Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2944 0 пікір 11 Мамыр, 2012 сағат 10:02

Қазіргі таңда көлеңкелі экономиканың деңгейін анықтайтын есептеудің бірыңғай әдістемесі жоқ

Мүсірәлі Өтебаев, Қаржы министрлігі Қаржылық мониторинг комитетінің төрағасы:

Мүсірәлі Өтебаев, Қаржы министрлігі Қаржылық мониторинг комитетінің төрағасы:

- Мүсірәлі Смайылұлы, биыл «Заң­сыз жолмен алынған кірістерді заң­дастыруға және терроризмді қар­жы­лан­дыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заңның күшіне енгеніне екі жылдан асып барады. Бұл бағытта нендей жұ­мыстар атқарылды?

- Жаңа технологиялардың дамуына байланысты ақшаны жылыстату әдістері өзге­руде, сондықтан осы саладағы заң­наманың жетіліп, өзгеріп отыруы - заман талабы. Қазіргі кезде заңсыз жолмен алын­ған кірістерді заңдастыруға және тер­ро­ризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы ұлттық жүйені жетілдіру бойын­ша бірнеше өзгеріс енгізілуде. Бұл орайда, комитет атқарған маңызды жұмыс­тардың бірі - қаржы мониторингінің бірың­ғай ақпараттық талдамалы жүйесін құру. Өз кезегінде ол ішкі және халықаралық қаржы барлау жұмысында ақпаратты жи­нау, өңдеу, талдау және алмасуға арналған желі болып табылады.

Үстіміздегі жылы заңсыз жолмен алын­ған кірістерді заңдастыруға және тер­роризм­ді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында Қазақстан Республикасы Эконо­микалық қылмысқа және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес агенттігімен, Бас прокуратурамен, Ішкі істер министрлігімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен өзара ақпарат алмасу және мәліметтер беру жө­нінде бірлескен бұйрыққа қол қойылды.

Ал оған дейін, 2011 жылы, Қазақстан Республикасының қаржы мониторингі жүйесі қылмысты кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бағытында Еуразиялық топтың заңсыз жолмен алынған кірістерді заң­дастыру және терроризмді қаржыланды­руға қарсы іс-қимыл бойынша халықаралық стандарттарға сәйкестігі бойынша баға­лауынан өтті.

Заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және тер­роризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топпен (ЕАТ) мем­лекетаралық келісімге 2012 жылдың 21 ақпанында қол қойылды.

- Ал енді осы заңға тағы да өз­герістер енгізу жоспарланып отыр. Бұл өзгерістер нақты қандай мәсе­лелерді қамтитынына тоқтала кетсеңіз...

- Иә, Қазақстан Республикасының конс­­титуциялық Кеңесінің 2009 жылғы 20 тамыздағы №5 нормативтік қаулысының құқықтық бағыттарына заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыс­татуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сәй­кестендіру мақсатында ҚР Парламентінің Мәжілісіне «Заңсыз жолмен алынған кі­рістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заң­намалық актілерге өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы ұсы­нылды. Енгізілетін өзгерістер біршама бол­­мақ, мысалы, қаржы мониторингі субъектілерінің тізімін ұлғайту, белгілі бір операциялар бойынша шекті сомаларды ұлғайту, Кедендік одақ щеңберінде ратификацияланған шартқа байланысты жеке тұлғалардың қолма-қол ақшаны Кедендік одақтың шекарасынан ауысу тәртібін сәйкестендіру.

Сонымен қатар Үкіметтің 2012 жылғы 13 қаңтардағы №25 қаулысына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыс­татуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл және қолма-қол ақшаға айналдыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасы Парламенттен қайтарып алынып, оның нормалары қарастырылып жатқан заң жобасында қамтылды. Толығырақ айт­қанда, қаржылық мониторингіге тиісті опе­­ра­цияларға қолма-қол ақшаға айнал­дыру операциясы енгізілді. Қазіргі кезде қолма-қол ақша айналымы ақшаны жы­лыс­татуға және сыбайлас жемқорлыққа қолайлы болып тұр. Сондықтан төлемдерді төлем карточкалары арқылы қабылдауды міндеттеген жөн. Сонда ғана ақшамен жасалған әрбір операцияның бүкпесіз болуы қамтамасыз етіледі. Заңды тұлға­ларды қолма-қол ақшасыз есеп жүргізуге ынталандыру керек және карточка арқылы төлемді жүзеге асыруға арналған жаб­дықтың (POS-терминал) болмағаны үшін сауда немесе қызмет көрсету ұйым­дарын әкімшілік жауапкершілікке тарту қажет. Заң жобасында осы секілді жайттар мен тағы да басқа көптеген өзекті мәселе қарас­тырылып, талқылануда.

