Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3608 0 пікір 7 Сәуір, 2012 сағат 09:59

Мұнайдар Балмолда. Махаббаттан да биік сезім

( деректі әңгіме)

Саяси ашығу - «Өлемін» деп тұрып өмірді,

«Өлмеймін» деп тұрып өлімді шақыру!

автор

Ақ Жайық атырабын дүрліктірген қыркүйектен соң ызғарлы қазан айы басталды. Жер лайсаң. Қайда қарама, жайраған жапыраққа көзің түседі. Қала сұрқайланып томаға тұйық тартқан. Бірақ кешегі «үш күнгі дүрбелеңнің әлегі» басылмаған. Әліптің артын баққан билік пен «Жайық үшін жандасқандар» тіл табыса алмай, арада «мылтықсыз майдан» қызған.

( деректі әңгіме)

Саяси ашығу - «Өлемін» деп тұрып өмірді,

«Өлмеймін» деп тұрып өлімді шақыру!

автор

Ақ Жайық атырабын дүрліктірген қыркүйектен соң ызғарлы қазан айы басталды. Жер лайсаң. Қайда қарама, жайраған жапыраққа көзің түседі. Қала сұрқайланып томаға тұйық тартқан. Бірақ кешегі «үш күнгі дүрбелеңнің әлегі» басылмаған. Әліптің артын баққан билік пен «Жайық үшін жандасқандар» тіл табыса алмай, арада «мылтықсыз майдан» қызған.

Әлидің іші өрт. Соңғы екі айдан бері институтқа тиіп-қашып қатынаулы. Ұстаздардың көз қырына іліккені кәміл. Жылап-көріскен наурызда студенттерді желіктіріп, алаңға бастағанда факультет деканы Төлебай Абиловқа жақпаған. Қабағы қату декан: «Сессия ойларыңда жоқ, шығарып жіберемін» дегенде талай асаудың жүні жығылатын. Ал оқудан шығарады-ау, далада қалам-ау деген ой Әлидің басына кіріп-шықпайтын. Бұдан басқа 1990 жылы егемендік декларациясын қолдауға қол жинап, намыс қайраған шағы бір жыр. Тұрсын, Дәрібек, Төлебай ағаларына қосылып алып, саяси күшке айналған.1991 жылы тағы «атқа қонды». Қыркүйекте орыс-казактармен текетіресті, қазанда іші қайнап жүр. Есіне түсті, бүгін «Форум» ғимаратында «Қазақ тілі» және «Азат» қозғалысының мүшелері  маңызды мәселені екшейді. Онда Орал Сәулебаев сияқты алматылық азаматтар да болады деген.

- Жігіттер, мен мүсіндеме сабағына бармаймын. Бір жерге «мүсінімді» апаруым керек,-деп Әли ақшыл-сұр күртесінің жағасын көтеріп, тарақ батпас бұйра шашы бұрқырап тысқа беттеді. Көркем сурет және графика факультеті жатақханасының он жетінші бөлме тұрғындары Рүстем, Қайрат, Нұрлан әшейінде сабақ жібермейтін Әлидің соңғы кезгі тірлігін түсінбеулі. Бірақ оның босқа шаппайтынын білетіндіктен әдетте бәрі үнсіз. Қыркүйекте олар да  «Үлкен Шағандағы» картоп жинау жұмысын тастап, «Оралды бермейміз!» деп алғы шепте жүрді емес пе?!. Біртоға көрінгенмен өлең-сөзімен намыс қайрап, үнемі «маза бермейтін» Әлидің «ауруы» достарына да жұққан. «Бірдеңе болса айт, біз бармыз!» деп ереуілдеп шыға келеді. Қасында өңкей тепсе темір үзетін, намысқой жігіттер жүргенде Ақ Жайықтың казак автономиясы болмасына Әли имандай сенеді. Ал сылтаулары шаш етектен келетіндерге:«Кәуірдің табанында қалсаң, біліміңнен не дауа, сендерде жүрек жоқ !» деп тік кететін.

