Жер дауы. Ақтық айқай
«Еститін әм тыңдайтын мемлекеттің» құлағы осынау Жер комиссиясы болуға керек еді. Жерге байланысты мұндай комиссия тәуелсіз заманда бірнеше мәрте құрылғаны белгілі, олардың жұмыстары оң нәтиже бермегені баршаға аян.
Осы комиссияның да жұрт пікіріне құлақ аспайтыны байқалуда, тағы бұрынғылардың кейпін кимесе болғаны. Қауіп еткендіктен айтамыз. Себебі Жер кодексі жобасына қарсы ұлт патриоттары қатарында алғаш рет бұдан он сегіз жыл бұрын біз де өзімізше дауыс көтерген едік. Сонда да, бертінде де оны биліктегілер қаперіне алмаған, сондықтан тағы қайталауға мәжбүрміз. Үмітсіз – шайтан. Халық пен өкіметті тілек бірлігі біріктіретінін еске салып, жер мәселесінде олардың екі жарылып тұрғанын, өйткені тілектері бір еместігін айтқанбыз. Биліктің жерді сату пиғылы көпке ұнамаған-тын, алайда жер-суды қайткенде саудаға салуға бекінген өкімет халықты елегісі келмеген, небір тәтті қулықпен орап-әдемілеп, қазақтың ұлттық мемлекеттілігін жоюға жол ашатын саңылаулары жеткілікті Жер кодексінің жобасын елді жарылқайтын құжат ретінде алға тартқан. Бірақ оның мүлдем ондай еместігін сол 2003 жылғы 2 наурызда жазған «Шала да қатерлі құжат жобасына қарсылық» атты мақаламызда дәлелдеп көрсетуге тырысқанбыз. Елеген ешкім жоқ. Ал біз сонда 20-шы ғасырдың басында орын алған «аграрлық төртіпсіздіктер» атты халық наразылығының үстіміздегі жаңа ғасырда қайта бой көтеруі ықтималдығын, парламенттің әрбір мүшесі, түрлі билік буындарын ұстап отырған мемлекеттік қызметші соларды білу үшін өзін тарихпен тәрбиелеуге тиістігін еске салған болатынбыз. Тарихта үлгі аларлық сәт жеткілікті. Патшалық дәуірдің өзінде әділет туралы айқын түсінігі бар адал мемлекеттік шенеуніктер болған, солардың бірі «аграрлық тәртіпсіздіктердің» түп-тамырына үңіліп, үкіметке әділ шешім жолы ретінде алпауыттардан жер-суды ешқандай өтеусіз тартып алып, белгілі бір үлеспен шаруаларға бөліп беру жоспарын ұсынған-ды. Алғашқы екі Мемлекеттік дума да жер хақында ел мүддесіне сай заң шығаруды көздеген. Алайда самодержец-император бәрін басқаша шешті, сөйтіп, патша қош көрген қоныс аударушылар легі қазақты тақырға қуып шықты.
Кейін революциялық өкімет оны жөндеймін деп, халықты өтірік уәдесімен алдаусыратты да, іс жүзінде қилы саяси науқанымен көшпенді елдің тоз-тозын шығарды. Енді Тәуелсіз елдің жаңа Жер кодексінің жобасы сондағы қылмысты қателіктер мен бұрмалауларды түзетудің орнына, тереңдете түсетіні аныққа айналып тұрған. Ол жаңа алпауыттардың пайда болуына заңды жол ашпақ, сөйтіп, жер иеленушілер шетелдік болған жағдайда, елдік нышанды жоғалтар кезімізді тақалта түспек. Яғни бұл – елбұзарлық шаруаны заң жолымен атқаруға жол ашатын жоба-тын. Құжаттың тап соған қызмет ететініне, Кодекс жобасымен, әсіресе оның 13–15-ші бабтарымен танысқанда көзіміз жете түсті. Мұнда үкіметке жерді қорғау мен пайдаланудың негізгі бағыттарын әзірлеу, мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингін жүргізу тәртібін белгілеу, т.т., жер ресурстарын басқару органына осы орайдағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізу, т.т. нақты практикалық іс-шараларын жүзеге асыруды жүктеу көзделген. Демек, жер сатқысы келетін шенеуніктердің қолында әзірге заңмен бекітілген бірыңғай мемлекеттік саясат жоқ, оны жасау тек жобалануда. Және ол іс-дағдымен (жерді бөліске салумен, дұрысында, осыған дейін бөліп беріп қойғандарын заңдастырумен) қатар жүретін сияқты. Ендеше, жер іс жүзінде баяғыда-ақ бөлініп кеткен деген жаны бар қауесеттерді есепке алсақ, мемлекеттік саясатты жасап-бекіту – мәселенің соңына, атқарылған істі растай салуға қалдырылған.
