Сейсенбі, 10 Қараша 2026
Қазақтың тілі 241 0 пікір 10 Қараша, 2026 сағат 15:24

Қазақ тілін бірлік тілі ретінде дамытуымыз керек!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі.

Президент өз сөзінде Ана тілі мәселесі – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып екенін баса айтты.

«Бүгінгі жиынның мән-мағынасы ерекше. Себебі Ана тілі мәселесі, бұл – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып. Қазіргі таңда дүние жүзінде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кетті. Бұл үрдіске бәріміз куә болып отырмыз.

Ең алдымен, осы жерде сөз сөйлеп, мазмұнды ойларын ортаға салған азаматтарға алғысымды білдіремін. Салмақты пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды. Соның бәрін мұқият қарап, алдағы жұмысымызда міндетті түрде ескеру қажет», - деді Президент.

Онан соң Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамы – мемлекеттік тілдің мызғымас тұғырын нығайтып жүрген аса маңызды құрылым екенін айтты.

«Сонау 1989 жылы іргесі қаланған ұйымның Егемен ел тарихындағы орны бөлек. Кезінде көрнекті ғалымдар – академиктер Әбдуәли Қайдар және Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи жолын қазіргі буын өкілдері мен белгілі тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатыр.

Бүгінде Ұйым мүшелері көптеген тиімді іс-шараларды, жасампаз жобаларды табысты жүзеге асыруда. Мен Мемлекет басшысы ретінде «Қазақ тілі» қоғамының әр мүшесіне шынайы ризашылығымды білдіремін. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Тіл мерейі – ел мерейі» деген қысқа-нұсқа, мағынасы терең сөзі бар.

Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл. Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы», - деді Президент.

Онан соң, Мемлекет басшысы төл тіліміз ұлтты ұйыстыратын, өркениетіміздің өрісін кеңейтетін «жұмсақ күшке» айналып келе жатқанын баса айтты.

«Мысалы, әлемге әйгілі тарихи тұлға Бейбарыс сұлтанның, ұлы ойшыл Абайдың, аса көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың ұлт өркениетіндегі орны мен еңбегі бірегей. Ал, бүгінде жаһан жұртының сүйікті әншісіне айналған Димаш Құдайберген, әйгілі Канн фестивалінде үздік актриса деп танылған Самал Еслямова, белгілі шахматшы, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева, бүкіл жапон халқына, соның ішінде императорға да өте танымал, кәсіби сумода жүрген жалғыз қазақ балуаны, жеңімпаз Ерсін Балтағұл (Кимбозан Харуки) және Higgsfield AI жаһандық стартап жетекшісі Ерзат Дулатов сияқты нағыз дарын иелері қазақтың мәдениетін, руханиятын, зияткерлік қуатын жан-жақты дәріптеп жүр.

Халқымыз «Елдестірмек – елшіден» деп бекер айтпаған. Бұл азаматтарды еліміздің нағыз отаншыл перзенттері әрі рухани елшілері десек, артық болмас. Қазір Қазақстан көптеген шетел адамдары құрметпен қарайтын, ықпалды мемлекетке айналды. Сондықтан біз қазақ тілінің болашағына қатысты теріс көзқарастан аулақ болуымыз керек. Тіліміздің тағдыры күмәнді, белгісіз деп зарлай берсек, өзге елдер мен халықтар бізге қалай қарайды, қалай сенеді?!

Үнемі түңіле беру оң нәтиже әкелмейді, мұндай әңгімені доғаратын кез келгеніне көзіміз әбден жетті», - деді Президент.

Abai.kz

0 пікір