Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 10771 4 пікір 6 Мамыр, 2021 сағат 14:12

Ұлы Даланың жеті қыры: Өркендеу символы – қызғалдақ!

Тақырыпқа тұздық:

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының жетінші тармағында «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деп тайға таңба басқанда жазылғаны белгілі. Тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған аталмыш мақалада Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың үш мың түрі болса,олардың басым көпшілігі біздің далада өсетін қызғалдақтан тараған. Қазақ топырағындағы осындай ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, қазақы брендке айналды», - деген еді.

Бүгін біз Abai.kz оқырмандарының назарына профессор, этнограф Тәттігүл Қартаеваның қазақ халқының кешегі һәм бүгінгі тарихындағы қызғалдақ гүлінің алатын орны туралы зертету материалын ұсынып отырмыз...

Нәбетат тобындағы – қызғалдақ ою

Ұлы Дала өркениетінің туындысына айналған ою-өрнектер қазақ халқының дүниетанымынан, ұшқыр қиялынан туындаған. Қазақы танымда адамзатты жануарлар әлемінен байланыстыратын қошқармүйіз, түйетабан, құсқанат, тайтұяқ, итқұйрық, бөріқұлақ, т.б. оюлар  –  «мақлұқаты» (зооморфты, аң стилі); адамзатты аспан әлемімен байланыстыратын жұлдызша, күн шапағы, айшық оюлары – «ғарыштаты» (космогониялық), ал, адамзаттың күллі өсімдік әлемімен байланысынан туындаған  әртүрлі гүл, жапырақ, сабақ, шырмауықты ою-өрнектер – «нәбетаты» (көгеріс) тобын құраған.

«...Он сегіз мың ғалам болғанда,

Үш бөлім болып тараған,

Алтауы болар жәмәдат,

Алтауы болар нәбәтат,

Алтауы болар айуанат,

Үш алтыны қоса ғой,

Он сегіз мың жан болад,

Білмеген адам таң болад...»  (Жырау Қашаған Күржіманұлы).

Халықтың діни түсінігіндегі жәмәдат – адамзат, нәбәтат – өсімдіктер, айуанат – жан-жануарлар, хайуанаттар әлемі болып, он сегіз мың ғаламды (әлемді), күллі тіршілікті құрайды.

Көгеріс оюлардың негізінде өркендеу идеясы жатыр. Гүлдердің сабағы, жапырағымен бірге салынуы, мәңгі тіршілікті, өмірдің жалғасын, ұрпақ жалғастығын меңзеген. Нәбәтат, көгеріс өрнегі тобына жататын «қызғалдақ гүл» бейнесін салу қазақ қолөнерінде жиі қолданылады (Қазақтың этнографиялық..., 2017, 144). Шебердің жасаған бұйымына нақыш саларда қызғалдақ гүлді таңдауы наным-сеніммен де  байланысты қалыптасқан, оны ұрпағының өсіп-өнуіне ырымдаған. Себебі, қызғалдақ өздігінен өсіп, өздігінен көбейетін дала гүлі. Әрі адамзат  әсемдік пен шаттықтың нышаны санаған қызғалдақ бейнесі арқылы, қызғалдақты даладан алған әсерін, сезімін бейнелеген.

«Қызғалдақ гүл» кестеленген түскесте, тұскиіз, шымылдық, киім-кешек, атжабу, түйежабу, ботажабу,  дастархан, қызғалдақ гүл оймышталған ағаш бұйымдарды музей қорларынан көруімізге болады. Қызғалдақ гүл кестелі  киім түрлерінің, қолорамалдың, қосетек көйлек етегінің, шапанның етек, жеңінің сәні болған. Қызғалдақ бейнесінің ер адам, әйел адам бұйымдарына ортақ, тән болғандығы өзіне ерекше назар аудартады, әрі бұл ою-өрнек түскен қолөнер бұйымдарының қайсысы болмасын ерекше сәнді көрінеді. ҚР Мемлекеттік Орталық Музейі коллекциясының құнды жәдігердің бірі Сұлтан Баймұхамед Айшуақұлы (19 ғ. басы) киген алтын зермен кестеленген мұрақтың өн бойындағы басқа гүлдер арасынан қауызды қызғалдақ бірден көзге түседі-ақ (Қазақтың дәстүрлі киім-кешегі, 2009: 24).