Демек бұл жәйт Қазақстан Республикасының Жер кодексі жобасы қазақ халқының ұлттық-мемлекеттік мүддесіне жауап бермейтін залалды құжат болғалы тұрғанын дәлелдей түседі. Жекелеген билікке қызмет етушілер мен жер иеленушілердің жанталаса үгіттегеніне қарамастан, халық жер сатуға жаппай қарсы. Ал талқылаудағы Жоба жерді сату түгіл, ұзақ мерзімге пайдалануға бергеннің өзі қазақ халқына қарсы жасалған қиянатты түзетпейтінін, қайта оны терендете түсетінін көрсетіп отыр. Жоба шикі. Оны жасаушылардың жер қатынасы сынды күрделі мәселеге басынан емес, аяғынан келгенін, керуен соңына ілесуші болып қана кірісіп отырғанын көрсетті. Демек, Жер кодексінің жобасы Мәжіліс талқылауына берілмеуге тиіс. Үкімет тарапынан ондай арлы батылдық көрсетілмесе, онда Парламент оны қабылдаудан бастарту керек. Жәй ғана кері қағу аз, жерді пайдаланудың базалық параметрлері ашып айтылатын, Жер кодексін дұрыс жасауға негіз болатын құжат қабылдау қажет. Шартты түрде оны «Қазақстан Республикасының жер саясаты» деп атайық. Міне сол құжатта ұлттық мемлекеттіліктің іргетасын нығайту көзделетінінін басты парыз ретінде атап көрсетіп, Қазақ Мемлекетінің жер жөніндегі негізгі мақсат-мүддесін тұжырымдау ләзім. Айқын, нақты саяси тұғырнамасы болмай тұрып, әйтеуір «жеріңді кепілдікке қойып, банктен ақша аласың» деген, күмәнділігі басым экономикалық желеумен, ел ерекшеліктерін ескермей, түбінде елдіктен айрылуға апаратын заң қабылдауға жол беруге болмайтыны кім-кімге де түсінікті болса керек. Ал қазақтың әрең қолы жеткен ұлттық мемлекетін нығайтудың қиын да дұрыс жолы, мемлекеттік жер саясатында ерекше қадап тұжырымдалуға тиіс жәйт – өз елінде құнарсыз шалғайларға шығып қалған және кеңестік бұрмалаулар кезінде шетел асып кеткен жұртты жерге ең алдымен орналастыру болмақ керек. Бұған сол шақта да, одан бергі талқылауларда да ешкім құлақ асқан жоқ. Жоба 2003 жылы қабылданды, ол аздай, өкіметіміз 2016 жылы ел мүддесіне қиғаш келетін өзгерістерімен елді тағы шулатты, қарсылық білдіргендерді соттады. Одан көне тәсіл арқылы шамалы шегініс жасап, күдікті бабтарға «жұртқа дұрыс түсіндірілмеген» деген сылтаумен мораторий жариялады, қазіргі таңдағы жаңа комиссияның талқылауы да «жұрт әлі дұрыс түсінбеген» деген желеумен оң нәтиже бермейтін секілді. Сондықтан да әр кезде, тіпті осы соңғы комиссия жұмысының барысында да айтылып келе жатқанына қарамастан, еш буын қаперіне алмай отырғандықтан, бұдан он сегіз жыл бұрынғы ұсынысты қайта еске салуға тура келеді.
Қазақстан Кеңестерінің 1925 жылғы Бірінші (ескі Қазақ Республикасындағы реті бойынша – бесінші) Ақмешіт съезі қазақтарды жерге бірінші кезекте жайғастыру хақында тарихи қарар шығарған-ды. Оны орындауға орталықтағы әсіре большевиктердің жергілікті шолақ белсенділерге сүйене отырып мүмкіндік бермегені белгілі. Соның және күштеп келеңсіз реформалар жүргізудің салдарынан жерге орналастырылмаған көшпенді қазақ, өкімет малын тартып алғанда, қынадай қырылып қалды. Енді, мемлекеттік тәуелсіздік жағдайында, тәуелсіз республика өз халқын қорғай алмайды, нақты істерде ұлттық мүддесін көздей алмайды дегенге кім сенбек? Онда тәуелсіздікті несіне алдық деген орынды сұрақ тумай ма ел-жұртта. Тәуелсіздікке лайық болу – парызымыз, міндетіміз. Бұл істі қазақстандықтардың ешқайсысын ренжітпей, құқын шектемей жүргізуге болады, тек оның қисынын арнайы құжатта таратып баяндау ләзім. «ҚР жер саясаты» елде осы уақытқа дейін орын алған жер бөлістің жалғастырылуына шұғыл тыйым салып қана қоймай, жеке меншікке кеткен жер-суды национализациялауға тиіс. Бұрын бөлініп-сатылып кеткен жерлерді пайдалану мүлдем жаңа көзқараспен жасалатын Жер кодексі қабылданғанға дейін жалға берілу құқымен созыла беретіні ескертіліп, жерге меншік құқының жаңаша, заңды нормамен қайта қаралатыны дәйектелу керек. Сөйтіп, жер қатынастарын ескіше дамытуды тыю жөн. Халыққа таратылатын шартты жер үлесін ғылыми тұрғыда мұқият анықтау ләзім. Оны ешкім қағажу қалмайтындай әділдікпен рәсімдеуді батыл қолға алып, аяғына жеткізу дұрыс. Мәселе тек әркімге шартты үлесін қағаз жүзінде үлестіріп беруде емес, сол шартты үлесімен әркімді нақты жерге бекітуде екенін ашып айтып, жүзеге асыруды көздеуде жатыр. Тауарлы астық өндіру алқаптарын, орман-тоғайды беймәлім әрі күмәнді заңды тұлғалар емес, шартты жер үлестерін біріктірулері арқылы өз бірліктерін дүниеге әкелетін жергілікті халық иеленуге тиіс. Ондай жерлерде жұмысты ұйымдастырып-басқаратын заңды тұлғаны солар құруға керек. Бұл істе жариялылық болсын. Сонда халықта реніш тумайды. Есесіне қазақ шын мәнінде өз жер-суының қожайыны болады. Аю мен айдаһар елдерінен әлсін-әлсін зәр шашып тұрған зымияндардың аузына құм құйылады. Билік пен халық арасында Тәуелсіздікті нығайтуға бекем кепіл болатын Тілек бірлігі орын алады.
Жер-суға халықтың өзі иелік етсін, өкімет елде осындай ахуал орнатуды өзінің бірден-бір борышы деп білсін – халықтың ақтық айқайы осыған саяды.
Бейбіт Қойшыбаев
Abai.kz