Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3123 0 пікір 23 Сәуір, 2012 сағат 07:55

Тұрсын Жұртбай. «БАЙТҰРСЫНОВ – БАЯҒЫ БАЙТҰРСЫНОВ» (жалғасы)

4.

Азаптың азабы - түрме ме, жоқ, концлагерь ме? Мұның бағасын осынау қарғыс сапарын басынан кешкендер біледі. Түрмеде - жаның қыстығады, айдауылда - тәнің шырқырайды. Екеуі де Қорқыттың көрі. Айырмашылығы жарық дүниенің жарығы. Осы екі дүниені салыстыру үшін емес, А.Байтұрсынов бастатқан алаш ардагерлерінің елі үшін тартқантауқыметті тағдырынан хабардар ету үшін Ахмет Байтұрсыновтың Міржақып Дулатовқа жазған хаттарын назарға ұсынамыз. Хатты сақтап, жарияланымға ұсынған Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова. Менің ойымша жазылған жайларға түсінік беріп жатудың қажеті шамалы. Тек адам аттарын жақшаның ішіне кіріктіре кетеміз.

«КАССР п/о Попов Остров 1-ое Соловецкое отделение, СЛАГ 1, лагпункт Дулатову Мир-Якубу Дулатовичу Архангельск, Соломбала, 1-я деревня, 1-я линия, д. 9.

32 жыл, декабрьдің 31-і.

Міржақып (Дулатов), Мырзағазы (Есполов), Ғазымбек (Бірімжанов) қарақтарым!

Мен Архангельге 30-ноябрьде келдім. Күн демалыс болғандықтан, ешкімді іздеп тауып алуға мүмкін болмады. Далаға түнегендей болып түнімен жатпай, көшеде қыдырып жүрумен болдым. Таңертең барған адам, келесі таңертеңге дейін отырарға жер таппадым. Жанымда бірге барған 4-5 адам, олар да солай болды.

4.

Азаптың азабы - түрме ме, жоқ, концлагерь ме? Мұның бағасын осынау қарғыс сапарын басынан кешкендер біледі. Түрмеде - жаның қыстығады, айдауылда - тәнің шырқырайды. Екеуі де Қорқыттың көрі. Айырмашылығы жарық дүниенің жарығы. Осы екі дүниені салыстыру үшін емес, А.Байтұрсынов бастатқан алаш ардагерлерінің елі үшін тартқантауқыметті тағдырынан хабардар ету үшін Ахмет Байтұрсыновтың Міржақып Дулатовқа жазған хаттарын назарға ұсынамыз. Хатты сақтап, жарияланымға ұсынған Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова. Менің ойымша жазылған жайларға түсінік беріп жатудың қажеті шамалы. Тек адам аттарын жақшаның ішіне кіріктіре кетеміз.

«КАССР п/о Попов Остров 1-ое Соловецкое отделение, СЛАГ 1, лагпункт Дулатову Мир-Якубу Дулатовичу Архангельск, Соломбала, 1-я деревня, 1-я линия, д. 9.

32 жыл, декабрьдің 31-і.

Міржақып (Дулатов), Мырзағазы (Есполов), Ғазымбек (Бірімжанов) қарақтарым!

Мен Архангельге 30-ноябрьде келдім. Күн демалыс болғандықтан, ешкімді іздеп тауып алуға мүмкін болмады. Далаға түнегендей болып түнімен жатпай, көшеде қыдырып жүрумен болдым. Таңертең барған адам, келесі таңертеңге дейін отырарға жер таппадым. Жанымда бірге барған 4-5 адам, олар да солай болды.

Түнді солай өткізіп, ертеңіне Абдолланы (Абдолла Байтасов) тауып алып, 17-декабрьге дейін соның үйінде болдым. Онан кейін пәтер тауып алып, бөлек шықтым. Мұнда пәтер табу деген өте қиын жұмыс екен. Таныс арқылы болмаса, өз бетінше пәтер табу деген болмайды. Абдолла өзінің таныстары арқылы әрең пәтер тауып берді. Келгеннен бері орын іздедім. Әлі табылған жоқ. Талай үміттенген жерге тұяқ ілікпей қалды. Бос орындарға - біріне: айдалған болған соң алмаймыз дейді. Біріне: әуелі профсоюз мүшесін аламыз дейді. Біреулеріне: үшекеңнің (тройканың) рұқсатын сұраймыз - деп, сұрағаннан кейін, болмайды дейді. Сонымен әлі күнге дейін орын іздеп сандалумен жүрмін. Орынсыз адамға нан карточкесін, столовой карточкесін бермейді. Ол карточкелер болмаса, нанды, тамақты базар бағасымен алып ішесің.