- Сіздердің міндеттеріңіз - қар­жылық операцияларды жинау, өндеу және талдау. Осыған орай 2011 жылы ақшаны жылыстатуға, тер­роризмді қаржыландыруға байла­нысты деп жорамалдауға негіз бар деген қанша материал ҚР құқық қорғау органдары­на берілді?

- Айтқаныңыз дұрыс, бірақ біз қаржы мониторингі субъектілерінен түскен мә­ліметті жинаған бойда оларды құзырлы органдарға жібере салмаймыз. Ақпараттар түскеннен бастап бірнеше талдау кезең­дерінен өтеді, бұл - өте күрделі жұмыс. Қаржы мониторингі субъектілерінен хабар­ламалар екі белгі бойынша келіп түседі, бірінші - заңда көрсетілген белгілі бір опе­рациялар бойынша бекітілген шекті сомадан асқан кезде, екіншісі - эконо­ми­калық мәні жоқ мәмілелер жасау, қаржы мониторингінен жалтаруға бағытталған іс-қимылдар, сонымен қатар терроризмді қаржыландыруға қатысы бар деген жо­рамал бойынша операциялар күдікті опе­рацияларға жатады.

Осы ақпараттар алдымен бірінші бө­лімшеге түсіп, жинақталып, мәліметтер базасына енгізіледі. Бірыңғай ақпараттық талдама жүйесі бойынша мәліметтер өңделіп, екінші бөлімшеге түседі. Өзіңіз білесіз, қаржылық операциялар тек қана мемлекет ішімен шектелмейді. Сондықтан егерде бір операция шетел азаматының немесе шетел заңды тұлғасының қатысуы­мен болған жағдайда комитет сол шетелдің құзырлы органдарына жасалған операция бойынша сұраныс жасайды, шетелдің қаржы барлау бөлімшелерімен тығыз жұ­мыс атқарылады. Міне, содан кейін өң­делген мәліметтер талданып, кү­дікті деп табылған жағдайда ғана құ­қық қорғау органдарына ары қарай іс жүргізу шешімін қабылдау үшін жібе­ріледі.

Ал енді істелген жұмыстардың нәтиже­лері жайында айтар болсақ, комитеттің мәліметтер базасына бір күн ішінде қаржы мониторингі субъектілерінен күдікті деген болжаммен екі жарым мыңға жуық хабар­лама мен ақпарат түседі. Түскен ақпараттар бойынша жан-жақты талдаулар жасалып, тек 2011 жыл ішінде 120-ға жуық материал құқық қорғау органдарына ары қарай жұмыс жүргізілу үшін берілді.

- Жоғарыда атап өткен заң қа­былданғанда сіз «шетелдік әріп­тес­терімізбен де тығыз байланыс орна­тамыз» деген болатынсыз. Бүгінгі күні қанша ел сіздермен әріптес болып отыр?

- Бұл орайда, ең бірінші айтарым: заң­сыз жолмен алынған кірістерді заң­дастыруға және терроризмді қаржы­лан­дыруға қарсы іс-қимылдың халықара­лық жүйесінің толық қатысушысы болуға ұмтылу барысында Қазақстан осы салада негізгі халықаралық құжаттарды қабылдап және ратификациялады.

Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді, экс­тремизмді қаржыландыруға қарсы күрес шеңберінде халықаралық ынтымақ­тастықтың рөлі зор. Ақшаны жылыстату бір мемлекет аясында жүзеге асырылатын қылмыс емес, қазіргі таңда бұл трансұлттық қылмысқа айналуда. Сондықтан шекара ақшаны жылыстатуға кедергі емес, тіпті десеңіз, себепші болуда. Осыған тосқауыл қою мақсатында 1989 жылы Парижде өткен Үлкен жетілік саммитінің шеші­мімен Қаржыны жылыстатумен күрестің іс-шараларын әзірлейтін халықаралық қаржы тобы (ФАТФ) құрылды. Бастапқыда бұл топ есірткі бизнесінің нәтижесінде түскен кірістерді жылыстатуға қарсы іс-әрекет еткен еді, бірақ 2001 жылдың 11 қыр­күйегінде АҚШ-та болған террористік актілерден кейін ФАТФ тобының назары терроризммен күреске де бағытталды. ФАТФ-тің аумақтық 9 тобы бар, соның біреуі - заңсыз жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға және терроризмдi қаржы­ландыруға қарсы iс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ (ЕАТ). Қазақстан 2004 жылы осы топтың мүшесі болды. Осы топ аясында біз Ресей, Беларусь, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдерімен ақшаны жылыстатуға қарсы күрес аясында ақ­параттар мен мәліметтер алмаса аламыз.

