Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 12130 20 пікір 16 Маусым, 2021 сағат 11:20

Қарға бойлы Қазтуған кім?

Қазтуған туралы «Бес ғасыр жырлайды» кітабында: «Қазақ әдебиеті төлбасыларының бірі – Қазтуған жырау Сүйінішұлының шамамен XV ғасырдың 20-30 жылдарында Еділ бойында, қазіргі Астрахань облысының Красный Яр қаласының маңында туады. ... XV ғасырдың ұзына бойына созылған бұлғақ кезінде оның кімдерді жақтағаны, не істегені белгісіз. Тек ғасырдың екінші жартысында өз қарауындағы руларымен бірге Еділден ауып, Қазақ Ордасының құрамына өткендігін білеміз», - дейді (Бес ғасыр жырлайды. Алматы, Жазушы, 1989, 1 том, 27 бет, Құрастырушылар: М.Мағауин, М.Байділдаев).

Ал, енді ноғайлар шығарған «Йыр иесі мен эдим» кітабында Қазтуған туралы былай дейді: «Казы-Тувган Суьйиниш улы XVІІ-инши оьмирдинь аьвлети. Онынь атасы Суьйиниш Сеит-Абдулла улы аьвелде Аштархан ногайларыннан болып, сонь оьзининь уьлиси минен Эдилден Кобанга коьшкен.

...Казы- Тувган оьсип еткенде Аштархан ногайларын джунгар баскыншылардан босатар уьшин коьп куьрескен» («Йыр иесі мен эдим» Поэзия йыйынтығы. Сост. Кулунчакова Б. Махачкала: ГУ «Дагестанское книжное издательство», 2009, стр. 73). Бұл кітапта ноғайдың XV-інші һәм ХХ ғасыр аралығында жасаған ноғай шайырларының шығармалары жинақ боп берілген. Кітаптағы материалдарды жинаған, белгілі ноғай ғалымы –  Ашим шейх-Али улы (Ашим Сикалиев).

Қазтуғанның өмір сүрген уақыты туралы екі кітапта  екі түрлі дерек айтылып тұр. Арасындағы айырма аз емес, бақандай екі ғасыр. Бұрын онша байқамағанбыз. Яки байқасақ та, онша мән бермегенбіз.

Біздіңше, ноғай ғалымы айтып отырған екінші дерек шындыққа сай келеді. Оған дәлел әуелі Қазтуғанның өз сөздері:

Каргадай Суьйиниш улы
Казы-Тувыл оьзи айтар.
Казы, ялдан зат калмай,
Калмыклардан кашалмай,
Калды-ав меним ногайым.
Оракшыдан культе алып,
Отыншыдан шырпы алып,
Орга барып урынып,
Орып тавга суьринип,
Оьлди-ав меним ногайым.
Ана Эдилди алдырып,
Аргымагын талдырып,
Атай мынан анайга
Агув салып кустырып,
Аздлы ав меним ногайым.
Етисаным эл излеп,
Ембойлыгым ем излеп,
Етушкульим, коьп халкым,
Ебирине эм излеп,
Тозды-ав меним ногайым.
Бири кетти Крымга,
Бири кетти Урымга,
Баьтир элдинь баласы
Биз де кетип барамыз
Бийик тавдынь кырына,
Ак Яйыкты яндырып,
Ана Едилди соьндирип,
Ак Кобанда акыр ногай барды деп,
Аласасын тепкилеп,
Алгасайды ногайым.
Ахырысы бу куньде
Ак Кобанга йыйылып,
Аскар тавга сыйынып,
Ак Шатырын курдырып,
Аякланды ав ногайым.
Кабагыннан боьрк кийген,
Шеркешлер мен дос болып,
Шекеленди ногайым.
Ахырысы бир куьнде,
Аюкедей ханларды
Аювдайын акыртып,
Аздаадай ыскыртып,
Ана Эдилде эркин яйлар ногайым.

