Сенбі, 23 Қараша 2024
8134 14 пікір 19 Мамыр, 2021 сағат 13:51

Ресей неге Алматыдағы зертханаға алаңдаулы?

Ресей БАҚ-тарында соңғы бір жыл ішінде өзіне шекаралас мемлекеттерде орналасқан биологиялық лабораториялар жайлы көп айтылуда. Оның себебін коронавирус пандемиясынан кейін сақтық шарасы ретінде түсіндіріп отыр. Алайда шынайы мақсаты саяси тұрғыдан екені жасырын емес. Себебі Ресейге шекаралас мемлекеттер арасында Батыстың, анығы АҚШ-тың зертханалары орналасқан. Соның бірі Алматы қаласында тұр. 

Ресейлік ақпарат көздері АҚШ Қазақстан мен Өзбекстанда арнайы биологиялық лаборатория салып, онда зерттеу жүргізу үшін осы уақытқа дейін қыруар қаржы бөліп келеді дейді. Оның ішінде 400 млн доллар Қазақстандағы зертханаларға, ал 165 млн доллар Өзбекстандағы зертханаға бөлінген екен-міс.

2018 жылы Сергей Лавров ҰҚШҰ елдерінің кездесуінде Алматы қаласындағы зертханаларда жасалып жатқан зерттеулерді ашық жариялауын сұраған еді. Ол бұл зертхана екі мақсатта қолданылып жатыр деген күдігін білдірді. Медициналық мақсаттағы зерттеулер арқылы әскери бағыттағы зерттеу жұмыстары жүргізілуде деген ойын айтты. Ақпаратты ашуды "одақтастық пен әріптестік арасындағы өзара сенімді арттыру шарасы" деп атады.

Қазақстан сұранысты кері қайтарды. Биологиялық зертханада медициналық мақсаттағы зерттеулер жүргізілуде. Ал зертхана мемлекеттің меншігінде және мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып келеді. Сондықтан үшінші тарапқа қандай зерттеу жүргізіліп жатқанын айтпауға толық құқылымыз.

Жалпы Қазақстан мен АҚШ ортақ зертхана салу бойынша келісімді 1993 жылдың 13-желтоқсанында жасады. Сол уақыттан бастап ресейлік ақпарат көздері түрлі алып-қашпа ақпарат таратумен келеді. Олар төрт түлік арасында тараған ауруды да, адамдар арасында тарайтын маусымдық вирус түрлерін де осы зертханаға сілтейді.

Жалпы Ресейдің Алматыдағы зертханаға қатысты күдігінің жоғары екенін 2018 жылы зертхана директорының міндетін атқарған Ерлан Сансызбаевтың мына сөздерінен көрсек болады: "Ғимарат әлі салынып жатқан кезде, 2011 жылы зертхана құрылысының басты қарсыласы болған ресейлік саясаткер Геннадий Онищенко келді. Ресей мамандарының тағы бір үлкен тобы 2014 жылы келген болатын. Содан кейін, 2017 жылдың басында Роспотребнадзордан келген құрамында 19 адам бар үлкен топ бүкіл ғимаратты американдықтардың балансында болған кезде тінтті. Олар барлық шатырларға шығып, ақ халат киген американдық мамандарды іздей бастады. Алайда оларды табу мүмкін емес еді, себебі олар болған емес. Келісім бойынша зертхана салынған соң, барлығы өз елдеріне қайтып кеткен. Тек қана инжернерлер мен тренинг өткізуде қолдау білдіретін топ қана қалған болатын", деді ол. Неге қазақстандық тарап ресейліктерді тексеруге жібергені түсініксіз. Ресейдің өзінде дәл осындай 9 зертхана бар. Оның немен айналысып жатқанын жан баласы білмейді.

Алматыдаға зертхананы бомбалап тастайық деген де ұсыныстар айтылды. Владимир Соловьев өз бағдарламасында "Алматыдағы зертханаға зымыранмен бір соққы жасап, мәселені түбегейлі шешейік" деу арқылы дау тудырған еді.

Ал күні кеше ресейлік депутат Геннадий Онищенко тағы да байбалам салды. "Бұл зертханаларда жоғары кәсіби әскери микробиологтар жұмыс істейді. Әрине, олар грузин немесе әзербайжан балаларын қорғауға арналған дүниемен айналыспайды. Олар табиғи вирустық ошақтарды зерттеп, штаммдарды экспорттап жатыр. Олардың міндеті қарапайым - вирусты жасау", - деп сендірді Онищенко. Ол қазіргі уақытта посткеңестік елдердің ішінде Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Молдова, Өзбекстан және Украинада биологиялық мақсаттағы зертханалар жұмыс істейтіндігін еске салды.

"Біз вирустардың жаппай психоз құру, саяси жағдайды тұрақсыздандыру, экономиканың құлдырауы тұрғысынан тиімді екеніне көзіміз жетті. Коронавирус әлемдік экономикаға кез-келген соғыстан гөрі көп зиян келтірді", - деді депутат. Осылай деу арқылы биологиялық зертханалардың жұмысын ашық көрсетуді талап етті.

Ресей соңғы уақытта аталмыш бағыттағы арандату ақпараттарын арттырып жатыр. Бұл геосаяси бәсекелестікте АҚШ-қа қарсы жасалып жатқан әрекет екені анық. Әлемнің 25 елінде АҚШтың 400-ден астам зертханалары бар. Олар түрлі мақсаттағы қызметтер жасауда. Қазақстан билігі Ресейдің қысымына шыдамай бұл зертханалардың жұмысын ашып көрсетсе, онда Батыстық блоктың алдында сенім капиталынан айырылады. Себебі бір жыл бұрын, 16 сәуірде Мәскеу - Таллин - Тбилиси - Нұр-Сұлтан тікелей телекөпірі кезінде Геннадий Онищенко былай деп мәлімдеді: "Алматыда салынған зертхана Тбилисиге қарағанда әлдеқайда қуатты. Отарда да осындай зертхана бар. Сондықтан, біз бұл мәселені, оның ішінде саяси деңгейде, қазіргі Қазақстан басшылығымен бірлесіп шешеміз деп ойлаймын".

Демек Қазақстан билігіне Мәскеу тарапынан ұсыныстар жасалып жатқаны анық. Соңғы уақытта Қытай да дәл осы мәселені жиі көтеруде. Алайда не Мәскеу, не Бейжің өзіне шекаралас мемлекеттерге зертханаларын ашып көрсеткен емес.

Ка мырза

Abai.kz

 

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408