Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3021 0 пікір 4 Мамыр, 2012 сағат 10:23

Ақын Алмат Астанада кеш өткізді

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университе­тінің студент жастары ақын, «Алаш айнасы» газеті мәдениет бөлімінің редакто­ры Алмат Исәділмен кездесіп, өлең-жырмен өрнектелген әдемі рухани кеш өткізді. Кеш барысында талапты студент­тер ақын өлеңдерін оқып, оның шығармашы­лы­ғына қатысты сауалдарына тұшымды жауап алды.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университе­тінің студент жастары ақын, «Алаш айнасы» газеті мәдениет бөлімінің редакто­ры Алмат Исәділмен кездесіп, өлең-жырмен өрнектелген әдемі рухани кеш өткізді. Кеш барысында талапты студент­тер ақын өлеңдерін оқып, оның шығармашы­лы­ғына қатысты сауалдарына тұшымды жауап алды.

Киелі Кеген өңірінің топырағында туған Алмат Исәділ - поэзия әлемінде өзіндік қол­таң­­басымен танылған, кейінгі кезде балалар әдебиетіне де қалам тартып жүрген  арынды ақындардың бірі.  Сондықтан да болар, кеш барысында ақын Алматтың өсіп-өніп, оқып, білім алған ортасы және оның шығармашылық қызметі туралы жылы әңгімелер айтылды. Ақынның жастар поэзиясына әкелген соны лебі, айшықты өрнегі ерекше сөз болып, профессор Тұрлыбек Мәмесейіт, филология ғылымдарының докторы, ақын Жанат Әскер­бекқызы, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенға­зин, қаламдас достары Қалқаман Сарин, Танакөз Толқынқызы, Ерлан Жүніс және тағы басқа меймандар өздерінің жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Ақындар қонақ кәде ретінде өз жырларын оқыса, филология факультетінің әнші қыз-жігіттері ауылдың алты ауызын айтып, өз өнерлерін паш етті. Студент жастар Алмат Исәділге шығармашылығы, ұстанған бағыты жайында сұрақтар қоюды да ұмытқан жоқ. А.Исәділ өзінің «Жолдар, жолдар»,   «Көңіл алаң» секілді жыр жинақтарына кірген өлең-жырларын, сондай-ақ орыс және түрік ақындарынан аударған  шығармаларын оқып берді. Алматтың «Жалғыз», «Көңіл алаң», «Балкондағы ой» секілді өлеңдері,  студенттік жылдардың, жалын мен сезімнен тұратын жастық шақтың тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін жырлары талғампаз оқырманға ерекше әсер етті.  Кеш соңы ақыннан қолтаңба алып, естелік суретке түсумен аяқталды.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗИН, айтыскер ақын, Еуразия ұлттық университеті жанындағы Ақындар мектебінің жетекшісі:

-  Алмат Исәділ -  қазақ поэзиясына 90-жылдардың ортасында қосылған тамаша таланттардың бірі. Мен өзім ақын Алматпен алғаш рет Нарынқол ауданында кездестім. Шығармашы­лығымен де сол жолы  таныс болдым. Оның өз күшімен, өз талантымен танылып жүрген жас ақын екендігіне көзім жетті. Бүгінде ол қазақтың беделді әрі кәсіби ақындарының біріне айналды. Алматтың шығармалары жастардың арасында жиі оқылады. Сол себепті біз оны Еуразия ұлттық университетіне арнайы шақырып, жас ақындармен жүздестіруді жөн көрдік. Негізгі мақсат - қазіргі поэзияны жастарға таныстыру. Біз осы мақсатқа жеттік деп ойлаймыз.

Автор: Жанболат ШӘКІМОВ, ЕҰУ-дің филология факультетінің 4-курс студенті

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019