Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3749 0 пікір 30 Сәуір, 2012 сағат 08:03

Бағила Төребекқызы. Ұлтшыл тұлға – Хасан Оралтай

Ол кісіні мен 1995 жылы Түркістан қаласында қазақ қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен «Қазақ диаспорасының бүгіні мен ертеңі» атты халықаралық конференцияда көрдім.  Есімде,  тарихшы қыз өз баяндамасын орысша бастағанда «Мұндай баяндаманы тыңдай да алмаймын,  отыра да алмаймын» деп залдан шығып кетіп, жиналыс басында отырғандар не істерлерін білмей, абдырап қалған болатын.  Шығып кету себебі ұлттық тіліміздің қор болып, оны құрметтемеуі ағамыздың ашуын келтіргенін, ұлттық болмысының жоғары екенін байқауға болады. Бұл - түрік әлеміне танымал тарихшы-ғалым, жазушы-журналист Хасан Оралтай еді. Бойындағы талант-дарынын, қажыр-қайратын ұлт мүддесіне, ұрпақ келешегіне жұмсаған айтулы алаш азаматы Хасан Оралтай  кереғарлықтың шынайы сиқын ашып көрсетуде, адамдардың өшкен рухын, намысын, санасын оятуда замандастарынан оқ бойы озық тұрды. Сондай талантымен танылған сырттағының сырын, іштегінің шерін біліп, халқын қуанышқа бөлеген, өзі мәрт, жаны жомарт, ісіне мығым, ақылшы  еді.   Халқымыздың «Ғалымның хаты өлмейді» дегені рас-ау! Әр тұлғаның артында қалдырған ісі жас ұрпаққа өнеге.         

Ол кісіні мен 1995 жылы Түркістан қаласында қазақ қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен «Қазақ диаспорасының бүгіні мен ертеңі» атты халықаралық конференцияда көрдім.  Есімде,  тарихшы қыз өз баяндамасын орысша бастағанда «Мұндай баяндаманы тыңдай да алмаймын,  отыра да алмаймын» деп залдан шығып кетіп, жиналыс басында отырғандар не істерлерін білмей, абдырап қалған болатын.  Шығып кету себебі ұлттық тіліміздің қор болып, оны құрметтемеуі ағамыздың ашуын келтіргенін, ұлттық болмысының жоғары екенін байқауға болады. Бұл - түрік әлеміне танымал тарихшы-ғалым, жазушы-журналист Хасан Оралтай еді. Бойындағы талант-дарынын, қажыр-қайратын ұлт мүддесіне, ұрпақ келешегіне жұмсаған айтулы алаш азаматы Хасан Оралтай  кереғарлықтың шынайы сиқын ашып көрсетуде, адамдардың өшкен рухын, намысын, санасын оятуда замандастарынан оқ бойы озық тұрды. Сондай талантымен танылған сырттағының сырын, іштегінің шерін біліп, халқын қуанышқа бөлеген, өзі мәрт, жаны жомарт, ісіне мығым, ақылшы  еді.   Халқымыздың «Ғалымның хаты өлмейді» дегені рас-ау! Әр тұлғаның артында қалдырған ісі жас ұрпаққа өнеге.         
«Елдіктің қамын ел болып ойлайық» атты мақаласында /2/ «Түркішілдік дегенім - қазақшылдық» деп түркішілдік ұғымы тереңде жатқандығын сөз етеді. «Түркішіл болу үшін - қазақшыл болу керек. Қазақшыл болу үшін де қазақтың ұлттық тарихы мен әдебиетін, ана тілі мен ұлттық салт-сана дәстүрлерін толық біліп, оны жанындай ардақтауы тиіс. Сонымен бірге, бүкіл түркітектестердің басым көпшілігінің, сондай-ақ, қазақ халқының ұлттық, дін-ислам дінінен айрылмау керек. Басқа діндерге еріп, кейін қазақ арасында діндер айырмашылығы болуына жол ашатын шетелдік зымияндардың тұзағына түспеген жөн.