Музей қорындағы құнды жәдігердің бірі Ақтөбе уезі, Қарашығанақ болысында 36 жыл болыс болған Ержан Шолақұлының қызының  шошақ төбелі бөрігіне қызғалдақ гүл «өмір ағашы» бейнесі іспеттеніп, алтын зермен кестеленіп түсірілген (Қазақтың дәстүрлі киім-кешегі, 2009: 47).

Қолөнердегі қызғалдақгүл оюы туралы жазба дерек беретін туындының бірі неміс дәрігері, этнограф-саяхатшы Рихард Карутцтың (1867 – 1945) Маңғыстау жеріне жүргізген зерттеулерінен кейін жарық көрген «Среди киргизов и туркменов на Мангышлаке» атты кітабы (Санкт-Петербург, 1911). Жергілікті қазақтардан қызғалдақ гүл кестеленген  атжабудың суретін сызып алып, өзінің осы еңбегіне қосқан.  Маңғыстаудың маң даласында, көшпелі құмдарында өскен көктем гүлінің нәзіктігі кестелі атжабуға ерекше көрік беріп тұрғандай. Атжабудың екі бұрышына кестеленген үлкен қауыз ішінде, екінші қауыздың кестеленуі Маңғыстау құмындағы алғашқы сарғалдақ, одан кейінгі қызғалдақты бейнелегендей. «Жаңа ғана қоңырайып жатқан күңгірт дала кенет сарғалдақ, қызғалдақ гүлге толып, құлпырып кеткендей болды» (Кекілбаев, Бәсеке, 2005: 24).

Ердің тоқымындағы қызғалдақ гүл оюы да Р.Карутцке мені сызып ал дегендей әсер бергені анық десек артық болмас. Тоқымның ортасына түскен қызғалдақтың жуасы тұқым жайып, екі жағынан тағы екі қызғалдақ шығады.   Құрым теріге осындай оюларды түсіру үшін иі қанған жас, жұмсақ теріні  оюмышталған ағаш қалыпқа, оюлар ойығына кіріктіре қойып, үстін ауыр тас, кірпіштермен бірнеше күнге бастырып қойған, нәтижесінде ою бедері теріге таңбадай мәңгіге басылып қалған. Қызғалдақ гүл оюлы ағаш қалыптың шеберлердің қолданысында болғанын осы сызба нақтылайды. Р.Карутц сызбасындағы атжабу мен тоқымды ер адамдарда, әйел адамдар да ер-тоқым жабдығына қатар қолдана берген.

1914 жылы ғылыми айналымға енген «Азиатская Россия» атты еңбекке енген «Жетісудың бай отбасы қыздары» атты суреттегі қыздар жетектеп тұрған аттың атжабуынан қызғалдақ гүл кестесі анық көрінеді. Кестелі атжабу бойжеткен қыздардың көркі мен сәніне үйлесім тауып тұр.

Зергерлік бұйымдардан қызғалдақ гүлді әйел әшекейлерінен, қос білезік, сағат білезік, қапсырма, белдік құймаларынан көруімізге болады. Қазақ зергерлері күміс бетіне қызғалдақ гүлді қарала, қара бағдар немесе  капказ бояумен түсіру арқылы сабағы, жапырағы, қауызын анық беруді көздеген. Қолөнердегі нақты бейне әсерлі, әрі тартымды болып келеді, бұл жоғары эстетикалық талғамды айғақтайды.  Қарала эмальды қазақ зергерлері өздері-ақ, дайындап ала берген, саудагерлер алып келсе, дайынын сатып та алған. Қарала құрамы салмағы әртүрлі болатын күміс, мыс, қорғасын және күкірттен тұрды, яғни күміс пен мыс бір-бір есе болса, қорғасын мөлшері күмістің жартысына тең болды, ал күкірт осы металдардың балқуына байланысты көз мөлшермен қосылып отырды. Осы құрамды шойын ожауда әбден балқытқан уақытта қара қоймалжың пайда болады. Әшекейге қара бағдар салу үшін бұйым бетіне алдын-ала өткір бізбен безеп таңдаған өрнегінің, мысалы қызғалдақтың негізін ойып сызады. Әшекей бетіне әлгі қара қоймалжыңды құйғанда, сызықтар бетіне жабысады. Оны әбден кепкен соң егеумен тегістеп, бетін былғары және киіз ысқыштармен жылтырата ысады. Яғни, қызғалдақ гүлді қараламен түсіру осы әдіспен жүзеге асқан.

