Жауынгерлерге жорық жырларын неге оқытпаймыз?
Әскери мекемелер мен оқу орындарында орыс тілінің үстемдікке ие болып отырғаны жасырын емес. «Отан - оттан да ыстық» деп, туған елі үшін жанын беруі тиіс ер-азаматтардың қазақша тіл сындыруға қиналатыны өкінішті-ақ. Бұл - әскери мекемелерде ұлттық тәрбиенің, отаншылдық сезімнің әлі де болса ақсап тұрғандығының айғағы. Жауынгерлік рухты сіңіретін Күлтегін, Тоныкөк жырларынан бастап ерен ерлікті көксейтін батырлар жырына дейін оқыту болашақ әскерилер мен Отан алдындағы борышын өтеушілерге арнайы пән ретінде жүргізілмей, осы тараптағы қордаланған мәселенің беті бері қарай қоймасы белгілі.
Әскери мекемелер мен оқу орындарында орыс тілінің үстемдікке ие болып отырғаны жасырын емес. «Отан - оттан да ыстық» деп, туған елі үшін жанын беруі тиіс ер-азаматтардың қазақша тіл сындыруға қиналатыны өкінішті-ақ. Бұл - әскери мекемелерде ұлттық тәрбиенің, отаншылдық сезімнің әлі де болса ақсап тұрғандығының айғағы. Жауынгерлік рухты сіңіретін Күлтегін, Тоныкөк жырларынан бастап ерен ерлікті көксейтін батырлар жырына дейін оқыту болашақ әскерилер мен Отан алдындағы борышын өтеушілерге арнайы пән ретінде жүргізілмей, осы тараптағы қордаланған мәселенің беті бері қарай қоймасы белгілі.
Кез келген саладағы ұлттық идеология жұмысы бізде бір ізге түспей отырғаны - соқырға таяқ ұстатқандай анық жайт. Әсіресе соның ішінде әскери салада да қазақ батырларының ерлігі мен үлгі-өнегелерін насихаттауда кемшілік бары жасырын емес. Қол бастаған батырлардың соғыс жүргізу айла-тәсілдері де ауыз әдебиеті мен жыр-дастандарда тұнып тұр. Қазақ жырларында кездесетін әскери шен-шекпендер мен қару-жарақ атауларын, тарихи ұғым-түсініктерді қайта жаңғыртып, бүгінгі өмірге қайта оралту - басты мәселе. Шетелдің қаңсығын таңсық көргенше өз төл сөз тіркестеріміз бен тарихи атауларымызды тірілту үшін ендігі кезекте жүйелі оқулықтар жазылып, арнайы пән бағдарламаға енгізілуі керек. Қазіргі жас буынның қабылдауына жеңіл болу үшін аудио-видео, суреттік слайд-шоу, сұрақ-жауап және тағы басқа оқыту механизмдері пайдаланылғаны абзал. Ұлттық таным-түсінігі қалыптасқан білікті де білімді оқытушыларға барынша жағдай жасай отырып, сапалы мамандар қатарын арттыру жолында сүбелі жұмыс жасалғаны жөн.
Тарихшы, этнограф, әскери-тарихи тақырыпта қалам тербейтін жазушы, жыршы-жыраулармен кездесу арқылы да ұлттық сана-сезімді оятуға, жыр-дастандардың мағынасын ашуға белгілі бір дәрежеде мүмкіндік бар. Дамыған елдер өздерінің ұлт қорғандарына арнап көркем және деректі фильмдердің неше атасын түсіріп тастаған. Қазақ батырлары мен жыр-дастан кейіпкерлерінің аңыз бен ақиқатын айыратын деректі фильмдерге тапсырыс беріліп, оны аталған арнайы пәнде көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Осы пәннің аясында рухты көтеретін күйлер мен әндер де тыңдалып, олардың шығу тарихы айтылғаны жөн сияқты.
Баянғали ӘЛІМЖАНОВ, жыршы-жырау:
- Арғы тарихқа көз жүгіртсек, ата-бабаларымыз батырлар жырына, ауыз әдебиетіне қатты мән берген. Осы жырлардан халықтың жауынгерлік рухы, соғыс жүргізу, қару-жарақты қолдану әдіс-тәсілдері, батырдың астындағы атының сипатына дейін кездестіруге болады. Мұнда соғыс тәжірибесі жинақталған. Жырлар арқылы жас баланың санасына «не үшін соғысамын?» деген ұғымдардың жауабын сіңіретін болған. Ата-бабаларымыз біреудің жерін тартып алмаған, жауламаған. Ондай соғыстар сәтсіз аяқталып отырған. Шапқыншылардан өз жерін азат етуге келгенде батырларымыз ерліктің шыңына шыққан. Өзінің жанын да аямайтын батырлықтың арқасында жауын жеңіп отырған. Осының бәрі батырлар жырында, жорық жырларында көрініс табады. Жырларымыз арқылы ел қорғайтын жүректі батырлар тәрбиеленген. Әскерилеріміз Терминаторды емес, Қобыландыны, Алпамысты, Қаракерей Қабанбайды, Қанжығалы Бөгенбайды, Ақжолтай Ағыбайды, Олжабай батырды үлгі етуі керек. Қан майдан кезінде Керей ер Жәнібек батыр Абылай ханға астындағы атын түсіп берген. Абылай хан: «Жолдасын жауға тастаған хан атанбаймын, сені тастап кетпеймін» дегенде, Жәнібек: «Мен өлсем, бір қатыннан тағы батыр ұл туар, халыққа қиындықта жол табатын хан керек», - депті. Ханнан пайда табайын деп емес, хан халыққа керек екенін сезініп, басын бәйгеге тіккен. Ахиллестің өкшесінен оқ өтеді, Алпамыстың оқ өтетін бірде-бір жері жоқ. Отқа салса - жанбайды, суға салса - батпайды. Қобыланды батыр Қараманға еріп, Көбектің жылқысын аламын деп барғанда жеңіліс тапты. Әділетсіздіктен күш беріп тұрған аруағы айнып кеткен. Өз елін қорғаған кезде күші қайтып келеді. Жырларымызда осындай ұлы ойлар, ірі образдар, кесек мінездер тұнып тұр.
Мұхамеджан ӘБДІБЕКОВ, Құрлық әскерлері әскери институтының білім сапасын бағалу бөлімінің бастығы:
- Қазіргі балалар айтқанды тыңдамайды, көргенді қайталайды. Батыр бабаларымыздың ерлігін насихаттау қажет. Негізі, тәрбиелік жұмыстар мысқылдап болсын жасалып жатыр. Тәрбие идеологиялық, патриоттық, этикалық-эстетикалық, құқықтық, сана-сезімдік, еңбек және әскери болып бірнеше бағыттарға бөлінеді. Оқу бағдарламасына жыр-дастандар мен жорық жырларын қайтіп арнайы пән ретінде кіргізуге болады? Өйткені бізде оқулық құралдары жоқ. Сабақты жүргізу әдіс-тәсілдері қалыптаспаған. «Қазақстан тарихы» оқулығында орын алған тарихи тұлғалар барынша айтылып, насихатталуда. Жас сарбаздарды ұлттық тәрбиеге бейімдейтін көрнекі құралдар жазылса, құба-құп болар еді.
Арман ӘУБӘКІР
«Алаш айнасы» газеті