Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
VI
«Қалың мал» сахнаға қойылып болған соң мектепке тағы қамалдық. Жылдық сынаудың уақыты таяп қалып еді. Соған дайындықтың қамы қамалғанымызды есімізден шығарып та жіберіпті. Мұның үстіне үйімнен осы кезде келген бір хат қамға ғана емес, қайғыға батыратын бір жәйітті жеткізді.
Екі жылдан бері мені көре алмай сағынған әке-шеше өздерінің күші жетпейтін мың доллар ақша жіберіпті маған. Бұл қазір орта қолды бір аттың құны. «Осы жаздық демалысыңда қайтсең де қайт, қартайып қалдық қой, бізге бір көрін» деп жаздырыпты. Бөлек бір жапырақ қағаз тағы да Бағдарқанның қолымен жазылған Биғазының сәлемі екен. Ол өзінің кәсіпсіз қалып, Бигелдінің жалшылығынан басқа «сауын» табылмағандығын, әке-шешеміздің маған жіберетін жол расхот таба алмай қиналғандығын, сөйтіп жүргенде «елдес, бұрыннан құдандалы» біреудің Биғайшаға құда түсуді қолқалағандығын жазыпты. «Мына ақшаны жіберген сол құда - өзің білетін Оспан молла, саған сәлем айтып отыр» депті Биғазы...
Денем түршігіп, бет-аузым жыбырлап кетті мұны оқығанда. «Он төрттен он беске енді шығатын жалғыз қарындасымды менің бұл расхотым үшін сатыпты-ау!- деген ашыныш қинады. - Жоқ, обалына қала алмаймын оның!... Алдымен оқып, сауатын ашуы керек. Сонан кейін, барғысы келсе өз ықтиярымен барсын!... Сол!... Мен өзімді сатқызсам да оны сатқыза алмаспын!...»
VI
«Қалың мал» сахнаға қойылып болған соң мектепке тағы қамалдық. Жылдық сынаудың уақыты таяп қалып еді. Соған дайындықтың қамы қамалғанымызды есімізден шығарып та жіберіпті. Мұның үстіне үйімнен осы кезде келген бір хат қамға ғана емес, қайғыға батыратын бір жәйітті жеткізді.
Екі жылдан бері мені көре алмай сағынған әке-шеше өздерінің күші жетпейтін мың доллар ақша жіберіпті маған. Бұл қазір орта қолды бір аттың құны. «Осы жаздық демалысыңда қайтсең де қайт, қартайып қалдық қой, бізге бір көрін» деп жаздырыпты. Бөлек бір жапырақ қағаз тағы да Бағдарқанның қолымен жазылған Биғазының сәлемі екен. Ол өзінің кәсіпсіз қалып, Бигелдінің жалшылығынан басқа «сауын» табылмағандығын, әке-шешеміздің маған жіберетін жол расхот таба алмай қиналғандығын, сөйтіп жүргенде «елдес, бұрыннан құдандалы» біреудің Биғайшаға құда түсуді қолқалағандығын жазыпты. «Мына ақшаны жіберген сол құда - өзің білетін Оспан молла, саған сәлем айтып отыр» депті Биғазы...
Денем түршігіп, бет-аузым жыбырлап кетті мұны оқығанда. «Он төрттен он беске енді шығатын жалғыз қарындасымды менің бұл расхотым үшін сатыпты-ау!- деген ашыныш қинады. - Жоқ, обалына қала алмаймын оның!... Алдымен оқып, сауатын ашуы керек. Сонан кейін, барғысы келсе өз ықтиярымен барсын!... Сол!... Мен өзімді сатқызсам да оны сатқыза алмаспын!...»
Жылдық сынау алынып біткен соң Дөрбілжінге қайтуға дайындалдым. Дайындықтың ең алды жасырын кітап дүкенінен Биғайшаға оқу құралдар алу болды. Демалысқа қайтатындығымның тұңғыш хабары әрине Нұрияшқа жеткен ғой. Айтылған уақыт бойынша, күн бата мектебінің алдына шығып күтіп тұр екен. Ауасы түтін болса да бал татыған ұшырасуымыздың аспаны сұсты, аясы тар болып шықты, аймаласар дал да, әңгімелесер пана жоқ. Жатақханаларында сабақтас қыздар бар, анау Күлән маңында аңдушы пайда болған. Көшеде өрген шарлаушы енді бір сағаттан соң-ақ сақылдамақ. Тұна қарасып тамсанысып қана қойдық та, сол маңдағы бір қалтарыс қысқа көшеге тарттық.
Нұрияштан жасырған сыр арам болмай ма, үйімде болып жатқан «қалың мал» мен маған келген «қарғыбаудың» сырын қалдырмай айттым. Күрсіне тыңдап келе жатқан Нұрия қол орамалымен көзін сүртті.
Мұным Нұрияға қазірше айтылмауға тиісті сыр екенін енді түсіндім.
- Болмайды, жастай шырмамасын,- деп көзін қолжаулығымен тағы бір сипай салды да, маған тура қарап ашыла сөйлеп кетті. - Кімге барғысы келсе де, кейін өз еркімен барсыншы.... Сенің расхотың қазір-ақ дайын, оныкін барған соң қайтарып бер, мал билеп кетпесін!
- Сен өзің де жол жүресің, әкең түрмеде. Расход әсіресе оған көп керек. Бұл іске кіріспе, жаным, барған соң мен өзім-ақ шешемін!
- Үйіңдегі ісіңе мені кірістіруді қаламасаң, ол өз алдына. Бірақ ұлдың оқуы немесе бай болуы үшін қыздың сатылуына қарсымын. Әпекелерім үшін де талай құсаланған жайым бар. Олар әлі жылап жүр, мен әлі өкінемін. «Бөрік кигеннің намысы бір», Биғайша менің де сіңлім. Сол үшін...
- «Кірістіруді қаламасаң» дегенің не, неге қаламайды екенмін, бірақ, малы жоқ болған соң-ақ малға сатылады деп мені қорлағаның болмай ма бұл?
- Неге қорлайды екенмін, бірақ, «жоққа жүйрік жете ме?»
- Әне,- деп қалғанымда Нұрия құшақтай алды мені:
- Болды, айтпайын енді!...
- Жоққа жетпесе де мына істің жөніне жетуге болады Нұрияшым!... Тұңғыш өтінішім болсын, дәл осы іске сен әуреленбе!
- Қазір маған ешқандай әуре емес... «Тұңғыш өтінішім болсын» дейсің ғой өзің, осындай «тұңғыш өтініш» бола ма екен?- деп Нұрия сыңғырлай күлді. - Жақсы серік бол десеңші онан да... «жақсы адам бол» деп өтінші, намысы бір сіңіліңнің мұңына ортақтаспа деп өтіне ме екен?
- Жеңдің ғой Нұрияш, бірақ бұл мәселені сенің тілегіңдей етіп өзім-ақ шеше аламын, менің ар-намысымды аяшы!
- Оны аямай нені аяйды екенмін? Соны өзіңмен тең тұрып аяуыма рұқсат етерсің!...
- Кім сендер? - деген ханзуша зейіл үн естілді артымыздан. Жалт қарасақ, бір жабық қақпаның алдында келіп сөйлесіп тұрыппыз, «тергеушіміз» ішінде екен. Қолтықтасып жүре бердік. Яңхаңның1 әр тұсынан көше қарауылдары шақылдай бастады. Шын аяныштың айтылмай, іштен кернеп тұрған күшті сезімі білектерімізден қыса түсті. Аспан түксиіп, Үрімжі зекіріп, зор құдыретпен екеумізді екі жаққа тартып бара жатқандай, бір-бірімізге бар күшпен жабысып келеміз. Үрімжі - Сарсүмбе ауа жолының да бекіп қалу хаупі бар еді және Алтай партизандары Қостолағайдан батыс оңтүстікке қарай бір жылжыса, Тарбағатайдың арба жолы да бекиді.