Халқымыз қызғалдақтың көктемде қауыз жарғандағы көз тартар келбетін, үлбіреген әдемілігін әйел адамның сұлулығын теңеуге қолданып, «қызғалдақтай», «қыр гүліндей» деп бейнелі сөзге арқау етті. Қазақ халқы көктеуде туылған қызына «Қызғалдақ», «Қырмызы», «Сарғалдақ» деп ат  қойды.  Қыз балаға берілетін «Гүлдей көкте, жапырақтай жайна» – деген батаның негізінде өсіп, өн деген ұғым жатыр.

«Қызғалдақ пен дала», «Қыз бен қызғалдақ» егіз ұғымдай, сұлу қыздың келбеті мен қызғалдақ жапқан дала келбетін бір-бірінен ажыратып қарау мүмкін емес.

«Қыз байғұс ел жұртына келген қонақ.

Қызғалдақтай ғұмыры шолақ...»   (М.Дулатов, Шығармалар).

Міржақып Дулатов «қыздың қызғалдақ ғұмыры», – деп, қыз баланың оң жақта отырған кездегі балалық өмірінің, қыздың өз үйінде қонақ болып жүретін ерке уақытының тез өтіп кететінін, бой жетіп, басқа жұртқа ұзатылатынын айтып тұрғаны анық.

Йассауи кесенесі мен Мавланадағы қызғалдақ гүл

Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің сыртқы қақпа мен ішкі қақпа есігінде қызғалдақ гүл оймышталған, сыртқы қабырғасындағы қыш майоликаларда қызғалдақ гүл қауызы эмальмен сырланып берілген. Сыртқы қақпа есігінің оймышы үш бөлікті композициядан тұрады. Қақпа аса жоғары шеберлікпен, сәнді оймышталған. Қауызын ашқан қызғалдақ бейнесінің «бітпес» желісіне құрылып, бір-біріне ширатыла жалғасып кетуі, әлемдегі шексіз қозғалысты, мәңгілік өмірдегі өзара байланыстылықты баяндаған.

Қақпа есіктің жоғарғы бөлігінде қызғалдақ гүл үстінен араб графикалы «Пайғамбар ол кісіге сәлем болсын, айтты: Алланың сыйы – қақпасына  кіріп сұраған момынға беріледі», – деген жазу қосарлана оймышталуы,  ағаш ою өнеріндегі жоғары шеберліктің нәтижесі.

Бұл қақпа есігіне орнатылған екі қола тоқпақшаның  жоғарғы топсасында көзі жанып тұрған үш барыстың басы, ал тоқпақшаның өн бойына абстрактілі қызғалдақ шоғы бейнесі ойып түсірілген.  Барыс басы мен қызғалдақтың бір композицияда берілуі, тотемдік символдар мен исламдық символдардың астасып жатуының, тотемизм реликтері сарқыншағының ислам дініне кірігіп кетуінің  дәлелі.

Қожа Ахмет Йассауи қабірханасы есігінің сол жақ қапталындағы қабырғада қызғалдақ гүл қауызының күн бейнесімен астаса берілуі, күн шұғыласынан нәр алған тіршілікті бейнелегендей. Бұл  композицияда күн бейнесінен нәр алған қызғалдақ қауызы екі жаққа қарап ашылып тұр, осылайша қатарластыра салған композициялы өрнекті құрайды.