(«Йыр иесі мен эдим», стр. 79-80). Демек, жырдағы мәліметтерге қарағанда Қазтуған жұртымен бірге қалмақтардан қашып жүр. Бірақ ол қайдан, қайда қашады? Еділ, Жайықтан Қобанға қашады. Қара теңіздің жағалауындағы Қобан жері. Біз кеңестік дәуірден білетін дертке шипа, жанға дауа курортқа толы Кубань жері. Қазтуғанның кезінде ол Қырым хандығына қарайтын жер. Қазтуғанның Қобанға көшкенін растайтын тағы бір жыры бар:

Етисаным анав деп,
Ембойлығым мунав деп,
Етишкульим – коьп халқым,
Кабыргамда
Канат берген таяв деп,
Анна айтувда болар деп,
Ийтелги кустай ийтелип,
Тырымтай кустай мен оьзим
Каршыга кустай мен оьзим
Канат кагып кавысып,
Алар кустай авланып,
Боранда борап йол салдым,
Толықсып бизим элимиз
Кобанда коныс консын деп!

(«Йыр иесі мен эдим», стр. 73-74). Жырдағы тарихи кезеңді анықтайтын бір жер – ол қалмақтың Аюке хан атының аталуы. Тарихқа шолу жасасақ: Ресей ғылым академиясының Қалмақ гуманитарлық зерттеулер институтының ғалымы В.Т.Тепкеевтің «Казтувган  Суюниш улы – выдающийся йыравшы Ногайского народа» атты мақаласы біраз көзді ашады. Оның айтуынша Қазтуған туралы алғашқы орыс деректері 1673 жылы кездеседі. Онда осы жылдың ақпан айында Қалмақ тайшысы Айукенің Аштархан  билеушілерінен жас ноғай мырзасын босатуын сұрағаны туралы айтылады. Бұл деректен Қазтуғанның бала кезінде (орысша: Тоган) Аманат үйінде (Аманатный двор) болғаны белгілі болады. Бұл келісім ақыры Аштархан тарапынан шешімнің Мәскеудегі патша жарлығымен ғана шешілетіндігін жеткізумен бітеді. Айукенің  Қазтуғанға ара түсу себебі ноғайдың едисан руы 1643 жылдан өз еріктерімен Қалмақ ордасының құрамына қосылған еді. Едисан – белгілі ноғай руы. Ол Қазтуғанның һәм әкесі Сүйініштің руы (орыс дерегінде Сүйініш– Сююнчи Абдулов аталған). Сүйініш Абдуллаұлы 1648 жылы Қырым жорығына, 1657, 1673 жылдары орыс-қалмақ келіссөздеріне қатысқан. Қалмақ тайшысы Лузан өзінің қызын Сүйінішке берген. Соған қарап Тепкеев Қазтуғанның анасы Бозтуғанды осы Лузан тайшының қызы деп жорамалдайды. Қазтуғанның есімі орыс деректерінде екінші рет 1690 жылдары ұшырасады. Архив деректерінде едисан ноғайларының 1696 жылы Айукеден қашып, Қырым ханы Дәулет-Керейге өткені туралы айтылады. Осы оқиғаларда Қазтуған  көш бастаған көсемнің бірі болған. Оның жырдағы: «Боранда борап йол салдым, Толықсып бизим элимиз, Кобанда коныс консын деп!» дегені сол.

Еділ бойы қалмақтары Жоңғариядан ауып келген. Алғаш рет XVІ ғасырдың аяғына таман торғауыт қалмақтары келсе керек.   Олардың келуіне Ресей империясы мүдделі болған. Тіпті қолтықтарына су бүріккен. Оларды орыстар парсы жорығына, орыс-швед, орыс-түрік һәм 1812 жылғы Отан соғыстарында пайдаланған. Орыстың жұмсауымен қалмақтар әсіресе, түрік (ноғай, түрікмен, қазақ, дағыстан, құмық) һәм кавказ (шешен, кабардин) халықтарына  талай ойран салған. Еділ бойындағы қалмақ хандығы 1633-1771 жылдары өмір сүрген. Ел билеген хандары: Хо-Урлюк (1633-1644), Шукур -Дайчин (1644-1661), Мончак (1661-1672), Айуке (1661-1724). Әсіресе, Айуке тұсында өте қуатты ел-жұрт болған. Қазтуған айтып жүрген Айуке осы. Оның:

Аюкедей ханларды
Аювдайын акыртып,
Аздаадай ыскыртып,
Ана Эдилде эркин яйлар ногайым –

деп жүргені бекер емес. Айуке Қазтуғанның Еділді еркін жайлап жүрген едисан (жеті сан) жұртын атажұртынан айрып отыр. Жыраудың көкірегінен әтші жырдың төгілуінің тарихи астары осында жатыр.

