Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2301 0 пікір 23 Сәуір, 2012 сағат 06:26

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІІ

Нұрияның сенбілік сәлемі жексенбі таңын құйынша үйірді. Мұндай кезеңде гаңфанды аузым ғана емес, мұрным да асайтын болған. Сол бір албарынды «қызмет» үстінде Юсуф Қасымның қасыма отыра қалып айтқан қалжыңы да құлағыма естіле қойған жоқ.

- Асығыспын!- деуге аузым әрең үлгерді.

- Асықсаң жан қалтаңа салып ала кетпеймісің, бір қадыра гаңфан сияр!- деп жан қалтама қолын салды да санымнан түртіп қалып, өзінің тамақтанатын орнына кетті.

Бір жапырақ қағаз салған екен. Көшеге шыға оқып аң-таң болып тұрып қалыппын: «таңертеңгі сағат оннан қалмай, саңырау кемпірдің үйіне жет, шайға шақырды!» депті. Юсуф Қасымның өз жазуы. Ал мен жатқан үйді мұның қайдан білгеніне аңырып едім. Артымнан Кәменнің келіп қалғанын көріп, қалталарымнан бірдеме іздеген болдым.

- Неғып тұрсың?- деп өте берді Кәмен.

- Почтаға салатын хатым ұмытылып қалыпты.

«Сары желім» жабысарлық жерін енді тапқандай қайрылып тұра қалды.

- Хатты тәртіп бөліміне көрсетпей, почтаға өз бетіңмен апарып салып жүрмісің?!

ІІІ

Нұрияның сенбілік сәлемі жексенбі таңын құйынша үйірді. Мұндай кезеңде гаңфанды аузым ғана емес, мұрным да асайтын болған. Сол бір албарынды «қызмет» үстінде Юсуф Қасымның қасыма отыра қалып айтқан қалжыңы да құлағыма естіле қойған жоқ.

- Асығыспын!- деуге аузым әрең үлгерді.

- Асықсаң жан қалтаңа салып ала кетпеймісің, бір қадыра гаңфан сияр!- деп жан қалтама қолын салды да санымнан түртіп қалып, өзінің тамақтанатын орнына кетті.

Бір жапырақ қағаз салған екен. Көшеге шыға оқып аң-таң болып тұрып қалыппын: «таңертеңгі сағат оннан қалмай, саңырау кемпірдің үйіне жет, шайға шақырды!» депті. Юсуф Қасымның өз жазуы. Ал мен жатқан үйді мұның қайдан білгеніне аңырып едім. Артымнан Кәменнің келіп қалғанын көріп, қалталарымнан бірдеме іздеген болдым.

- Неғып тұрсың?- деп өте берді Кәмен.

- Почтаға салатын хатым ұмытылып қалыпты.

«Сары желім» жабысарлық жерін енді тапқандай қайрылып тұра қалды.

- Хатты тәртіп бөліміне көрсетпей, почтаға өз бетіңмен апарып салып жүрмісің?!

- Жоқ, соны бас мұғалімге бермек едім, жатақханада ұмытып кетіппін,- деген сылтаумен қайта жөнелдім мектеп қақпасына. Қапылыста жауаптан жаңылып, тергеуге бір түсетін қылмыс тапсам да, Кәменнің бақылауына түспеу үшін шегіндім. «Е - е... Әлмен келіп, сол үйде Юсуф Қасыммен де сөйлескен болар!... Ол да тартылған екен ғой ұйымға, олай болмаса саңырау кемпірді қайдан білсін» деген оймен күдігім тиянақтаса да, көңілім тиянақтар емес. Жатақханаға кірмей бұрылып, қайта шықтым. «Япыр-ай, Нұрияшты тағы да көп күттіріп қоятын болдым-ау мына суықта! Бүгін ертерек баруымды кеше Күләнға қайта-қайта тапсырып қайтуына қарағанда асығыс жұмыс бар болғаны ғой!»

Бірақ, қатері бар жұмысқа қатал тәртіп, кесімді уақыт зәру ғой. Әлменге өзі шақырған уақытында жетуім қажет болды. Кәменнің қарауылдауынан сақтану үшін өзен бойына түсе, тура тарттым. Жұқа қатқан ойдым-ойдым мұздың тұтасқан өткелі әрең табылды. Тәуекелмен жүгіріп келіп сырғанап едім, сыр етіп өте шығыппын.