Базар қымбат: нанның килосы 5-6 сом, буханкасы 25-30 сом. Сүттің литрі 4-5 сом, майдың килосы 45-50 сом. Оған қалай ақша шыдасын. Алып келген аз ақшам әлдеқашан бітіп қалды. Абдолла мен Қырбаласы (Ә.Бөкейханов) екеуінің атсалысуымен жан сақтап тұрған жай бар. Қырбаласы орынында болып, бұрынғы адресімен тез хабарластым. Сендерге орын-морын тауып жайғасып жазармын деп едім. Ол болмаған соң, көңілді хабар жаза алмай тұрған жай бар.

Құшақтап сүйем, Ахмет».

*          *          *

«АКСЕР п./о. Попов Остров 1-ое Соловецкое СЛАГ 1, Лагпункт, Дулатову Мир-Якубу Дулатовичу.

Архангельск, Соломбала  1-я деревня, 1-я линия, дом, 9. 26/11-33 ж.

Дендерің сау, аман жүрсіңдер ме? 31-декабрьде бір хат жазған едім. Оны алған - алмағандарыңнан дерек жоқ. Мен әлі орынға кіре алмай жүрмін. Мекемелерді ықшамдап, жер аударылғандарды алмау деген ағын тұсына кез келіп, еш жерге орналаса алмай тұрғаным. Орын болмаған соң, қай жағынан болса да хал нашар болатыны белгілі ғой.

Бір жағынан - ауру, екінші жағынан - суық, үшінші жағынан - аштық, үш жақтап қысып, әркімнің атсалысқан көмегі арқасында күнелтіп келе жатқан жай бар. Бұл қалыппен көпке бармай бір шегіне барып тынатын шығармын. Қырбаласы (Ә.Бөкейханов) қолдан келген көмегін істеп-ақ жатыр. Бірақ көмекпен күнелту мұнда өте қиын. Қазір қара нанның килосы 12 сомға жетті. Ол не шыдатар? Жұмыста болмаған соң, нан карточкесі де жоқ, столовой нанды карточкесіз бермеген соң нанды базардан алып жемеске шараң жоқ. Базар бағасы анау. Онымен қанша нан сатып алуға, тойынып тұруға болар. Қазір әбден арықтап, жүдеп болдым. Жылы киімім жоқ.

Күн мұнда Аралдағыдай емес. Өте суық. Аштық, арықтық, суық тағы бір жағынан айналдырған соң, ел қалай күнелтпек? Елдің хабары өздеріңе мәлім күйде, жұмысы біткен. Қырбаласының ел жайынан жазған хаты қолды болып, қолыма тиген жоқ. Қужақ (Голощекин)  екі жолдасымен (- ?) орнынан түскен. Жолдастары кім екенін жазбайды. Қазақ жайы - соқырға көрінген, саңырауға - естілген болса керек.

Әлімхан Ермеков), Әуезұлы (Мұхтар) екеуі тәуба қылып шыққан. Басқалары: Сейдазым (Қадырбаев), Мұхамеджан Т. (Тынышбаев), екі дос Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер), Ақбай (Жақып) ақсақ інісімен (Әбділхамид), Әшім (Омаров), ұзын Мұхтар (Мұрзин) - бұлар Воронеж қаласында. Аудандарында: Көшке (Кемеңгеров), Жұмағали (Тілеулин), Мұстафа (Бұралқиев), М. (Мұңайтпасов) Әбдірахман, Нәшір (Қожамқұлов), (Жұмақан) Күдері баласы, бәрі де қызметке қатын-балаларымен тұрған көрінеді. Мен де: не қатын-балаларыма  мұнда келуге, не мені онда баруға ұрықсат ет - деп Мәскеуге арыз беріп едім, хабары жоқ.

Жақын арада жазушының (М.Горькидің) бұрынғы қатыны (Пешкова) бастық болып тұрған мекеме (қызыл крест қоғамы) арқылы арыз бердім. Мұнда қазіргі жай-күйімнің бәрін айтып: өлсін демесеңдер мені не жылы жаққа жіберіңдер, не қатын-балам тұрған жерге жіберіңдер. Мен бұл күйде тұрғанда өлемін - деп жазып отырмын. Мұнан анау қатын арқылы бірдеме болар деген үміт бар. Мұнан еш нәрсе шықпаса, шынында да өлу ғана қалады.