Бас қосуда Алматыда ақын Айсұлу Қадырбаева және Мейрамгүл Нүсіпова, Қадиша Кәрібаеваның  Жоғарғы Кеңес үйі алдына Орал оқиғасына баға беруді талап етіп, саяси аштыққа шыққанын, соларды қуаттау қажеттігі көтерілді. Мәселе кім аштыққа шығадыға тірелгенде өлі тыныштық орнады. Үш жүздің баласынан тәуекел етер ешкім табылмады. Саулығы жарамайтындығын айтып, алқа өзара күбірлесіп кетті. Ең жасы жиырма бірдегі Қайрат пен Әли екен. Екеуі жарыса қол көтерді. Түйін тарқады, шешім беркіді. Ағалар жігіттерге сүйсініп, «мықтылық тілеймін» деп қолдарын қысты. Жасы үлкені Орынбай: «Балаларым-ай, еш дайындықсыз өстуге болады ма екен? Бұл құрғақ аштық қой. Аса қауіпті. Саулықты ойласаңдаршы, мұның арты...» деп алаңдап, рай қайтармақ болған, «Аға, пейіліңізге рахмет. Бізге түкте болмайды» деп екеуі де бұлжымады. Әли Қайратпен осында танысты. Суретшілікті қалап, қалаға келген, алайда жолы болмай уақытша жұмысқа тұрған кезі екен. Жалған ат қуған шикіөкпе емес, саяси сауаты ешкімнен кем соқпас жанып тұрған бір өрен. Қазталовка ауданы, Бостандық ауылының түлегі.

Қаланың ортасындағы алтынжалақ кресті шіркеу мен айпарадай мәслихат үйі алдына әп-сәтте шатыр құрылды. Шыршалар тасасында тас «күн көсем»  тұнжырайды. Арқа тұста «жұмысы тоқтаған» су бұрқағы.

Екі жігіт ауыздарын ақпен таңып, мойындарына: «Ақын А.Қадырбаеваның талабын қолдаймын. Сол үшін аштық жариялаймын!» деп жазған «қағаз қамыт» ілді. Маңай қарақұрым: аштық акциясына ниеттестер мен көлденең көздер алаңды жапты. Милиция жасақтары да торуылдап, із аңдыды. «Азат» жетекшілері жергілікті билікке аштық жариялаушылардың талабын жеткізіп, жоғарғы үкіметке жеделхаттар жолдап жатты. Облыс газеті «Бұл дүрбелең кімге керек?» деп ахуалды сыңаржақ айыптап, хабар таратты. Ақиқатты тек «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Боранғали Ырзабай, Молдағали Рысқалиев басқарған облыстық телеарна бүкпеді.

Үшінші күні жігіттер әлсіреді. Бірақ шыдау керек. Қазанның қара суығы Әлидің өлеңдері мен ұран ілінген шүберек шатырдың етегін көтеріп, өшіге ұрғылап, жұлып әкетердей жалп-жалп ырғайды. «Отарлаушылық саясат тоқтасын! Қыркүйекке әділ баға берілсін! Жер - қазақтікі!» деген жалынды сөздер өткен-кеткендерді еріксіз тұсайды. Күндізгі айқай-шу тынып, жігіттер шатырға енген. Кереует сықырлайды. Кенет бұрқақ іске қосылды. Шатырға суық бүркіп, мұзға айналдырмақтай шуылдап тұрып алды.

- Ми шайқаған шіркеу қоңырауы аздай тағы фонтанды қосты. Білгендерін істесін,-деп жақ жүндері үрпиіп, ат жақты Қайрат кереуетке керіле жатты.

- Таң бозаңда ит абалатып, шатырды түйіп өтетін кәззаптарға қарағанда осынысы тәуір. Су -тіршілік көзі. Аңқамызға дымы бармаса да дыбысы тамырымызды шарласын. Қажыма, Қайрат,-деп Әли тісін шақырлата қайрап, қойын дәптеріне үңіле түседі. Сиясы түгесілген қаламмен парақ бетін тырнап жыр жазады. Май шам діріл қағады.