Екпінмен келіп сырғанаудың мұзға көп жеңілдік беретінін талай рет көргенмін ғой. Бірақ, мұндай тәуекелшілік екпінінің екбетіңнен түсіріп, жылымға батыра салатыны да баршылық-ау. «Сақтан, Биғабіл өмірдің ең қатерлі кезеңіне өрлеп келесің! - дедім өзіме өзім күбірлеп. - Бірақ, қатерден қорқып қас жауыңа қарсы шықпау одан да қатерлі. Жеймін деп желкеңе мініп тұрғанда сақтанатын нең қалды! Атып тұр да алыса кет, күреспегенге күн жоқ, бұдан басқа жол бар ма?... Өзін жемесең өзіңді жейді. Ең зор қатер сол ғана!...»

Айтулы үйге кіріп келсем, Әлмен емес, Гоминданның әскери сары киімін киген сары шашты, ақ сары біреу отыр! Алдына жаюлы қағазға қарап тұқырып алыпты. Аңыра қарап тұрып қалып едім:

- Келіңіз,- деп орнынан атып тұра қолын ұсынды. Әлуетті, жалпақ алақанымен қолымды қатты қыса амандасты да қотыр үстелдің қарсы жағындағы арқалықсыз орындықты нұсқады. - Отырыңыз!

Көз алмай қарап амандаса тұрып тани кеттім: Момынбай ауырғанда жатақханамызды дизенфекциялаған әскери ат дәрігері екен. «Ақылбай ертіп барған ғой сонда, бәсе көптен сырлас, істес екен-ау» деп мөлшерледім. Ол танымаған адамдай сынай қарап отырды да байырғы қазақ тілімен жөн сұрады.

- Атыңыз кім болады?

- Биғабіл. Сыфан мектебінің оқушысымын... Өткен қыста Ақылбаймен бірге барып, біздің жатақхананы дизенфекциялап бергенсіз. Атыңызды білмесем де өзіңізді танып отырмын.

Өзімнің Биғабіл екендігіме тез сендіру үшін осылай толығымен жауап қайырып едім.

- Дұрыс, дұрыс,- деп басын изеді ол. - Жә, енді танысып қалдық. Менің атым - Репқат... мұнда не жұмыспен келдіңіз?- деп сұрай күлімсіреді. Бұл сақтығын ұната жауап қайырып мен де күлімсіредім:

- Таныс үй еді. Шайға шақырыпты ғой.

- Кімнен?

- Юсуф Қасымнан.

- Бұл үйде кіммен таныс едіңіз?

- Осы үйдің ағайынды екі азаматымен де таныспын... Үлкенімен сабақтас та болғанмын. Ірі ақ тісті, қарасы бар ғой, білесіз бе?

Өзін де сынай жауап қайыра келіп, Әлменнің атын өзіне сұрау етіп қойғаныма Репқат сүйіне күлді.

- Дұрыс, Әлмен айтқандай сақтығың да бар болды... мен... соның елшісімін,- деді де, сымының жан қалтасынан бүктелген қағаз алып берді. - Алдымен мынаны оқып шығыңыз.

Ұйғыр тілінде май баспамен басылған жарнама екен. «Шығыс Түркістандағы барлық мұсылман туысқандарға!» деп басталыпты. Енді айтылатыны маған түсінікті сияқты. Екінші беттің аяқ жағына үңілдім. «Хақ дін жолында өлсек шәйіт, қалсақ қазы! Мұхаммед ғалайссаламның ақ туын биік көтеріп, жалпы аттанысқа келейік! Құралды, қабыл күш ұйымдастырып, дініміз бен халқымыздың қас жауы Гоминдан қытайларын қуып шығайық!» деп тоқтапты да, соңына «Әлиқан төре» деген қол қойылыпты.

Сол есімге қарап отырып қалдым. Репқат үлкен көкшіл көзін кең ашып, маған қарап отыр екен.

- Бұл кісі... кім?- деп бөгеліп барып сұрадым. Репқаттың ақ сары жүзі сәл қызғылт тартқаны байқалды да кең маңдайлы жуан басын сол жақ иығына жыға изеп қалды.

- Құлжалық өзбек дамолла!- деп жымия күлді өзі.

