Араб шейхтары Қазақ жерінде аңшылық жасамақ
Қазақстан Үкіметі Біріккен Араб Әмірліктері мен Қатардың төрт шейхіне еліміздің қорықтық аумақтарында Қызыл кітапқа енген жек дуадақтарды ителгімен аулауға рұқсат беру туралы қаулыны қарастырып жатыр.
«Жек дуадаққа саятшылық құру туралы» Үкімет қаулысының жобасы Ашық НҚА сайтында жарияланды. Құжатқа сәйкес, 2021 жылғы 1 қыркүйек – 15 қараша кезеңінде төмендегі шейхтарға ел аумағында аңшылық жасауға рұқсат берілген:
Шейх Халифа Бин Заед Әл Нахаянға (Біріккен Араб Әмірліктері) Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар Арыс және Қарақтау мемлекеттік қорығы аймағының аумағында 97 (тоқсан жеті) дарақ жек дуадаққа және Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы республикалық маңызы бар Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік қорығы аймағының аумағында 99 (тоқсан тоғыз) дарақ жек дуадаққа.
Шейх Сурур Бин Мұхаммед Әл Нахаянға (Біріккен Араб Әмірліктері) Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар Кендірлі-Қаясан мемлекеттік қорығы аймағының аумағында 52 (елу екі) дарақ жек дуадаққа;
Шейх Сеиф Бин Мұхаммед Әл Нахаянға (Біріккен Араб Әмірліктері) Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар Кендірлі-Қаясан мемлекеттік қорығы аймағының аумағында 51 (елу бір) дарақ жек дуадаққа.
Шейх Джасем Бин Хамад Бин Халифа Әл Таниге (Қатар) Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар Аңдасай мемлекеттік табиғи қаумалының аумағында 34 (отыз төрт) дарақ жек дуадаққа және Алматы және Жамбыл облыстарындағы республикалық маңызы бар Жусандала мемлекеттік қорығы аймағының аумағында 80 (сексен) дарақ жек дуадаққа өз ителгілерімен саятшылық құруға рұқсат берілсін. Жек дуадақтың бір дарағын аулау ақысының мөлшерлемесі 260 айлық (758 420 теңге) есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленген.
Осылайша, құжат төрт шейхке Арыс, Қаратау, Оңтүстік Қазақстан, Кендірлі-Қаясан, Жусандала мемлекеттік қорғалатын табиғи аумақтары мен республикалық маңызы бар Андасай мемлекеттік табиғи резерватының аумақтарындағы 413 жек-дуадақтарын табиғаттан алуға рұқсат беруді қарастырып отыр. Құжат жобасы 2021 жылдың 22 маусымына дейін қоғамдық талқылауға ұсынылды.
«Қазақстан Республикасындағы СИТЕС әкімшілік органы Жойылып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның рәсімдерін сақтай отырып, ителгімен саятшылық құру үшін жыртқыш аушы құстардың Қазақстан Республикасына әкелінуі мен Қазақстан Республикасынан әкетілуін қамтамасыз етсін.Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының әкімдері көрсетілген іс-шараларды ұйымдастыруда қажетті жәрдем көрсетсін», - делінген қаулыда.
Құжат анықтамасында көрсетілгендей, шейхтардың аңшылығы ел бюджетіне қомақты кіріс кіруін қамтамасыз етеді.
«Қаулы жобасын қабылдау халықаралық ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді, сондай-ақ бюджетке 313 227 460 теңге көлемінде кіріс кіруін қамтамасыз етеді.Қаулы жобасы белгіленген тәртіпте әділет, қаржы, ұлттық экономика, білім және ғылым және сыртқы істер министрліктерімен келісілді.Қаулыны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға алып келмейді», - деп көрсетілген.
Жек дуадақ - дуадақтар тұқымдасына жататын, дене пішіні орташа, салмағы 1 – 2,5 кг құрайтын құс түрі. Қазақстанда мекендейтін жекдуадақтар қыс мезгілінде Арабия, Иран, Ирак, Пәкістан шөлдеріне ұшып кетеді. Ол жақта олар атақты араб қыран аң аулауының қызығушылық нысанына айналған. Үздіксіз аулаудың зардабынан бұл құстың саны азайып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Abai.kz