Екеуміздің осы себептен қайта кездесе алмай қалу хаупіміз ішімізден қақсатып барады. Оны айтудан қиналамыз. Еріндеріміз екі адым сайын бір түйіседі.
- Сәті келсе, әкеммен тіл қатысып, асықпай қайтайын деп жүр едім. Енді ертең-ақ билет алуым керек болды. Мені аясаң тоғызыншы ай туысымен осы жерде бол,- дегенде Нұрияның сыбыры дірілдей шықты.
- Жетемін, алаң болма... жүруге неге соншалық асықтың?
- Тез қайтып келуім керек, Шәуешек - Дөрбілжінге Алтайдың почтасы тоқтап қалса... айтпақтайын, жаңағы хатыңның конвертін берші!... адресі толық шығар?
- Иә, ал!... Маған сенімің аз ғой деймін...
- Олай емес...
Нұрия солқ-солқ ете түсті, құшақтай алдым.
- Жүрегім тоқтап қалмаса, аяғым жетеді Нұрияшым! Үйге жетісіммен хат жазамын, Қабеннің адресі ғой?
- Сол. Тез-тез жазып тұр... Бірақ, он неше күнде әрең жетесің-ау!... Сен де маған толық сен!... Көп алаң болма, иә!... Мәңгі алалыңмын, міне!... міне!... Таңертең ерте жүресің ғой, ертерек қайта ғой!... Көше қарауылдары тосып әурелемесін!...
Мектебіне таяп келіп тоқтаған екенбіз. Ол құшағын жазды да тез басып жөнеле берді. Қақпаның кіші есігінен кіре қайрылып, қолын бір көтерді де, ғайып болды.
Мең-зең тұрып қалған мен де бұрылып жүре беріп едім. Жан қалтама түскен қолыма жібекке оралған бірдеме іліне кетті. Қол жаулыққа оралған ақша екен. Қақпадан кіргенше бір қайрылмай зыта жөнелуі сонсын сездірмей өткізу үшін екенін түсіндім. Бетім ду ете түсті. Қайта қайрыла қарап тұрып қалдым, енді ол көрінсін бе? Жігіттік намысым қалыңдықпен бірге кеткендей қадалдым: «сол құдалық сырын айтып, өзімді соншалық мүсәпірсіткенім не әлі! Аттанарда жол расхоты жөнінен тым аянышты болып көрінуім неткен түйсіксіздік еді, тіпті ақша сұрағандай болыппын ғой!» деген қиналысты сезіммен ақша тиген қолды сілкіп тастап жүре бердім. «Қалыңдықтан қалың мал сұраған қайыршы қайда бар мендей... Әлде ол сырымды айтудан бұрын дайындап қойған жолдығы ма екен?!» деген оймен қайта суырып алып, ашып қарадым. Жаңа қол жаулықтың ішінде ақ қағазға таптіштеп оралған өзінің суреті де бар екен. Расында да бұрын дайындап қойған жолдық болды. «Бірақ, ол неге ақшалай жолдық береді?... Ой дүние-ай, алдаушы болмайын деп алғаш танысқаннан-ақ қайыршылығымды таныстырып болған екем ғой!...»
Шошынып қалған жылқыдай секемшіл ойлардан шақ ете түскен зейіл күзетшінің дауысы айырды. Осыдан бастап бұқаралық книшкамен жол хатымды жая жүріп мектепке жеттім.
Шәуешек кірекеш арбаларын тауып қойған сабақтастарыммен бірге таң бозарысымен жолға шығып едім. Куәліктерім мен таныстыруларым бекет сайын жайылды, оған омыраудағы мектеп знашогы қосыла көрсетілді. Кей бекет сақшыларын сонда да алал азамат екендігімізге сендіре алмай көп «әурелейтін» болдық. Бекет сақшылары біз батысқа жол басқан сайын қиналып, тыжырына түседі. Куәліктерімізге ғана емес, тіпті жүз-шырайымызға да үңірейе қарап, маңдайларын уқаласады. Одан қайта үңірейе қарап келіп, бет сүйектерімізді түрткілейді. «Бәрі қазақ, ұйғыр.... арбакеші де қазақ!» деп күңкілдейді біріне-бірі. - «Бұларға неге жолхат бере берген» деп сырт беріп, тілдей теңселеді.
Ұзақ жол бойына осы тілді естіп, нервымыз ширап қалып еді. Жәйірдің жолындағы Ұты бекетіне жеткенімізде осы суық тілді тағы естіп, айтыса кеттік:
- Өзің тамады1! - деп қалды бір ұйғыр сабақтас.
- Шымы, шымы?!2 - деп тікірейді сақшы.
- Жолхатымызды көріп тұрып неге боқтайсың сен?!- деді Қуат, жуантұғыр қысқа білегін бүйіріне тіреп алғанын сезбей де қалды өзі. «Шырақ» деп қана сөйлесетін соншалық сабырлы Қуаттың ашуға тосын келгенін көргенім осы. Мықынына қатты тірелген білектері дір-дір ете түсті, - біз Гоминдан мектебінің оқушыларымыз, белгі-билеттеріміз айқын көрініп тұр, бір тізбек арбамен келе жатырмыз. Бізге осыншалық жиренішті көзбен қарап, осынша тергесең, жай-қарапайым жолаушыларға не қылмайсыңдар!
- Ханзуша, адамша сөйле!- деп ақырды сақшы. - Не дейсің?!
- Адамша сөйлемей, аңша сөйлеп тұрмыз ба? - дедім мен ханзу тілінде. Сенен басқа кісі адам емес пе екен?
- Сендер бандысыңдар,- деп ызбарлана күлімсіреді сақшы. Қанша тергесек те құқық бізде, ұқтың ба, жоқ па?
- Бір ұқпаған жерімді сұрайын сенен,- деп алдыға таман шықтым. Біз Үрімжі жыңса жүйінің3 жолхатымен келе жатырмыз, таңбасын ақтара көріп тұрып сенбей біздің бет сүйегімізді түрткіледің! Сақшы таңбасын сүйегімізге емес, осы жолхатқа басқан. Ұқтың ба, жоқ па?!... Өзіңнің бас мекемеңе сенбейтін сен сақшы болып қайдан келдің?!
- Мен сендердің бандылықтарыңды тиюға келдім, танып қой! Шешеңді...!
- Ей, тарт ауызыңды! - деп ұйғыр сабақтас сұқ саусағын кезеп қалғанда, жолхат тексеруші шақ ете түсті. Арт жағында төрт-бес «сары аяқ» тұр еді, соларға бұйыра шақылдады:
- Қама! .... бәрін қама!...
Мылтық шақпақтары тұс-тұсымыздан шақ-шұқ қайрылғанда бір-ақ білдік: жолдың екі жақ жиегіндегі тас қоралар түгелімен әскер ұясы екен. Қатқыл үніміз шыққанда-ақ қоршап болыпты.
Олар бізді мылтықтың найзасымен түрткілеп, биік дауалға қарай айдады. Әлгі сақшы арбакештерге ақырды енді:
- Барлық арбадағы жүкті түсіріңдер!... Тас тасисыңдар!
Арбакештер шу көтерді:
- Тасымаймыз!
- Көлігіміз болдырып келеді, тақсыр!
- Тасымаймыз!... Түсірмеңдер жүкті!
- Ей, жігіттер, осылардың бастығына сөйлесейікші, соған айтыңдаршы! Өзі тіл білетін көрінген.