- Бұл жарнама «Шығыс Түркістан төңкерістік комитеті» атынан неге шығарылмады екен?

- Біздей оқығандарды ғана емес, жалпы халықты аттанысқа келтіру үшін алдымен дін басылары жағынан ояту керек болған. Біздің халық, әсіресе оңтүстік қазыр діннен басқа ешкімге сенбейді. Халықты толық қозғай алмасақ, жеңіліске, зор қырғынға ұшырауымыз сөзсіз... Төңкерістік сипаты мен тактикасын сізге Әлмен ұқтырған шығар, солай ма?- деді ол. Мен басымды изеп, төмен қарай бердім. - Біздің саналы қауымның - Марксизмнен хабардар, алғабасар оқыған азаматтардың нысанасы бүкіл ханзу халқы емес, Гоминдан мен гоминданшылар ғана ғой. Мұны бүкіл жаңаша оқығандар ертең-ақ түгелдей қолдайды. Төңкерістік үкіметтің бел буып істейтін негізгі қызметтері осылай болмай ма! Сондықтан, тізгінді кертартпа қара күштерге мүлде бермейтіндігімізге сенеміз, оған күмән жоқ!...

- Бұған сіздердің соңдарыңыздан ілескен мен де күмәнданбаймын. Гоминдан салған ұлттық өшпенділіктің лаңынан құтылу үшін күресіп жүргенімізде Гоминданның өзінше істесек, бөріден үйренген бөрі ғана болып шығатындығымызды ескерсек болғаны!

- Мынауың үлкен сөз, мықты екенсің азаматым!... Ұлттық сатқындардан, тыңшылардан өте сақ болу керек. Ондайларды барынша шектеу амалын ойлай істейміз. Мұнан кейін сіз мені ғана танитын болыңыз, бірақ, менің атымды ешкімге айтпау жағы есте болсын! Хабарласып тұруды мен орайластырамын. Ұйымдасу, мүше тарту тәртібін Әлмен ұғындырған шығар?

- Ұғындырған... алды-артындағы өзі байланысқан екі серігін ғана танитын әдіспен ұйымдасуды айтқан.

- Шынжыр форымында ұйымдасу тәртібі..... қызмет бастадыңыз ба?

- Ресми бастамадық, ой жағындағы дайындығымыз жақсы. Біздің мектепте ұйымдасудың шарты толық. Сіздің нұсқауды ғана күтіп отырмыз. Маңайымыздың жағдайына үйлесіп жүргізуіміз керек қой.

- Дұрыс!- деп Репқат басын иығына жыға қойды. - Енді кіріссеңіз болады. Өте сақтықпен істеңіз! Сыфан - біздің жауынгерлеріміздің мол орналасқан негізгі орындарының бірі. Қайталап айтайын, қатарға бір жауынгер тарту үшін, оның өзінің ең жақын адамын ғана салу керек, өзіңіз көрінбеуді ұмытпаңыз! Алдағы сәуірдің жарымына дейін ұйымдасу қызметі толығымен орындалсын! Оған төрт жарым ай ғана уақыт қалды ғой!...

- Қозғалатын күніміз нақтылы белгіленді ме?

- 17 сәуірдің кеші. Қалибек бастаған зор партизан отряды Қызыл өзен арқылы Еренқабырға бөктерімен жетіп, Үрімжіні қоршауға алады. Біз - қаладағы барлық мұсылман оқушылары мен халық соған ұштаса іштен бір-ақ көтерілуге дайын тұруымыз шарт.

- Құрал табыла ма?

- Құрал мәселесі ойланылып қойылған, жетерлік табылады. Қай жерден, қалай алатындығымыз өз уақытында айтылады...

Осы мығым денелі сары жігіт маған пілдей күшті көрініп, мызғымас сенім бітірді.

- Рахмет ағай, енді уақытыңызды ала бермейін, ұқтым,- деп түрегелдім орнымнан.

- Мына жарнамадан қанша керек сізге?

- Біздің мектепке ме?- деп ойлана кідірдім. - Бізге Әлиқан төренің бұл үгіті көп керек емес сияқты, Гоминданның өз мылтығының ұшымен, ақсиған тісімен, ұлтшылдық мұратының күшімен-ақ ұқтыра үгіттеп болған, маған екі нұсқасы ғана керек. Соның өзі жылжып жүріп бәрімізге жетеді!