Өкіншіке орай  қазақ тіліндегі Қазтуған шығармаларының ішінде біз келтіріп отырған осы екі жыр да жоқ. Біздің XVІІ ғасырда өмір сүрген Қазтуғанды XV ғасырға апарып, Еділден Қобанға көшкен Қазтуғанды Әбілқайыр ордасынан Жетісуға көшкен Керей, Жәнібек көштеріне қосып жүргеніміз содан болар, бәлкім. Қазақ хандығы дәуірі дейтін әдеби кезеңді зерттеу сонау 1968 жылғы жарық көрген М.Мағауин ағамыздың «Қобыз сарыны» монографиясынан кейін тоқтап қалғандай әсер етеді. Бәлкім жазылған бірен-саран еңбектер бар шығар. Өзіміз бұл кезеңді індетіп зерттеуші емеспіз. Айтпақшы болғанымыз, хандық дәуір кезеңін жан-жақты тарихи һәм әдеби тұрғыдан егжей-тегжей саралау 60-шы жылдардан кейін саябырсып, басылып қалған құсайды.

Қазтуғанның Еділден айырылған ащы зарының тарихи астарын Ш.Уәлиханов жақсы бағамдаған сияқты. Бұл кезең туралы ол былай деген: « XVІІІ (следует: XVІІ) столетие было временем ужасов и внутренних войн. Предания, относящиеся к этому времени, отличаются мрачным, погребальным характером. Чужеземные враги стесняют их с родных мест, исторгают, разрывают родственные (союз) казак и ногай. Ногайцы, стесненные калмыцким Хо-Урлуком, уходят за Урал и Волгу, а казаки – на юг, и в 1632 мы видим хана киргизского Ишима и Турупа (Турсуна): одного – в Туркестане, другого – в Ташкенте. Знаменитый в степях «плач» на раздвоение ногаев и казаков играется до сих пор степными музыкантами на (кобызе) и исторгает слезы у старых аксакалов. «Когда сто тысяч ногайцев взволновались, когда Урмамбет- бий умер и самые черные леса загорелись», – поет степной Боян» (Ч.Валиханов. Избранные произведения // Киргизское родословие, Москва, Наука, 265 стр). Бұл жерде Шоқан өзбек-қазақ емес  ноғай - қазақ бөлінуін айтып отыр. Бұл тарихи эпизод Қазтуған өмір сүрген заманға жақын. Қазіргі жаңа заманда (яғни, посталтынордалық, посткеңестік) біздің шатасып жүрген жеріміз ноғай-қазақ тарихын жете түсінбеуден туып отырған сияқты. Діңгек – біреу. Оған дау жоқ. Діңгек – Түрік. Енді діңгектің бұтақтары бар. Ноғай, өзбек, қазақ бұлар – бұтақтар. Бұтақты бұтақ дегенмен діңгекке зиян келмейді. Тек діңгекті бұтақ деудің қажеті жоқ. Ол шатастыру болады. Әр нәрсені өз атымен атаса жеткілікті. Қарға бойлы Қазтуған – қазақ ақыны деу сол шатастыруға жатады. Бұл бұтақты діңгекпен шатастыру. Қарға бойлы Қазтуған – ноғай ақыны, өйткені. Яғни, Қазтуған – ноғай. Ал, ноғай кім? Енді әңгіменің басын азырақ соған қарай бұрайық. Ноғайлар туралы тағы сол Ш.Уәлиханов жақсы айтқан: «Надо полагать, что под ногаями первоначально разумелись в Средней Азии все кочевые племена тюркского и монгольского происхождения, говорившие татарским языком, как калмыками назывались кочевники, говорившие по-монгольски» (Ч.Валиханов. Избранные произведения // Очерки Джунгарии, Москва, Наука, 287 стр).

Ноғай атауы туралы терең тамырлы сөз деуге болады бұны.

Қазақ фольклоры ноғай жұрты туралы былай дейді:

Алаштан қазақ тараған
Ноғайлыға қараған.
Жауға алдырмай ноғайлар,
Бір-біріне қараған,
Бір-біріне жараған.
Ноғайдан қазақ бөлініп,
Үш жүз болып тараған

(А.Сейдембеков. Қазақтың ауызша тарихы, Астана, Фолиант, 2017, 599-600 б).

