Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4291 0 пікір 8 Шілде, 2009 сағат 08:27

Қытай үкіметі Үрімші қаласында болған шерулерді күшпен басты

 

 

Үрімші көшелеріндегі ұйғыр жікшілдері мен полиция қақтығысы. 5-шілде, 2009 жыл.
Қытайдың Шыңжаң аймағында, жексенбіде болған көтеріліс кесірінен кем дегенде 140 адам қаза болып, сегіз жүздейі жараланған екен. Үрімші қаласында болған бұл оқиға үшін ресмилер ұйғыр жікшілдерін айыптауда.
Синхуа ақпарат агенттігінің хабарына қарағанда пышақ, қолтоқпақтармен қаруланған көтерілісшілер көшеде кездескендерді ұрып-соғып, көліктерді өртеп, полициямен шайқасқан.
Жергілікті басылымдар көтерілісшілердің санын 500-дей адам болды деп отыр. Алайда қуғындағы Ұйғырлардың америкалық қауымдастығы ұйымының айтуынша, көтеріліске 3000-дай адам қатысқан.
Бірнеше жүздеген көтерілісші қамауға алынып, жексенбінің кешінде онда коменданттық сағат енгізілген еді. Үрімші тұрғындары дүйсенбіде интернет байланысына қол жеткізе алмады.
Екі миллион 300 мыңдай тұрғыны бар Үрімшінің негізгі тұрғындары-қытайлық хан өкілдері.
Шыңжаң әкімі Нұр Бекридің пікірінше:
-İшкі үш түрлі күштер мен сыртқы күштер бірлесе отырып Қытай коммунистік партиясы мен үкіметіне қарсы шабуыл жасамақ болды. Олар сондай-ақ қала тұрғындарының шерулерге шығуына түрткі болды. Олар этникалық топтар арасындағы бірлік пен қоғамдық біртұтастыққа айрықша нұқсан келтірді. Тарих қоғамдағы тұрақтылықтың ерекше сыйлық, ал бей-берекеттіктің қатер екендігін бірнеше рет дәлелдеп берген болатын. Этникалық топтар арасында үйлесімді келісім салтанат құрған сайын Шыңжаң қауымдастығы арасында экономикалық және әлеуметтік ілгерілеушіліктер тез қарқынмен жүзеге асып, халықтың тұрмысы да жақсарған еді, - деді Бекри.
Қытай ресмилері аталған көтеріліс үшін Германияда орналасқан Әлемдік ұйғыр конгресі деген ұйымды айыптап отыр. Оның басшысы-қуғында АҚШ-та тұрып жатқан, іскер әйел Рәбия Қадыр.
Қуғындағы ұйғырлар Қытай үкіметінің айыптауларын жоққа шығарып, ол көтерілістерге ел полициясы кінәлі дейді. Себебі олар бейбіт шерушілерге қарсы оқ атты, деп отыр.
Бұл көтерілістердің шығуына Қытай үкіметінің жүргізіп отырған саясаты және экономикалық негізгі мүмкіндіктердің қытайлықтарға жасалатыны түрткі болған, дейді қуғындағы ұйғырлар.
Шілденің 5-де болған бұл көтерілістен бұрын Қытайдың оңтүстігіндегі Гуаңдоң аймағында ұйғырлар мен қытайлықтар арасында шайқас болып, оның кесірінен 2 ұйғыр қаза болған екен.
Шыңжаңдағы 8 миллиондай ұйғыр халқы аймақ тұрғындарының жартысынан көбісін құрайды. Бұл аймақ Орта Азиямен арадағы сауда байланысы, сондай-ақ газ тасымалының күретамыры боп есептеледі. Сондай-ақ аймақтың өзі-газ бен минералды байлықтардың мол қорына ие.
Аймақ тәуелсіздігін аңсаушы бейбіт жікшілдерді басып-жаншу үшін, лаңкестік қатермен күрес деген сылтауды ұстануда, деп сыншылар Бейжің саясатын сынауда.
Ұйғыр жікшілдеріне сыртқы күштер әсер етіп отыр, деген Қытай үкіметінің айыптауы бұдан бұрын Тибет халқы көтерілісін басу үшін қолданған айыптауымен үндес болуда.

 

 

Нұрлытай ҮРКİМБАЙ
“Азаттық” радиосы 6 шілде 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417