Түркі бірлігі мен түркішілдік деген идеяның ешкімге, яғни, түркітектес  емес халықтарға төндіретін қауіп-қатері жоқ. Бұл шабуылдаушы шовинистік идея, мұрат-мақсат емес, қорғанушы мұрат-мақсат. Қазақстанда түркішілдік, яғни, қазақшылдық идея деген мұрат-мақсатымен ешкімге қауіп төнбейтінін адал ниетті әркімнің мойындары сөзсіз».
Байқап қарасақ, Хасан Оралтайға түркі бірлігі, түрікшілдік деген мақсат-мұрат тосыннан айтылған жаңа құбылыс емес. Жалпы айтқанда «Түркішілдік», яғни, ұлттық гимнін «Арғы атам ер түрік, біз қазақ еліміз» - деп бастайтын АЛАШШЫЛДЫҚ. Бұл жолда бүкіл саналы ғұмырын өткізген, әке жүрегінің күрескерлігін көрген, үлкен түркішіл, алашшыл тұлғалардың ұстанымын берік қалыптастырғанын көруге болады.
Азат рухта қаруланған Хасан Оралтай Алаш идеясынан сусындамас бұрын  табиғи түрде әке тәрбиесінен үлгі алды.  Әке салған сара жолмен жүрді.  Әкесі танымал, азаттық үшін жан аямай күрескен, халқын еркіндікке жеткізген Қалибек Райымбекұлы - Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт-азаттық күрес серкелерінің бірі.  Тарих қатпарының терең қойнауында Қалибек Хакімнің бейнесін  берер  мол мәліметтер бар. Ұлт рухын жоғалтпау үшін «малым жанымның, жаным арымның садағасы» деп, жанын аузына тістеп, от пен суды кешіп өтіп, ұрпаққа ұлағаттылықты аманаттаған Қалибек Хакім қазақ тарихындағы азаттық көштің бел ортасындағы ұлт қаһарманы.
Оның сол кездегі басты мақсаты - елінің ел қатарлы өмір сүруі үшін ұлттық теңдік пен еркіндікке қол жеткізу үшін күресу еді. Қалибек Хакім Райымбекұлы Түркияға «Нағыз түрік - қазақ, нағыз қазақ та - түрік» деген таныммен, қазақы болмыспен барған қайсар тұлға. Ол өз ұлтын шексіз сүйген, азаттығы мен теңдігін армандаған, ғұмыр бойы сол үшін күрескен тұлға. Көрегендігі сол өз перзентіне ұлттық намыс, рух, адал тәрбие бере алғандығында, алысты көздеген болжампаздығында. Көшіп бара жатқан жолда Үндістан шекарасына ілініп, Кашимир жеріне жете сала ұлы Хасанды бір жылдық ағылшын тілді мектепке береді. Оның маңыздылығы сонда, қарағанға аз уақыт болып көрінетін бұл оқу кейін қазақтың басқыншылыққа қарсы азаттық қозғалысының қайнаған ортасында жүріп ержеткен, әкесінен өнеге көріп, таным-түсінік жағынан әбден пісіп жетілген екінші бір күрескердің болашағына кең жол ашқан еді. Ағылшын тілінен сауаттылығы жат жерде, бөтен елде азаттық жолындағы қажырлы жұмысына жәрдемші, өмір жолының қалыптасуына аса ықпал жасағандығы анық еді. Оған кейінгі өмір жолы дәлел. Нақтырақ айтсақ, Еренқабырғаның қарапайым қазағын жер шарының жарымын айналдырып Түрік жеріне апарған ұлттық рух - Алаш топырағында ешқашан сөнбеген, ғасырдан-ғасырға ұласып лаулаған азаттық күрес алуы Хасан Оралтайдың жанкешті қызметі арқылы Мұстафа Шоқай салған  үлкен арнамен тоғысты.
