Абайды бала тілінде сөйлетуіміз керек
Дала мектебін қалыптастырып, «дала данышпандары» атанған бабаларымыздың тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі тәрбие құралдарының басты көзі ырым-тыйым сөздер болған. Есі кірген балаларды жаман әдет, жат пиғыл, ерсі қимыл, әдепсіз істерден сақтандыруда тыйымның маңызы зор. Сондықтан да халықтық педагогиканың құрамдас бөлігіне айналған ырым-тыйым сөздер ел ішінде өте көп. «Ұлға отыз үйден тыю, қызға қырық үйден тыю», - деген мақал осыған байланысты шыққан.
Жаман мінез-қылықтардан жиреніп, жақсылыққа, адамдыққа бейімдеу жолында үлкендер белгілі бір іс- әрекеттерді бір ауыз сөзбен ғана тыйып отырған. Жасынан ұрпағын бесігінен тәрбиелеп, «тек» деп өсірген халқымыз теріс қылық, жаман мінезге де тыйым салған. Бұл балалық шақтан бастап, отбасы болғанша сақталған ереже. Сөз қадірін терең түсінген бабаларымыз ауыр сөздерді тәпіштеп қайталамай, құлаққа жағымсыз сөздердің жауабын «жаман сөз, болмайды, жаман болады» деген сөздермен тыйып отырған.
Біздің айтпағымыз, Абай шығармашылығындағы осы күнге дейін тереңдеп, талдап айта алмай келе жатқан Абай сусындаған үш қайнар бұлақтың алғашқысы - қазақтың ауыз әдебиеті. Абайтану бағдарламасын мектепте оқытудағы басты кемшілік Абайдың алғаш сусындаған қайнар бұлағы – ауыз әдебиетіне толық ден қоймай, Абайды бала тілінде сөйлете алмай отырғанымыз.
Ұлы ақынның мұрасын зерттеп, танып, білу мақсатында жоғарғы оқу орындарында алғаш рет арнаулы пән ретінде Қазақ ҰУ-дегі қазақ әдебиеті кафедрасында 1942-43 оқу жылдарында М.Әуезовтың ұйымдастыруымен Абайдың әдеби мұрасын ұзақ жылдар бойы зерттеу басталып, Абайтанудың курстық бағдарламалары ашылғаны белгілі. Содан бері Абайдың шығармашылық байланысы, жаңа жазба әдебиетінің көшбасшылық қалыптасу жолы, батыс және шығыс әдебиетінің әлеуметтік ағартушылық патриоттық идеяларын бүгінгі жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында өте ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бір өкініштісі, осы күнге дейін М.Әуезов қалыптастырған жоғары оқу орнындарына, студенттерге арналған сол Абайтану бағдарламасының тек орындары ауысып қана мектеп бағдарламасына ғылыми тілмен ұсынылып келеді. Соның салдарынан оқуға жеңіл, тілі қарапайым тарихи естеліктерді негізге ала отырып, М.Әуезовтың Абайтану ілімінде заманы айтқызбаған тың мәліметтерді айқындай алмай келеміз. Республика бойынша мектеп бағдарламасына сәйкес оқытылатын Абайтану бағдарламасында бұрын-соңды назардан тыс қалып келе жатқан Абайдың сатылай өсу жолдарын негізге ала отырып, балалардың жас ерекшелігіне қарай кешенді оқытуға бағыт, мәтіндік әдістемелік құрал әлі күнге дейін қалыптаспай келеді. Сондықтан да «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Абайдың өмірі мен шығармашылығын айқындайтын көркемдік тәсіл мен шынайы тарихи оқиғаларды нақты анықтай алар емеспіз.
Н.Ә.Назарбаевтың: «Абай аманаты», Қ.К.Тоқаевтың: «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы негізінде Абайтану ілімін мектеп бағдарламасына жүйелі түрде енгізіу, тәуелсіз еліміздің Абай тереңіне үңіле отырып ұрпақ тәрбиесіне зор ықпал ететінін мойындадық.
Заман талабына сай білім беру - адамгершілік, интеллектуалдық, мәдени дамудың жоғары деңгейлік және кәсіби біліктілігін қамтамасыз ету бағытын Абай сусындағын үш қайнар бұлақтың алғашқы тұнығы ауыз әдебиетімен байланыстыру керек. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай - бастауыш сыныптарға «Бала Абай», орта буынға «Ақын Абай», жоғары сыныптарға «Хакім Абай» тақырыбымен сатылай оқыту арқылы Абайдың өсу жолы мен ұлттық тәрбие берудің үздіксіз үрдісін қалыптастыру қажет.
«Абайтанудың» барлық мектептерге ортақ тұрақты бағдарламасын жасау үшін заман, талабына орай Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасау керектігі де заманның сұранысы.
Абайтану ғылымын «Абай заманындағы Абайтану», «Кеңес дәуіріндегі Абайтану», «Бүгінгі Абайтану» деп үш кезеңге бөліп қарастырған жағдайда ақынның заманы айта алмаған, немесе бұрмаланған біраз құндылықтар танылар еді.