Сонымен қатар комитет құрылған күн­нен бастап «Эгмонт» қаржылық барлау бөлімшелерінің тобына кіру басты мақ­сат­тарымыздың бірі болды. 2011 жылы осы топтың 19 пленарлық отырысында Қазақ­стан «Эгмонт» тобының теңқұқылы мү­шесіне айналды. Қазіргі таңда «Эгмонт» тобы 127 мемлекеттің қаржылық барлау бөлімшелерін біріктіріп отыр.

Осы топтың мүшесі болу - біздің ұлттық қаржылық барлау жүйесінің халықаралық деңгейде танылғаны. Сонымен қатар заң­сыз жолмен алынған кiрiстердi заң­дас­тыруға және терроризмдi қар­жыландыруға қарсы iс-қимыл саласында шетел мем­лекеттерімен ынтымақтастығына, коми­теттің жұмыс шапшаңдылығын арттыруына және шетелдік серіктестерімен (Egmont Secure Web) қорғалған желі арқылы ақ­парат алмасуға мүмкіндік туды.

Екіжақты ынтымақтастықты жетілдіру мақсатында Молдова және Украина мем­лекеттерінің қаржылық барлау бөлім­шелерімен өзара қарым-қатынас туралы меморандумдарға қол қойылды. Ағымдағы жылдың маусым айында өтетін «Эгмонт» тобының пленарлық отырысында Ресей және Біріккен Араб Әмірліктерімен мемо­рандумға қол қойылады. Сонымен қатар Түркия, Канада елдерінің қаржылық барлау бөлімшелерімен меморандум жобасы келісімделіп жатыр.

- Жақында ФАТФ ұсынымдарының жаңа редакциясы қабылданды. Жаңа редакцияны қабылдауға не түрткі бол­ды және оның біздің ұлттық заңнама­мызға әсері қандай болмақ?

- ФАТФ ұсынымдарында түбегейлі өзгерістер болды деп айтуға келмейді. Осы топ құрылғаннан кейін, 1990 жылы ФАТФ ақшаны жылыстатуға қарсы бағытталған 40 ұсынымын бекітті. 2003 жылы оның қатары терроризмге байланысты тоғыз ұсыныммен толықты. Ал биылғы жылдың ақпан айында Париж қаласында Қаржыны жылыстатумен күрестің іс-шараларын әзірлейтін халықаралық қаржы тобының (ФАТФ) пленарлық отырысында ФАТФ-тың жаңа ұсынымдары қабылданды. Есіңізге сала кетейін, бұл ұсынымдар қаржылық операцияларды талдауда пай­да­ланылатын халықаралық стандарттар деп табылады.

Сұрағыңызға байланысты айтар болсақ, ФАТФ-тың бастапқыда жоспарланған міндеттері жүзеге асты, қаржылық барлау бөлімшелері жұмыс атқаратын инфрақұры­лым жасалды, сондықтан да халықаралық стандарттар жаңа деңгейге көтерілді.

Ал енді өзгерістер бойынша сөз етсек, халықаралық стандартқа қауіп-қатерді бағалау бойынша толықтыру енгізілді. Әр мемлекет ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыруға байланысты қауіп-қатерді анықтауы қажет және соған қарап осы саладағы ұлттық заңнамасын сәйкестендіруі керек. Сол себептен қауіп-қатерді анықтау және соның негізінде бағалаудың ілкімді тәсілдерін пайдалану ұсынымымен толықтырылды. Осы ұсыным бойынша, қаупі жоғары бағаланған салада алдын алу шараларын ұлғайту және қаупі төмен бағаланған салада жеңілдетілген шаралар қолдану қарастырылған. Бағалау негізінде ілкімді тәсілдерді пайдалану ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жүйесін нәтижелі етеді және шығынды азайтады.

