Биліктегілердің руын бадырайтып жазу кімге тиімді?
Жақында елімізде жаппай ауыл әкімдерін сайлау науқаны басталады. Бұл демократиялық өзгерістер мен азаматтық қоғамды дамытудың бірі көрінісі болса да, екінші бір тұсы бар. Ол аймақтарда рушылдық, жершілдік бөлінуді қайта жандандырып, қоғамның тұтастығына кері әсер етуі мүмкін деген күдік.
Еліміздегі танымал Уикипедия желісінен көпшілік танымал тұлғалар мен саясаткерлердің өмірбаянын қарап, оқуды жақсы көретіні жасырын емес. Бұл тұрғыдан орыс тілді Википедия қазақ тілі Уикипедиядан жоғары тұрғаны да шындық. Бұл енді еліміздегі мемлекеттік тілдің отыз жыл ішінде әлі аяғынан тұрмайғ ақсап жатқанының кесірінен. Өкінішке орай орыс тілді Википедиядағы саясаткерлердің биографиясына назар аударсақ, олардың өмір жолымен қатар, руын, жүзін жазып қойғанын аңғарамыз. Әрине бұған шенеуніктің еш қатысы жоқ, себебі мақала дербес, сырттан салынады. Дей-тұра мақаладағы ақпаратты түзетуге кез келген азамат арнайы шағым жасап, іске асыруына болады. Орыс тілді Википедиядағы бірқатар шенеуніктердің өмірбаянына назар аударып көрелік.
Бұрынғы ақпарат министрі Дәурен Абаев жайлы Википедияда Ұлы жүздің, шапырашты руынан екені жазылыпты.
Білім және ғылыми министрі, көпшіліктің көңілінен шығып, жастық креативпен өз саласына үлкен өзгеріс әкеліп жатқан Асхат Аймағамбетовты Википедия желісі Арғын руының ішіндегі, Қаракесек, оның ішінде Қояншы-Тағай руынан деп көрсетеді.
Бірнеше министрліктің тізгінін ұстаған Бақыт Сұлтановты Ұлы жүздің, Шапырашты руынан екені жазылған.
Саясаттағы сан жылдық тәжірибесі бар, қарт Қырымбек Көшербаевты бұл желі Кіші жүздің, Әлім руынан дейді.
Өмірзақ Шөкеев болса Ұлы Жүздің, Дулат руынан, оның ішінде Сиқым деп көрсетеді.
Алматы қаласының әкім болған, «Самұрық Қазынаны» сан жыл басқарған Ахметжан Есімов болса Ұлы Жүздің, Шапырашты руынан. Википедия оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені деп сипаттайды.
Forbes бойынша Қазақстандағы байлардың тізімінде төртінші орынға жайғасқан Тимур Құлыбаев болса Ұлы Жүздің Дулаты, оның ішінде Сиқым екен.
Орыс тілді Википедия желісінің оқырманы өте көп. Ондағы ақпарат пен танымдық мақалалар саны қазақ тіліндегі ақпаратты он орайды. Тіпті қазақ тарихындағы тұлғалар жайлы ақпараттар орыс тілінде қазақ тілінен қарағанда көбірек. Бұл көңілді жабырқататын ащы шындық. Бұл ресми энциклопедия болмаса да, ондағы ақпарат арқылы көпшілік қоғамдық ой түйіп, пікір қалыптастырады. Сондықтан елге танымал, билік тізгінін ұстаған азаматтар бұл желідегі руы мен жүзіне қатысты ақпаратты алдырып тастағаны дұрыс деп санаймыз. Руын ата-баба дәстүріне сай білеті, тәуелсіз елінің туын мақтан тұтып, ұлтын ұлықтайтын сана болғанда, ұлтты барлығынан жоғары қоятын түсінік қалыптасқан сәтте мемлекеттік өрлеу мен қоғамдық консолидация артады. Әлде бұл рудың жазылуы «біреулерге» керек пе?
Ка мырза
Abai.kz