- Соған барайықшы бәріміз, соған!...
Біз айдалып қақпа алдына жеткенде іштен қызыл шырайлы біреу шыға келді. Арбакештердің айтқаны сол екен. Жолхатымызды түгел көріп шықты да, бізге жағалата қарап, түйіле зекірді:
- Жолхат тексерушіге неге қарсы тұрасыңдар! Қайдан келген мықтысыңдар?...
Енді мұны ерегестіріп алсақ, жолхатымыздың қолхаттық күші де қалмай сорланатынымызды біліп, шағым жауабымызды жуаси қайырдық.
- Көрешектеріңді Дөрбілжіннің қызыл көпіріне барғанда көресіңдер... Сақшы қызметкерлерімен ойнамаңдар!... Мақұл ма?
«Пайзысо сожаңы»1 осыны айтып, тағы бір зекіп тастады да, жолхат тексерушісіне күле келіп күбірлесіп, біздің жүріп кетуімізге рұқсат етті.
Арбаларымызбен тым болмағанда екі сағат тас тасып алмағанына тыжырынып, жағы мен мұрны қисайып кеткен қара сұр тексеруші сырт айналғанда, болдырған аттарымызға бәріміз жабыла сыбырлап «шу-шу» айтыстық та жаяу шұбыра жөнелдік.
- Япыр-ай, пиғылдары қатты бұзылған екен, бізді жәркемдеп тастай жаздады-ау мыналарың!- деп күрсінді Қуат.
- Әлгі бастығы тәуір екен, «түсі жылыдан түңілме» деген ғой.
Менің көз алдыма Нұрия жайнай қарап жарқ ете түсті де, ғайып болды. Бар жәннәтім сонымен бірге кеткендей елең ете қалдым. «Біз Үрімжіге қайта алмайтын жағдай болса, көтерілістің орталығы болған Алтайдан оны қайтарар ма?... Осы бойы кездесе алмай кетер ме екенбіз?... Жоқ, Нұрияшты көрмей тұра алмаспын... Ондай жағдай болса, Алтайға өзім кетемін! Осы сұмырайларға қарсы соғысқа Қабенмен бірге аттанамын!... Жақсы ат тауып, жол білетін біреуге ерсем болған!...»
Ұты сожаңының «қызыл көпір» жайындағы жұмбақты сөзін жол-жөнекей сұрап ұғыстық та, содан бес күн өткенде жетіп, көзбен көрдік.
Сәске түс, күн шыжғырып тұрған ыстық еді. Дөрбілжін қалашығы сары әйнек бөтелке ішінде қусырылып, тұншығып жатқандай тым-тырыс. Шәуешек кірекештері ат тынықтыру үшін Емілдің бер жақ жасаңына тоқтағанда біз көпірге қарай жүгірдік. Бір ғажабы, ары-бері өткендер көпірмен жүрмей, Емілдің суын кешіп өтіп жатыр. Қолдарымен иә орамалымен тұмшаланып, ауыз-мұрындарын баса өтеді. Көпірдің аржақ аузында күзет үйшігі, оның аржақ сыртында бүкіл қалашыққа қақшия төніп тұрған биік потай. Тұс-тұсқа қаратылған атыс тесіктерінен ұзынды-қысқалы мылтықтар үңіледі. Ұшар басына сирақты плимоттан үшеуі құрылып, үш жаққа қаратылыпты. Әйт десең-ақ ажал төгемін деп тұрғандай. Өздерінің қорқпауы үшін түн бойы тарсылдап шығатынын жолда естігенбіз.
Көпірдің орта шенінде қадаға шаншылған адам басы қарауытады. Біздің жолай естіп, көруге асыққанымыз осы еді. Бұл - Түсіпбек атты мерген аңшының басы.
Мылтығы бар деген көрсетінді бойынша Мойынталдағы үйінен ұстау үшін сеп жая жеткен «сары аяқтардан» Түсіпбек жалғыз атымен ғана қашып құтылған екен. Бесатар мылтықты түтігі мен дүмін кесіп ықшамдап, «жеңілмылтыққа» айналдырыпты да, екі-үш ай дала безіпті. «Қашып бара жатып, жеңін қайрыла бір көтергені бір сары аяқ» деп, батырлық аңызға айналған. Бір реткі қоршауда оғы таусылып, қолға түсіпті....
«Сары аяқтар» өз мықтылықтарын әйгілеп, халықтың үрейін алу үшін, «Түсіпбек бандының» басын атақты қызыл көпірге әкеліп шанышқанына бір апта болған екен. Үкімет жүрегі де, өлген аңшының басы да соншалық сасып-шірігендіктен адамзат жоламайтын болған сол көпірді сасық кәнік «сары аяқтар» ғана мекендеп тұрыпты. Өлі сасықтан тірі сасық қорықсын ба, осындай батырлықтарымен де айқұлақтанып, мақтана түсу қажет болғаны ғой!...
Қала халқы қайшылыса базарлайтын сол көпіріміз Түсіпбек басы шаншылудың алдында да талай асыл денені шіріту көрмесі болғанын сыбырлардан ести шегіндік.
Қалада туыс-қиыстарымыздан ешкім қалмай, әр қыстақ, әр түкпірге көшіп шығып кеткенін хаттардан ұққанмын. Бағдарқан өзі сол ұйымның хатшылық қызметіне орналасқанын жазған ғой.
Бұрын ойдан-қырдан тоғысып, тойдай сапырылып жататын ұлттық қызмет ауласы иен қалған тәрізді, алабота мен ошаған қаулап тұр. Есіктердің тұтқалары мен салынған құлпын тат басыпты. Ашық тұрған бір есік алдына барсам, Бағдарқан сонда жалғыз отыр екен. Ұшып тұрып құшақтай алды. Денсаулық-амандық біліскен соң-ақ ұйым қызметкерлерін сұрадым. «Хатшы бөлімі» аталған Бағдарқанның өзінен басқа ешкім қалмапты, ұйым қызметі жабылып, ат-атағы бар қызметкерлер тегіс халық арасындағы үгіт қызметшісі атымен әр жаққа тарап кеткенін айтты.
- Соларға үгіт қолданбаларын жіберіп тұратын көшірмешілікке мен ғана қалып отырмын,- деді Бағдарқан.
- Үгіттерің не жайында?
- Ең негізгі тақырып - Гоминданның «зор қамқорлығы»,- деп күлімсірей күрсінді. «Шың Шысайдан қамалған азаматтарды түгел босатамыз, түрмені азайтамыз, бандылар тазаланып болған соң тіпті түгел дерлік шағып тастаймыз» дейді. Бірақ, өздері түрмені бұрынғыдан үш есе көбейтіп, іргесін бетон-сементпен қатырып жатыр.
- Одан басқа қандай үгіті бар?
- Басқасы «үгітшілердің қосымша міндеті» деп аталады. Куәлік - жолхатсыз қонақтарды, көбірек қыдыратын «суық жүрісті» адамдарды байқай жүріп, пайзысоларға ұстасып беру керек.
- Тыңшылық деші!
- Жоқ, тыңшылықтан «абройлырақ»,- деп күлді Бағдарқан. Түрмені босатамыз деп сөйлей жүріп түрме толтыру, қылышты шағамыз деп адам шабу - мұның аты. Жә, Биға, көшеден тамақтанып келіп сөйлеселік! Алға қарағанси тұрып, артқа шаптыру сияқты талай «зор қызметтер» бар ғой!
- Ораз сақау бар ма?.... Соның үйінен ішерміз... О, сенің қызметіңе болайын,- деп түрегеле құшақтап сүйдім Бағдарқанды.
Оның етті, сопақша қара көзі қызғылт тартып, жасаурай қалды.