М.Әуезов былай дейді: «Ноғайлыдан соң қазақ руларының көпшілігі өзбекпен бір болған» (М.Әуезов. Қобыланды батыр,  20 том. шығ. жинағы // 15 т. Алматы, Жазушы, 1984, 46 б). Яғни, қазақ рулары қашан қазақ болып (яғни, этнос болып) қалыптанғанша ноғай, өзбек қалыптарынан өткен. Әуезов соны меңзеп отыр бұ жерде.

Ноғайлар – Алтын Орданың саяси таңдаулы, іріктелген қауымы (элитасы) болған. Қарадан шығып хан болып, ақ сүйекке айналған. Ноғай династиясының негізін қалаған – Едіге би. Едігенің кім екендігі мына деректен - ақ білінеді: «Занимая должность наместника (хукумат) (Salmani 1956, р.83), являлся «истинным властелином Дешта, Сарая и Крыма ( Kurat 1940, р. 18), «владыкой Дешт-и Кипчака и страны узбеков» (В.В.Трепавлов. История Ногайской орды, Издательская фирма, Восточная литература, РАН, Москва, 2002, стр 79). Йағни, Едігені бүткіл Алтын Орданың (Дешті қыпшақтың) әміршісі деп тұр автор. Алтын Орда (Жошы ұлысы) – бүкіл еуразия даласында орнаған түрік империясы. Түріктердің әлемдік деңгейде саяси бір өрлеген тұсы осы. Түрік империясы тарих толқынында жаңқаланып бөлінген соң, әртүрлі бөлшек ел-жұрт пайда болды. Бүгінгі күнгі оның бөліктері: қазақ, өзбек, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ, татар, башқұрт, ноғай т.б.  яғни, қазіргі еуразия түріктерінің саяси картасы осындай түрлі-түсті бояулардан тұрады. Жошы ұлысы кезінде басқаша болды. Этникалық атаулар тарихи контексте құбылып отырады. Мысалы қазіргі қазақ сол Алтын Орда кезінде де болды. Аспаннан түскен жоқ. Әуелгіде Ақ Орда қауымы болса, Алтын Орданың соңына таман Шыңғыс ұрпағын ығыстырып, саяси ықпалға ие болған ноғайлар (яки, маңғыттар) тұсында ноғай депте аталған. Бұл біздің сөз емес, жоғарыда келтірілген Ш.Уәлихановтың сөзі.  Қазақ фольклорының сөзі. Есте жоқ ескі сөз. Яғни, тарихи сөз. Бірақ ол ноғайлы атауының ол кезде этникалық сипаттан гөрі саяси мәні басым болған. Қазақ сөзі сияқты. Ноғайлы дәуірінде қазақ сөзін ең көп айтқан – ноғайлар. Мысалы Би Темірден қуғын көрген Шалкиіз: «Казак та шыгып бараман, Хайран да болып каламан» дейді. Азаулы ер Досмамбет: «Аргымакка ок тийді, Ок тийгенде бек тийді, Кырмайканның туьбиннен. Шабаған казак эрге, Ок тийді», тағы бір жерде: «Теньлерим меним эситсе, Мал излеген казака, Кыйын болды дертагы» дейді. Бұндай әртүрлі мағынада айтылған қазақ сөзі толып жатыр. Тек оның қазіргі саяси-әлеуметтік тұрғыдан әбден пісіп-жетілген этностық мағынада болмағаны анық. Оған уақыт керек еді. Уақыт Керей, Жәнібек хандық құрған кезде келді. Қазақ әлемдік саяси аренаға біртұтас ұлт ретінде шықты сол кезде. Яғни, саяси -әлеуметтік тұрғыдан пісіп-жетілді.