Репқат қарқылдай күлді. Күлкісі де тым нанымды екен.

- Олай демеңіз,- деді сонан соң, - Мұхамметтің орнатқан дін сеніміндей жалпыласқан сенім біздің жұртшылықта әлі жоқ. Сізге материялизмшіл - марксшыл болып көрініп жүргендердің көбі-ақ ішінен күбірлеп, иманын үйіре жүреді. Бұл жарнама қазіргі күнде сондайларға да қызмет істей алады.

Бұл сөзі шындық екеніне мойындасам да, жарнамадан көп алғым келмеді.

- Көп болса иісшілдердің қолына түсіп, бізді әлекке салады, біреу де болса халыққа молырақ тарағаны қатерсіз ғой. Осы екеуін бар сабақтасқа жеткізе аламын!...

Сөйтіп, екі нұсқа ғана алып шықтым. Ойқастай жортып келіп, өткен жазда Нұрия екеуміз сөйлескен тар көшеге ілініп едім. Содан шыға келгенімде әйелдер институтының қақпасы оңтүстікке қиыс қарап ашық тұр екен. Дәл қарсымда өлкелік үкімет үйінің алдындағы қары күрелмеген ызғарлы алаң түскі ашық күнмен жарқырап-жарқылдап өтірік күліп жатқандай көрінді маған. Аржақ шетіндегі мылтықты қақпадан шашқан удай зәрлі суық жел гулейді.

Ықшам ғана қара дырап пальтосы көзіме оттай басылып, үлкен төрт көше жақтан Нұрия шыға келді. Сәлден соң, алаңды кесе, мектебіне төтелей жөнелді. Тым асығыс сияқты, қоңыр түбіт салысымен аузын тұмшалап алыпты. Оң жақ бүйіріндегі уағдалы көше аузында тұрған маған бір де қарап қоймай тыпыңдаған суыт жүрісі менің көп күттіруіме өкпелегенін немесе келуімнен үміт үзгенін танытқандай. Айғай салғым келді. Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан көп адамды жалт қаратып айғайлаудан тиыла қойып, ұмтылып едім, Нұрияның соңынан қуып келе жатқан сары киімді Кәмен көрінді. Нұрияның қарамай зытуының себебі сол екен, мен де жалт беріп, тар көше мүйісіне далдаландым.

Жұрт көзінше жүгіре қашудан ұялып, бар жүрісімен лыпылдаған ұсақ қадамды қызды орғи қуған ожар адым құтқарсын ба, он адымдай қалғанда ыршып барып қолтығынан іле түсті Кәмен. Серпіліп шыққан Нұрия қайрылып тұра қалды. Амандасқанси созған арсыз қолдан шегіне беріп еді, Кәмен қос арсызын қосарлай созып барып, бір қолына жабыса түсті. Тұтқындалған қолын шығара алмағандай тартысып біраз тұрған Нұрия, енді бір сәтте босай қалған қолын өзі қайта ұсынғандай көрінді маған. Сүйікті қыздың сүйріктей саусақтарынан енді Кәмен безінгендей жалт беріп жүріп кетіп еді, Нұрия қуып жетіп және созды қолын. Кәмен Нұрияның қолын қағып тастап тұра жөнелді.

Аяулымның қолын зорлықпен бір ұстап қана жадырап кеткендей мына көрініске күлдім мен. Кәмен зорлап хат ұстатып қашып, Нұрия сонысын қайтарып беру үшін қуғанын сезіп тұрмын.

Кәмен қайрылмай жөнелгенде, Нұрия оның артынан қорқытарлық бір сөз айтып қайтқанын Кәменнің алыстай бере жалтақтап тұрып қалуынан байқадым. Нұрия жан-жағына да, мен жаққа да қарай-қарай кірді қақпасына. Мен көрінбеуге тырысып, мүйістен жартылай сығалап қана тұрдым. Оның үстіне, қыс бойы түспеген малақайымның құлағын да түсіріп, алыстан ешқайсысы тани алмайтындай кептеп кигенмін.