Мұнда срогі біткендерді де босата қоймай, бәрін осында ұстап отыр екен. Соңғы күндері босатулары сұрапыл;  күні-түні қағаздарын беріп, қойша ағытып жатыр. Күні біткендерден ешкім қалатын көрінбейді. Өздері:«Қалам»  -  деп тілесе ғана қалдырады. Мұнда Абдолла қатын-баласымен тұрады. Олар да мекеме ықшамдауына ілігіп еді, қатыны басқа орын тауып кірді де, өзі бұрынғы орнына 10 күннен соң қайта кірді. Жақын арада Алматы жағынан үй-іштерімен көп қазақ келді деп еді. Оларға әлі жолыққаным жоқ.

Хош, Ахмет».

*          *          *

АҚССР п/о, Попов Остров 3 отдель, СЛАГ. О Соловки, 1 Лагпункт, 1-я рота Дулатову Мирякубу.

С.Мочлино, Клубная, д. Сойгарова Степана. Зап. Сиб. край. Томск. окр. Кривошейенск. Район. 8/ІІІ-34.

Қарақтарым Мыржақып, Мырзағазы!

Сондасыңдар ма? Дендерің сау ма? Ғазымбек қайда? Мен қатын-баламның қасына жібер деп сұранып, мұнда келдім. Өткен сентябрьден бері осындамын. Айына 150 сом жалақысы бар бір орынға ілігіп едім, онан осы марттан бастап шығарып тұр. Қазір жұмыссыз тұрмын. Қ. Б. - нан (Қыр баласы - Ә.Бөкейханов) хат алып тұрмын. Аман. Соңғы бір-екі хатында Смағұлдан (Сәдуақасовтан) басқамыз аманбыз деп жазған екен, онысы немене екенін анық білмеймін. Елдес Алматыда оқыту жұмысында деп жазады. Оның өзіне әлденеше рет жазып, жауап ала алмай-ақ қойдым. Сендерге жазып жауап қайтпаған соң, тағы жазып отырмын. Қолдарыңа тисе кешіктірмей хабар берерсіңдер.

Сүйем. Ахмет.

Б. С-дан (Бадрисафадан) сәлем. Ол қояншық ауруы болып әбден біткен... Шолпан (қызы) мен мұнда келгенше Алматыға кетіп қалыпты.

Ағайындардың бәріне сәлем».

Смағұл Сәдуақасов  сол жылы тосын да күдікті дерттен (өнеркәсіптік, яғни, кәсіби улану деген диагноз қойылған) қайтыс болған. Жерлеуге қатысқан С.Мұқановтың айтуынша, таңертең Кремльге сау кірген, кешке қарай: «Сүйегін өртеуге куәлік етіңдер», - деп суыт хабарлаған. Денесін көруге қайын атасы Ә.Бөкейхановқа дар ұқсат бермеген. Жерлеуге қатысқан Сәбит Мұқановтың жары Мариям Қожахметқызы сол бір қаза туралы:

«Естелік айтамын деп талай аруақтың құлағын шулаттық-ау деймін. Ие, Смағұл Садуақасовтың жерлеуіне қатысқанымыз бар. Мәскеуде тұрған кезіміз. Шамасы, не 32, немесе 33-жыл. Олай дейтінім, Сәбит ол кезде Қызыл Профессурада оқып жүрді. Бір күні сырттан асығыс келіп:

- Мәриәм, жинал. Смағұл Садуақасов қайтыс болыпты. Бүгін жерлеуге апарады екен», - деді.

Екеуіміз үйден шықтық. Қыстың күні болатын. Мәскеудің шет жағын толық білмеймін ғой. Трамвайға отырып, одан біраз жаяу жүріп келіп, бір үлкен кірпіш үйдің жанына тоқтадық. Әлгі үй ерекшелеу көрінді маған. «Крематорий» деген осы», - деді Сәбит. Жүрегім зырқ ете түсті. Өлген адамды өртеп жібереді екен дегенді естігенмін:

- «Марқұмды неге елге апармады екен?, - деген сұрағымды Сәбит жауапсыз қалдырды.

Біраз күтіп тұрып қалдық. Маңайда көп ешкім көрінбейді. Бір кезде анадайдан жақындап келе жатқан арба көрінді. Мәйітті сол арбаға салыпты. Арыстай боп сұлап жатыр екен. Арба соңында ілби басып екі-үш адам келеді. Сәбит маған сыбырлап:

- Әлихан Бөкейханов - қайын атасы, әйелі - Лиза, анау - баласы», - деп түсіндіріп тұр.

