барып, көрген киноларының мазмұнын әңгімеледі, менің айтқандарымды да бір-біріне жеткізді.

Мен кинокартинкаларды Торғай облысының ауылдары мен қалаларында көрсеттім, соның ішінде уезд басшылары мен полицмейстер өтініші бойынша, Торғайдың өзінде көрсеттім, олар киноға жаңалық деп қызыға қарап, олардың мазмұнының ерекшелігіне күдіктенбеді. Киноны олар рахаттана көрді. Киноның мазмұнымен танысқан соң,  бір-екі аптадан кейін Орынборға жоғары басшыларға хабарлайды. Ал олар киноға тыйым салып, аппаратты тартып алуға және мені тұтқындауға бұйырады.

Мені тұтқындау жандарм вахмистері Ивановқа тапсырылыпты. Қазақтар оны кәрі Иван дейтін, ол алпыстарда болатын. Торғай қаласында орыстар, татарлар тұрды, қазақтар онда әлдеқайда аз болды. Орыстар жүз елу үй, қалғаны татарлар еді. Торғайда тұратын барлық орыстар қазақша сөйлейтін, соның ішінде бастық Иванов та қазақша білетін.

Губерния жандармының басқармасы мені тұтқындау туралы бұйрық бергенде, Иванов Торғайдан шығып бара жатып: «Анаған барып айтыңдар, мен оны тұтқындауға шықтым, алысырақ ішке кетіп қалсын» деп, қазақ ауылдарына адам жіберіп айтқызыпты. Мен Торғайдан 300 шақырым  алыс тұратынмын. Хабаршылар кәрі Иван тұтқындағалы келе жатыр деп маған хабарлап: «Мен жеткенше, тығылып үлгерсін» деген оның сәлемін де жеткізді. Ертең жетіп қалуы тиіс. Мен тығылып үлгердім. Бір жарым айдай қазақ даласында киноаппаратпен  тегін кино көрсеттім. Менімен Амангелді Иманов ілесіп жүрді. Торғай облысында жандармдар қуғындауынан аман қалу мүмкін болмаған соң, Түркістан өлкесіне өтіп кеттім, Қызылордаға (Ақмешітке) жеттім.

Аманкелді Иманов менімен бір ауылдан еді. Біз бірге өстік. Мен оны кішкентай күнінен батыл, өжет, ақ көңіл ретінде білетінмін. Шетелден менің оралғанымды естіп, қырдан түсіп, барлық уақытта қасымда болды. Бұл уақыт ішінде мен оған көп әңгіме айттым, оған өзімнің білімімді, тәжірибемді бердім, саяхат кезінде көргендерімді, Ресей, Батыс, Шығыс жұмысшыларының өмірі туралы білгенімді айттым. Ол менімен бірге бір жарым ай болды, киноның барлық сеанстарына қатысты, олардың бәрінде мен өзім болған елдердің өмірі туралы, кедейлерді үстем таптардың қанап жатқаны туралы қал-қадерімше лекция етіп айтып отырдым. Мен Аманкелдіге орыс классиктерінің кітаптарының мазмұнын ауызекі айтып беріп жүрдім, тіпті «Мың бір түн» ертегілерін де жеткізетінмін.

Ол ержүрек жігіт еді, өзі кедей болса да, намысын ешкімге де жібермейтін. Ол өз отбасымен кедей тұрды, әйелі, екі ұлы болды.

Аманкелді  басқа қазақтар сияқты бай малымен бірге көшіп-қонып күн кешті. Оны байлар да, кедейлер де, білетін. Кедейлер одан көмек күтсе, байлар іштей қорқатын.

Қызылордаға келіп,  онда бес күн жұмыс істей алдым. Мен кинокартиналар көрсеттім, оларға басшылар, соның ішінде полицмейстерлер, басқалар да қатысты. Қалалық  болыс Мун-Құтбас халыққа жақсы қарайтын, оны құрметтейтін. Ол полицмейстермен маған клубта кино көрсетуге рұқсат ету туралы келісетін де, мен көрсететінмін.

Қызылордадан мен Шиелі бекетіне, одан Түркістан қаласына барып, кино көрсеттім, сөйтіп үгіт жұмысын жүргіздім.