- Әли, Айсұлу апа хат жіберді деп еді. Мен күндізгі шуда қапы қалыппын.

- «Айналайындар, аштықтан шыға тұрыңдар. Сендерді айдап салды деп, ел ішіне бөтен әңгіме салып, назарды басқа жаққа бұрып жіберер»,-деп аналық өтінішін білдіріпті. Екеуі қатар күрсінді. Әли Қайратқа күлімдей қарап:

- Айтпақшы, бүгін әкең келмеді ме? Бала, үйге қайт деді ме?

- Құдай сақтап, ерте келіп-кетті. Қиналады, бірақ бәрін түсінді. Әкем кеткен соң тексеруге келген дәрігерлер саусақтарымнан бір тамшы қан таппай қойды ғой, қан орына болмашы су ақты... Ашығу деген жаман екен... Тұла-бойдан күш қашады...

- Солай, бірақ түбі қайыр болар. Халық қолдап жатыр. Сенің жасың да атың да желтоқсан боздағы Қайрат батырмен шендес екен. «Сүйегіміз тұтам қалғанша» көресімізді көк асфальттың үстінде көріп алдық ендеше! Шыда, бауырым, шыда!-деп дәптерін жапты.

- Әли, сенің әке-шешең ше? Олар сенің бұл ісіңді біледі ме?

- Әкем «Дариға», «Алпамыс», «Қобыланды батыр» жырларын жатқа біледі, ылғи жатарда айтып, бізді ұйқтататын. Менің жайымды білмейді. Білсе түсінер...  Ауырып жатқаны батады. Мені білмегені жөн... Әйтпесе, ауруына ауру жамар... Соған себепші болғым жоқ.

Дина Нұрпейісова атындағы орта мектепке тақап тоқтаған қара «Волгадан» қарасұр киімді екеу түсіп, директорға тура тартты. Аздан соң кабинетке осында істейтін ерлі-зайыпты мұғалімдер Еркін мен Макканы алдырды. Қаймақ ерін, шикіл сарысы күл сауытқа темекісін мыжғылай сөндіріп, сұр көздерін сығырайтып тістене сөйледі:

- Қалада інілерің бар ғой. Әли деген. Худгрфтың студенті. Әскерде болған. Екінші курста комсомолдан шығам деп арыз да жазыпты. Сол бала қазір өлудің аз-ақ алдында.

- Не? Әлижан ауырып қалды ма? Сіз институттан келдіңіз бе?

- Это не важно. Бізді партия жіберді. Ол ауру емес. Бірақ скоро ауырады. Себебі, ол үлкен үйдің алдында аштық жариялап жатыр. 86-да не болғанын білесіңдер ме? Баланы тез райынан қайтарыңдар, әйтпесе арты қиын соғады. Оқудан шығу, қудалау... Оның әкесі де коммунист қой?

- Коммунист болған...

- Болған. Болғаны қалай? Аурып жатыр деп естігенбіз...

- Партбилетін баяғыда тастады. Қазір сырқат. Ол бізді тыңдамас, келіп қалған екенсіз өзіңіз түсіндірмейсіз бе?-деп Еркіннің де қитығы ұстап, түсі суық сарыға сынай көз салды.

- Шал шатақ десеңші. Да, бүліктің көкесі қайда жатыр? Так-так, Мухамбетжан Алимович. Әкесі Әлім 1931 жылы Жаңақаладағы шаруа көтерілісіне қатысып, қамалған. Айыбын қанмен өтеуге соғысқа сұранған. Белгісіз солдат. Және бір атасы Махмут та сол ұжымдастыру кезінде үкіметке қарсы болып, тұтқындалған. Біз бәрін білеміз. Ұяда не көрсе, соны іледі. Бәсе-бәсе, балдарың өкіметке қарсы сөз айтады... Бірақ қолындағы ұл-келіні емессіңдер ме, қартты көндіріңдер. Дені сау бала керек болса, ұлын қайтарсын! Жауап күтеміз жолдас!.. -деп сары ысылдай сөйледі.

