Ақтоты Райымқұлова отставкаға кете ме?
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзінің орынбасары Сәкен Мұсайбековтің пара алу фактісі бойынша қамауға алынуына байланысты сұраққа жауап беріп, егер Мұсайбековтің кінәсі дәлелденсе отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдепті.
«Мен Конституцияға сәйкес кінәсіздік презумпциясы бар екенін айтқым келеді. Ең алдымен, кінә дәлелденуі керек. Егер кінәсі дәлелденсе, онда, әрине, заңға сәйкес мен жұмыстан кету туралы өтініш беремін. Бірақ бұл кінә дәлелденген жағдайда болады», - депті министр Райымқұлова.
Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің қамауға алынғаны туралы ақпарат 2021 жылдың 22 ақпанда пайда болды. Шенеунік «букмекерлік кеңсе мен жалпы патронат саласындағы мүдделерді лоббилеу үшін пара алды» деген күдікке ілінген. Қазір Мұсайбековке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр екен.
Abai.kz: Вице-министр парамен ұсталды. Министр не істейді?
Ал сәуірдегі Абай атындағы опера және балет театрының айналасындағы даулы жағдайға қатысты жариялаған жазбасында белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсынов вице-министр Мұсайбековтің мәселесін тағы бір мәрте жұрт талқысына шығарған еді.
«Жалпы халыққа танымал музыканттардың Президентке хат жазуына не себеп болды? Сол баяғы... Даудың ортасындағы тағы да мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова. Жұрт оның қызметіне көңілдері толмайды. Президенттен осы іске араласып, шешім қабылдауын сұрауда.
Бұл өнер иелерінің мемлекеттің бірінші тұлғасына қайрылып, хат жазған бірінші жағдайы емес. Осыған дейін Тоқаевқа есімі елгі білгілі киногерлер хат жазды. Оның алдында театр қайраткерлері де жазған. Енді кітапханашылар мен музей қызметкерлері жазуы керек шығар. Бәлкім, сонда естір?
Тағы кімдер осы министрліктің қол астында? Спортшылар? Анау вице-министрді бір сөмкемен әуежайды ұстаған жоқ па? Не болды? Ештеңе де болған жоқ. Отырған орнында отыр», - деп жазған еді Тұрсынов.
Мұсайбеков 2020 жылдың мамыр айынан бастап Мәдениет және спорт министрлігі басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Айта кетейік, 2020 жылдың наурыз айында мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталса, басшысы өз еркімен қызметтен кетуі тиіс деген Заң күшіне енді. Жаңа ережеге сай қарамағындағы қызметкері пара алған басшы сот үкімінен соң 10 күннің ішінде қызметін босатуы керек.
Осыған байланысты вице-министр Мұсайбековтің кінәсі сотта дәлелденсе, министр Райымқұлова отставкаға кете ме деген сауал қоғам ішінде біраз талқы болған.
Abai.kz