Сенбі, 23 Қараша 2024
Cатира 3561 2 пікір 6 Шілде, 2021 сағат 09:20

«Арман – адамның  қанаты»

«Abai.kz» сайтының іші-сыртындағы үлкен-кіші ағайындар, арманға бұлайша анықтама беріп отырған мен емеспін, менің білетінім – сіздер білетін: «ат – адамның қанаты», ал мынаның авторы – өздеріңізге біраздан бері таныс Айхой Шіркін. Ел қатарлы армандау үшін шырр етіп туған, жалғыз бажасының бағдарлауы арқасында «Алаорман» облысының иесі болмайынша атшалдырмауға шалбарының қайыс белбеуін, иә, қайыс шығар, шіреніп тұрып  буған Айхокең кеше маған (екеуіміздің үйлеріміз іргелес) тың болмағанмен тыңайған тағы бір арманын ағылтты. Көрші хақысы не екені белгілі, бір сөзін екшеп алып қалмай, міне, тұтас күйінде ұсындым:

«Алаорман» әкімдігіндегі бажамнан әлі алай-былай хабар жоқ. Ол ондағы сеніп жүрген достарының біреуіне менің ойымды оқыста білдіріп қойып, ол досы да достарының біріне сыбырлай салып, солайша сатылап-сатылап, әкімдерінің құлағына құйылып, қазекемде ондай «жол» баяғыдан бар ғой, бас терісі тарыла қалған ол обләкім байғұс бажамды шақыртып алып, ауызын буып, ауласынан шыға алмайтын етіп жіберді ме екен?.. Ауласындағы, тойыст, маңайындағы әлгі достарының біреуіне телефон арқылы  сұрау салуды ойлап едім, жоқ, ешқайсының аты-жөнін естімеген  де екенмін. Ал өзім іздеп барып-қайту... жоқ, өйтуге болмайды. Әлдебір көзтанысым, жүз танысым кездесіп қалып: «бажасына келген секілді» деп ол да сатылатып жіберіп, бажекеме  қосымша қамшы тиіп жүрер деп еріксіз тынышталдым. Дұрыс қой, а?..

Әй, Алаорман, Алаорман!.. Облыстың да аты, орталық қаласының  да аты!.. Менің ойларымды сайдан қырға шығарып, армандарымнан шалап жасап, шаршаттыңдар-ау сендер!.. Егер бажекем менің болжағанымша  әкіміне бодан болмай, басқа бір себеппен хабарласа алмағанын айтып жарқ етсе, мен «Жер мен көк арасы» ауданыма симай, аттандап кетер едім!.. Сөйтіп, сәт сап еткен бір күні сендер, әй, Алаормандар, менің қолыма тие қалсаңдар, не істерімді білесіңдер   ме?.. Білмейсіңдер!..

«Алаорман» деген ат бола ма екен? Орманның аласы болушы ма еді? Қазекемнің жағрапиясында бұндай шала-пұла атау жоқ. Менің естуімше, сенің әуелгі, ауыл кезіңдегі атың «Ақбота» екен де, кейін ауданның орталығы болғаныңда мықтылардың біреуі: «Ей, түйе болмай, өспей қалған қайдағы бота?!» деп мырс-мырс етіп, «Тың  адыр» деп өзгертіпті. Ал сен облыс орталығы болғаныңда, бұл дүниеде бетқаратпайтындар  көп қой, солардың әкім бола қалғаны: «Менің алдымдағы әкімсымақтың табиғаттың не екенінен бір грамм хабары  болмаған. «Тың» дегені, «адыр» дегені немене? Жан-жағына неге қарамаған?!.  Әне, - аппақ қайыңдар, әне, - сап-сары қарағайлар, әне, - көк талдар, әне, - қап-қара мойылдар, әнеки, - жап-жасыл шыршалар! Түрлі-түрлі киініп, топ-топ болып  тұрған кісілерге ұқсайды. Біртүсті емес қой? Ап-ала ғой? Ала... дұрыс, «Алаорман» болсын! -деп шешім шығара салыпты. Таңдап тапқан атын! Мен әкім бола қалсам, дереу өзгертемін! «Қалай?» дейсіздер ме? Сәл шыдаңыздар, «сабыр түбі – сары алтын».

