Қымыранның қадіріне жете алмай жүрміз
Өтеміс МАХАНОВ, «Дәулет» шаруа қожалығының директоры:
Қазақтың қымызы мен қымыранына, қазы-қартасы мен жал-жаясына жетер дәм бар ма, шіркін?! Өткен жексенбі күні «Саржайлау» қымыз орталығының директоры, ұлттық өнер жанашыры Ахметбек Нұрсила бастап, өнер зерттеушісі, әнші Ерлан Төлеутай, жас тарихшы, журналист Ардақ Беркімбайлар қостап, Алматы облысына қарасты Ақши ауылына сапар шеккен едік. Ақшиде «Дәулет» шаруа қожалығын құрып, 150 түйе, 150 жылқы асырап, шағын кәсіппен айналысып отырған Өтеміс қарияның төрінде, ұлттық тағамдар қойылған ақ дастарқан үстінде әңгіменің де, әннің де дәмдісі айтылды. Соңыра көкірегі шежіреге толы қария Өтеміс Махановпен түйе малы мен қымыран турасында аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.
Өтеміс МАХАНОВ, «Дәулет» шаруа қожалығының директоры:
Қазақтың қымызы мен қымыранына, қазы-қартасы мен жал-жаясына жетер дәм бар ма, шіркін?! Өткен жексенбі күні «Саржайлау» қымыз орталығының директоры, ұлттық өнер жанашыры Ахметбек Нұрсила бастап, өнер зерттеушісі, әнші Ерлан Төлеутай, жас тарихшы, журналист Ардақ Беркімбайлар қостап, Алматы облысына қарасты Ақши ауылына сапар шеккен едік. Ақшиде «Дәулет» шаруа қожалығын құрып, 150 түйе, 150 жылқы асырап, шағын кәсіппен айналысып отырған Өтеміс қарияның төрінде, ұлттық тағамдар қойылған ақ дастарқан үстінде әңгіменің де, әннің де дәмдісі айтылды. Соңыра көкірегі шежіреге толы қария Өтеміс Махановпен түйе малы мен қымыран турасында аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.
- Бұрын түйе малын бағып көрмегенге ұқсайсыз. Түйе асырауыңызға не себеп болды?
- Расында, мен ертеректе түйемен айналыспаған едім. Жылқы малын көптен өсіргенім рас. Қыр-сырын да жақсы білемін. Түйе бағуды қолға алуыма Ақшиде тұратын Абай есімді азамат түрткі болды. Абайдың үйіне барып, қымыран ішіп тұратын едім. Ол бір сөзінде «бір түйеден ай сайын 60 мың теңге табамын» деп қалды. Қазір бір жігіттің жалақысы 60 мың теңге бола ма, болмай ма? Алматыға барып жұмыс істеген адамның жатын орны, ішіп-жемі, киім-кешегімен-ақ айлығының тамтығы да қалмайды. Осы шаруадан ауылда отырып-ақ, табысқа белшеден батуға болатынын түйсініп, түйе іздей бастадым. 2007 жылдан бері осынау іспен шұғылданып келемін. 150 бас түйем бар. Былтыр 30 түйе сауған едім, биыл сауылатын бастың саны 40 түйеге жетіп қалды. Бүгінде қол астымда 10 шақты адам жұмыс істейді. Олардың тұрақты жалақысынан бөлек, жатын орнын, ішіп-жемін толықтай мойныма алып отырмын.
- Шұбат құрамында адам ағзасына өте пайдалы дәрумендер көп деп жатады...
- Жылқы, сиыр малындай емес, түйенің жейтін шөбі басқа. Сондықтан оның сүті де ерекше болып келеді. Түйе жиде, жыңғылдың гүлдерін, қараталдың басын, тікен, жантақ шөптерін азық етеді. Шұбатты ішкен адамның қарны да ашпайды. Ол - әрі сусын, әрі тамақ. Қымыранның маңыздылығы, майлылығы жоғары. Іш құрылыстары ауыратын адамдарға бұл - мың да бір ем. Әсіресе асқазан жарасына шипалы. Осы дертпен ауырған талай адамның шұбаттан жазылып кеткенін өз көзіммен көргенім бар. Сосын тағы адамның иммунитетін көтереді. Өз басым күніне бір литрдей қымыран ішіп аламын. Сосын тоқ болып жүремін. Түйені бағу да жеңіл. Табиғатынан шыдамды жануар. Аяғы да ұзын. Өріске тез барып, тез тойынады. 15-20 шақырым жерге жайылып барып қайту түйеге бұйым емес. Суыққа да, шөлге де төзімді. Пайдасы да мол. Түйенің жүнін де өткіземіз. 1 келісін мың теңгеден сатамыз.
