Баяғы топ тағы да байбалам салды!
Павлодар қаласында мән-маңызы ескірген кейбір көшелердің атауын өзгерту жөнінде қоғамдық тыңдау өткізілді.
Жиын қазіргі пандемия жағдайына байланысты ZOOM бағдарламасы арқылы онлайн тәртібінде жүргізілді де, оған қалалық кеңестің депутаты Қобылан Кожин модератор болды. Қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева ауыстырылуға ұсынылған 30 көшенің атауы мен жаңа атауларды оқып, тиісті мәліметтерді ортаға салды. Қоғамдық ұйымдар өкілдері, еңбек ардагерлері, шығармашылық адамдары пікірталасқа қатысып, түрлі көзқарастары мен ұсыныстарын білдірді.
Талқылаудың соңында қалалық мәслихаттың депутаты Игорь Веретнов тұрғындар тарапынан жасалған кейбір ескертпе мен өтінішке орай 7 жаңа атауды осы жолы қарамай, кейінге қалдыру жөнінде ой айтып еді, әріптестері бірден мақұлдады. Ал қалған 23 көше атауының ауыстырылуын депутаттар тобы қолдап дауыс берді.
Бір әттегене-айы, ZOOM конференцияға 100 адам ғана қатыса алады екен. Небір тіл жанашырлары жиынға кіре алмай, қатты қынжылды! Дегенмен айтулы оқиғаға қызығушылық танытқан жүздеген адам фейсбук желісі арқылы жүргізілген тікелей эфирді тамашалау мүмкіндігіне ие болып, қабылданған шешімге ризашылық сезімдерін білдірді. Айтпақшы, павлодарлық ақын, еңбек ардагері Константин Лунин тәрізді ұлты орыс жерлестеріміздің қаншасы көше атауларының өзгеруі қалыпты жағдай екенін әуелден-ақ айтып жүр. Бірақ тыңдайтын құлақ қайда?..
Бұдан бұрынғы мақаламызда (https://abai.kz/post/130829?fbclid=IwAR2O_4zKiKD0IUiEVT7hiM2MPlQIPYWrWCrX1PdPXlZjTXpKs6u7bqhZo70 ) қала мен көше атауларын ауыстыстыруға жан-тәнімен қарсы керітартпа топ жайында жазғанбыз. Олар бұл жолы да ескі әдетіне басып, инстаграм әлеуметтік желісіндегі pavlo.detka, tipavlo.dar, kerek.pv аккаунттары арқылы шу көтерді! Қазақстан мен өңір тарихынан мүлде хабары жоқ біреулер: «Біз білмейтін адам аттарын неге көшелерге қояды?! – деп байбалам салды. Енді біреулері көше атауына ұсынылған тарихи тұлғалардың есім-сойларын бұрмалап мысқылдап, ұлты қазақ қоғам белсенділерінің іс-әрекеттерін сынап-мінеді! ZOOM конференцияға кіре алмағандары ұйымдастырушылар қасақана тосқауыл қойды деген пайымдауын шындық есебінде өткізгісі келді. Керісінше, pavlo.detka, kerek.pv аккаунттарында қазақ тілі жанашырларының енуіне шектеу қойылып, бөгет жасалғаны жөнінде жақ ашпады. Патшалық-кеңестік дәуірді көксеушілердің бірі онлайн конференцияның айқындағышы мен кіру коды алдын-ала облыстық газеттерге жарияланғанын жадынан шығарып, бұл деректерді тіпті кеш білдік деп езеуреді. Кейбіреуі облыс пен қала басшыларына айбат шекті! Жергілікті «Ирбис» телеарнасы да солардың сойылын соқты. Негізгі мақсат: қоғамдық тыңдаудың заң шеңберінде өткенін терістеп, Кеңес кезеңін дәріптейтін көше атауларын сақтап қалу екені әмбеге аян!
Павлодар қаласында 335 көшенің 62-сі (бір деректе 85-сі) ғана қазақ тілінде екенін естеріңізге саламыз. Енді бұған 30 көше қосылса да қазақы атаулардың саны жалпы атаулардың жартысына да жетпейді екен. Оның үстіне патша заманында нәресте патшазада Павел Романовтың құрметіне қойылған қала атауы да сол бәз-баяғы қалпында тұр.
Қалай десек те, бір жайт анық: қаладағы қоғамдық ұйымдар мен қаланың құрметті азаматтарының ұсыныстары бойынша тиісті шешім шығарған қалалық мәслихат депутаттарына әлгі топ ықпал ете алмайды!
Біздің облыс ономастика саясатын жүзеге асыру бағытында еліміздің оңтүстік пен батыс өңірлерінен, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан озып кетпесе де, батыл қимылдап келеді. Ең бастысы, керуеніміздің бағыты түзу, барар жері айқын. Ендеше, соңымыздан байбалам салған топтың ісіне реніш білдіргеніміз дұрыс емес шығар...
Арман Қани,
Павлодар қаласы
Abai.kz