Қожа Ахмет Йассауи кесенесіндегі өрнектер Түркия, Кония қаласындағы Мавлана кесенесіндегі өрнектермен ортақтығы түркі халқы арасындағы этномәдени байланысты, мәдени ортақтықтың барын көрсетеді. «Мавлана» ойшыл, ұстаз, ақын-суфий, ғұлама Жалал ад-Дин Мұхаммад Румиге (30.09.1207, Тәжікістан – 17.12.1273, Кония сұлтандығы, Түркия) шәкіртерінің берген аты. Ол Мевляна, Моулави, Моулана (ұстаз деген мағынаны білдіреді) аттарымен де белгілі. Бұл күнде музей ретінде жұмыс жасап тұрған Мевлана кесенесінің де ағаш қақпасының өн бойының оймыштарында күн шапақтары мен қызғалдақ гүл оюлары астасып, бір-біріне ұштасып жатыр.

Мавлана кесенесі ағаш қақпасының қола тоқпақшасына ойып түсірілген оюлар арасынан да қызғалдақ гүл бейнесі бірден көзге түседі.

Мевлана кесенесі қабырғасында 13 ғасырда табиғи бояумен салынған қызғалдақты композиция орта ортағасырлық гүлбақшаның бейнесіндей. Құтыға салынған қызғалдақ шоқтары мен  қауызын көтере жайқала өскен қызғалдақтармен бірге берілген арабграфикалы жазулар – исламдық дәстүрдің барельефтік дерегі немесе қабырғадағы жазба деректік қор.

Мавлана тас қабірлеріндегі қызғалдақ бейнесі мен кесене қабырғасындағы қызғалдақ бейнелердің сипатының бірдей болуы, сәулеттік шешімдегі үйлесімділікті білдіреді. Әрі, діни-культтік орындағы қызғалдақ бейнесі, ислам дінін тұтынатын көптеген елдерге қызғалдақтың ортақ символ екендігін айғақтайды.

Сәулеттік ескерткіштер мен құлпытастарда

Қызғалдақ бейнесінің мәні қазақ халқының да дәстүрлі мәдениеттінде ер адамдарға да ортақ болғандығының дәлелі – сәулет ескерткіштерінің декоры. Ақтөбе облысы, Жарқамыс ауылынан оңтүстік батысқа қарай 60 км жерде орналасқан, Республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енген Қарасақал қорымындағы Індібай тамының ішкі декорының төрінің ортаңғы бөлігінде, тамның бұрышының жоғарғы бөлігінде қызғалдақ қауыздары салынған.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданы бойынша жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізіміне енген Сүлікті діни-тұрғын үй кешеніндегі зират қабырғасының жоғарғы тас плита белдеуінің өн бойына айналдыра қызғалдақ қауыздары бояумен салынған.  Ескерткіш Ашы-Айрық сайының бас жағынан солтүстік шығысқа қарай 15 шақырым жерде орналасқан.

Қызғалдақ гүлді ою-өрнектерді зират, кесене қабырғасына салу, құлпытаста қашауды Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, БҚО ескерткіштерінен жиі кездестіруге болады.

Кесене қабырғаларына табиғи өсімдік бояуларымен салынған өрнектердің бірқатары күнге желініп, бояуының қанықтығы  кеткенімен,  «бітпес» түріндегі,  шырмауықша шиыршықталып жалғасып кеткен қызғалдақ гүлді өрнекті анық көруге болады.

Республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне енген Ақтөбе облысы, Қобда ауданына қарасты «Абат-Байтақ» қорымындағы құлпытастардың кейбірі бірегей қашалынған. Қорымдағы абстрактілі, нақтылы бейнедегі қызғалдақ гүл қашалған құлпытастардың күрделі композициясы қазақ жерінің басқа өңірлерінде кездеспейді.

Қорымдағы екі басы қызғалдақ гүлмен тұйықталған  құлпытас – бірегей ескерткіштер қатарына жатады. Мұндағы қызғалдақтардың бір басы жерге, бір басы көкке тартылуы, бір адамның өмір жолы секілді.  Жанына барсаң:  «адамның басынан жақсылық та өтеді, жамандық та өтеді. Бәріне уақыт емші», – деп сабырлыққа шақырғандай.

«Абат-Байтақ» қорымындағы құлпытастың біріндегі қызғалдақ «қыз ғұмырдың» тастағы көрінісі іспетті. Анықтап қарасаң құшағын ашқан, кең етекті көйлек киген қыз бейнесі мен «қызғалдақ қызға» күн шапағының жоғарыдан төгіліп  тұрған бейнесін көз алдыңа келтіреді.

