Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
6016 4 пікір 22 Маусым, 2021 сағат 13:11

Кезекті санкциялар: Басы бәлеге қалған Беларусь...

ЕО, Ұлыбритания мен Канада, АҚШ Беларусь еліне кезекті санкцияларды жариялады. Санкциялар Ryanair компаниясының ұшағын мәжбүрлі түрде қондырып, журналист Роман Протасевичті заңсыз тұтқындауына байланысты енгізілді. 

ЕО санкциялары Беларусь елінің экономикалық секторына соққы жасауда. Мұнай және химия өнімдері, темекі өндірісі мен калий саласы, қаржылық құрылымдарға санкциялар салынды.

Министрлер кеңесі санкциялық тізімге 86 компания мен адамды қосып, олардың есепшоттарын бұғаттап, виза беру мүмкіндігінен айырды.

АҚШ қаржы министрлігі санкциялық тізімге 16 адамды қосты. Олардың ішінде шенеуніктер мен әскерилер бар. Лукашенконың баспасөз хатшысы Наталья Эйсмонт, КГБ басшысы Иван Тертель, КГБ-ның арнайы "Альфа" жасағының басшысы Сергей Зубков, бас прокурор Андрей Швед, ішкі әскер қолбасшысы Николай Карпенков, әділет министрінің орынбасары Сергей Калиновский, Брест милициясының басшысы Михаил Гриб пен оның әріптесі Александр Астрейко және орталық сайлау комитетінің жеті өкілі тізімге енген.

Ұлыбритания СІМ өз одақтастарын қолдап, Минскке қарсы санкцияларды күшейтетінін мәлімдеді. "Жеті адам мен бір мекемеге санкциялар ұшақты қондырғаны үшін, ал өзге төрт шенеунікке адам құқығын бұзғаны үшін енгізілді", - деп мәлімдеді Ұлыбритания СІМ.

ЕО санкциясында қорғаныс министрі Виктор Хренин, көлік және тасымалдау министрі  Алексей Авраменко, ІІМ орынбасары Николай Карпенков бар. Бұл жолы тізімге Лукашенко отбасы да енгізілген. Лукашенконың ұлы Дмитрий мен келіні Лилия енді қара тізімде.

Санкция қамытын "Минск көлік зауыты" мен әйгілі "БелАЗ", мұнай мен тауар жеткізу саласындағы "ННК", "ЛОГЕКС", "Глобалкастомменеджмент" , "Бремино групп",  "Сохра" компаниялары киді.

Батыс елдері бұл санкцияларды жалғастыратынын мәлімдеді. Алдағы таңда жаңа санкциялық пакеттер жайлы нақты ақпараттар айтылмақ. Тамыз айында ауқымды санкциялар енгізу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.

Abai.kz

4 пікір