Еркін әкесінің қызуы қайтқанда болған істі баяндады. Өлі тыныштықтан соң басын тіктеген әке: «Айт, Әлидің азуы шыққан, не істесе де өзі біледі, оған баяғыда батамды бергем. Бірде ол: «1985-те оқуға түскенде, 86-да Алматыда мен де болар едім, қап!» деп өкінгені бар. Алаулап тұрған отты ауру шал қайтіп сөндірмек? Лауласын!» деп әріге аударылып түсті. Ер арыса аруақ деген, қушиған иығы селкілдеп жатыр...

Әкенің сөзін естіген облыс өкілдері есікті серпе жауып, сүлік қараларына мініп, тайып отырды. Осыдан соң ауыл шетіндегі Мұқас қарияның шаңырағы «халық жауының» отбасындай күй кешті. Адамдар үрке қарап, «Баласы аштық жариялапты, үкіметке қарсы сөз айтыпты» деп әр жерде пыш-пыш таратты. Науқастың халін білмекке кірер кісі аяғы да сап тиылған. Мұқас шалдың кемпірі Жамиға ана «37-ші» жылдары ауыл молдасы болған Ағарбай әкесін «үш әріптің» адамдары әкеткенде үйіміз ауыр күй кешті дегенді естіп-өскенді, біртүрлі бұл сыпат соның елесіндей жүрегін шымырлатты.

Күн салмағы артты. Күндіз «азаттықтармен» бірге Әли Пушкин атындағы пединститутта болып, студенттермен кездесті. Болып жатқан жайтты  түсіндірді. Жастар қолдап, қол соқты. Институт ректоры өзге де ұстаздар шараға кедергі болмады, іштен тына жүріп тілеулестік танытты. Студенттер алдына шыққанда кенет Әлидің көзі қарауытып, басы шыңылдады... Біресе от, біресе мұз болған бойы ырыққа көнбеді. Әскерде қару-жарақ  асынып, пәлен шақырымды керзі етікпен кешіп,  тапсырманы бұлжытпай орындайтын сержанттың бұлай титықтауы бірінші рет. Өкпесін қабынта жөтел қысты. Буыны босады. Әлсіздігін жанға сездірмеуі керек. Ол «Аштық» атты өлеңін оқып, тік қалпы шығарға беттеді. Ащы жас омырауына құйылған...

Түн. Студенттердің кеткілері жоқ. Шатырға сыймағаны сыртта, іште: Өтеміс, Азат, Ақерке, Ақкүміс сияқты ұл-қыздар гитарамен ән шырқап, жігіттердің көңілін аулады. Түн табандағанда шатыр қаңырап қалды. Қайрат тыстан сөйлей енді: «Қолын шошайтып, «күн көсемі» де бізге кетіңдер деп тұр. Бұрқақты күшейткен. Осынымыздан бірдеңе шығар ма екен?» Әли үндемеді. Екеуі қисая-қисая кетті. Сай-сүйектері сырқырап, таңға кірпік айқастырмады. Осымен үшінші түн Әлиді бір түс қинайды. Көзі ілінсе өңкей қауға сақал, қызыл-жолақты орыс-казак қоршауында қан-жоса болған өзінің сұлбасын көреді. Жанында қол-аяқтары шынжырлаулы бірнеше қазақ сарбаздары  бар. Түрлерін өзі білетін ешкімге ұқсата алмаған. Дұшпан қабаған иттей жан-жақтан абалап, ысқырып, істік сұққылап, мылтық дүмімен ұрғылап, мазақ қылады. Патшасы Николай да осында. Езуінде мысқыл. «Декабристердің түбіне жеткенмін, сендердей бұратаналардың көзін құрту - тфу!» дейтіндей. Кенет азан-қазан күшейді. Әлгілер тұра-тұра  қалып, шоқынып әуре. Оянып кетті. Шіркеудің шойын қоңырауларына «тіл бітіпті». Әли мұздай сумен беті-қолын жуып, кезекті «майданға» әзірленді. Көргені көз алдынан кетер емес...