Қазақ халқы ою-өрнегі арқылы өзінің ойын сөзсіз, дауыс-дыбыссыз жеткізген. «Шексіздік» танымын  шеңбер, дөңгеленте ширатқан сызықтар арқылы берген. Қызғалдақ пен шексіздіктің өзара үйлесімділігін берудің жолын құлпытасқа қашау арқылы тапқан.  «Адам өмірден өзғанымен, оның артында қалатын ізі бар, өмір жалғасып жатыр, артында ұрпағы бар», – деп сөйлеп тұрғандай.

Ақтөбе облысы, Құрмешіт қорымындағы бала зиратындағы құлпытастағы қауызын ашпаған қызғалдақ  тамырымен, жуасымен бейнеленген. Қауызы мен жапырағы бір қарағанда ұшып бара жатқан құс секілді, «құсым еді, ұшып кетті ғой», – деген ата-анасының зарын, мұңын бергендей әсер етеді. Шетінеген бала – «шапағатшыл», қолдан ұшып кетсе де, бауыры болатынын меңзеп, тамырын жайып кеткендей.  Қорым маңында 19 ғасырда мешіт жұмыс жасап, жаз жайлауға кеткен ауылдар, балаларын молдаға оқуға қалдырған екен. Мешіт оқушылары сүзек індетінен біріне бірі жұқтырып қайтыс болады. Оқушысыз қалған мешіт «Құрмешіт» аталып кетеді.

Құлпытастағы қызғалдақтардың мол коллекциясын Ақтөбе облысына қарасты Доңызтау, Солтүстік Үстірт үсті қорымдарындағы құлпытастар мен зираттар береді. Доңызтау мен Солтүстік Үстірт үсті Маңғыстау және Оңтүстік Үстірт қазақтарының көктеулік қонысы болған. Осы жерге көктеуге қонып, малдың аяғын ширатып алған соң, Ақтөбенің солтүстігіне қарай жайлауға аттанып, күздеуге осы жерге қайтып келген.  Көш жолының бойында жатқан Доңызтаудың етегін мамырдың басында қызғалдақ кілемше жапқан. Доңызтау қорымдары бұл күнде адам тұрмайтын, бос қалдырылған елді мекеннің – «тас шежіресіндей».

«Қызғалдақ май» дәстүрін сақтаған аймақ

Қызғалдақ көктемгі жайылымның сәні, осыған орай «қызғалдақ жемеген қозы арманда, қыз құшпаған жігіт арманда», - деген мақал туындаған. Қызғалдақ қауызын ашатын сәуірдің соңы мен мамырдың басы, наурызда төлдеген қойдың қозысы аяғы ширап, шөпті қырқа жейтін кезі. Қызғалдықты қырда жайылған қойдың сүті қою, сиырдың сүті майлы, биенің сүті құнарлы болады. «Қолдың майы» деген қазақы түсінік, сиыр сүтінен шайқалған сары майға қатысты айтылады. Сары майдың түсі жеген шөбіне байланысты. Қыста көделеген шөп бумасын, қураған қамыс жеген сиыр түсі – ақ май, көктем-жазда көк шөпке жайылғанда – сары май, ал қызғалдаққа жайылған кезде түсі – қызғылт май береді. Қандай түсті болса «сары май» деп аталады. Дәстүрлі қазақ ортасында көктемде қызғалдақ гүлдеген соң шайқалған май қойылған дастарханға ауыл әйелдерінің жиналып, шүйіркелесіп шәй ішетін «қызғалдақ май» деп аталатын көне «шәй дәстүрі» ертеде қызғалдақ қаптайтын өңірдің бәрінде болған.