Абайдың өмірі мен шығармашылығы, ақындық әлемі туралы сөз қозғағанда үнемі медреседен сауат ашқан Абайдан бастаймыз. Медреседе оқыған жылдары мен әкесінің ел билеу ісімен айналысқан бозбала Абайдың жігіттік шағында Шығыстың классик ақындарын оқып, ақындық рухани қазынасы да күн асқан сайын нәрленіп қорлана беретінін айтамыз.
Ал, дүниеге келген уақыттан бастап, әкесі Құнанбайдың өз жанынан мақал-мәтел шығаратын шешендігі, тапқырлығы, батырлығы мен балуандығы, әділдігі бала тәрбиесіндегі ықпалы туралы айтпаймыз. Әжесі Зеренің тектілігі, анасы Ұлжанның билер тұқымынан шыққан тапқыр шешендігі туралы да тек, М.Әуезовтың аздаған мәліметінен ғана аңғарамыз. Абайдың осындай текті ортадан өсіп, елдің әдет-ғұрып, салт-санасы мен әңгімешіл қарттарымен сырласа жүріп, халқының рухани қазынасынан мол сусындағанын аз білеміз. Ауыл ақсақалдарынан да әңгіме үстінде шешен, тапқыр сөйлеудің сырын танып, сөз өнерінің тыңдаушыға әсер ету қуатынан сабақ алып, көркем сөздің қоғамдық ойдағы алар орнына мән бере бастағанын мектеп оқушыларына баланың тілімен айта алмай жүрміз.
Қазақтың сан қырлы ауыз әдебиетінің бала тәрбиесінде ерекше орны бар екенін, Абай шығармашылығында үлкен орны бар құндылығын өз заманында М.Әуезов айта алмады. Өзі Абайтанудың оқыту бағдарламасын жасағанда жоғары оқу орындарына арналғандықтан ғылыми негізге сүйеніп, ғылыми тілмен жазды. Күні бүгінге дейін қарапайым адамдар мен мектеп оқушыларына түсінуге аса ауыр «Абайтану» бағдарламасын әртүрлі деңгейде әр ғалым өзінше ұсынып келеді. Бірақ, барлығының айтар ойы мен бағыты, соқпағы сол баяғы М.Әуезов салып кеткен жол. Жазушының өзі: «Абай мұхит болса, мен мұхиттан шөміштеп қана алдым» демей ме? Ендеше Мұхтар Әуезов алған «шөмішінен» басқа тың жатқан мұхиттан тамшыдай тың дерек таптық па? Абай мұхит болса, мұхиттың суы ешқашан таусылмақ емес.
Соңғы жылдары мектептерге ат басын бұрып, мектептегі Абайтану бағдарламасымен танысқаным, маған басқаша көзқарас әкелді. Біріншіден: мектепте Абайтанудан дәріс беретін ұстаздарға Қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болу аздық етеді, шәкіртке Абайды таныту үшін өзі терең меңгерген Абайтанушы болу керек. Екіншіден, ұстаздар арасында Абайтану ғылымымен түбегейлі айналысып жүрген мамандар жоқ болғандықтан Абайтану тақырыбын бағдарламадағыдай ғылыми тілмен түсіндіру қиын. Сондықтан да Абайтану бағдарламасы үш кезеңге бөлініп, оқушыға да, оқытушыға да лайық тілмен жазылк керек. Жоғары оқу орындарынан арнайы Абайтану факультеттерін ашып, ұстаздарға арнайы курстық дәрістер жүргізілу қажет.
Мәселен, мектеп бағдарламасында балаларға бесінші сыныптан бастап Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқытып, жаттатып, ғылыми терминдермен талдатамыз. Осы өлеңді оқушы мектеп бітіргенше оқиды, жаттайды. Ал, бұл өлеңнің бастауыш сыныптарға лайық, Абай сусындаған үш қайнар бұлақтың біріншісі - ауыз әдебиетінің зор ерекшелігі тұрғанын білеміз бе? Бала Абайдың бесігінен тәрбие көріп, есі кіргеннен ауыз әдебиетімен сусындағанын, ырым-тыйыммен оң мен солын танып өскенін осы өлең айнытпай жеткізіп тұр. Тұнып тұрған ырым-тыйым. Абай бұл өлеңді бірден тыйым сөзден бастайды.
«Ғылым таппай мақтанба» дейді. Өзіңнің бойыңнан өзгеден ерек, елең еткізетін ішіңдегі талантыңды тауып алмай, оны жүзеге асырмай, құр ішкен – жегеніңе, киген киіміңе мақтанба, - дейді.
«Орын тапппай баптанба» - өзіңе сай емес, «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлап, құр «креслода» отырғаның үшін баптанба, тәкәппарланып, кеудеңді керме, - дейді. Баланың тілімен қарапайым қағиданы айтатын баланың түсінікті тілі.
«Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл – гүл».