Төртінші күн. Сананы сансыратқан, жүректі қансыратқан зілмауыр уақыт  жастарды мойыта алмады. Ақыры Алматыдан  хабар жетті. Орал оқиғасын зерттейтін президенттік комиссия мен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес жанынан арнайы депутаттық топ құрылатын болыпты. «Азат» жетекшілері аштықты тоқтатып, екі жігітті  ауруханаға жеткізуге тырысты. Бірақ жігіттер көнбеді. Оның үстіне қыркүйек оқиғасында қарасын көрсетпеген, аштық акциясын айыптап, ел-жұртына менменси қараған облыстың кеңес төрағасы Есқалиевтың келіп-кетуі «ашығушылардың» зығырданын қайнатты. Келе плакатты жұлып, жыртып, дөң мінез көрсетті. Шалқақ кеудесін еңкейтіп, шатырға еніп, Әлиге: «Не жатыс? Нені талап етесің?» деді. Күні кеше орыс-казактарының патшаға берілгендігінің төрт жүз жылдығын тойлап, дүйім Орал өңірін отқа орай жаздаған басшы саяси мешеулігін сезінбеген, әлі әкірең, өктем. Әли оны жақыннан бірінші көруі. Жарықты бітей отырып алған соң ба, әйтеуір Әлиге оның әлпеті қарасұрланып, сүйелдене көрінді. Қанша жерден дөкей болса да құдай айдап Әлидің алдына өз аяғымен келіп отыр. Бұл өпірем биліктің қара халықпен санаспауға болмасын тар санаға сыйғызғаны, жығылғаны. Әли көзімен ата қарады. Әлгіндегі нақұрыс сұрағына жауабы осы болған. Тілінде: «Ханым, ханым» дегенге көтере берме бұтыңды, көптіре берме ұртыңды. Бозбалаға жел беріп, атқа мініп шыққанда, зұлым төре, сенің де, көрер едім көтіңді!» деп Махамбет бабасынша қайдан шықсаң, онан шық, сойып салмақ болған, алдындағыны біртүрлі аяды. «Естуімше бұл біз алаңда тұрғанда сарайдан да шыға алмапты, КГБ-ның қос генералы босатпапты. Байғұс-ай... Қара халықтың мұң-зарын естімес тасқұлақтың әуселесі осы бопты». Төраға қалай дөңайбат келді, солай кетпектұғын, тыста бір топ ана жағасынан алып: «Неғылған адамсың, балалар өліп кетсе, сен жауаптысың!» деп сілкілемесі бар ма! «Жоғары жақ бәрін шешеді, біз де қарап жатқан жоқпыз» дегендей жылдырмалатып, тайып тұрды. Әлім: «Е, бәсе...» деп езу тартты. Осы аралықта әлдебір сумаң қол әйел шатырға бас сұғып, шиыршықты Әлидің алдына лақтыра сап безді. Онда: «Шатыр мола болсын. Өрем қабыңдар!» депті. Әлидің қаны басына шапты. Шеке тамыры солқылдап, орнынан екі-үш ұмтылып барып әзер тұрды. Тысқа шыққан, біреулер саусақ шошайтып, лас сөз төкті. Жүйкені жұқартар сәт секунд сайын алмасты. Әлдебіреулер мүсіркей қарап, «жастай өлетін болды» десіп сөзбен «жаназа шығарды». Әлиден ешнәрсе тосаң қалмады. Аштыққа кіргелі көзі көргіш, мұрны иіс сезгіш, құлағы сақ. Осыны дәрігер Нұрлыбайға айтқан, ол: «ашыққанда адам ағзасы тазарады, әрі қоректі ет-сүйектен сорады, шырақ құсап өз-өзін жейді, ұзақ ашығу қауіпті» дегені есінде. Бірақ бұлар саяси ашығуды дұрыс өткізіп жатыр ма деп тексеруге келуші дәрігерлер мұның қай саусағын піспесін, қан бұрқ-бұрқ шығады. Әли: «Бұл қан емес, Махамбет атамның жыры ғой» деп күлімсірейді.