- Ашынышты-ақ, Биға!... Қызмет емес, миыңа ине шанышқандай ең ашты азап!...
Бағдарқанның бүйректей томпақ қызғылт жүзі сұрланып, ашаң тартқан екен. Қамшыл, ойлы болып өскендей, екі қасының арасына әлден қос сызықша әжім түсіпті. Одан жол-жөнекей сұрағаным, Нұрасыл ағасының жайы болды.
Кәкім мырзаның ең алдымен Нұрасылды көрсету арқылы мәнсапқа шыққанын айтты ол.
Сақшы мекемесі «жыңса жүй» аталып Гоминданға өтісімен, «Нұрасыл менің атымды ұрлап беріп, Советке адам қашырды» деген шағыммен бір қаматқан екен. Нақақтығына куәлік үшін Дөрбілжіннің көп адамын ертіп апарған Құрышбек құтқарыпты. Кәкім екінші рет «Нұрасыл бандылармен астас, Алтайға Қобық арқылы адам жіберді» деп шаққан екен. Жіберді деген саудагер досы Қобықтан қайтып келіп, ақталғанша тағы бір жатып шығыпты.
Сөйтіп, нақақ болса да нақ қаматқан соң-ақ Кәкімді Гоминдан бауырына тарта жөнеліпті. Мұндай қыран жалақордың мыңдап қыруға да сылтау тауып бере алатынын қожайыны білмесін бе? «Іздегенге сұраған» солай табыса кетіпті.
«Қанқұйлы Кәкім - Шаңзұң Кәкім болғалы шақылдауы күшейіп кетті, үшінші рет қамалса қайтып шыға алмаспын, кәсіпті қаладан алысырақ кетіп істей тұрайын» депті Нұрасыл бір күні. Сөйтіп, бала-шағасын қыстақтағы қайын жұртының қасынан жер үй қазып орналастыра кеткен екен.
- Міне, екі ай өтті, Нұрасыл ағаның қайда жүргенінен хабар жоқ,- деп күрсінді Бағдарқан.
Жер Дөрбілжіннің теріскей жақ етегіндегі Ораз үйінің желкесінен бір потай орнап, төбелерінен қыдия қалыпты. Есік алдынан шешесі амандасып кіргізді бізді. Ораз сақау үйленіп алған екен, үлкен үйінің қарсысындағы қызыл шымылдықты отауында қарсы алды. Құшақтай амандасқан соң-ақ қолтықтап апарып жас келіншегіне жабыстыра қойды:
- Сүйші бір-р-р, қане!... Өй, кемпір-р құшақтасаңшы, алыстан шар-ршап келді ғой, сен сүй...
Сөйтіп, біраз күлісіп алған соң күрсіне келіп отырды қасыма.
- По шір-ркін, аман көр-р-ріскеніме қуанғаным-ай!... Мына потайдың астында отыр-р-рып, тір-рі көр-р-рісуден үмітім аз еді. Ір-ргесіне бір-р гранат түссе-ақ мені баса құлағалы тұр-рмай ма?
- Қазірше басқа кесірі жоқ па?
- Кесір-рі болғанымен кет дейтін күш бар-рма бізде, өзіміз кеткелі отыр-рмыз. Бізден қайнаған су алып тұр-рғандықтан қазір-р шақылдаған жоқ, қатынымның төбесінен қар-рқылдасып қана қояды. Мынау қызыл желекті емес пе, қызыл көр-р-рген қар-рға сияқты, жапыр-рлай төнеді бер-ргі тесігінен.
- Қойшы-ей! - деп күңк ете түскен келіншегі сықылықтап күле жөнелді есікке.
- Мінеки, солармен құпиялығы бар-р осының!...
- Қазір не істеп жатырсың?
- Қазір қатыныма қар-рап отыр-рамын, ішім қу. Мұны бағамын деп шығып кетсем-ақ сол бағатынымды қағып кетпей ме анау құзғындар-р. Есіктің алдына отыр-рып ап балтамды қайраймын, «үйіме басынып кірсеңдер-р-ақ бастарыңды кесемін» дегенім ғой!... Түнде төбемізден плимот тақылдатып тұр-рады. Қатыныма ең болмағанда бала тастатады-ау деп қор-рқамын.
- Газет-журнал оқып тұрмысың?
- Бұлар-рдың газеті қазір шылғи өтірік, сонда да оқимыз оны. Ал мына жақтікін әкем анда-санда шығып тауып әкеп тұр-рады. «Қазақ елі», «Шар-рық ақиқаты» деген журналдарының да бір-р санын көр-рдім. Өте тамаша!... Оқып болған соң қайтар-рып бер-реміз...ей, мына жақ күшейіп кетті, немісті қусыр-рып, қуып бар-рады, қазір-р күн сайын жеңіс!...
Ораз шәй жасауға кірген шешесіне қарай кідіріп, қалпағын тастай салып еді. Қырылған басы жарқ ете түсті.
- Өй, Айдарың қайда кеткен? - дедім мен.
- Қатын әпер-рді ғой, айдар-рын апам енді немер-ресіне қояр-р,- дегенде шешесі қарқылдап рахаттана күлді. Енді шынымды айтайын,- деді шешесі шығып кеткен соң, - айдар-рлы баланың қатынын әркім айналдырмай ма. Мына төбедегі құзғындар-р құр-рқылдай бер-рген соң, мені баласынып, басынатын шығар-р деген оймен алдырып тастадым...
Бағдарқан менің келгенімді үйге хабарлау үшін көшеге шығатынын айтқанда, бірге қозғалған менің тіземді қолымен баса сөйледі Ораз:
- Шырағым, сен көшеге шықпай-ақ қой, қазірше ешкімді іздеме!
- Ие, Ожа, жағдайды өзің толық түсіндірерсің, - деп Бағдарқан жөнелді.
- Соңдарына енді Гоминдан түскендіктен сабақтастарыңның көбі Советке қашып кеткен, - деп сыбырлады Ораз. Үрімжіден келе салып Бексапаң да жоғалды. Үйдің жалғызы болғандықтан қор-р болып мен отыр-рмын. Өмірбек те мен сияқты жалғыз ғой, ол да отыр-р. Алдыңғы күні ғана қыр-рға шығып кетті. Қалаң бұр-рынғындай емес, қатал түске енді. Гоминдан әсіресе мұсылмандарға ханзулар-рды қайр-рап салды. Байлар-ры түгел дерлік қан ішер-р сәндуаға ұқсап кетті, қазақ көр-рсе-ақ «зиуазы», «туфи» десіп, көздер-рі қанталап кетеді. Екі адам бас қосып сөйлескенін көрсе, балаларын жіберіп итше талатады. Қала тұр-рғындары далаға, тауға кетіп жатыр-р.
- Соншалық қашпай-ақ, іргесін бекітіп отырып алса қайтпек?
- Бәле... Биғабіл, өзің әлі бала екенсің-ау! - дегенде Ораздың үлкен қоңыр көзі жұмыла жымиды. Тыныш отырудың пайдасы қалды ма қазір!... Сар-раяқтардың қызықпайтын нәрсесі жоқ, қыз-келіншек иә ешкі, сиырларымызға ғана емес, тіпті ыдыс-аяқтарымызға дейін көзі тұнып тұрады, ар-ра түсушінің мылтық дүмінен аяғы иә қолы шағылады. Қайыр-ршыларды тінтіп, алтын-күміс іздейді... Зәбір-р-зұлымға адам шыдағысыз, қайтып тыныш отыр-рар-рсың?... Өзіңнің оқып шыққан алтын бесік - ана мектебіңді көр-рдің бе?... Ие, көр-ре алмайсың жігітім, маңайына бастырмайды, сар-раяқтар-р құжынап, көбі сонда жатыр. Мектептер түгел жабылып, әскер-ри казар-рмаға айналған!...