Жаңа енгізілген ұсыныстың бірі - жаппай қырып-жою қаруларын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл. Әрине, қазіргі кезде жаппай қырып-жою қарулары бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары, бірталай халықаралық келісім бар, ал ФАТФ жұмысы нені қамтиды деген сұрақ тууы мүмкін. Соңғы кездері жаппай қырып-жою қаруларын таратуға қарсы іс-қимылдың тиімді тетігі оны қаржылан­дырудың алдын алу шаралары екені ай­қындалып қалды. Сондықтан ФАТФ-тың жаңа ұсынысы осы бағытта қаржылық санкцияларды БҰҰ талабымен қамтамасыз етуді көздейді. Бір айта кетерлік жайт - біз осы саладағы басқа құзырлы органдардың жұмысын қайталамаймыз. Олардың басты мақсаты жаппай қырып-жою қару­лары­ның таралмауына тосқауыл қою болса, біздің жұмыс - осы қаруды жасау немесе жасалған қаруды таратуды қаржы­лан­дыруға тосқауыл қою.

Тағы бір жаңалық - салық қылмыстарын ақшаны жылыстатуға себеп болатын пре­дикаттық қылмыстар тізіміне енгізу бойынша толықтырулар болды. Осыған байланысты ақшаны жылыстатуға қарсы іс-әрекет шаралары ұлғайтылды.

Сонымен қатар ФАТФ ұсынымдары сы­байлас жемқорлықтың алдын алу бойын­ша жаңалықтар енгізді. Саяси қызмет­керлер өздерінің лауазымына бай­ланысты сы­байлас жемқорлыққа қолайлы жағ­дайлар туғызуы мүмкін. Сол себептен атал­ған ұсынымдар бойынша саяси қыз­меткердің және оның отбасы мен жақын байла­ныс­тарының қаржы көздерін ай­қындау тәжірибесі енгізіледі.

Әр мемлекеттің қаржылық барлау бөлімшелері өз жұмыстарында осы стан­дарттарды 2013 жылдан бастап бас­шы­лыққа алады. Осының негізінде әр мем­лекет заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржы­ландыруға қарсы күрес саласындағы ұлттық заңнамасын сәйкестендіруі қажет. Ал ол - өте күрделі жұмыс. Бұл жерде тек қана біздің саладағы заңды ғана емес, басқа нормативтік құқықтық актілерге де біршама өзгеріс енгізілуі тиіс болып отыр.

- «Еуразиялық топ туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңға қол қойылғанын білеміз. Бұл заң бізге не береді?

- Жалпы, Еуразиялық топ жайында біздер құрылғаннан бері сөз етіп келеміз. Жоғарыда аталған келісімге қол қойыл­ғаннан бастап Еуразиялық топ үкіметаралық ұйым болып, халықаралық орган ретінде жұмыс атқаруда. Бұл топтың басты мақсаты - мүшелігіне кірген мемлекеттер тер­роризмнен төніп тұрған қауіптен ұлттық қар­жылық жүйелерінің ашықтығын және қауіпсіздігін бірлесіп қамтамасыз етеді, сонымен қатар халықаралық стандарттар бойынша жұмыс атқарады. Еуразиялық топқа мүшелік Қазақстанға заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы жүйесін халықаралық стандарттарға сай жетілдірумен қатар, ФАТФ тобына ЕАТ тобының толыққанды мүшесі ретінде қатысуға мүмкіндік бе­реді.

- Сіз бір сөзіңізде «әлемдік дағ­дарыс көлеңкелі бизнестің тынысын ашып отыр» дедіңіз. Яғни ел эконо­мика­сындағы қаржының бір бөлігі көлеңкелі бизнеске кетіп жатыр. Осыны тарқатып айтып берсеңіз. Алда тағы да үлкен дағдарыс келеді деп күтіп отырмыз, бұл көлеңкелі бизнеске қалай әсер етеді деп ойлайсыз және көлеңкелі бизнестің жолын кесу үшін қандай шаралар қолданған жөн?

- Қазіргі таңда біздің мақсатымыз - көлеңкелі экономиканың «нәтижелерін» айту емес, оның көлемін одан әрі арттырмау үшін тосқауыл қою шараларын жетілдіру. Істелген қылмыстың нәтижесімен күресуден гөрі, қылмысты болдырмау, яғни алдын алу жұмыстарын жүргізу керек. Қазіргі таң­да көлеңкелі экономиканың деңгейін анықтайтын есептеудің бірыңғай әдістемесі жоқ, сондықтан да алдыменен мемлекеттік деңгейде көлеңкелі экономиканы дәлме-дәл бағалау мәселесін шешу қажет.

Адам құқықтарының, еңбек заңының сақталмауымен заңсыз өндірістік қызмет, пайдакүнемдікпен жасалатын лауазымды шаруашылық қылмыстар, есірткі бизнесі, заңсыз құмар ойын бизнесі, аламандық сипаттағы құқық бұзушылықтардан түсетін табысты, табыстың көлемін салық салудан жасырушылық көлеңкелі экономиканың кең таралған құбылысына айналады.