Ғұрыптық мәнге ие  бұл дастарханның басты атрибуты да осы «қызғалдақ май». Қызғалдаққа жайылған мал, алған нәрін, өз бойында өңдеп адамға сүт-майымен береді. Бұл уақытта қайнатылған ірімшікте құнарлы,  дәмді, түсі қанық болады.  «Қызғалдақ май» шәй дәстүрі көшпелі тұрмыстың тарих сахнасынан кетуіне орай, қазақ жерінің көптеген өңірінде қолданыстан шыққанымен, әлі де қариялар аузында жиі кездеседі. Қызғалдақ гүлдеген 10 шақты күннің ішінде ғана «қызғалдақ майын» алу мүмкіндігін қазақ халқы ерекше бағалаған. Қызғалдақ майды қонаққа деп сақтаған, келген қонаққа «сарқыт сый» ретінде қоржынына салып берген. Бір бөлігін қысқа сақтап, тамақ ауырғанды және көк жөтелді басуға пайдаланған. «Қызғалдақ май» дәстүрінен бүгінгі тарихи санамызға нақты мәлімет беретін өңір, Нарын құмдарындағы малшылар қонысы. Маған, осы өңірдегі «қызғалдақ май» дәстүрімен танысудың реті 2019 жылы мамыр айында бұйырды. Қызғалдақ майды нанмен жеу бір бөлек, құртпен жеудің дәмі аузыңнан кетпейтінін өзімнен сезіндім.

Этномедицинада

Халықтық медициналық білімде сабағы мен жапырағын қайнатып, суымен әйел адам босанғаннан кейінгі бетінде қалатын  дақ, сепкілді жуған, сүрткен, осылайша дақ, сепкілдің қошқыл тартатын түсін бозартқан.  Түбіндегі жуасын балға қосып турап, дайын қоймалжыңды шаймен ішкізу арқылы суықты шығарған, бедеулікті емдеген, еркектердің қуатын күшейткен. Яғни, дәстүрлі медицинадағы қолданысы да ұрпақ жалғастығымен байланысты екен. Қазақ емшілері қызғалдақ жуасының улы, улы еместігін халықтық білімімен ажыратқан.

Қорытынды

Қызғалдақ  – адамзатты пен табиғатпен байланысын сезіндіретін – сый, тірі пейзаж. Қызғалдақ жер талғамайды, шөлді, құмды, тасты, ылғалды жерде өсе береді. Ұлы Дала меншігі, аз күн ғана гүлдейдін қызғалдақты жұлмайық. Табиғатына сай өздігінен көбеюіне мүмкіндік берейік, АДАМДАР!

Әдебиеттер:

Экспедициялық материалдар:

Маңғыстау сапары – 2020.

Ақтөбе  сапары – 2019, 2020.

Хан Ордасы ауылы сапары – 2019.

Кония (Туркия) сапары – 2021.

Кітаптар:

Азиатская Россия. Издание переселенческого управления главного управления землеустройства и земледелия. Том 1. Люди и порядки за Уралом.  – СПб.: Товари­щества «А.Ф.Маркс», 1914. – 576 с. + ил.

Әжіғали С. Ақтөбе облысының аса көрнекті архитектуралық ескерткіштері. Фотокөрме. – Алматы-Ақтөбе: «Maestro-Print». 2015.  – 51 б.

Карутц Р. Среди киргизов и туркменов на Мангышлаке. Пер с нем. Е.Петри. – СПб.: Издание А.Ф.Девриева, 1911. –188 с.

Кекілбаев Ә. Бәсеке / Дала балладалары. 2 том. – Алматы: Жазушы, 2005.  – Б.3-50 (232 б).

Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. 5 томдық. 4 том. Қ-Ө. / Нұрсан Әлімбай, т.б. – Алматы: Адам Даму Интеграция, 2017. – 845 б.

Қазақтың дәстүрлі киім-кешегі (иллюстрацияланған ғылыми каталог). ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің этнографиялық коллекциясы (серия). 1 том. / Нұрсан Әлімбай, т.б.  – Алматы: «Өнер», 2009. – 344 б.

Қожа Ахмет Йассауи кесенесі. /Құраст. Ә.Қ.Муминов, М.Б. Қожа, С.Моллақанағатұлы, М.Ж.Садықбеков, Ж.М.Нұрбеков. Өңделіп толықтырылған 3-басылым. – Алматы: «Эффект», 2011. – 208 б.

ХІХ-ХХ ғасырлардағы Қазақстанның зергерлік өнері. ҚР Ә.Қастеев атындағы  Мемлекеттік Өнер музейі. Ғылыми каталог.  – Алматы: Атамұра, 2016. – 303 б.

Тәттігүл Қартаева,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, этнограф

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364