- Айтпақтайын біздің мұғалімдер қайда?... Бар ма?
- Бар-р. Бірнешеуі жала тұр-рмесін көріп, қызметтен қуылған. Қалғандарында да тұр-рақты қызмет жоқ, ауыл-қыстақ, сай-салада тышқаншылап күн көр-ріп жүр әйтеуір-р. Аттары - «үгітші». Олар-рды бор-рдай тоздыр-рған «сәр-рсен саясат» болды ғой... Гитлер-рді «ғазырейіл» дегенім үшін Бексапа үшеуімізді тер-ргейтін Сәр-рсен мұғалім әлгі?... Сонда-ақ шпион екен ғой. Гоминдан баптаған соң ең қыр-ран тазы сол болып шықты. Қазір Гоминданның аудандық бөлімшесінде. Осы ауданда дәуірлеп тұр-рған Кәкім бай мен сол Сәр-рсен саясат қана. Саған көшеге шықпа деп отырғаным сол, сабақтастар-ры Советке қашқан сені Сәрсен жазбай таниды. Ол таныған соң-ақ құйр-рығыма «қалжур-р байланды» деп біл. Советке иә бандыға таңып, баужаң-жяжаңдар соғады сонсоң... Үй, тілімді көлденең тістеп алып, мен сақау сөз бер-рмеппін ғой саған.. Жә... а... Үрімжіде не боп жатыр-р, соны сөйлеші!
- Ол қаладан «баужаң-жаужаң» дегендерің ғана көрінбейді. Басқа, шпион-тыңшыларымыз жетерлік, бәрібір осы ғой. Жалғыз-ақ ол жерде адам басын көшеге әлі шанышқан жоқ. Тұзақ-қақпандары мектеп пен мекемелерде, қасаптары жасырын, түрмеде. Дегенмен, орталық қала ғой, бұл жерге қарағанда сыпайыгершілігі әлі бар екен.
- Бұл жер-рде шегінен асып кетті, Биға Түнде жүр-рген адамды қала ішінде сар-раяқтар-р ата салады да, қыстақтар-рда жаңгүдейлер-р ата салады. Мал екеш малдың өлімі де ізделуші еді ғой, бұл жерде өлген адамыңды іздеп бар-ра алмайсың. Осы кішкене қаланың өзінен-ақ он шақты қазақ баласын ұр-рып өлтірді. Оны тер-ргейтін үкімет жоқ. Тіпті өздер-рі құр-рал беріп қойған сияқты, әйтпесе кішкене балалар-р ыңғай икемді темір-р шоқпар-рды қайдан табады!... Сөйтіп, халықтың жүрегін төтенше қар-райтты!... «Мың асқанға бір-р тосқан» дейді ғой, осылар-рға бір-р зауал! Халық бұлар-рдың жазасын бір-р бермей қоймайды, мен біліп отырмын. Таулы, далдалы жерлерде халық ыңғайланып қалды. Соны білген сараяқтар-р қаладан шыға алмай, қор-ржалардағы кейбір ханзулар-рды құралдандыр-рып жатыр-р.... Бәр-рін естіп, көріп отыр-рған менің қаным тіпті қар-райып бар-рады. Бір-р шұр-рқан шыға қалса, жалғыздығыма қар-рай алмайтын сияқтымын, Биғабіл!...
Ораздың осыншалық ашулы сөйлеуінен зұлымдыққа қаны қайнап алғанын байқадым. «Иә, өмір бәрін үйретеді. Жан біткенге жазық-жәбірсіз өсуді бесігінен бастап үйренген осы жалғыздың енді қанға шөлдегендей күйге түсуі, әрине, сол өмір молланың сабағы ғой!» деген оймен күрсіндім. Жол-жөнекей көргендерімнен өзімнің де осындай ызалы ойға келгенім есіме түсе қалды.
- Жалғызсың ғой, сенің сақтануың керек, - дей салдым.
- Жалғызсың деп сақшының сақтамайтыны белгілі болған соң, сақтануымнан «сақтанбауым» жақсыр-рақ сақтап қалатындай көрінеді.
Екеуміз қатар күлгенде Бағдарқан тауып келген Биғазы кіріп құшақтай алды мені...
- Келетініңді біліп ат әкелгенмін, аржақ шеттегі бір қораға байлап қойып келдім. Жүр, күн батпай шығып кетелік...
Жүруге дайындала тұрып, Ораз бен Бағдарқанға бір пікірімді айта кеткім келді:
- Екеуіңнің де жүректерің қарайған екен. Қарайғанда да Гоминданның қара ниетіне ғана емес, бүкіл ханзу халқына қарайған сияқты. Естеріңде болсын, барлық ханзу атаулы жау десек, қатері бар қате жолға түсеміз. Зор ұлтшыл Гоминданға шын өшіккен адам сол Гоминданның өзіне титтей де ұқсамауға тырысады. Ханзу халқы түгел жау емес, жергілікті көршілеріне ара түсетіндері де бар шығар....
- Бары бар,- деп жымиған Бағдарқан бөлді сөзімді, бірақ, ондайлардың өздері тұншығулы, ара түсе алмайды!
- Ар-ра түскісі келетін ханзулар-р бар-р ғой, олар-р сыбыр-рлап қана жанашыр-рлық білдіреді. Мен ондайлар-рға титтей де бөтен көзбен қар-рамаймын, - деп Ораз күлгенде, бәріміз күліп едік, менің қолымнан Биғазы тарта жөнелді:
- Ал, тез шығып кетелік...
Екеуміз бір атқа мінгесіп, Емілдің шығыс жағындағы Ақсу, Маралсу өзеншелерінің қан жолды, күзеті бар қыстақтарынан алыстап, өткелдерден өттік те, түнделетіп «Бұрқанды қарасу» шалғынына сүңгідік. Үйіміз соның ортасында, бір тепсеңге салынған ескі тамда екен. Шалғайырақтан моңғолдың мұңлы ән сарындары ғана естілгені болмаса, жалғыз там тас қараңғыда жым-жырт мүлгиді.
Есік алдынан Биғаділдің үні саңқ ете түсті:
- Қырау келді, Қырау!... Қырау!
Түгелімен шүбіріп шыға келген үй іші жеткенше аттан ұшып түстім де, Биғаділмен құлақтаса кеттім. Құшақтасуымыз еді бұл. Бала кездегі қылығымызды сағынған сияқтымыз.
- Бә...ле, баяғыларынша құлақтасып тұр ғой мына екеуі,- деп әкем жетіп келді де, кішкене сәбиіндей басынан асыра көтеріп кетті мені. - О-о-о, күшігім, күшігім!... Қане, мұрыныңды әкелші, мұрыныңды!... Қане, көзіңді!... Маңдайыңды аш, маңдайыңды!.... О, күнім-ау, күнім-ау, әйтеуір аман келдің бе, құлыным?!...
Соңғы сөзі кемсеңдеп жылай шықты да, шешемнің алдына мені қоя салып жөнелді. Құшақтап сүюге кезек күтіп тұрған Бигелді күлді онысына:
- Енді Қырау үшін намаз оқығалы кетті, Құдай біледі!
- Қуанышты кезде көрісу үстінде жылағаны несі албасты басқырдың?- деп екі шықшытымнан құшқан шешем, бойын созып екі қасымның арасынан ғана бір сүйді де, мені Бигелдіге ысырды...
Сол кең пейілді құшақтардан күле шығып құшып едім Биғайшаның басын. Маңдайынан иіскеп, сүйе тұрып жылап жіберіппін.