- Түйелер де өз ішінде түр-түрге бөлінеді емес пе?! Олардың өзара айырмашылықтарын айтып берсеңіз.
- Аруананың сүті мол болса, айыр түйенің сүті аздау болады. Бірақ айыр түйенің сүті құнарлырақ. Аруана негізінен 7-8 литр, ал кейбіреулері тіпті 10 литрге дейін сүт береді. Бір түйе күніне 2 мың теңге табыс әкеледі екен. Түйе ұстаймын дейтін жұрт болса, қуанамын. Қолымнан келген ақыл-кеңесімді аямаймын. Кейін олар түйе бағуда бір жаңалық ашатын шығар. Сол жаңалықтың пайдасын мен де көремін ғой. Бізге қызғаныштың қажеті жоқ. Жастар мал бағудың жаңа тәсілін тапса, оны мен де игеріп, ортақ игілікке жұмсармыз деп ойлаймын.
- Айыр түйе кезінде көбіне көші-қонға пайдаланылған көрінеді...
- Айыр түйе - таза қазақтың малы. Көші-қон кезінде үйір-үйір жылқысы бар байлардың өзі үйінде түйе ұстайтындарға күні қараған көрінеді. Жалғыз түйені көшіп алуға пайдалану үшін жалға алу құны ретінде бір жылқы беріп, қажетіне жаратады екен. Ауыр жүк тасымалына ыңғайлы түйе сол уақытта бүгінгі жүк көліктеріне теңестірілген тәрізді. Біздің бағып жатқан түйелеріміздің түп-төркіні - Түркіменстан. Кеңес үкіметі тұсында «Меркур» деген фирма осы түйелердің тұқымын Алматы маңына алдырыпты. Кейін әжептәуір көбейгенге ұқсайды. Артықшылығы: өте сүтті. Түйе сүтінің негізгі атауы - қымыран, қыстыгүні шұбатылып тұратын кезін ғана шұбат дейді емес пе?! Осы қымыранның қадіріне жетпей жүрген жайымыз бар. Насихаты төмен.
- Мал бағудың да машақаты шаш етектен. Төрт түлік, оның ішінде түйе малының дұрыс күтімді, бағып-қағуды қажет етері бесенеден белгілі. Бұл жұмыстың өзіндік құпиялары да бар шығар?..
- Пайдасын көріп отырғаннан кейін машақатынан несіне қашайық?! Бірақ адам өз шамасын білуі керек. Мыңнан астам түйе бағамын деп, малдың обалына қалып жатқандарды да білеміз. Есепті күтімі жоқ, күн санап қырылып жатқан түйеге қарап, ішім ашиды. Малға жем-шөбін тауып беріп, бағып-қақпасаң, жағдайын жасамасаң, дұрыс өнім береді деп айта алмаймын. Бес жылдың ішінде түйе бағудың жай-жапсарын игеріп қалдым. Қазір білгенімді өзгелерге үйретіп жүрмін.
- Жылқы баққаннан түйе өсірген тиімдірек деп қалдыңыз бір сөзіңізде. Осы пікіріңізді тарқата түссеңіз...
- Өзім талай жылқы жоғалтқан адаммын. Былтырдың өзінде 21 қылқұйрығымды айдап кетті. 1991 жылы 49 бас жылқымды ұрлатып алған кезім болған. Қазір 150-дей жылқы ұстаймын. Қыстай соның артынан жүремін. Түйе түнде жайылымға шықпайды. Жылқы күндіз-түні жайылады. Оны түнде қораға қамап қойсаң, құлынын тастап қояды. Түйе бір сиырдан артық шөп жемейді. Өте тойымды жануар. Денесі үлкен болғанымен, жылқыдан екі есе аз қоректенеді. Тез тойынады да, үйренген қорасына қайтып келеді.
- Ұлдарыңыз әке жолын жалғастырып жатыр ма?
- Үлкен ұлым Қайратқа Ұзынағаш жақтан қымызхана ашып бергенмін. Сонда өзі сауылатын 15 бие ұстайды. Келесі ұлым Талғат та менің қолымда жылқы шаруашылығын кәсіп еткен. Базарға барған қымыз бұзылады. Оған әбден көзіміз жетті. Сол себепті қымызды базарға жеткізбей өткізуге тырысамыз. Өйткені таяқтың бір ұшы бізге тиеді. Өткізетін адамдарымызға үнемі еш нәрсе қоспауын өтінеміз.
Арман ӘУБӘКІР
«Алаш айнасы» газеті