Еркебұлан Әлімханұлы. Аждаһаның жүрістері пілдің қытығына тиіп отыр
Аймақтық күштен әлемдік державаға айналып үлгерген Қытай мен Үндістанның қарым-қатынасы Азияның ғана емес, жаһанның тынысына әсер етер деңгейге жетті. Халқының саны бойынша бірінші және екінші орынды алатын бұл елдердің «жақын болашақта экономикалық қуаты жағынан да әлемнің көшбасшылығына тайталасатын дәрежеге келеді» деп айтылатын болжамдарды құлағымыз жиі шалады. Сарапшылар бұл болжамды айтқанда әлем халқының 40 пайызына жуығы (20% - Қытайда, 17 % - Үндістанда) осы екі елде тұратынын, арзан жұмысшы күшін, биліктің инвестицияға қолайлы экономикалық климат қалыптастырып отырғаны т.с. сияқты дәйектерді алға тартады. Сондықтан болашағы зор бұл мемлекеттердің арасындағы бәсекелестіктің саяси ойыннан әріге аспауына барлық ел мүдделі, алайда қазіргі қалыптасқан мүдде қақтығыстырының сырына үңілсек, әскери кикілжіңге апарып соқтыруы ықтимал шешілмеген 7 мәселенің бар екенін көреміз.
1. Шекара дауы
Аймақтық күштен әлемдік державаға айналып үлгерген Қытай мен Үндістанның қарым-қатынасы Азияның ғана емес, жаһанның тынысына әсер етер деңгейге жетті. Халқының саны бойынша бірінші және екінші орынды алатын бұл елдердің «жақын болашақта экономикалық қуаты жағынан да әлемнің көшбасшылығына тайталасатын дәрежеге келеді» деп айтылатын болжамдарды құлағымыз жиі шалады. Сарапшылар бұл болжамды айтқанда әлем халқының 40 пайызына жуығы (20% - Қытайда, 17 % - Үндістанда) осы екі елде тұратынын, арзан жұмысшы күшін, биліктің инвестицияға қолайлы экономикалық климат қалыптастырып отырғаны т.с. сияқты дәйектерді алға тартады. Сондықтан болашағы зор бұл мемлекеттердің арасындағы бәсекелестіктің саяси ойыннан әріге аспауына барлық ел мүдделі, алайда қазіргі қалыптасқан мүдде қақтығыстырының сырына үңілсек, әскери кикілжіңге апарып соқтыруы ықтимал шешілмеген 7 мәселенің бар екенін көреміз.
1. Шекара дауы
Ең алдымен екі елдің арасында шешімін таппаған шекара дауы бар. Оңтүстік Тибет (Аруначал-Прадеш), Ақсайчин жерлері үшін тартыстар мен пікірталастар жалғасып келеді. 1962 жылы дәл осы даулы жерлер үшін Қытай мен Үндістанның арасында кішігірім әскери қақтығыс та орын алған еді. Қазақтар ешқашан бітпейтін даудың қатарына қосқан жер дауына келгенде ортақ мәмілеге келу қиын болып тұрғандықтан, бұл мәселе уақытша назардан тыс тұр. Гималай тауларында анықталмаған территориялар бар. Әрине, мәңгілік мұз жамылып жатқан Гималай тауларының экономикадан гөрі әскери-стратегиялық маңызы басымырақ. Себебі, таудың неғұрлым биік шыңдарын өз шекараңа алсаң, соғұрлым көршіңді бақылау да оңайырақ және тауға орналастырылған ядролық қарулардың ұшу қашықтығы қысқарып қана қоймайды, дәлдігі артады, әрі бәсекелесіңді қос өкпеден қысып отырасың.
2. Қытайдың Пәкістанды қолдауы
Келесі бір кикілжіңнің де төркіні тереңде жатыр. Бұл мәселенің шығуына Қытайдың Пәкістанға іштартуы, ядролық қаруға қол жеткізуіне қол ұшын беруі, әрдайым Пәкістан жағын қолдауы себеп болды. Егер Қытай Пәкістанды қолдауын жалғастырса, Үндістанмен арада тығыз қарым-қатынас орнайды дегенге сену қиын.