- Неге жылайсың аға, аманбыз ғой бәріміз!... Бә...ле!- деп жайнаңдай күлді қарындасым. Мен өкси жөнелдім үйге қарай...
Әкемнің намаз оқуға кеткені рас екен. Түн ортасында оқылған уақытсыз намазға ата-анадан басқа бәріміз күлдік.
- Иә, дұрыс, бәрің де күліңдер,- деп тұрды әкем жайнамазынан, бастарыңа келсін!... Илаһи сендер де оқудағы балаларыңды менше аман көріп, өмірлі болуын осылай тілеңдер!... Ал, келші Құрауым, менің алдыма отыршы, сағындым ғой!
Екі жылдан бері ұмытып қалған еркелігім ұстай қалды сол кезде.
- Алдыңа енді отырмаймын, кенжең ғой, Биғайша отырсын. Енді оны жылсыз сол орыннан тұрғызсаң разы емеспін!
- Мен жаңа ғана тұрдым әкемнің алдынан,- деп күлімсіреді Биғайша, енді сен отыр, аға!
Үнсіз қызықтағандай қарай қалған әкемнің орнына шешем тіл қатты:
- Қарағым-ау, енді он жыл да кім бар, кім жоқ, өлмейтін сайтан деймісің оны!
- Өлсе де сол мейірімді әке күйінде өткені жөн. Кім өлмейді, тек жақсы қалпында өту ғана бар адамның қолынан келе бермейтін жұмыс!
- О-о-о... құлыным,- деп тыныстады әкем, - бәсе, тілің де ержеткен екен!
- Тілім көсеудей болды, ертең-ақ көсегенімді көрерсің!
- Көсеп өртеп жіберсең де енді өз билігіңдемін құлыным, келе ғой,- деп әкем емірене жайды екі қолын. Мен барып тізесін жастана құладым. Ол басымды алақанына сала аймалады, - енді сенің ақылыңнан шығатын ешқайсынымыз жоқ... Алдыңғы күні түсімде де осыны айтқамын саған... Жасаған жар бола көр осыны ма! - дегенде әкемнің жасаурап тұрған ұшқынды көзінен қос тамшы ыршып түсті менің көкірегіме. Екі шекесі қасқаланып, қылаусыз шашы сирей түсіпті де, сирек қара сақалына оншақты тал ақ кіріпті. Жап-жарық оныншы шам жарығында мен әдейілеп тарай санап шықтым сол ағарғандарын. Дене бітімі тым берік, қайғы мен қамға шыдамды адамның талай қиын жылдар қыспағынан қурылған екі қасының арасындағы үш әліп сызық, қатар үш шатқалдай, тым тереңдеп көлеңкелене көрінді.
Әлгі жылауы мен мінәжатына қарағанда, мен туралы қорқынышты түс көрген сияқты өзі. Онысын айтпай, Биғайшаға бір қарап қойып, жаңағы маған қайтарған жауабына жаба тоқи үстеме қосты.
- Биыл сені демалысқа келтірудің расходын таба алмай, қатты қиналып едім. Әйтеуір қайырымен... көріп отырмын. Ендігі істің бәрі де сенің ықтиярыңда болады!
- Менің жол расхотымнан қиналуларың бекер болған. Сақтаған жол расхотым толық еді. Әлі де жетерлік, - дедім мен. Биғайшаның алдында Оспаннан қанша мал алғандықтарын сұрай алмай буылдым да, үй мүлкіне қарай түстім. Жолда Биғазының айтуынша, қазірше алғаны бір ат, бір бұзаулы сиыр және маған жіберген мың доллар ақша екен. Үй ішіндегі мүлік жаңалығынан менің көзіме алдымен түскені бұрынғы білте шам орнында тұрған жарық шам болды да, онан басқа үш-төрт жаңа көрпе, екі кесек жаңа киіз, толықтаныңқырап қалған ыдыс-аяқ көрінді. «Бұл ұсақ-түйек мүліктер - өз қолдарының кірі болар» деп тынышталып едім. Маған онан-мұнан құрап сақтаған тәтті-дәмді тамақтарын жеп ұйқыға қисайған соң екі жағымдағы әке-шешені тергеу арқылы Оспаннан және төрт-бес қой-ешкі алғаны естілді.
Әкемнің аржағында жатқан Бигелді бар сөзімізді естіп жатыпты.
- Астыларыңдағы екі кесек киіз естеріңде жоқ қой!- деп күліп жібергенде әкем оны шынтағымен түртіп қалды.
- Тыныш жат қу шұбар!... Ақырын сөйлеуді білмейтінің-ай осы сенің!
«Екі кесек киізді адам торлау жолымен есептегенде тағы да екі қара ғой! - деген ойдан маңдайым бусанды. Дереу қайтаруға әке-шешені тағы да тақыр жерге отырғызып азаптаймын-ау!... Бұзауымен жеті-сегіз қара болады. Жан қалтамдағы ақша төрттен біріне жетер. Бірақ, Үрімжіге қайтуыма және керек!...»
Оспан молладан енді ешнәрсе алмай қоя тұруды қинала өтіндім.
- Биғайша жиырма жасқа дейін оқиды, мектеп жоғалса, үйде оқиды. Күйеуді сендер жақтырғандарыңмен өзі жақтырмаса, бәрібір, жаман. Олай болғанда, мына алғандарыңның ине-сабақ жібіне дейін қайтарамыз. Тағы бірдеме аламын деп азапқа түсіп қалмаңдар!...
Күн сәске көтеріле ояныппын. Менімен амандасып қайтуға келген Бигелді таң атысымен қожасының егіндігіне кетіпті де үй іші абыр-сабыр бірдеменің дайындығына кірісіпті.
Менің аман келуіме той, хауіп-қатерден аман сақтап қалу үшін тілеу ырымын жасамақ сияқты; есіктен шыға келгенімде, қосақталып байланған ақ сары бас қой мен қара серке елең қағып, үрке қарады маған. «Қалың малға мүлде шырмалып, тыпыр ете алмай қалармыз!» деген қатер мені де елең еткізді. Қоя бермек ниетпен байлауын шеше бастағанымда әкем көтеріп ала жөнелді мені.
- Бұл Оспаннан алған мал емес, құлыным!- деді үйден ауаша көк жасаңға тікемнен тік тұрғыза қойып. Қойды сенің тілеуіңе шалуға Ерсұлтан атаң берген, серкені Құрышбек ағаң жіберіпті.
- Құрышбек Ерсұлтанның ешкісіне қосқан серке....
Тойын да, тілеу-тиязын да тойтаруыма әкем тойтарылмай қойды. Маңайдағы алыс-жақын, туыс-жұрағат, құдандалар түс кезінде жиналып болды да, Биғазы сақалдылардан ақ сарбасқа бата тілеп алып ұрды....
Қонақтар аттанып тарасымен әкем маған ым қағып, Оспанды көк майсаға апарып отырғызды. Мен арттарынан ере барып, қиыстап отыра бергенімде бастады сөзін:
- Ал Молла, сен жақыннан бері жақсы тілекпен «сүйек жаңғыртуды» сұрағансың. Балаңды да, өзіңді де кемсітпейтіндігімді, бірақ ант етіп сайлап қойған Биім бар екенін айтқанмын, солай еді ғой?... Сол биді алыстан өзің арқалап әкелдің, рахмет, міне отыр, енді өзің сөйлес!