Мен атам Барболсынды көрген жоқпын, ол менің 1 жасымда анау келмес жаққа кетіпті. Ал жалғыз ұлына «Шіркін» деп ат қойғаны  атамның арманшыл адам болғанын дәлелдейтін сияқты. Марқұм әкем де тегін кісі болмаған, маған «Айхой» деп ат қойғанын қараңыздаршы! «Шіркін!», «айхой!» екеуі де асқақ арманшыл адамдар айтатын аталас сөздер емес пе?! Иә, дау жоқ, солай!

Қысқасын айтқанда, мен «Алаорманды» қабылдасымен, өзімнің атымның соңғы буынын алып қалып, әкемнің атын сақтап, екеуінің   арасына сызықша  қойып, бізде ондай «мода» барын білесіздер, «Ай-Шіркін!» деп өзгертемін! «Ай-Шіркін»!.. Естілуі қандай?! Жазылуы қандай?!. Жып-жылы! Жарасымды! Тіпті кімнің болсын ұйықтап жатқан арманын түртіп-тербеп оятады!

«Ай-Шіркін» облысы...  «Ай-Шіркін» қаласы...  Күніне пәленбай адам ерікті-еріксіз атайтын болады! Өзгесін есептемегеннің өзінде, радио мен телевизор қысы-жазы ертеңді-кеш ауа райы туралы мәлімет бергендерінде: «Ертең Ай-Шіркін қаласында...», «Завтора в городе Ай-Ширкин...» деп саңқылдап тұрады емес пе?!» деген Айхокең маған жайдары күле қарап:

- Шаршатқан жоқпын ба?- деді де, жауабымды күтпестен: -Менің бұл айтқаныма тең дерлік тағы бір арманым бар, соны тыңда, - деп, беталдына байсалдана қарап, отырған ұзын орындығымыздың арқалығына салмақ  сала шалқайып, тағы сайрады:

«Бұл мәселе де мені ойландырып жүр. 2-3 жыл болды. Баю мәселесі. Сонау алас-күлес жекеменшіктеуде маған не бас, не жамбас, не төс, ең құрығанда асықжілік бұйырмады. Биліктің бас-етегінде: «Ау, Айхой-ау!» дейтін бір адамым болмаған соң... әлгі солар мен бұларша, заманға қарай жаңартып айтқанда, «сиырды апалап, бұқаны жезделеп» көрмедім. Анауды алып мынауға, мынауды алып анауға үстемелеп сату ойыма келмеді де. Қалталары тесік-жыртық адамда бүтін-сау ой болмайды екен. Маған жүз айлалы миллионердің, мың айлалы миллиардердің бірі болу  қайда, мұнайлы ел бола тұра биыл бензиніміздің бағасы көкке шапшыған соң, не шара, кәртең жолсерігім – «Москвичімді» гараждан шығарар бетім қалмағалы үш ай.

Не істеу керек? Бұл ескі сұраққа жаңа жауапты қалай, қайдан табамын?.. Қысылғанда неден не шығатынын білесіздер. Соны айтқан қазақ та жырғап жүрмеген ғой. Менің де күлкім азайып, тал қармай бастадым да, ұстадым, таптым. Соңғы  4-5 жылда, менің болжауымша, «жаңағы» деген сөз әрбір мыңыншы қазақтың аузынан түспейтін болды. Әсіресе: жоғары-төмендегі тау-төбе басшылар, шүпілдеген шенеуніктер, сөздің көрігі күрпілдеген  парламент пен ассамлеяның депутаттары мен белсенділері «жаңағыны» қыстырмай сөйлемейді. Мәселен: «Мен әрқашан жаңағы ерте тұрамын да, беті-қолымды жылы сумен жаңағы жуамын»; «Үкімет жаңағы біздің  айлық еңбекақымызға жаңағы жиырма процент жаңағы қосса,  азық-түліктің бағасына жаңағы жиырмабес процент қосылады» дейді... Егер мен  «жаңағы» деген сол жақсы сөзді жекешендіріп, біздегі бастан-аяқ әділ заңның біреуімен бекіттіріп,  сөйлегіштерге  менің 1 «жаңағым» үшін 5 теңге төлеуді міндеттеген  жарлық шығартып алсам...  уа-а-ай!.. менің есеп-шотыма күніне неше мың теңге құйылар  еді?!.

