Арқалықтың мешітіне кім араша түседі?
Қостанай облысы аумағындағы бес қаланың ішіндегі тауқіметті көп тартқан шаһардың бірі – осы Арқалық қаласы. Бір кездері Торғай облысы болып, өз билігі өзінде тұрғанда ешкімнен кем қалмай, өз күнін өзі көріп тұрған болатын. Үш рет ашылып, үш рет жабылған облыс енді келіп, басы артық, ешкімге керегі жоқ дүние секілді, Қостанайға қосып жіберді. Тарихи Торғайды қазір өгейсітіп жатқан ешкім жоқ, әрине. Алайда, қандай да бір мәселе туындағанда алдымен Қостанайға көңіл бөлініп, Торғайдың содан кейін ғана еске алынатындығы жасырын емес.
Біз бұл жерде ешкімді де кінәлайын деп тұрғанымыз жоқ. Дегенмен, Қостанайдың облыс орталығынан шалғайда жатқан шаһардың бүгінгі тыныс-тіршілігіне анау Рудный немесе Лисаков секілді қалалардай қашанда тұрақты көңіл бөлінеді деп айта алмаймыз. Жарайды, экономикалық мәселелердің өзіндік обьективті себептері де бар шығар. Алайда, рухани салада «әттеген-ай» дегізетіндей жайлардың да кездесіп қалатындығы да жасырын жайт емес.
Бір ғана факті. Сонау 90-шы жылдары шаруасын әп-әдемі дөңгелетіп тұрған кәсіпкер Болат Әбдібеков осындағы тұрғындардың қолқалауымен әрі жергілікті биліктің өтінішімен жұрт барып басын сәлдеге қоятын бір мешіт салуды қолға алған еді. Содан 2000-шы жылдардың басында мешіт негізінен салынып бітуге жақындап қалғанда «қаржыдан алаңдамаңыз, бәрін қатырамыз» деген тапсырыс берушілер уедісінен тайқып кетіп, кәсіпкерді қып-қызыл шығынға ұшыратты.
«Менің мойнымдағы қарыз, яғни маған берілетін қаржы 10 миллион теңгеге жетті. Осы шығынды талап етіп, тапсырыс берушілерге талап-арыз да жаздым. Ал олар еш ойланбастан бұл мешітті толығымен маған бере салып, көк тиын берместен құтылып кетті. Қарызға батып мен қалдым. Мінекей жағдай осы», - дейді ол.
Халықтан жиналған ақшаға қоса өз қаржысын да қосқан кәсіпкер енді ол ғимаратты не істерін білмей, тығырықа тіреліп тұр. Сатайын десе «шариғатқа да, адамгершілікке де қайшы», деп жазғыратындардан сескенеді. Сатпайын десе, ол қанша дегенмен кәсіпкер емес пе, пайда көрмесе де өзінің жұмсаған қаржысын қайтарып алуға қақылы екендігін кім жоққа шығара алады?
Барлық жиған-түйген дүниесінен айрылған ол, қазір жасы жетпіске таяп қалса да, жаяулап-жалпылап мешітті күзетумен жүр.
«Міне 25 жылдан бері жаяу жүрмін. Машина алуға ақшам жоқ. Бар табысым - тек зейнетақы ғана», - дейді.
Өзі тұрғызған мешітті Құдайдан үміті бар, имандылықтан мүлдем ажырай қоймаған қалталы жандардың біреуі немесе бірнешеуі бірігіп, сатып алып, жетіспеген жерін жетілдіріп, аппақ жұмыртқадай етіп, Арқалық жұртына сыйлап, халықтан алғыс алар деген үміті де жоқ емес.
«Құранда «Кімде-кім Алла тағаланың үйіне көмектессе, оған Құдай да көмектеседі»» деген бар ғой. Мүмкін, біреу болмаса, біреудің назары түсер», - деп болашақтан күдер үзер емес.
Мінекей, келешекте Арқалыққа жақындаған жандарға «мен-мұндалап» алыстан көзге шалынатын, былайғы жұртты имандылықа ұйытатын мешіттің бүгінгі жағдайы осындай. Рас, формальді түрде биліктің дін ісіне араласуына қақы жоқ. Заң жүзінде дін мен мемлекеттің іргесі ажыратылған. Алайда, мұсылман жамағаты осы елдің азаматтары емес пе? Ендеше, ашық жар салмай-ақ, үндемей-түндемей облысымыздағы атағы жер жарып тұрған бірер бизнесмендерге қолқа салуына не кедергі? Одан қазір біраз қор жинаған, атағы белгілі болып қалған Торғайдың төл азаматтары да шет қалмас деген ойдамыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жағынан да бір қозғау болса, артық етпейтін де шығар.
Сайып келгенде, сол бюджет дегеніміз де халықтан жиналған ақша емес пе? Әкімдер өз атағын шығаруға келгенде бюджет қаржысы есебінен «асқан мырзалық» танытатындығын осындағы қараша халық жақсы біледі. Мәселен, осы Қостанай қаласында өткенде анау-мынау емес, 4,5 миллиард теңгеге жабық стадион салынса, дәл осындай қаржы жұмсап мұз сарайын салып жатқан жайы тағы бар. Облысымызға экономика жағынан да, рухани жағынан да еш пайдасы жоқ, жылына 2 миллиардтан астам теңгені еш қиналмастан жұмсай салатын, ол ақшаның сыртында жүздеген мың долларға шетелден «легионер» деген келімсектерді шақыратын «Тобыл» секілді футбол командасы жайлы тіпті де жақ ашпаймыз.
Осынау далаға шашылып жатқан қайран қазынаны көргенде жалғыз мешітті сақтап қалатын азғантай ғана дүниенің еш жерден табылмай отырғандығы, енді айтуға ұят әңгіме.
Жайберген Болатов
Abai.kz