Сенбі, 23 Қараша 2024
Араша 6099 6 пікір 18 Мамыр, 2021 сағат 16:31

«Ислам Әбішевке біз кепіл боламыз»

ҚР Нұр-Сұлтан қалалық сот алқалары басшыларына

Кепілдік хат!

Біз баспасөз құралдары арқылы 2021 жылы 20 мамырда Ислам Әбішевтің соты болғалы жатқаны жөніндегі хабар алдық.

Әрине, соттың жұмысына араласуға құқымыз жоқ, дегенмен қазақтың атпалдай азаматының тағдыры бізді еріксіз қолымызға қалам алдырып, өз ойымызды білдіруге тура келді.

«Пара алуға оқталды» - деп сот бес жылға соттады. Бүгінгі таңда 3,5 жыл жазасын өтепті. БАҚ беттеріндегі мамандардың айтуынша ендігі жерде шартты түрде бостандыққа шығуға толығымен заңды негіз бар дейді. Көптеген азаматтардың осылайша бостандыққа шыққанынан да хабардармыз.

Біз не үшін бұл азаматқа ара түсіп отырмыз:

Біріншіден жас кезінен бастап өнер мен әдебиетке жақын болып, жанашырлық танытып келеді. Сонау тоқсаныншы жылдары болған қиын қыстау кезінде көптеген жас ақын, жазушыларға қол ұшын беріп, олардың еңбектерінің жарық көруіне үлкен көмегін тигізді.

2013 жылы бүкіл Қазақстан бойынша әлі бірде-бір кітабы шықпаған ақындардың өлеңдерін жинастырып, әр облыстың ақындарының өлеңдерін жинақ етіп 17 кітап шығартты.

Көптеген әншілердің шет елдік конкурстарға қатысуларына септігін тигізді. Олардың ішінде жеңімпаз болып келгендері де аз емес. Халық ішіндегі талантты жас суретшілерді, мүсіншілерді, қолөнершілерді қолдап атқарған тірліктері жетіп артады.

Кеше қамалғанға дейін 10 жылға жуық еліміздің жыл сайын 50-ден астам әдебиет пен өнер саласындағы жас таланттары мен абыз ақсақалдарын араластыра отырып Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі демалыс орындарына жіберіп отыруы да ауыз толтырып айтарлық іс. Осы кездесулерде қаншама өнер туындылары пайда болды. Мұның барлығы Отанымыздың рухани қазынасы.

Жұмыс жағына келетін болсақ, ол қай жерде жұмыс атқармасын елдің рахметі мен алғысын алып жүргенін ылғи естіп отырамыз. Әсіресе Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарған кездегі еңбегі ересен зор. Данышпан Әл-Фарабидің қайырымды қаланың басшысы қалай болуы керек деген еңбегіне жауаптың нағыз өзі десек те болады.

Бұған дәлел: қала халқының 1000-нан астамы, қарапайым қазағы бар, орысы бар, жас-кәрісі бар пісірген бауырсағы мен бәлішін алып, Исламды шығарып салуға аэропортқа жиналуы. Мұндай бақ, мұндай басшыға деген құрмет, мыңның бірінде бола бермейді.

Еліміздің су саласында да талай оңды жұмыстарды атқарғанын естіп, көріп, біліп жүрміз.

Ауқымды жұмыстарды атқара жүріп, бюджеттің 1,0 триллионнан астам қаржысын үнемдеуі бұрын-соңды болмаған феномен деп айтуға болады.

Оқталды деп соттауын сотталды, ендігі жерде зейнеттегі 65-тен асқан жасы мен сыр беріп жүрген денсаулығын ескеріп, бостандық берулеріңізді сұранамыз.

Хатымызды кепілдік хат деп атауымыздағы ойымыз, Исламды бостандыққа шығарғаннан қоғамға, елге, халыққа инедей де зиян тимейтініне біз толығымен кепіл бола аламыз және де Қазақстанның әдебиет пен өнер саласындағы азаматтардың басым көпшілігі жалпы халықтың да осындай ойда екендігіне сенімдіміз.

Құрметпен:

1. Ұлықбек Есдәулет – ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

2. Дулат Исабеков – жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

3. Бексұлтан Нұржекеев – жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.

4. Төлен Әбдік, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.

5. Смағұл Елубаев– жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

6. Кәдірбек Сегізбаев– жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері.

7. Мархабат Байғұт– жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығынң лауреаты.

8. Ханбибі Есенқарақызы– ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» ордені мен Ресейдің «Есенин» алтын медалінің иегері.

9. Көпен Әмірбеков– ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

10. Ғалым Жайлыбай – ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

11. Марат Байділдаұлы – журналист-жазушы, ҚР Педагогика ғылымы академиясының академигі.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417