Арба ақырын жүріп келіп есіктің көзіне тоқтады. Сәбит жақын барып амандасып, көңіл айтты. Мен шегіншектеп кейіндеу тұрдым. Бөкейханов келбетті адам екен. Үстінде етегі жер сызған, жағасын алтайы қызыл түлкіден салған қымбат тоны бар. Кескін-кейпі патшадай болып көрінді маған. Такаппар, суық жүзді.

Бір кезде мәйітті табытымен көтеріп, ішке кіргізуге ыңғайланды. Ешкім дауыс салып, үн шығарған жоқ. Әйелі Лиза - қаралы киімде. Табыттың басында үнсіз тұрып қоштасты. Қазақ ғұрпымен дауыс салмағаны маған ерсілеу көрінді. Іштен шыққан адамдар табытты ала жөнелді. Бөкейханов та, әйелі мен баласы да есіктің алдында қалып қалды. Сол кезде Сәбит тез-тез басып, үйді айналып кетті.

Бұл қайда кетті?», - деп мен аң-таңмын.

Біраздан соң келіп, көргенін айтты. Мәйіттің қалай жанғанын үлкен пештің алақандай тесігінен көріпті. Табытымен жылжытып әкеле жатып, жалынға берер сәтте мәйітті ажыратып алады екен. Сол кезде мәйітті тігінен көтеріп, қып-қызыл отқа сүңгітіп жіберетін көрінеді.

Тірлік-ай десеңші, жамбасы жерге тиген де бір медет екен ғой, - деп Сәбит екеуіміз үйге қайттық. Бар көрген-білгеніміз сол», - деп еске алады.

Бар емеуірін танытарымыз, ол кезде Жамбыл «темір комиссар» деп мақтаған Кене - Ежов Кремльдің қауіпсіздігі саласына  жауап беретін. Ал С.Сәдуақасов 1921 жылы Семей облысын Қазақстанға күшпен қосқан кезде Смағұл мен Ежов екеуінің арасынан «ала жылан» өтіп кеткен болатын. Қазақстанда да «қазақтық мәнермен» азанама жарияланды. Арыс азамат қайғылы қазаға ұшырап, сүйегі асығыс өртенгеніне өкініп жазылған баспасөздегі азанамаға  А.Мусин сияқты ақ жүректердің тұла бойы түршігіп, аза бойы қаза болды. Ол өзінің Мирзоянға жазған ұзақ «сүйкетпесінде»:

«Москвада оқитын Ғалым Малдыбаев деген жас жазушы «Социалды Қазақстан» газетінде Смағұлдың өліміне арналған очерк-мақала жариялады. Очерктің бас-аяғы тұнған қайғы, ыңырсу, сыңсу. Онда біраз адамдардың жоқтауы да келтірілген. Малдыбаев жолдастың очеркін оқып көрейік: «Екі күн бұрын Смағұлға жолыққанымда оның қатты жүдеп кеткенін, денсаулығы әлсіреп, көзі нашар көре бастағанын байқадым. «Смағұл, қалың қалай, тыныштық па?», - дегенімде Смағұл: «Тыныштық. Біздердің айтысып жүрген кезіміз де болды, сонда сен: егер мен өле қалсам мың адам жинап көмерсің - деп едің. Ал, енді кіріс, жина топырақ салатын адамды» - деп жауап қайырып еді», - деп жазыпты.

Крематорийдан қайтып келгендердің де жоқтауын келтіріпті. Онда: «Смағұлға сатқындық жат еді, өте қайсар жігіт болатын және өзінің позициясын қатаң ұстанатын. Оқуын бітірген кезінде қайтыс болып кеткені өте өкінішті», - деп өкінеді Малдыбаев. Әлгі жолдас шынында да солай деді ме, жоқ па, Малдыбаев жолдас жанынан қосып отыр ма, мәселе онда емес. Бұрынғы саяси күрес кезі «айқайшыл уақыт» деп бағаланған. Сонда біз бүгін сәдуақасовшылдықпен күреспеуіміз керек пе? «Смағұлға сатқындық жат еді» - деген не сөз? Бұл сөздің астарында: партияның сара жолын нық ұстаған коммунистерді орысқа сатылып кеткендер - деп айтып тұрғаны емес пе екен», - деп өршелене әруақпен айтысты.

Несі бар, бұл да сол кездегі «айқайшыл кезеңнің» айқайшыларына тән «саяси қырағылық» болатын.

Ұлт көсемінің: «Смағұлдан басқамыз аманбыз», - деуінің астарында осындай қасірет табы жатыр еді.

Аман болайық.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371