Төрт күнгі «тас төсек» аурухананың ақ көрпесіне алмасқан. Келіп-кетуші көп: Тұрсын, Төлебай, Дәрібек, Саида, Алтай, Ақкүміс қайсыбірін атарсың Әлидің сүйіктісі Шолпан да бар. Түс ауа Алматыдан келген президенттік комиссия өкілдері де болып, «ашығушыларды» өз көздерімен көріп-білді, тілдесті. Сақал-мұрты селтиген саржамбас емделушіге екі жігітке мұншама кісінің ағылуы ұнамады білем,  көк көздері шүңірейіп: « Байқаймын, сендерді батыр көреді, ер деседі. Сондай-ақ не істепсіңдер, боқмұрындар» деп шала бүлінді. Қайрат аузын аша берген, Әли жеңінен тартып: «Боқмұрын болсақ та ен Жайыққа анталаған атаман-есауылдарын қуып шығып, ел абыройын халық боп қорғап қалмадық па, ит үрер, керуен көшер, күшімізді ұлы күрестерге сақтайық!» деді.

Қал сұрай келген тарихшы Сайлау ағасына Әли шатырда жатқанда қайта-қайта енген түсін айтқан, ол кісі ернін тістелеп тұрды да: «Исатай мен Махамбетке ерген: Қабыланбай, Қали, Үсе, Балуан Тәни, Махамбеттің ағасы Қожахмет сынды батырларды  патшаның жазалаушы әскері тап сендер ашыққан жерде дүре соғып, Сібірге айдапты. Жазған бала, сен соларды көргенсің ғой...» деп ойлы күйі ұзады. Әлидің көз алдына қапсағай денелі батыр бабалары келе қалды...

Ауруханадан шыққан күні Ақкүміс Әлиге қағаз жыртындысын ұсынды.

- Мұны сенің қолыңнан алу сондай ауыр болған, қайтарып берер-бермесімді білмей көп ойландым. Ақкүміс ұзаған соң Әли бүктемені ашты, есіне түсті. Соңғы сәтте Әлидің қалі қиындаған. Ауруханаға салар қысыл шақта қағаз-қалам сұратып: «Өкінбен! Сені сүйдім, бірақ өмірде Махаббаттан да биік Махаббат бар. Сол үшін құрбанмын!... Қош, кешір сүйіктім!..» деп жазуға күш тапқан. «Бұл хат маған арналған ба?» деген аянышты, үрейлі, сұраулы жүзбен қыз Әлиге тығыла түсті.

- Өмірде біздің сезімімізден асқақ, ата-ана, дос-бауырды ұмытқызар ұлы махаббат бар! Отан деген! Әлемді ұстап тұрған ұстын сол - Махаббаттан да биік Махаббат!  Туған еліміз, жеріміз, менің Көпжасарым, сенің Ақкөлің, жұпар аңқыған шексіз дала, дария Ақ Жайық,  ерке самал, зеңгір аспанымыз, бәрі-бәрі қандай сұлу! Мұны жатқа қиярмысың? Келер ұрпақтың ырыс-несібесі емес пе?!.

Әли сүйіктісін құшақтап алды. Қазанды төңкеріп, қараша келген. Алда тайғақ жол және желтоқсан, 1991 жылдың Желтоқсаны...

Мұнайдар БАЛМОЛДА

Орал қаласы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394