Енді Қазтуғанды қайда қосамыз? Қай әдеби кезеңге деген сөз ғой. М.Мағауин «Қобыз сарыны» монографиясында жырауды «XV -XVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары» тобына қосады. Қазтуған мұрасын «қазақ әдебиетінің басы болып есептелуге тиіс» дейді. Солай есептеліп те келді. Бірақ біз келтіріп отырған мәліметтерге қарағанда бұлай қисындауға келмейді. Өйткені, Қазтуған ноғай бола тұра, қалай қазақ әдебиетінің өкілі болады? Қайта оның ноғай әдебиетінің өкілі болғаны әлдеқайда дұрыс емес пе? Анығында солай. Бұл түйінді проф. Ә.Қоңыратбаевтың мына пікірі шешіп беретін сияқты. Ол айтады: «Қазақ арасында ноғайлы жұрты, оның бүлінуі, ноғайлы эпосы, ноғайлы ақындары дейтін ұғымдар бар. Бірақ бізде ноғайлы жұрты кімдер, ноғайлының бүлінуі дегеніміз не, қазақта бар ноғайлы эпосына біз қалай қараймыз, ноғайлы эпосы жайлы кім не айтқан, ноғайлы ақындары кімдер деген мәселелер келелі түрде сөз болмаған. «Ноғайлы жырларын» біз жоғарыда сөз еттік. Шоқан қазақ эпосы ноғайлы заманында туған десе, ноғайлы ақындардың қатарына біз Асан - қайғы, Сыпыра жырау, Доспамбет, қарға бойлы Қазтуған, Шалгездерді жатқызамыз» дейді (Ә.Қоңыратбаев. Қазақ эпосы және түркология // «Ноғайлы» жұрты кімдер?, Алматы, Ғылым, 1987, 374 б).

Олай болса, қазақ әдебиет тарихында Алтын Орда дәуірінен кейінгі әдеби кезең Ноғайлы әдебиеті деп аталуы керек. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет одан кейін келуі керек. Ноғайлы әдебиетінің қамтитын кезеңі XV ғасырдан XVІІ ғасырға дейінгі аралықты алады. Бұл да  біз шығарып отырған жаңалық емес. Ә.Марғұлан айтқан мұны: «Оғыз-қыпшақ эпосын тарихи желіге қойып, дұрыс таптастырушының бірі академик Ә.Х. Марғұлан болды. Өзінің «О характере и исторической обусловленности казахского эпоса» (Изв. АН КазССР. Сер. Историч., 1946. № 2. С. 75-81) деген мақаласында Ә.Х. Марғұлан оғыз-қыпшақ эпосын мынадай дәуірлерге бөлген:

  1. Атам замандарда туған эпос (XV-ХІІ ғ.ғ).
  2. Тарихи дәуірде туған эпосы (ХІІІ -XІV ғ.ғ).
  3. Ноғайлы эпосы (XV- XVІ ғ.ғ).
  4. Жоңғар соғысымен байланысты туған эпос (XVІІІ).
  5. Ішкі қанаушы мен хандарға қарсы күресті суреттейтін эпос.
  6. Совет заманындағы эпос (Ә.Қоңыратбаев. Қазақ эпосының табиғаты // Қазақ эпосы және түркология, 97 б).

Яғни, бұл жерде Ә.Марғұлан қазақ эпосын дәуірлерге бөлу үшін ноғайлы эпосына арнайы орын беріп отыр. Аталған еңбегінде Ә.Қоңыратбаевта Марғұланмен үндес пікір айтқан. Ол оны сол үшін келтіріп отыр.  Ә.Қоңыратбаев: «ноғайлы эпосы қай түрде болса да Алтынорданың құлауымен байланысты туған жырлар» дейді (Ә.Қоңыратбаев. «Ноғайлы жыры» туралы, 188 б).  Яғни, ноғай эпосы – Алтын Орданың күйреу, ыдырау дәуірін суреттейтін зор тарихи, әдеби мұра. Һәм тек ноғайлардың ғана емес, бүкіл түрік жұртына ортақ поэтикалық қазына. Орхон ескерткіштері сияқты. Оғыз қаған, Қорқыт ата жырлары сияқты мысалы. Алтын Орда дәуірінде ноғайлардың әдеби үрдісте жетекші орында болуы, бәлкім олардың Жошы ұлысындағы негізгі саяси күшке ие   болуына байланысты. Өйткені, саясатта көсем жұрттың барлық салада көсемдікке ие болатыны анық, әдетте.