Оспан молла көп дәретпен бұйраланған дымқыл сары сақалын сылай тыңдап отыр еді. Соңғы сөзге келгенде шұлғып-шұлғып жіберді. Қарашығы томпақтау сопақша көзі жұмыла күлімдеп, түлкіше жылтыңдай қалды:
- Иә, айтқансыз Жәке, Қабыкен менің де балам ғой. Сіз «биім біледі» дегенде, мен де осыған жүгінуді құптағанмын. Алла Тағала ғұмырлы етсін. Кішкене кезінен-ақ ақылы кәміл екенін сезетінмін. Менің Дүйсенімді өзі де білуі ықтимал, замандасы ғой. «Теңін тап та тегін бер» дейді, бірақ мен тегінші емес, осы балалардың жолына қолда барымды төгушімін ғой... Өзі айтсын қане, жүгіндік ақылына!
- Әкелердің алдына түсіп ақыл айту бала үшін ұят шығар,- дедім мен. Сөйтсе де келешекте болуы мүмкін, үлкен ұяттың алдында кішкене ұятты құрбандыққа шалуға тура келеді, сөйлейін. Мәселен, сіздер жасы толмаған балаға мал алысып, мал берісіп отырсыздар. Бұл оның көзін қара шүперекпен кішкене кезінен таңып, мал құйрығына байлап, малша сатудың құдалығы болады. Мұндай құдалықтарыңыз қарындасым үшін обал да, мен үшін намыс. Биғайшаның адамдығы қашан жасы толып, камелетке келгенше оқуды, ақыл толған соң өз еркімен, өзі ұнатқан жеріне баруды шарт етеді. Сол кезге жеткенде балаларыңыз бірін бірі ұнатпай қалса, сіздерді ұят қана емес, үлкен масқаралық басады. «Теңін табу» деген өздері бірін-бірі шын теңім деп таныған шақта ғана дұрыс сөз. «Теңі» деп сырттарынан тели салу зорлықпен малша қосақтау болмақ. Ал теңім деп табысқандарды «тегін беру» - адамның ісі... Әкелердің алдында тілмарсып кеттім-ау деймін, менің айтпағым мынау: балаларыңыздың өздері теңім деп табысатын шаққа жеткенше екеуіңіз бір-біріңізге жабыспаңыздар, ақылдары толып, сондай жарастыққа өздері жеткенше қалың мал ауысуларыңызды құптамаймын!
Сөзім жартылай бергенде қасыма шешем келіп отырып еді. Ол төмен қарап ойланып қалды да, екі шал бір-біріне қараса берді. Әкем, «айтпап па едім» дегендей үстемірек салмақпен қарады да, Оспанның томпақ қарашығы тағы да жылтың қағып, түлкі бейнесін айқындай түсті.
- Хұп сөз, бір сөзінде ағаттық жоқ... Бірақ, Қабыкен біздің ағайын ара азын-аулақ ауыс-күйісімізді қалың мал деп ұғатын тақылетті.
- Әрине, солай,- дедім мен сол қу көзге енді тура қарап. Ол қалың мал болмай қара Жаппардың бетіне берген көрімдік болмақ па?- дегенімде шешем сақылдап күлді де, әкем тұла бойымен солқылдады. «Ағайындық» арасына келіспеушілік кіре қалса тебеннің теңге болып терілетінін көрмей жүрсіздер ме?... Иенге жайылса да есепсіз мал қайда болған?
Оспан кеңкілдей күліп шұлғыды басын.
- Қулықты көп-ақ оқыпсың-ау балам, хы-хы-хы өркенің өссін айналайын, Алла Тағала бақыт берсін. Болыпсың! ...Жәке, «жақсы туса ел ырысы» дейді, иншалла, біздің сүйегімізге сіңір, берекемізге ырыс болғай-ақ!... Бир-рахматика иә архамар-рахимин, әмін Аллаһу әкбар! - деп молла бетін сипағанда әкем де сипап жіберді. - Ал енді, сиынарымыз Алла, жүгінеріміз өзің ғана боларсың мұнан соң, айнығанымызды аруақ атсын, біздің хақ тілеуімізді өзің бекемде! Берекемізді күшейтетін тоқ етер сөзді айтшы қане!
- Айттым ғой молла еке, «айтып қойған соңғылыққа жақсы». Қалың мал алмаймыз. Биғайша камелетке толып, өз басын өзі билей алатын кезге жеткенде, разы болса отауын сізбен қатар тұрып тігісіп береміз. Шынайы жақындық береке осылай болмақ. Одан бері «ақ бата», «күйеу», «қалыңдық» деген сөз шықпасын! - деген сөзіме молла ыңылдай ойланып қалды да, сөзді сол ыңылымен қоздатқалы отырғанын байқап мен шорт қайырдым. - Өзіңізге белгілі, біз «бай болып көргеміз жоқ, кедей болып өлгеміз жоқ». Берген малыңыздың өзі тұр, кештетіп айдап Биғазы жеткізіп салады. Ал маған жіберген ақшаңыз, міне!- деп мың долларын алдына қойдым. Алмақтың бермегі бар. Рахмет! Ал мұным сіздің талабыңызды бүкілдей тойтарғандық емес, уақыты жеткенде балаларыңыздың жарасқанын көрсек, біз бар ниетімізбен дайынбыз!
- Алла сақтасын, балам, Алла сақтасын, бұларды қайтара көрме! Иншалла, мен бардам кісімін әрі көне сары сүйегіңмін ғой. Жақынның жақындығы қиыншылықта көрінбей ме? Алланың ұлы есімімен ант етейін, бұл ақша қалың мал есебінде емес, ел азаматы болғалы тұрсың, сенің жолыңа еткен жақындық көмегім ғана. Балам, мен де өз әкеңдей дұғагөйің болайын, ізгі ниетпен созған қолымды сыртқа қаға көрме!
«Алла» аты шыққанда шешем маған жалтақтай түсті де, әкем өз уағдасын сақтағандай, қасарған қалыппен отыра берді.
- Қырау,- деді шешем ақырын ғана, - Алланы ауызға алып отыр ғой, молланың бұл ықыласын қайтармашы балам!... Құдалыққа құдай қоспаса қайтарып берерміз, сенің айтқаның болсын, қарындасың оқысын да, разы болса өз еркімен барсын!.... Солай ғой молла, Алланың бұйрығын сабырмен күтеміз, асықпаймыз, дұрыс қой?!
- Солай құдағи! Қамсыз оқуына хақ-алал ниетпен ұсынған көмегімді қайтармақ болғанына қамыққаным болмаса, айтқанының бәрі дұрыс. Мен де өздеріңмін, осы Билеріңнің аузына Алла нені салса сонымен-ақ жүрдім. Илаһи амин... Аллаһу әкбар!...
Алалы ма, арамы ма, маған берген хақ батасы ма, құдалыққа жасаған «ақ батасы» ма, әйтеуір бетін едел-жедел екі сипап молла қайтты.
- Амалсыз кезімді пайдаланып алдырып қойған малымен жығып... ертең-ақ «бер баламдысымен» асықтырарма деп... қиналып жүр едім,- деді әкем, кідіре-кідіре сөйлеп. Шоқыншақтығыңның пайдасы бір тиді-ау осы жолы, құдайын аузына алғыздың ғой, енді шарт-жағдайы келмей жығыла қоймаспын!... О-о-о құлыным!
- Байқамасаң жыққанды былай қойып, жұтып қояды әке, көрмеймісің сақалының әр талы кеңірдегіне қарай тармақша иіліп, тартып тұрғанын!
- Қарашы тілін... о, күшігім-ау!- деп емірене күлді әкем. Қанша айтқанмен молла ғой, Құдайын ұмыта қоймас!...