Түркістанда атақты Ахмет Яссауи мешіті бар. Ол Темір кезінде бес ғасырдан астам бұрын салынған. Бұл мешітке мыңдаған адамдар аллаға мінәжәт етуге келеді. Молда мен туралы бас шейхқа (Ахмет Яссауидің бас шырақшысы) барып айтады: белгісіз бір мәшинесі бар адам келді деп. Ол қызығып, мені үйіне шақырды. Мұсылман салтында бұл өте үлкен күнә, солай болса да, мен оның үйінде болдым. Оның үйі өте әдемі екен. Маған бөлме бөліп берді. Сағат ондарда ол келіп, қонақ етті. Мен өзімнің кім екенімді, шетелде болғанымды, Торғай облысына оралғанымды, бірақ онда тұруға тыйым салғанын айтып бердім. Ол киноны көрсетуді өтінді. 30-40 шақты туыстары, жақындары әйелдерімен, балаларымен жиналды. Экранда бірінші кадрды көргенде, естері шығып, абыржып, таңданып, айқайлап та жіберді. Мен оларға, бұрындары еткенімдей, түсіндіріп, көңілдерін тыныштандырдым. Шейхтің ықпалы үлкен болды, өзбектер оны құрметтейді екен.

Мен оның үйінде үш-төрт күн болдым. Түркістан қаласының бектері, ақсүйектері кино көргісі келеді. Мен шейхтің үлкен үйінде оларға кино көрсеттім, жүз адамдай жиналды. Бұдан кейін киноны халыққа көрсетуімді өтінді. Полицмейстер киноны қалалық офицерлер клубында көрсетуге рұқсат етті. Кейін маған киноға полицмейстердің өзі қатысқанын айтты. Киноның көрсетілетіні туралы  халыққа әр түрлі жарияланды: рупор-труба жасап хабарлады, осылайша кино көруге халық жиналды. Мен халыққа екі рет қана көрсете алдым, үшінші  жолы сеанс орта тұстан бұзылды. Полицмейстер Ташкентке хабарлапты. Полиция клубты қоршап алды, бірақ мен қашып үлгердім. Мен терезеден секіріп шықтым, өзбектер аппаратымды қолға түсірмей, өздерімен бірге ала кетті.

Мен шейхқа қайтып оралдым. Келесі күні Түркістанды тастап кетуге тура келді. Менің жолым оңтүстікке қарай жатты. Пойызға отырып, Қырымға тарттым.

Бұл 1913 жылдың жазы еді.

Қырымда мен Қырым су іздеу метеорологиясының саласында жұмыс істедім. Сонымен бір уақытта Қырым татарлары арасында революциялық жұмыс жүргізуге тура келді. Қырымнан мен Архангельскіге кеттім.

Бұл 1915 жылы еді.

Архангельскіде мен ескі досымды кездестіріп, өзімнің өмірім туралы айттым. Бұл жолдас мені білетін, менің революциялық көңіл-күйімді білетін, сондықтан мені астыртын жиналысқа шақырды, оның мекенжайын, пароль құқпиясын берді. Мен барып қатыстым, сол кеш менің барлық алдағы жолымды анықтап белгілеп берді. Мұнда мен бірнеше жолдастарды кездестірдім, олармен кейіннен жақын араласып кеттім, сөйтіп өмір бойында біз достар болып қалдық.

Осы уақытта мені Я.М.Сведловпен кездестірді. Ол менің қазақ екенімді біліп, көп әңгімелесіп, қазақ халқының өмірі туралы жан-жақты сұрады. Ол маған Петербургтағы №2 литейный даңғылындағы құпия үйдің мекенжайын берді, ол жерге мен арнайы тапсырма алу үшін баруға тиіс болдым.

Бірнеше күннен соң мен бір жолдаспен бірге Петербургке шықтым. Көрсетілген мекенжайға бардым. Мені бірден кіргізген жоқ. Мен үш бөлмелі пәтерге кірдім, онда бір неше адам отырды. Менің аты-жөнімді ешкім де сұрамады. Петербургтен мен тапсырмамен Қырымға оралып, татарлардың арасында революциялық жұмыс жүргізуді жалғастырдым.

Сонымен қатар бір уақытта Қазақстанмен байланысып тұрдым. Амангелді Имановпен хат алмастым. Ол маған қазақтардың көңіл-күйі туралы жазды.

