Дүйсенбі, 21 Маусым 2021
1374 2 пікір 17 Мамыр, 2021 сағат 11:11

Халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев 80 жаста

«Ұлттық киноны қолдау» мемлекеттік орталығында Қазақстанның халық артисі, танымал кино актері Нұржұман Ықтымбаев мерейлі 80 жасы арнайы атап өтілді.

Қазақ киносының ардагеріне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдады.

«Құрметті Нұржұман Байжұманұлы! Сізді отандастарымыз кино өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар танымал тұлға ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы екі жүздей кинокартинаға түсіп, күрделі, болмыс-бітімі бөлек рөлдерді асқан шеберлікпен сомдай білдіңіз. Табиғи дарыныңызды отандық және шетелдік режиссерлер мен сыншылар қашанда жоғары бағалайды. Әрбір кейіпкердің жандүниесін аша білетін қабілетіңіз бен талмай ізденудің нәтижесінде көрермендердің риясыз қошеметіне ие болып келесіз. Еліміздің рухани-мәдени байлығын дамытуға Сіздің қосқан үлесіңіз өте мол. Мерейтойыңыз құтты болсын!» делінген мемлекет басшысының құттықтау лебізінде.

Мерейтой иесін ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да құттықтады.

«Құрметті Нұржұман Байжұманұлы! Сіз түскен фильмдер, Сіз сомдаған алуан түрлі образдар көрермендердің бірнеше буынының дүниетанымын қалыптастырып, өмірлік ұстанымын айқындап, рухани дамуына үлес қосты. Дара дарыныңыз бен еселі еңбегіңіздің арқасында Сіз қазақ өнерін әлемге танытып жүрген мақтанышымызға айналдыңыз. Сексеннің сеңгіріне шыққан мерейлі күніңіз құтты болсын!» делінген жеделхатта.

Нұржұман Ықтымбаевпен түсіру алаңдарында талай рет бірге тер төккен сахналас әріптестері де оған деген жүрекжарды лебіздерін білдірді. Тамара Қосыбаева екеуінің бірге ойнаған фильмдерін еске алса, Досхан Жолжақсынов Нұрекең екеуінің бір ұстаздан (Абдолла Қарсақбаевтан) тәлім алғанын мақтаныш тұтатынын жеткізді. Рүстем Әбдірашов осыдан бірер жыл бұрын Чувашияда өткен кинофорумда Н.Ықтымбаевтың «Ең үздік ер адам рөлі» аталымында жеңіске жеткенін, бірақ түрлі себептерге орай естелік-сыйлықтың кешігіңкіреп қолға тигенін айта келіп, Чебоксарыдан келген статуэтканы актерге табыстады. Режиссер сондай-ақ бүгінгі мерейтой иесінің кезінде «Құрақ көрпе» фильмінде тартқан домбырасын арнайы шеберге жөндетіп, жаңартып, актерге тарту етті.

1941 жылдың 14 мамырында қазіргі Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Алтынемел ауылында дүниеге келген Н.Ықтымбаевты көрермен қауым «Қилы кезең», «Балалық шаққа саяхат», «Мәншүк туралы аңыз», «Атаманның ақыры», «Ыстықкөлдің алқызыл гүлдері», «Көксерек», «Адамдар арасындағы» бөлтірік», «Кешіккен махаббат» және т.б. фильмдердегі рөлдері арқылы жақсы таниды.

Құралай Молдашқызы 

Abai.kz

2 пікір