Білгеніңді уақытша ғана керегіңе жаратып, артынша ұмытып кетпе, жастық көңіл гүл, тез солады. Әр нәрсеге қызығып құмарта берме, дегенді баланың тілімен айта алып жүрміз бе? Сондықтан да бұл өлеңді мектеп қабырғасынан бастап, жоғары оқу орнына дейін тек «бес дұшпаннан қашық болу» мен «бес асыл іске жақын болуды» ғана үйретіп келеміз. «Бес дұшпан» деп отырғаны тыйым болса, «бес асыл істі» ырымдап көрсетеді. Осы өлең арқылы ғана ауыз әдебиетінің жұлынды саласы «ырым-тыйымға терең тоқталып өтсек, ұрпақ тәрбиесі сол ғой. Абай шығармаларында мақал-мәтел, жұмбақтардың, ертегі-мысалдардың орны ерекше екенін айтып жүргенімізбен қазақтың бай ауыз әдебиетімен терең байланыстыра бермейміз. Әлі күнге дейін Абай шығармаларында ырым-тыйым сөздер мен жаңылтпаштардың да ықпалы бар екеніне мән бермей келеміз. Мектеп оқушыларына ақынның «Интернатта оқып жүр» өлеңін де оқытып, жаттатып, ғылыми тілмен талдап түсіндіреміз. Бірақ, бұл өлеңде де;
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
...«Военный» қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
...Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге .
...Адал жүріп, адал тұр,
Счетің тура келуге, - сияқты тыйымға толы тәрбиелік мәні терең сөздерді ауыз әдебиетінің тілімен, бабалардың үнімен жеткізе алмай келеміз.
«Бір дәурен кемді күнге бозбалалық» өлеңінде де:
Ехе-ехелеп» елірме, бозбалалар,
Бұл бес күндік бір майдан ер сынарлық.
...Салынба, қылсаң-дағы сан құмарлық,
Алдыңда уайым көп шошынарлық, - деп қазақы тәрбиелік пен ес білерлік тыйымдар айтады. «Ішім өлген, сыртым сау» өлеңінде:
Қайта кірер есікті,
Қатты серппе жарқын- ау! – дегені халық арасында тыйым сөздер ретінде кең тарылған.
Абай өлеңдеріндегі ауыз әдебиетінің тағы бір ықпалы жаңылтпаштық нұсқаны да білгеніміз жөн. Мәселен, «Бойы бұлғаң» өлеңі толығымен жаңылтпаштың сарыны. Кәзіргі жаңылтпаштар түсініксіз, мән-мағынасыз, керісінше балаларды шатастыратын аударма тілмен айтылып жүр. Жақында «Ян, ян менің атым қоян» деген жаңылтпаш естідім. Қояны түсінікті, «ян» деген қандай мағынадағы, қай тілдегі сөз екенін түсіне алмадым. Ал, Абайдың:
Бойы бұлғаң,
Сөзі жылмаң,
Кімді көрсем мен сонан.
Бетті бастым,
Қатты састым,
Тұра қаштым жалма-жан, - дегені тәрбиелік мәні де зор, түсінікті, жаңылтпаш емес пе?
«Білімдіден шыққан сөз» өлеңінде:
«Айтшы-айтшылап» жалынар,
Ұққыш жансып шабынар.
Ұқпай жатып жалығар,
Ұйқылы-ояу бойкүйез, - немесе «Рақымшалға» өлеңінде:
Сұлу аттың көркі – жал,
Адамзаттың көркі – мал.
Өмір сүрген кісіге,
Дәулет - қызық, бала – бал, - дейді.
Ауыз әдебиетінің осындай сан қырлы құндылықтарынан кейін, «Абайтануды мектеп бағдарламасында оқыту өте қиын, жоғары сыныптарға ғана оқыту қажет» деушілер алдымен мектепте балаларға сабақ беріп, бала тілімен сөйлеп, балаша ойлап көру керек шығар.
Адамзат ғұмырында ең қиын тәрбие құралы баланың тілі. Біз баланың тілін таба алмай жүрміз. Сондықтан да бала тәрбиесінде, оқу құралдарында, педогогикалық тәжірибелерде, балалар әдебиетінде көптеген қиындықтарға кездесіп келеміз.
Н.Г.Чернышевскийдің: «Ұлттың ең басты капиталы – халықтың адамгершілік қасиеті» - дегені бар. Тәрбие мен педагогикалық тағлымның басты міндеті – ұрпақтың бойында адамгершілік қасиеттерді, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді қалыптастыру арқылы бала да қазақ халқына тән тәрбие мен ата – тегінің дәстүрілі мұраларымен танысуға мүмкіндік алады.
Қысқасы, Абайды мектеп оқушыларына толық таныта алмай жүргенімізге Абайдың данышпандығы мен «жұмбақтығы» кінәлі емес, Абайға бала тілімен барар жол таба алмай, таныта алмай жүрген біздер кінәліміз...
Алмахан Мұхаметқалиқызы
Abai.kz