«Как утверждает академик В. М. Жирмунский (Жирмунский В.М. Некоторые итоги изучения героического эпоса народов Средней Азии // Вопросы изучения эпоса народов СССР, М., Изд-во АН СССР, 1958, С. 48) проф. А. К. Боровков (Боровков А.К. Вопросы изучения тюркоязычного эпоса народов Средней Азии и Казахстана // Вопросы изучения эпоса народов СССР, М. 1958, С. 68) и каракалпакский фольклорист, доктор филологических наук И. Т.Сагитов (Сагитов И. Каракалпак халкынын кахарманлык эпосы, Нукус, 1963, С. 57, 64) большинство казахских каракалпакских героических поэм по своим историческим источникам восходит к историческим преданиям Ногайской орды и отражают ее внутреннюю жизнь, междоусобную борьбу ногайских мурз и борьбу Ногайской орды против джунгаров.«...С последней четверти XV до последней четверти XVI в. – пишет академик В. М. Жирмунский, – Ногайская орда играла важную политическую роль в борьбе между Москвой, Казанью, Астраханью и Крымом и в судьбах всех тюркских кочевых племен Средней Азии и Юго-Западной Сибири. Именно в эту пору эпические сказания, связанные с историей Ногайской орды, получают широчайшее распростране­ние среди тюркских народов Средней Азии и Сибири, входят в состав эпических преданий казахов и находят частичное отражение и в киргизском эпопее «Манас» (А.И.-М. Сикалиев (Шейхалиев). Ногайский народный эпос, Черкесск, Карачаево - Черкесский гуманитарный институт,1994).

Осы ойлардың бәріне қорытпа ретіндегі М.Әуезовтің мына сөзін келтірсек: «Кейінгі заманда қазақ бірлігін жасаған рулар бұрын Алтын Орда бірлігінде болған. Бері келе кейбірі Қазан хандығына, көпшілігі Ноғайлы бірлігіне қосылған. Ноғайлыдан айырылған рулар өзбекпен бір болған. Осы сияқты тарихи дәуірлердің әрқайсысынан қазақтың бүгінде сақталып келген әдебиетінде айқын із болмаса да, долбар жасатарлық ұлы сүрлеу бар» (М.Әуезов. Халық әдебиеті туралы //М.Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы, Алматы, Жазушы, 1984, 46 б). Осыны жазғанда М.Әуезов 27 жасар жігіт болған екен. Мақала 1924 жылы Ташкент қаласында «Жас қайрат» журналында жарияланған. Жас зерттеушінің тарихи һәм әдеби танымының тереңдігі таң қаларлық, расында. Яғни, қазақ – Алтын Орда, Ноғай, Өзбек саяси құрылымдарынан тарихи, саяси һәм этникалық сүзгіге ұшырап барып, пайда болған жаңа этникалық топ. Оған дейін оларда тарихта, әдебиетте ортақ болған. Шын мәнісінде ол ортақ әдебиет біз үшін XVІ- XVІІ ғасырларға дейін жалғасқан. Мысалы, жырауларға келсек, Асан Қайғы, Шалкиіз, Досмамбет, Қазтуған бұлар – ноғайлы әдебиетінің өкілдері. Ал, қазақ жырауларының көші XVІІ ғасырдан, Жиембет, Марғасқа жыраулардан басталады (Біз бұл есімдер ретін М.Мағауиннің «Қобыз сарыны», «Алдаспан» еңбектеріне сүйеніп, айтып отырмыз). Бірақ біздің ойымызша қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиетке жыраулармен қатар бірқатар тарихи прозалық шығармаларды да кіргізу керек. Ол танымдық тұрғыдан пайдалы болады деп ойлаймыз. Мысалы, ең құрғанда М.Х.Дулатидің «Тарих-и рашиди», Қадырғали Жалайыридің «Жамиғ-ат тауарих», Ибн Рузбеханның «Михман-наме-йи Бухара», Әбілғазының «Шежіре и түрк» еңбектері – қазақ хандық дәуірі контекстінде қаралуға, мән беруге лайықты шығармалар дер едік.

Ендігі бір маңызды мәселе текстология туралы. Біздің айтып отырғанымыз ноғай жырауларына қатысты (Асан қайғы, Шалкиіз, Досмамбет, Қазтуған). Біз келтірген мысалдардан текстологиялық жұмыстардың өте өзекті болатыны көрініп тұр. Текстологиялық жұмысқа негізгі арқау материал болатын ол – М.Мағауиннің «Қобыз сарыны», «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды» еңбектері мен А.И.-М. Сикалиевтің (Шейхалиев) «Йыр иесі мен эдим» жинағы. Осы екі қазақ, ноғай мәтіндерін салыстыру аса зәру іс. Өйткені, екі жинақта айырмашылықтар өте көп. Бірақ түп-тамырлары бір. Салыстыру барысында мәтіндердің көлемі көбейіп, сапасы жоғарылап, құны артатыны анық. Бірақ ол үшін біраз тер төгіп, көз майын тауысып, мидың аздап ашыңқырағаны керек. Әйтпесе, Мағауин мен Сикалиевтің дайындап берген мұраларына «дайын асқа тік қасық» әдісімен сүйретіліп, жүре береріміз хақ. Бірақ бұл ғылымға жат нәрсе. Текстология туралы  әңімемізді аздап деректендіріп кетейік. Бір ғана мысал: М.Осмоновтың кітабын арлы-берлі парақтап көргенімізде Қазтуғанның әлі жарыққа шықпаған (әзірге жарыққа шыққанын мен өзім көрген жоқпын) бір жырын көзіміз шалды. Қадым жазуындағы жырды шамамыз жеткенше транскрипция жасап, оқырманға ұсынып отырмыз:

Айдың ұлы ай батлы, ай бидайық келпетлі,
Күндің ұлы күн батлы, күн бидайық келпетлі,
Күдірейген ол өзі,
Сүйініштің ұлы шүйкедей,
Атқа жеңіл жауға ауыр,
Жер заңғыртқан ол күнді,
Қазы Туған мырза айтар,
Ағалардың ағасы, ағынлы үлкен судың жағасы,
Аймақ көлдің қоғасы,
Арғымақ арабы атдың тағасы,
Мырзалардың мырзасы,
Бұғырдың айдай біткен мүйізі,
Бұғыршындың деб едім,
Шанқа қорған Азауы,
Бидайықдың деб едім,
Түсдін сұқған тырнағы,
Бұландың тау жайлаған дөрт саны,
Елеген бидай ұндың тазасы,
Екі асылдың баласы,
Егеуленген оқдың масағы,
Ілінген йолпарыстың терісі,
Қалайыланған ол күнді,
Қасға ордадың сұрұғы,
Қашаған арабы атдың құрығы,
Қаниуат ойдың құлпысы,
Дәйімғысы деб едім,
Ағасына жараған,
Қадырберді жас солтандың пашасы.

(Осмонов М.Э. Ногайские и кумыкские тексты. Хрестоматия. СПб, Типография императорской академіи наукь, 1883, стр, 94).

Енді А.Сикалиевтің кітабынан Қазтуғанның ғажайып тағы бір жырын келтіре кетейік. Тек оны біз орысша алфавиттен қазақша қалыпқа түсіріп, келтіреміз:

Иайықты алды, Емді алды,
Еділді алды, Теңді алды,
Енді алмаған не қалды?
Ағалардың қолыннан
Талпый тұрған құсты алды,
Енді алмаған не қалды?
Басы сайын баслаулы,
Баслауының
Басы сайын қыслаулы
Қара-Дуан
Масақ деген ерді алды,
Енді алмаған не қалды?
Егеріне бұ мәнжі
Айыры өркешлі түйе алды,
Сауарына бұ мәнжі
Сайлап-сайлап бие алды,
Енді алмаған не қалды?
Шайына салар май алды,
Шайқап ішер тұз алды,
Енді алмаған не қалды?
Бұршаладан көйлеклі,
Бұрқысыған йыпарлы,
Бұрнында
Дана күміс алқалы,
Тамағының астында
Сары алтын түймелі,
Айға, күнге тимеген,
Әдем бетін көрмеген,
Оң беттегі аруға
Тие йазып аз қалды.
Емді алса, Иайық бар.
Иайықты алса, Еділ бар,
Еділді алса, Қобан бар,
Қобанда
Айыры құйрық сабан бар,
Қобанда,
Тарам-тарам тоғай бар,
Тоғай толы ноғай бар.
Бар табылар, йоқ кетер,
Есен қолға мал бітер.

Осы жырдағы идеялық сарын Мұраттың «Үш қиян» толғауында өз жалғасын табады: «Еділді тартып алғаны, Етекке қолды салғаны, Жайықты тартып алғаны – жағаға қолды салғаны, Ойылды тартып алғаны – ойындағысының болғаны». Бұл сонау ноғай жырауларынан келе жатқан ұлы сарын. М.Әуезов айтқан зар заман үні.

Қорыта айтқанда, ноғай эпосы –  бүкіл түрік эпосын зор көркемдік биікке көтерген ерекше әдеби құбылыс. Қазтуған – сол әлемдік биік деңгейдегі әдеби мектептің жарығы мол жұлдызы.

Ақжол Қалшабек 

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485