Мәмин Минскке мұнай бермек
Беларусь елінің премьер-министрі Роман Головченко мен Қазақстанның премьері Асқар Мәмин қазақстандық мұнайды Беларусьқа жеткізу бойынша келісімге қол қойды.
"Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында екі ел премьерлері мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу бойынша үкіметаралық келісім жасасты", — деп хабарлады Беларусь Үкіметінің ресми сайты.
Мұнай көлемі мен жеткізілу уақыты бойынша нақты шешімдер алдағы келіссөздерде анықталмақ. Минск мұнайды Ресейден емес, басқа елден тасудың жолын іздегеніне бірнеше жыл болды. Қазақстанмен келіссөздер бірнеше жыл жүріп келеді, алайда әлі жүйелі нәтиже жоқ.
Лукашенко режимі Мәскеумен қырғи-қабақ саясатын ұстанған кезеңде Минскке Вашингтон мұнай жеткізу бойынша ұсыныс жасап, бір мәрте мұнай берген еді. Алайда өзінің ессіз әрекеттерімен батыстың санкциясына іліккен Лукашенконың Қазақстан мен Таяу Шығыс елдерінен басқа мұнай алатын мемлекеттері қалмады.
Abai.kz