3. Қытайдың көрші мемлекеттердің саясатына араласуы
Бұл мәселеде Үндістанның наразылығын тудырып отыр. Үндістан өзін қоршаған мемлекеттердің билігіне Қытайға бүйрегі бұратын адамдардың келуін қаламайтыны белгілі. Бұл мәселеде оңайлықпен шешіле салмайтыны анық. Өйткені екі ірі мемлекеттің де аймақтағы елдер үшін өзіндік мүддесі бар, ал бұл мүдделер әрдайым бір арнадан шыға бермейді. Ендеше, көрші мемлекеттер үшін мүдделер қақтығысы болашақта да жалғасуы тиіс.
4. Тибеттің экологиясы
Үндістан алаңдайтын басқа бір мәселе соңғы жылдары Тибет экологиясының нашарлауы болып отыр. Қарқынды даму жолына түскен Қытай барлық өңірлерде ірі жобалардың құрылысын қолға алды (кен өндіру, темір жол, аэропорт, әскери базалар салу). Мұндай ірі жобалар үшін жүргізілген құрылыстар Тибеттің флорасы мен фаунасын, табиғи қалыптасқан ландшафтын өзгертуде. Ауаның ластануы мен қоршаған ортаның бұзылуы көрші Үндістан халқының да денсаулығына әсер етуде. Сондықтан Үндістан Тибетте жүргізілген ірі жобаларға оң қабақ танытпайды. Ал Қытай жағы бұл өздерінің ішкі мәселесі деп санайды.
5. Қар сулары
Тек қана ірі құрылыстар ғана емес, Қытай үкіметінің Тибет және Үндістанмен шекарадағы басқа да таулардағы қар мұздықтарынан аққан суды өздерінің ауыл шаруашылығына пайдалану саясаты да көршісінің қарсылығына тап болды. Алайда қарқынды дамып келе жатқан аждаһаның бұл суларға зәрулігі артпаса кемімейтіні ашық мәселе. Демек, Үндістан жағы өздерінің экономикасы сусыз қалмауын қамтамасыз ету мақсатында Қытаймен жиі-жиі тартысуы алдағы уақытта артпаса кемімейді.
6. Халықаралық ұйымдарға мүше болу мәселесі
Жоғарыдағы даулы мәселелер шешілмегендіктен Қытай Үндістанның түрлі халықаралық немесе аймақтық ұйымдарға мүше болуына кедергі жасап келеді. Үндістанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүшелікке өтуін ұйымның тұрақты бес мүшесінің төртеуі қолдағанымен Қытайдың қарсы болуы кешеуілдетіп келеді. ШЫҰ-на да Қытай қарсы болғаннан кейін мүшелікке өте алмауда.
7. Қытайдың мұхит суларындағы әскери кемелерін көбейтуі
Соңғы қайшылық Қытайдың кейінгі жылдары Тынық мұхиты мен Үнді мұхитында белсендірек қимылдап, әскери кемелерін көбірек жібере бастауының нәтижесінде шығып отыр. Үндістан жағы бұл мәселеде алаңдаушылық білдіріп отыр. Алайда экономикасы нығайғаннан кейін әскери күші де артқан Қытай өз мүддесін қорғау және державалық амбициясын көрсету мақсатында жаңа әскери кемелерді жіберуін жалғастыруда.
Алып екі елдің арасындағы бұл қайшылықтардың алдағы уақытта қалай дамитыны туралы нақты бір болжам айту қиын. Дегенмен, бұл мәселелердің әл-әзір шешіле қоймайтыны немесе оларды үлкен кикілжіңге апарып, әскери қақтығыс шығаруға да екі елдің де билігінің жүрегі дауламайтыны анық. Алайда, қос мемлекеттің қуаты артқан сайын арадағы кикілжіңдердің бұдан әрі шиеленісетіндігі болжануда. Әрине, қазір барлық дерлік экономикалық, бизнестің даму көрсеткіштері бойынша Қытайдың батысындағы көршісінен әлдеқайда ілгері екені байқалады. Мүмкін сондықтан шығар, Үндістан жағының Қытайдың қытығына тиер саясатына қарсылық білдіргенімен ешқандай «әрекетке» бара алмай отырғаны...
«Абай-ақпарат»