Алматыда "Желтоқсан-86" саябағы пайда болады
Биыл қазақ жастарының қылышынан қан тамған кеңестер одағына қарсы шығып, өз талабын қойған әйгілі Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл толады. Аталған көтерілістің маңызы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қаңтар айында “Егемен Қазақстан” газетінде жариялаған “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында айтып өткен болатын.
Президенттің аталған мақаласында ел Тәуелсіздігінің ақтаңдақ беттері мен оның маңызы жайлы жан-жақты жазылған.
Мәселен, Президент өз мақаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын негізгі үш он жылдыққа бөліп қарастырады. Бірінші онжылдық – жаңа қалыптасқан Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деуге болады. Бұл кезеңде мемлекеттің билік жүйесі қалыптасып, нышандары айқындалды.
Екінші он жылдықты қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі деп бөлген. Яғни, бұл кезеңде қазақстанның экономикалық әлеуеті артқан. Құрлықтағы барлық шекара айқындалып, заң жүзінде бекітілді.
Үшінші онжылдықта шекара мәселесі толығымен шешіліп, дамыған отыз елдің қатарына қосылауға ұмтылдық.
Ал, қастерлі тәуелсіздіктің төртінші он жылдығына қадам басқанда, өткенімізді түгендеп, өшкенімізді жағуға талпыну заңдылық. Бұл тұрғыда кеше кім болдық, бүгін қайда барамыз, ертең кім боламыз деген сауалдарға жауап беру аса маңызды.
Ендеше, бұл сатыда ел тәуелсіздігі тарихында айрықша орны бар желтоқсан көтерілісіне тоқталмай кетуге болмайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған көтерілістің маңызы жайлы айта келіп, желтоқсан көтерілісінің азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы қажет екенін баса айтты.
-“Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек”,- деді Мемлекет басшысы “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында.
Осыған орай елімізде маңызды, ауқымды істер атқарылып жатқанын айта кету керек.
Мәселен, жуырда Алматы қаласында Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына орай, “Желтоқсан 86” атты саябақ ашылатыны туралы ақпарат шықты.
Нақтырақ айтсақ, Алматы қаласының әкімдігі қалалық мәслихатпен біріге отырып, Түркісіб ауданында ораласқан “Жас қанат” ықшам ауданындағы аты жоқ саябақты “Желтоқсан 86” деп атау мәселесін қарастырып жатыр. Бұл жөнінде қалалық әкімшілік пен қалалық мәслихаттың бірлескен қаулысы Ашық НҚП-да жарияланды.
Қаулыға сәйкес, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" Заңының 13-бабына cәйкес, Алматы қаласы тұрғындарының пікірін ескере отырып, Алматы қаласы әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының 2021 жылғы 22 ақпандағы және Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының 2021 жылғы 7 сәуірдегі қорытындыларының негізінде, Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ және VІІ сайланымның Алматы қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Алматы қаласы Түрксіб ауданы "Жас қанат" шағын ауданындағы атауы жоқ саябаққа "Желтоқсан-86" саябағы атауы берілсін.
2. Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімі, "Алматы қаласы Стратегия және бюджет басқармасы", "Алматы қаласы Қалалық мобилділік басқармасы", "Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы", "Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемелері осы бірлескен қаулы мен шешімді іске асыру жөнінде қажетті шараларды қабылдасын.
3. Алматы қаласы Мәслихатының аппараты осы бірлескен қаулы мен шешімді әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді, оны кейіннен ресми мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде және ресми интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.
4. Осы әкімдіктің қаулысы мен мәслихат шешімінің орындалуын бақылау Алматы қаласы мәслихаты әлеуметтік-мәдени даму, жастар және қоғамдық коммуникациялар жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы А. Жүдебаевқа және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаровқа жүктелсін (келісім бойынша).
5. Осы бірлескен Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы мен Алматы қаласы мәслихатының шешімі алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сонымен қатар, Президент мақаласында жыл соңына дейін ел тарихындағы маңызды оқиғаларды атап өту керектігіне тоқталған болатын. Демек, осы жыл ішінде Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтарға құқықтық мәртебе беру, соынмен қатар олардың еңбектері лайықты түрде бағаланып, насихатталуы қажет-ақ...
Abai.kz