Мұстафа Шоқай - Түркістан халықтарының бірлігі мен тәуелсіздігі идеясын ту етіп ұстанған аса көрнекті саяси қайраткер, жалынды публицист, аудармашы, жазушы, ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының ең жарқын өкілдерінің бірі. Мұстафа Шоқай - қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл түркі жұрты үшін ерекше тұлға. Қазақтың мемлекеттігін, түркі халқының қамын ойлаған, түркі жұртының басын қосуды армандаған үлкен мемлекет қайраткері.  Жалпы, Мұстафа Шоқай Алаш көсемдерімен бірге болған, бірлесіп шешкен шешімдеріне сәйкес оның шетелге шығуы(АҚШ-қа) 1918 жылы жоспарланған.  Қалай да аман қалып, ұлтына шет елде жүріп қызмет жасауды мақсат тұтады. Халқым деп соққан жүрек соны мүмкіндігінше жүзеге асырады. Хасан Оралтайдың да тағдыры дәл солай болмаса да қаншама қиындықты жеңіп, жат елдерде халқының  азаттығы үшін күресті, аянбай, адал қызмет етті. Екеуінің ортақ тоғысар, идеялас тұсы да осы шығар.  Мұстафа Шоқайдың да,  Алаш көсемдерінің де  идеялары бір-бірімен үндес, астарлас, біртұтас. Оны терең түсініп, қазақты біртұтас ел деп танысақ, Алаш идеясын біртұтас қазақ идеясы деп қарасақ және сол мойындауымыз шын болса, онда әлемнің әр түкпіріндегі қазақ елінің азаттығы үшін, ұрпағының келешегі үшін күрескен қазақтың біртұтас ұлт күрескерлерін тануымыз керек, олармен мақтануымыз керек. Солардың бірегейі - Хасан Оралтай.  Хасан Оралтай  1973 жылы Түркияда «Алаш - түріктектес халықтардың ұраны» атты кітап шығарды. Сонымен бірге «Елімайлап өткен өмір» атты ғұмырнамалық кітабы шет жерде жүрсе де, жан айқайы естіліп, тәуелсіздікті аңсап, ұлт мүддесін қайта-қайта еске салуымен құнды.  Аталған кітаптың көркем әрі көрнекті қыры - деректің дәлдігінде, боямасыз шындығында, авторлық көзқарастың бүкпесіз ашықтығында. Қазақ еліне қатысты көптеген тарихты, автордың ұлты үшін жасаған еңбектерін осы кітаптан  оқып білуге болады. Ақын Мағжан Жұмабай шығармашылығы  жөнінде де терең пікір айтып, тұңғыш толымды еңбек жазған - Хасан Оралтай еді.
Хасан Оралтай ешкімге ұқсамайтын тұлға. Халқына, ұлтына  өшпес ізгі махаббатымен ұқсамайды. Ұлттық намысы бұзылмаған қазақ. Бірде:  «Ұлтшыл» деген сөзден шошымаған лазым. Сүйсең, ұлтыңды - шын сүй! Сонда өзге ұлттарға да көзқарасың артады.  Құрметпен қарай түсесің!» десе, енді бірде: «Мен - ұлтшылмын! Қазақ ұлтшылымыз... Қазақ ұлтшылдығы деген шовинистік ұлтшылдық емес. Мәселен, орыс, қытай ұлтшылдығы дегеніміз - басқа елдерге үстемдік жүргізісі келетін шовинистік ұлтшылдық. Қазақ ұлтшылдығы дегеніміз - қорғану ұлтшылдығы. Мен ұлтшыл ретінде тілімнің тазалығын, тарихымның бұрмаланбауын, дінімнің бүлінбеуін талап ете аламын» - деп ұлтына деген перзенттік құрметін көрсетеді.