Осыған орай айтарым: «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заң - Республиканың қар­жы секторының тазалығы мен инвес­тиция келетін жолдарының ашықтығының айқын белгісі. Инвестиция экономикалық өсудің негізі бола отырып, елдің әлеуметтік дамуына жағдай жасайтыны белгілі.

- Бізде қазір, жасыратыны жоқ, қай саланы алсаңыз да, маман тапшылығы деген мәселе бар. Қаржы мониторингі саласында бұл жағы қалай болып жатыр? Кадр жеткілікті ме? Олардың біліктілігін арттыру үшін шетелге жіберіп оқыту бағдарламалары бар ма?

- Біздің комитеттің кадрлық құрамы то­лығымен жасақталған, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша және Мемлекеттік басқару академиясында білім алған, ағылшын тілін жетік меңгерген жас мамандар бар.

Қаржылық талдау және жоғарғы ақ­параттық технологиялар саласында қаржы мониторингі жүйесін құру және қызметін қамтамасыз ету үшін мамандар іріктеліп даярланды. Комитет қызмет­керлерін, қар­жы мониторингі субъектілерін, құқық қорғау және қадағалау органда­рының мамандарын дайындау мәселе­лерінде Дүниежүзілік банк, Есірткі және қылмыс жөніндегі БҰҰ басқармасы, ЕҚЫҰ, сонымен қатар АҚШ елшілігі мен Росфин­мониторинг атынан Қаржы мониторингінің халық­аралық оқу-әдістемелік орталығы (ҚМХОӘО) едәуір көмек көрсетуде.

Ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес шеңберінде тәжірибе алмасу мақсатында Қаржы мониторингі комитетінің қызметкерлері Ресей, АҚШ, Беларусь және Украина мем­лекеттерінің қаржылық барлау бөлім­шелеріне барды.

Сонымен қатар осы салада мемлекет ішінде өтіп жатқан шаралар да аз емес. Мысалы, қызметкерлеріміз жақында өткен, АҚШ елшілігі ЕҚЫҰ-мен бірлесіп ұйым­дастырған қаржылық барлау және қар­жыны жылыстату мен терроризмді қар­жылан­дырудың типологияларының тех­­­ни­ка­лары мәселесі жөніндегі тренингіге қатысты. Осындай семинарларға қатысқан қызметкерлер комитет ішінде барлық бөлімше қызметкерлерімен өздерінің қа­тысқан семинарларынан алған жаңалықтар мен жаңа әдістемелермен бөліседі.

- Сіз үшін қазір өз салаңыздағы өзекті мәселе не деп ойлайсыз?

- Бұл комитет - Елбасының жеке тап­сырмасымен және халықаралық ФАТФ ұсы­нымдары негізінде қаржылық барлау органы ретінде құрылған әкімшілік типтегі орган. Комитет өз жұмысын халықаралық стандарттарға сай жүргізеді. Сол себептен жақында қабылданған халықаралық стандарттардың жаңа редакциясын мем­лекеттік органдарға, қаржы мони­торингі субъектілеріне және жеке секторға түсіндіру және жеткізу қажет.

Қазақстан - Бірыңғай экономикалық кеңістік пен Кеден одағына мүше мемлекет. Сондықтан алдымыздағы негізгі жұ­мыстардың бірі заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері арасындағы әрекеттерді сәйкестендіру және заңнаманы үйлестіру қажет.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы мен Дүниежүзілік банк арасында 2011-2012 жылдарға арналған «Бірлескен экономикалық зерттеу бағдарламасы» аясында ақшаны жылыстату саласындағы Ұлттық қауіп-қатерді бағалау жұмысын жақсы деңгейде өткізу және зерттеу нәти­желерін мемлекеттік, құқық қорғау орган­дарының жұмысында қолдануын үйлестіру біз үшін маңызды әрі өзекті міндеттердің қатарында тұр.

Алашқа айтарым...

Біздің мақсатымыз - көлеңкелі экономиканың «нәтижелерін» айту емес, оның көлемін одан әрі арттырмау үшін тосқауыл қою шараларын жетілдіру. Істелген қылмыстың нәтижесімен күресуден гөрі, қылмысты болдырмау, яғни алдын алу жұмыстарын жүргізу керек. Қазіргі таңда көлеңкелі экономиканың деңгейін анықтайтын есептеудің бірыңғай әдістемесі жоқ, сондықтан да алдыменен мемлекеттік деңгейде көлеңкелі экономиканы дәлме-дәл бағалау мәселесін шешу қажет.

Салтан СӘКЕН, Астана

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437