Әкемнің сол «күшігін» өзі мен Биғазыға қоса Оспан молла қонаққа шақырды бір күні. Мұнысының да қармақ екенін білгеніммен бармай қалуыма сылтау табылмады. «Маңдайға біткен» жалғыз атқа әкем мені зорлап мінгізіп, Биғазы мен өзі Оспан жіберген кәрі биелерге мініп барды. Ауылы не дәуір алыс, тау бөктерінде екен. Бізге туыстас келетіндерден де, өз жағының күйлілерінен де көп адам шақырыпты. Қой емес, серке емес, құнандай құла тайды айтулы Дүйсені жетектеп келіп, алты қанат киіз үй есігінен бата сұрағанда басталған жүрек қобалжуым өрекпуге көтерілді бір кезде. Ауыл сыртынан тасыр-тұсыр шауып келген көп ат дүбірі естілді.
- Кім мына аттың иесі?- деді біреуі ақыраңдап.
«Баужаң!», «баужаң келді!» «бұл пәле не іздеп келді екен!» деп күбірлесті де, үй толы адам тына қалды.
- Үрімжіден келген силы қонағымыздың аты, - деді бір әйел сырттан.
- Шақыр, ер тоқымын алсын!
- Қабыкен өзің шығып бірдеме айтпасаң бізден лаж жоқ бұл мұнапиққа,- деді Оспан күбірлеп, - атыңды әкеткелі тұр. Әттегені-ай, жасыруды ескермей қалғанымыз-ай!....
Бұл елдің сыпыра тай, құнан, кәрі бие мініп жүрген себептері есіме енді түсті.
- Таста қалпағыңды, кердиіп шық,- деп күбірледі артымнан ерген Биғазы. Қолыңды артыңа ұстап бар да, жауап бергенде мықыныңды тіреп, түйіле сөйле!
Тетелес ағаның бұл режиссорлығына күле шықтым. Айтқанын орындамадым. Дәл қазір өзім де кердиюден құралақан емеспін ғой: құрым етік, галифе сым, әскери форымдас сұр кител, шекеге орнаған фуражка, шырай ақ сұр. Мұндайда от шаша қарау керек екенін көзімнің өзі де біледі....
Келгендер он шақты кісі екен, жеті-сегізі биелердің артына төніп, шабына үңіліп жүр. Мұны көргенде сескенсем де сес білдіріп, күле сөйледім:
- Өй, сіздер не бұйымтаймен келіп едіңіздер, мойын созғандарыңыз биенің аузы емес қой? - деп сымымның жан қалтасына қол сала, шалқалай күлдім. Үйдің іші, сырты ду күлгенде үңірейгендердің өздері де күліп жіберді.
- Мынауың бір пәле ғой әке,- деп күбірлей шегінді біреуі.
Ат үстінде шіренген жуан қара сұр, түскі шақырайған күннің ыстығынан түтігіп, өзі де шақырая қарады әлгі шегінгенге.
- Мына ат сіздікі ме?- деді сонан соң маған қайта қарап, бәсеңдеу үнмен сұрады.
- Иә, менікі!
- Әскерге ат керек, ер тоқымын ала тұрыңыз, ертең қайтып келеді!
- Келу-келмеу жөнін қоя тұрып, менен жөн сұраңыз, қазір мен әскерден де асығыспын ғой!
- Сіз қай жерден?
- Үрімжі сыфан мектебінен!
- Үрімжі сыпа!... сот мекемесі ме?
- Иә,- деді арт жағымда тұрған Биғазы іле жауап қайырып, - бұл кісі соның тергеушісі.
Күлкіден жымия түстім, сонымның өзі мығымдықты бейнелегендей сезілді.
- Баужаң, мырзаға сәлем айтыңыз,- дедім сол жымиған қалпыммен, - менің атыма ауыз аша көрмесін, қонағымын ғой, иә, өзім де ұшырасып қалармын!
- Ауыз ашқан біз емес, әскери бұйрық қой тақсыр... болды, сіздің аттың жөнін айтармын... Ей жігіттер, басқа ат жоқ па екен?...
Басқа ат жоқтығын білген баужаң «шап зерттеушілерін» далақтатып шаба жөнелді....
Екінтіде желінген түстіктен соң «Үрімжі сотынан келген тергеуші» күлкіге қалған баужаңға енді көрінбеуге асығып, кештете қайтты.
Үрімжіден келгелі Нұрия мен Қабенге екі рет хат жазсам да, жауап ала алмай жүр едім. Сегізінші айдың жарымында бір конверт әрең жетті. Нұрияның өз қолымен, Қабеннің атында Үрімжіден жазылыпты. Алтай-Тарбағатай почтасы жүрмей қалған соң, Нұрия тез қайтып барып Үрімжіден жазғанын біле қойдым. Қабеннің сөзі ретінде «достық сағынышын» айтқанда жүрегімді махаббаттың мамықтай жұмсақ, ыссыз тұнық жалыны балқытып еді, хаттың соңына келгенде сол жалын шыжғырып, бүріп жібергендей сезілді. Төрт мың доллар ақша жібергенін айтыпты. Маңдайымнан намыс қиналысының тері бұрқ ете түсті. Жағдайларын ел билеп кетпесін дегені ғой тағы да. Намыстану сезімі лезде аяныш сезіміне ауысып, мен үшін соншалық қиналған, дем алмай қайтқан жанқияр махаббатқа, тірі жетім жас қызға жаным қатты ашыды. «Әкелі-басқорғанды қыздың мен үшін маталуына ашынғаны ғой!»
Ақша шегі конверттің түбінде екен. «Достасқан Алтайлық бір сабақтасымнан сұрап» алғанымды айтып, Биғазыға ұсындым да, Оспаннан алған малдарының есебін қайтара тұруларын әкеме тапсырдым.
«Тез жетуім керек оқуға, әрине, әсіресе Нұрияшқа», әке-шешенің айрылғысы келмейтін әйеншектігіне қарасам, кім болмақпын.
- Қара судың азғантай қамыс-құрағы қанша жасыра алмақ, «сот тергеушісі» кім екені ашылмай тұрғанда Үрімжіге жетіп алайын, енді бір жылдық қана оқуым қалды ғой, - дедім оларға, - қасқыр баужаңнан тергеушілік айбармен әрең алып қалған атты тығыңдар иә иесіне қайтарып беріңдер!...
Ұлы, мәртебелі тергеушім, бұл тарауда ашылған қылмыстарымның алдамшылықпен ат жасырғанымнан ауыры жоқ шығар. Өтіріктен тергеуші болып көрінуге дәтім қалай жетті екен!
Құдай болып көрінгісі келген перғауынның1 Құдай тағала алдындағы қылмысынан аспаса, кім түспес-ау бұл!
Олай болатыны, бұл сіздің алдыңызда өткізілген саяси қылмыс қой! Бірақ бізде, «құба құстың2 аузы етіңе тисе, атаңның түрі тұрмақ көріне кірерсің» деген мәтел бар. Атымды алғалы ажал келгенде тажал болып көрінуден басқа не лажым болмақ?
Бұл бөлімнің қай тарауынан болсын, дәрменсіз айланың қылпын көріп отырсыз. Соның бәрін қылмыс демей, «ақыл» дей бергім келеді. Тіршіліктен тиылмаудың, яғни қылмыстан тиылмаудың айласы ғой бәрі де.
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
1 Яңхаң - Үрімжідегі жер аты.
1 Тамады (ханзуша) - шешеңді...
2 Шымы (ханзуша) - не, немене, немене дейсің деген сөз.
3 Жыңса жүй - Жинча жүй (ханзуша) - сақшы мекемесі, прокуратура.
1 Пайзысо (Пайчусо) - (ханзуша) - сақшы бөлімшесі. Сожаң - бөлімше бастығы.
1 Перғауын - (ерте заманда Мысыр патшалары осылай аталыпты) Дін аңызында бір Перғауын өзін Құдаймын деп жариялаған.
2 Құба құс - итке қойылған ат.