«Хасан Оралтай өзін мұратшылдар қатарына жатқызады. Мұратшылдықтың түрікшесі - үлкүжүлүк. Үлкүжү адам еш уақытта алған бетінен қайтпайды, биік адамзаттық мұрат жолында күреседі, қалап алған идеясына қалтқысыз қызмет жасайды» - дейді белгілі саясаткер, пікірлес інісі, марқұм Батырхан Дәрімбет «Хасан Оралтаймен бірге болған он күн» атты тізбекті мақаласында. Әр мақалада автор  Хасан Оралтайдың мұратшыл, Алашшыл, қазақшыл екендігін айтып отырады. Ол кісі қазақ ұлтына қатысты қандай да бір жағдай болмасын бейжай қарай алмайтындығын ризашыл сүйіспеншілікпен баяндап отырады.
Хасан Оралтай шетелде жүрсе де Қазақстанның ішкі тынысын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бақылап отырды. Қазағының жетістігіне сүйініп, «әттеген-айына» қынжылатын: «Кез-келген мемлекет ұлттық қоғам арқылы дамиды. Ұлттық мәселелерді шешу жағына келгенде, біз Түркиядан үлгі алуымыз керек. Түркияның негізін қалаған марқұм  Кемал Ататүріктің «Түрікпін деу қандай бақыт» деген жақсы сөзі бар еді. Егер кімде-кім «мен қазақпын», «қазақстандықпын» десе, оның арғы-тегін тектеу керек емес. Сондай-ақ, ешкімді «қазақ бол» деп зорламауымыз керек. Бірақ, бұл елдің Қазақстан екенін әркім білуі керек. Ол үшін ана тілі болуы қажет»/3.205/, - дейді. Қарап отырсақ, «Азаттық» радиосының қазақ бөлімінде қызмет еткен 28 жылында қазақ тілінің мәртебесін қалай да көтермекке тер төкті, соның нәтижесінің арқасында қазақ тіліндегі хабарлар 5 минуттан 6 сағаттық хабарға дейін көтерілген. Ағамыз қай жерде жүрсе де ана тіліне деген жанашырлығы, қазақ тілін қорғауға деген күресі бір сәт те толастаған емес.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының  Германия Федеративтік Республикасындағы 2005 жылғы төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Сарыбайға жазған хатында елшілік маңдайшасындағы жазудың немісше-орысша  жазылғанын көріп: «...Жарқындарым-ау, Сіздердің ана тілдеріңіз, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі жоқ па?! Қазақша қайда?» - деп, хат жолдайды. Елшілік қателерін мойындай отыра, оны түзетуді жауапкершілікке алатындықтарын айтып, жауап хат келеді. Ұлтшыл қаламгер: «Бір ел дегенде ең алдымен ойға оралары, көзге түсері оның ана тілі екені көп түсінік талап етпейтін шындық. «Ана тілі - арымыз» оны ардақтау ұлттық парызымыз. Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, әр қазақ ана тілінің қамқоршысы болуы тиіс. Олай ету  ұлтын, тәуелсіз елі - Қазақстанын сүйгендіктің басты белгісі саналады. Ана тілсіз халық, халықсыз тәуелсіз ел болмайды», - деп толғаныспен ғибратты хатын аяқтайды.
Қазіргі  кезде зиялы қауым жазып жүрген қарапайым қазақы хаттардың мәні, танымы мен талғамы мол екенін аңғара бастадық. Одан ұлтқа қажетті құнды дүниелерді азат ойлы азаматтардың мақсат-мүдделерін түсіне бастадық. Мұндай хаттар легі Хасан Оралтайдың да мұрағатынан көптеп табуға, оны жинастырып жүйелеуге келер уақыт еншісінде. Әсіресе, тағдыр тауқыметімен Германияда қалып қойған ақын Мәжит Дара Аяпбекұлының Хасан Оралтайға жазған хаттарынан елге деген сағыныш, ұлтқа деген сүйіспеншілік, шынайы шындықтар жазылады. Сонымен бірге Қазақстандағы зиялы қауым өкілдерімен, дос-жарандарымен, Шығыс Түркістандағы ақын-жазушылар, туған-туыс, танымайтын жанашыр қазақ, қалың оқырмандармен жазысқан хаттар ұлтшыл тұлғаның келбетін аша түспек. Хаттарды жинап, жүйелеу, бастыру келешек ұрпақ қолында.