Алаңнан алыстаңқырап барып қайрылып тұрып қалған Кәмен, не себептен екені белгісіз, қолын сілкіп тастай жөнелді бір кезде. Төрт көшеден Яңхаң көшесіне бұрылып, қарасы әбден өшкен соң ғана жүрдім. Мектеп қақпасына жақындағанымда Нұрия терезесінен көрген сияқты, мақталы мешпетін киіп шыға келді.

- По, осынша неге...- деп соңын айтпай бұртия қарады да, өкпелегендей түйілген болып, көзін бір төңкеріп тастады. Түйілгені де тым ыстық көрінді маған, жүзінен жүрегі көрінгендей, сүйістің жалынды емеуріні ернінен жалт ете түсті.

- Кешір Нұрым, осымен үш рет ұзақ күттірдім сені!... Бұл жолы үлкен себеппен кешіктім.

Жадырай күлімсіреп, ілесе берді ыңғайыма. Көзі төрт көше жақты көп шолды, Кәмен әлі аңдып тұрғандай сезілетін сияқты.

Жаңағы мен жасырынған тар көше аузында кідіріп, тағы біраз қарауылдады да, артымнан жете сұрады:

- Кәменді көрдің бе?

- Көрдім,- дей салдым, - мен осы көшемен келдім.

- Сен кешіккен соң, жолыңды тосып жүре беріппін. Яңхаңға шыға бергенімде Кәменді көріп, қайта қайтып едім. Алыстан қалай танып қойғанын білмеймін, қуып жетіп осы жаңа ғана хат беріп кетті маған. Лақтырып тастайын деп едім, маңайымнан өтіп жатқан адам көп болған соң ұялдым. «Өзің қайтарып алмасаң, оқушыларыңның біреуінен жіберемін, масқарасы өзіңді табады» деп қайттым.

Кәменнің кейінгі қайрылып тұрып қалуы Нұрияның осы сөзінен екені түсінікті болды.

- Хатын алаңда лақтырмағаным жақсы болыпты, - деп жалғастырды Нұрия сөзін. - Мен қорқатын сөйлемдер бар екен. Мә, оқып шық та сен апарғаныңды айтпайтын біреу арқылы өзіне жеткізе сал!... Өзің енді қатты сақтан, жаным, - деп қалып, соңғы сөзінен өзі ұялғандай, жүзі қызарыңқы тартты да тұқыр сөйледі. - Жеңгемнің жазған хатына қарағанда Қабен аға қолға түскен сияқты...

Мен тұра қалдым.

- Не деп жазыпты?!

- «Менің қауіптенуім дұрысқа шықты, ағаң ауруханаға түсті. Бірақ, сенің айтқаныңдай... «дәрігерлер» құтқармай қоймайтынын айтып жүр. Менің де үмітім толықтанды» деген сөзіне қуандым. Жеңгемнің тым қорқақ екенін де айтып едім ғой өзіңе, мұндай адамның толық үмітті болуы халықтың күшейгендігі шығар?

- Дұрыс, өзің мен туралы неге қауіптенесің?

- Ыңғай жаман түс көретін болдым,- деп және тұқыра түсті Нұрия, - маған қарамай алыстан көрінетін болдың. Алдыңғы күнгі түсімде суға түсіп кеттің... шошып ояндым.

- Түске сенемісің?

- Сенбей... жаман түстің келетіні көп қой!

- Ояуыңда ойлағаның басқа бір сипатпен түске кіре береді, жаным. Сенбей-ақ қой оған!

- Саған айтайын деген тағы бір ісім бар: өткен жексенбіден бері шешемнен екі рет хат келді. «Тез қайтып кел» дейді маған. Едел-жедел хат жазып, сонша шұғыл шақыруынан ауырып қалды ма дейін десем аманшылығын жақсы баяндапты. Үлкен көтеріліс болса менен айрылып қалармын деп қауіптенетін сияқты. Жауабын қалай жазайын?

Мен Үрімжі көтерілісінің мезетін ойлап, қатерлі кезеңде Нұрияның өз үйіне қайтып тұра тұруын жөн көрдім.

- Ол кісінің солай қауіптенуі де дұрыс шығар. Тез қайт десе... қайта тұрсаң болмай ма?

- Сені... сенші?!

- Амандық болса өзім-ақ таппаймын ба, ант аттамайтындығымызға сенім толық қой!

- Үйге қайтып барып алсам... ол антты біз бұзбағанымызбен басқалар бұзар деп қорқам.