1916 жыл өтіп жатты. Бірінші дүние жүзілік соғыс жылдары патша әкімдерінің қанауы күшейді. Қазақтардың жақсы жерлерін тартып алды, жер салығын арттырып жіберді, болыстарды ұстауға байлар жүзеге асыратын болыстық шығын көбейді. Көбейіп жатқан шығындар мен салықтар қазақ  халқын қайыршылық күйге түсірді. Шенеуніктердің тонауы, парақорлығы, ұрлығы мен жүгенсіз озбырлығы күшейді. 1916 жылға қарай Қазақстанның қалалары мен ауылдарындағы еңбекшілердің жағдайы күрт құлдырап кетті. Соғысқа наразылық өрістеп, жұмысшылардың ереуілдері басталды.

Патша үкіметі қазақтар мен Орта Азияның басқа халықтарынан патша әскеріне шақыру туралы бұйрық шығарды, ол буржуазияшыл ұлтшылдар тарапынан қолдау тапты. Бұл уақытқа дейін патша үкіметі қырғыздар, қазақтар, өзбектер т.б. Орта Азия халықтарынан әскерге адам алмайтын еді. Бұлардың қолына қару беруге қорықты. Алайда соғыстың үшінші жылынан кейін Ресейдің барлық еркек кіндіктілері шақырылып біткен соң, патша үкіметі шет аймақтардың халықтарын тыл жұмыстарына шақыруға шешім қабылдады. Сөйтіп 1916 жылы 26 маусымда Орта Азия халықтарын тыл жұмыстарына шақыру туралы жарлық шықты.

Жарлықта «шақыру» сөзінің орнына «реквизиция» деп көрсетілді. Бұл - адамдарды әскерге шақыру емес, бейнебір малды айдау туралы айтылғандай еді. Ол жарлық үлкен наразылық тудырып, 1916 жылғы көтерілістің сылтауына айналды.

Бұл көтеріліс Ресей патшалығының әскери-отаршылдық саясатына қарсы бағытталды. Ол қазақтардың имперализм дәуіріндегі бірінші көтерілісі болды, ол қазақ халқының патшалық отарлауға қарсы өзінің азаттығы мен тәуелсіздігі үшін болған барлық алдыңғы күрестердің нәтижесінің қорытындысы еді.

Петербургте болу және Қырымдағы жұмыс менің таңдап алған жолымның дұрыстығын түпкілікті бекітті. 1915 жылы мен ресми түрде РСДП мүшелігіне қабылдандым.

1916 жылы әлі де Қырымда жұмыс істедім.

Мен Аманкелді Имановтан хат алдым. Бұл Орта Азия халықтарын тыл жұмыстарына шақыру туралы жарлық жарияланған соң болған еді. Аманкелді халық қатты қобалжулы екенін, үкімет соңғы бала мен малды тартып алып жатқанын жазды. Аманкелді не істеу керектігін сұрайды. Мен оған: халықтың көңіл-күйін қолдау керек, қисынсыз ұстамсыздыққа жібермей, ұйымдасу керек, халықты ашық шығуға  дайындау керек, көтеріліс ұйымдастыру керек деп жауап жаздым.

Қырымда жүрсем де Аманкелді Иманов хаттарынан әскерге барғысы келмейтін қазақтардың көңіл-күйі туралы, полиция бөлімдерінде патша шенеуніктері жасаған тізімдерді халықтың жойып жатқаны туралы біліп отырдым. Болыстық басқармалар талқандалып жатты. Шалдар өздерінің ұлдарын жасырып, болыстарды өлтірді. Бұл кезде Аманкелді Имановтан тағы да ел жағдайын егжей-тегжейлі  айтқан  хат алдым, ол онда менің хатым туралы баз біреулермен кеңескенін, халықтың көтеріліске дайын екенін, сөйтіп қару жиып жатқанын жазып, менің келуімді өтінді.

Жарлық жарияланғаннан кейін, қазақтар бейбіт жолмен реттеуге  қадам жасап көрді, сөйтіп патшаға делегация жасақтады. Торғай уезінің қазақтары Петербургке жарлықтың күшін жою туралы қолдау хат арқылы өтініш жасау үшін арғын руынан Ысмағұл Төкинді және қыпшақ руынан Көтібаровты аттандырды. Делегаттар патша қабылдауына қол жеткізе алмай, құрқол қайтты. Бұл адамдардың көтеріліске шығудың қажеттігі туралы ойын нығайта түсті. Алайда сол кездегі барлық қазақ зиялылары патша жағында болғаны белгілі.

Орынборда қазақ тілінде шығатын «Қазақ» газеті беттерінде зиялы қауым солдатта қызмет ету міндетті түрде керек деп үгіттеп, шақырылғандар үшін киім мен азық-түлік дайындауға үн қосты.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364