Сенбі, 23 Қараша 2024
Дидар-ғайып 3985 1 пікір 19 Сәуір, 2021 сағат 12:13

Ғазиза Әбдінәбиева өмірден өтті

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері  Ғазиза Әбдінабиева 72 жасында өмірден өтті.

Қаралы хабарды Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының өкілдері естіртті.

«Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері, театр және кино актрисасы Ғазиза Мәкешқызы Әбдінәбиева өмірден өтті. Әріптестерімізге, отбасына қайғыра көңіл айтамыз. Алла сабыр берсін, алдынан жарылқасын.

Ғазиза Әбдінәбиева 1969 - 1993 жыладры Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актриса болып қызмет атқарған. 1993 жылдан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында актрисасы болып сахнада түрлі образдарымен елді таңдантып, тамсантқан еді. Қазақ кино әлемінде де өшпес із қалдырып, көпке үлгі болды», - деп жазды театрдың ресми парақшасы Facebook-те.

Ғазиза Әбдінәбиева 1948 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында туған. Қазақ Ұлттық консерваториясынның (бұрынғы Алматы консерваториясы) «актерлік шеберлік» факультетін бітірген (1970). Консерваторияның 4-курсында оқып жүріп, 1969 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына қабылданады. 1969-1993 жылдары осы театрда аянбай еңбек етеді. 1993 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына актерлік бөліміне ауысқан. 2005 жылдан бастап Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі. Ғазиза Әбдінәбиева бірқатар фильм мен сериалда да басты рөлдерді сомдады.

Бекжан Тұрыс:

- Күліп отырып бір демде жылай салатын, қуанып жүріп өкпелей алатын сәби мінез жан еді ғой Ғазиза апа...

Таңы театрмен атып, күні киномен батып, адам баласын ренжітпейтін мейірімді, ешкімнің бетінен қақпайтын жанашыр, сондай-ақ өзіне ғана жарасатын еркелігі басым, табаныңның астына ақ жүрегін төсей салатын ақ көңіл, адал жан еді. Ұлттық театр осындай артисінен айырылып қалды. Қазақ өнері Ғазизадай актрисасын жоғалтты... Апамыздың есімі қазақ театр тарихында қатталып қалары хақ. Оған оның төккен тері, еткен еңбегі әбден лайық. Кинематография мен телевидение қорында сақталып қалған ойлы бейнесі мен дауысы лайық. Әбден лайық! Жаныңыз жаннатта болсын, Ғазиза апа.

Асхат Маемиров:

- Апа-оу егілттіңіз ғой, жылаттыңыз ғой дүйім елді.... Ұлт руханиятының аспаны қара жамылды. Қазақ театры мен кино өнерінің мақтанышына айналған Ғазиза Әбдінәбиева дүниеден өтті. Аты жаман тажал ауру ешкімді аямады. Жарты ғасыр бойы қазақ театрының төрінде шынайылығымен, табиғи талантымен көрерменін тамсандырған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Ғазиза Әбдінәбиева – жаны мен жүрегі мейірімге толы, адалдықты ту еткен болмысы бөлек жан еді.... Сахна кеңістігінде Мөржандай асыл аналардың, Ару қыздардың бейнесін сомдаған аса талантты актриса, аяулы жан дүниеден өтті. Көкіректі кернейтін өкініш... Ғазиза Апа, асыл апам-ай...

Редакциядан: Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы есімі күллі қазаққа белгілі театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиеваның отбасы мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз...

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450