Хасан Оралтай қай уақыт болмасын, әр кез баспасөз беттерінде  Қазақстан туралы пікірлерін білдіріп отырды. Оның президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдап, қорғап сөйледі: «Назарбаевты қолдап қорғаушы дүниеде екі адам болса, соның бірі мен, өйткені ол менің тәуелсіз мемлекетімнің президенті, елбасшысы».  Бұл жағыну емес, тәуелсіздікті, азаттықты түсіну , елінің бақытын ойлау, шын мәнісіндегі елбасының еңбегін бағалау деп түсіну керек.  Қазақстанға келген соңғы сапарларында қазақ елінің кіндігі - Астананы көріп, балаша қуанғанына куәміз. «Қазақстанның азаттық алып, дербес, бағымсыз мемлекет болғаны баға жетпес бақыт қой. Қазақстан елордасының Астанаға көшірілуінің саяси мән-мағынасын мен жақсы түсінемін. Осыны көргенде ұлттық мақтаныш, үлкен сезім болады», - деп,  Астанадағы әр нәрсе саналы түрде жүзеге асырылып жатқандығын айта келе: «Кейбір оппозициядағы азаматтар әртүрлі нәрсені айтып жүр ғой, қалай десек те Нұрекеңнің мына жасап жатқаны халық үшін теңдессіз нәрсе. Тарих мұны ұмытпайды, өзінің лайықты бағасын береді», - деп көрегендігін танытқан еді. Лайым солай болғай!
Сөзімнің соңында өзімнің «Қажы атаны» (мен солай атайтынмын) қалай танитындығымды айта кеткенді жөн көрдім. Мен ол кісіге келінмін.  Әр уақыт, Қазақстанға келгенде біздің үйге (менің жолдасым - Әбілбашар - Хасан Оралтайдың әкесі - Қалибек Хакімнің інісі - Ілиястың ең кенже ұлы) түсетін. Ол кісінің тектілігі, даралығы, даналығы ешкімге ұқсамайтын. Туысқа деген қамқорлығы, немерелеріне деген мейірімділігі өлшеусіз еді. Әр келген келісі ұлттық тәрбие, ұлттық рух сыйлайтын. Шындықтың өресі биік екендігін, ар-намыстың мәңгілік екенін әр уақыт еске салатын. Біздің кішкентай ісімізге қуанып, сәттілік тілегені бізге қанат бітіретін. Осының бәрін ойласақ, ол кісіге деген сағыныш лебі еседі. Тұлғасы әрдайым жадымызда. Тарихта  «Менің атым -қазақ, ұраным - алаш, түркітектес болғандықтан ділім - түрік, дінім - ислам, кітабым - Құран» деп өткен Хасан Оралтайдың ұлты үшін күрескен еңбегі, ұлтшыл тұлғалық  бейнесі мыңдаған мақалаға, көптеген кітапқа арқау болары сөзсіз.        
Үлгі маған бабалардың ерлігі,
Пана болған бүлінгенде ел күні,
Қадірлейді, қастерлейді ұрпағың
Сізден қалған ұлы мұра белгіні.

Бағила Төребекқызы
Алматы, 2012 жыл.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.    Оралтай Х. «Елім-айлап өткен өмір». - Алматы: «Білім», 2005.
2.    «Елдіктің қамын ел болып ойлайық». «Ана тілі» // - 1998. №14.
3.    Оралтай Х. «Елім-айлап өткен өмірден» соң. - Ізмір. 2006.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5332