- Қалайша?

- Айтып едім ғой өзіңе, мені шешемнен сұрап жүргендер көп болатын. Ала топалаң бола қалса... Үйде әкем болмаған соң зорлап алып қашудан тайынбайтындар бар... Қорған боларлық Қабен аға да түрмеде жатыр... Әлде... жаңа жыл да келіп қалды ғой, қыстық демалыста барып қана қайтсам, қалай?... Сені де, мектептің қатерсіздігін де түсіндіріп қайтсам, шешем менен алаңсыз болар еді.

Маған Нұрияның сол «барып қайтуы» да қатерлі көрінді. Жауапсыз ойланып қалдым. Нұрия менің бұл бөгелісімнен елең ете түсті.

- Жаңа, «үлкен себеппен кешіктім» деп едің ғой, соны айтшы алдымен.

- Иә,... көше аузына келіп қалыппыз, қайта жүрейік!... «Шығыс Түркістан» ұйымы Үрімжіде де құрылыпты. Таңертең мені соған шақырып әкеткен.

Мұны естігенде жаңағы менше Нұрия да кілт тұрып қалды. Жүзі нарт жанып, аңыра қарады маған.

- Қабен ағаша қолға түсіп кетесің-ау!

- Олай болмайды, Нұрияш... кете қоймаспын, біздің ұйымдасу тәртібіміз өте берік.

- Қалай?

- Мені ұйымға өзім тартқан ең сенімді бір адам ғана білетін болады,- деп бастап, ұйым жайында білетінімді қысқаша түгел айта салдым.

- Үйге барып қайтуды да қойдым енді,- деп Нұрия білегімді көкірегіме баса қолтықтап ілбіді.

- Неге?

- Қатерлі кезде сені жалғыз тастап кете алмаймын! Мен де қатынасамын. Сен мені ғана тарт осы ұйымға, тартуға тиісті адамың нешеу болса да мен орындайын, өзім ғана көрінейін оларға! Сонда ғана қамсыз болармын!

Аса адалдықтан аңғалдық туылатыны бар ғой, қатерлі істегі, әсіресе, төңкерістік жұмыстағы аңғалдық ақымақтықтан да асып түспей ме. Ұйым жайын Нұрияға түгел айта салуым осылай сезілді өзіме. Кіршіксіз махаббат иесі өз аяулысына апат төндірмейтіні анық. Бірақ, аяушылықтан өз басына апат төндіру де бар. «Өзі қайғылы жанның көкірегін қасыретпен қаритын болдым-ау енді! - деп өкіндім аңғалдық еткеніме. - Ең шыдамды болғанда да маған алаңдап, ұйқысыздықтан солмас па... шыңап, қайрап тұру керек болды ғой енді!»

Жаутаңдай қарап жауап күткен көзіне мысқылдағандай қарап сөйледім.

- Күресте туған күшті нұр болар деп жүрсем, үйде терезе алдында ғана өскен, әлсіз-әйеншек гүл ме едің, Нұрияш?

- Не бопты?!

- Қабеннің ісіне алаңдаған жеңгеңді «қорқақ» деп мінеуші едің ғой, енді сондай іске қатнасқанымды айтқанда өзің не боп келесің?... Көрген түсіңнен де қорқады екенсің.

Сыңғырлай күлді Нұрия.

- Жоқ, әлгі талабымның мәнісін түсінбей қалыпсың... Әйел ісіне үкімет жеңілірек қарайды, осы іспен сендер қолға түссеңдер атып тастауы мүмкін.

- Әйел үгітіне үкіметке қарсы азаматтар да жеңіл қарайды. Өзің танитын екі-үш қызға сыбырлаудан басқа ештеңе істей алмай қолға түсуің тіпті мүмкін!- деп «күміс қоңырауымды» тағы бір сыңғырлатып едім. Бірақ, бұл сыңғырының соңы сынға ойысып, күбірлеп тұқырды:

- Мені тым қор санайтыныңды біліп қойдым... Қыздар ғана ма екен?... Сені ешкімге көрсетпей Ынтықбайлар арқылы бар сабақтасыңды бір-біріне жалғастыра қояр едім!

- Қор санауым емес Нұрияш, қорғаштауым. Өзің де мені қорғаймын деп қорлап алғаныңды сезбей қалдың!