Менің басыма бұл ғажап ой жарлықтың жалғыз  иесі болған алғашқы президентіміздің тұсында емес, қалайда екіншісінің кезінде келгені... е, «игіліктің жоқ, сәулем, ерте-кеші», екінші де жарлығын ешкіммен ақылдаспай-ақ шығаратынын көрсетті ғой!.. Так что, мырзалар, жарлықты жекешелендіріп алған көкелеріңнің ордасына  адастырмай алып баратын қандай-қандай  жолдар барын білетіндеріңіз маған осы сайт арқылы айтып жіберсеңіздер, ақыларыңызды жеп кетпеймін. Менің жалпы қолы ашық бай болатынымды іштеріңіз сезген шығар, ә?

«Ай-Шіркін» облысының оңтайлы тағына отырысымен домбырамды қолға алып... так-так, тоқтай қал!.. Гәзеттеріміз бен радио-теликтеріміз өткен сенбі күні: Біз ертең, бүкіл ел болып, барша қазақ болып, тарихи «Домбыра күнін» тойлаймыз! Көз-құлақтарың бізде болсын!» деп сүйінші сұрады. Жата қалып қуанғаным соншама, түнді шалаұйқымен өткізіп, таңды әрең бозартып, күнді әрең шығарып, шағын ауданымыздағы жалғыз киоскіге бірінші болып жетіп барып, онда қазақ гәзеттерінің екеуі ғана болады, үш данадан, соларды бір-бірден сатып ала қойып, қалтарысқа тұра қалып, апыл-ғұпыл қарамаймын ба бағана! Үшеуінде «қазақтың қара домбырасы» туралы бес мақала бар екен! Үйіме қарай ұштым. Шайға қанып, оны-мұны ұсақ шаруаларымды тындырып тастап, гәзеттерге шұқшиайын. Әдетімше, әуелі бес авторды «түгендедім»: ҚР парламенті Сенатының депутаты; ҚР парламенті Мәжілісінің депутаты; ҚР мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер; өнертану ғылымдарының докторы, күйші; ҚР ҒА академигі. Бәрекелді! Мақалаларын тізіп оқып шықтым. Атақты авторлар, шарттасып алғандай-ақ, домбыраға шәкірт шағында-ақ қалай құмар болғандарын, домбыраны кім сатып әпергенін, тартуды кімнен үйренгендерін тәптіштеп айтыпты. Күйші ғана кезінде аудандық, облыстық фестивальдерге қатысып, кімдердің күйлерін тартқанын, қандай жүлде алғанын, өзінің де он шақты күй шығарғанын мәлімдепті. Доктор шені бар жігіт қазақтың домбырасы кең далада күмбірлегелі 2000 жыл десе, академик 4000 жыл депті. Шен-атақтан құралақандығымнан ба, әйтеуір, бесеуінен де қолшапалақтар жаңалық  таба алмадым. Е, мейілдері, өкінішімнің есесін радио арналарымыздың концерттерінен алармын, бүгін кеште олардың бағдарламалары «Домбыра күніне» орайластыра жаңартылды деп біліп, кешкі шайдан соң әдетімше диваныма жайланып жатып, алақандай радиоқабылдағышымның аузын ашып, дауысын бәсеңдетіп, құлағыма жапсырдым. Домбыраның күмбірін іздеп, арналарға айтшыладым. Бірінде әнші-домбырашы келіншек Біржан салдың «Бурылтайын» шырқады, бірінде күйші жігіт Кетбұғаның «Ақсақ құланын» құйқылжытты. Содан кейін... бір сағат бойы арналардан қайран домбыраның үнін ести алсамшы! Әлгі музыкамен сүйемелдеу дегендерінде әлдекім әлденені түйгіштеп отырғандай: дүңк-дүңк, тоңқ-тоңқ, немесе: шаңқ-шұңқ, тарс-тұрс, сарт-сұрт, даңғыр-құңғыр дауыстар. Таныстарымды да, мені де мүлдем ығыр қылған  шетелдік аласұрған аспаптардың күндегі атойлауы. Домбыра тұрғай, не қобыздың, не сыбызғы-сырнайдың, ең болмаса: баянның, гитараның, скрипканың үні естілсеші?!. Жүйкемді шұқылатпау үшін бүгін де радиоқабылдағышымды сөндіре салдым».

Айхокең осылай деді де, қолсағатын көзіне тосып, ұшып тұрып, жорғалап жөнелді. Алды-артына қарамады. Сөзі де, мінезі де басқашалау болып бара ма, қалай?..

Ғаббас Қабышұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383