- Қалай?

- Ел-жұрты үшін құрбандыққа шыдау ғана азаматтық атқа лайық іс. Сен мені ол аттан жұрдай етіп, өзің аттанбақсың!... Сен ұйымдастырмақ болған Ынтықбайлар әлдеқашан өздіктерінен ұйысып болған. Менің міндетім - өздігінен, ешқандай қатерсіз-ақ орындап қалған міндет. От жағады деп отқа түсетіндей қорықсаң, қорлағандық болмай ма?

- Ал қойдым ендеше!... Жалғыз-ақ... сенімен бірге көрмесем... көңілім тыншымайтын сияқты, менің де бір себім тиіп қалар, қатынасайыншы!

- Мақұл, бірақ, менімен ақылдаспай ештеңе істемейсің, ақылдаспай қатарға ешкімді тартпайсың!

- Мақұл!

- Алдымен жағдайды әркімнен сұрастырып біліп, қатерсіз болса демалыс кезінде апаңды тыныштандырып қайтсаң қалай?... Алтай ахуалын, Қабендердің жайын біле келесің!

- Мақұл, бірақ, онда үш күннен артық тұрмаймын!...

Репқаттан алып шыққан жарнаманың біреуін Нұрияға оқытып, бұл төңкерістің «сөзсіз» жеңетіндігін толық түсіндіріп қайттым. Көңілі орныққандай болып қалды.

Кәменнің Нұрияға жазған хаты көше бойы ойландырды мені. Бастабында өліп-өшкендей құштарлығын баяндай келіп, епті сөзбен қорқытуға көшіпті - әкесі үкіметке ежелгі жау қатарында түрмеден шыға алмай жатқанда, ағалары одан да асып түсіп Жұңхуа Мингоға қарсы шыққанын, «банды» болып кеткенін жазыпты. «Осы жайыңның өзі ғана жеткізілсе мектептен қуылар едің. Өзіңнің де кей кезде ерекше киініп, жүзіңді өзгертіп, мұрт жасап шығатыныңды менен басқа біреу білсе, қандай халге түсер едің, ойлап көрші! Ғашықтығым ғана саған қорғаныш болып келе жатпай ма? Әлде де айтарым, өзіңдегі сол үмітімді жандырсаң екен!... Өзіңді де, әкеңді де, сонымен бірге мені де аясаңшы, Нұрия жан!... Зарығып жатқан әкеңе кепіл болып, жарық дүниеге шығарар едім ғой! Егер шешең мен туысқандарыңның қасында болғың келсе, өзіңмен бірге кетер едім ғой!» деген сөзі Нұриядан басқа қызды ойлантар еді. Сақшының ішкі жағынан осындай кепілі бар әкені қазіргі У Жуңшин үкіметінің шығара салуы оп-оңай ғой! Бірер ауыз жылы жауап қайтарып, Кәменді алдай салса, түрмеде сарсаң болып жатқан сол әке шыға келгендей екен.

«Нұрияның қорқуды былай қойып, титтей илікпей, бейхабарсып тұрған маған сол хатты бере салуы - неткен беріктік, неткен бір беттілік!... Өзіне зор қасірет орнатып жүрген әке тағдырын да екінші орынға қойыпты ғой! Махаббаттың осындай жансебіл пірісін, ыстыққа да, суыққа да шыдамайтын әлсіз-әйеншек үй гүліне қалай теңерсің?»- осылай жанып қайттым жар қасынан.

Кәменнің бұл хатын басқа біреу арқылы қайтарып бермей-ақ, сол тыңшының өзін іштен бүре түсетін құралға айналдыруға болатынын да ойлап келемін.

Әділетті тергеушім, терімнен қырынды шел тілеп отырғаныңызда «Шығыс Түркістан» ұйымы жөнінен қос тегенедей құйрық асата қойғанымды түйсініп, көзіңіз шырадай жанған шығар! Мұндай қылмыс фактысы арқылы мені қай саққа жүгіртіп, қай сотқа тартқызсаңыз да төрт аяғы байланған семіз өгізіңіз бола қалмадым ба?

Шпионның ішінен мұжитын құрал боларлық хат жайындағы кесек қылмыспен тандырыңызды тағы да жібіте түсермін деп сенемін!

(Жалғасы бар)

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364