Сенбідегі басқосу: Мәмин отставкаға кете ме?
Сенбі күні Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізбек. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. «10 шілде күні сағат 11:00-де Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы бейнебайланыс режимінде өтеді. Жиында еліміздің биылғы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономиканы дамытудың міндеттерін белгілеп береді» - деп, жазды ол Фейсбук парақшасына.
Көпшілік отырыста не айтылуы мүмкін деген сұраққа бас қатыруда. Үкіметтің қызметіне қарап, «Асқар Мәминнің кетуі мүмкін бе» деген де сауалдар айтылуда. Үкіметтің соңғы екі жылдағы қызметіне ел көңілі толмауда. Оған себеп те жоқ емес.
Пандемия Үкіметтің дағдарыс кезеңінде «кризис менеджер» бола алмағанын айқын дәлелдеді. Ел экономикасы карантиндік шектеулерден құлдырап кетті. 2020-ның маусым-тамыз аралығындағы медицина саласының қауқарсыздығы ел есінде ұзаққа сақталады. Оған тікелей жауапты Үкімет еді. Ел ішінде вирустан халықтың тынысы тарылып, дәріханада дәрі жетіспей, ауруханада бос орын болмай, жұрт зар еңіреп жатқан сәтте Үкіметтің қимылы сылбыр, әрекеті баяу болды. Халық қиындықты өзі еңсеріп шықты. Бұл туралы президент Тоқаев: «Мемлекетік органдар тарапынан нақты жұмыс болмағандықтан халық бұл мәселені өз бетінше шешуге кірісіп кетті. Бұл нонсенс! Халық жаппай оттегі толтырылған баллондар сатып алуда. Бұл ауруханалардың тікелей міндеті. Өндірістік өттегі баллондарын үй жағдайында қолдану фактілері тіркелуде. Үкімет пен әкімдікке бес күннің ішінде ауруханаларда және үй жағдайында қолдануға болатын өттегі толтырылған баллондармен қамтамасыз етуді тапсырамын» - деп, 2020 жылы 18 шілдесінде Үкімет отырысында қатаң сын айтқаны есімізде.
Үкіметке сынды тек қана президент емес, түрлі сала мамандары мен сарапшылар да айтып келеді. Мысалы, экономист Мақсат Халық: «Жеке өз басым Асқар Мамин басқаратын министрлер кабинетінің жұмысына 3 деген баға беремін. Өйткені мүлде жұмыс істелмеді деп те айта алмаймыз. Белгілі бір дәрежеде жұмыстар істелді. Нақтырақ айтсам, ұлттық қордан қырауар қаржы бөлінді. Алайда, арнайы бөлінген қаржы кәсіпкер мен шаруалардың қолына жетті ме? Жалпы халықтың жағдайының жақсарып, табысының артуына ықпал етті ме? Өкінішке қарай халықтың тұрмысына толық әсер еткен жоқ. Халықтың жалақысында ешқандай өзгеріс жоқ. Бірақ азық-түлік пен жалпы тауарлардың өсуі өте жоғары болып тұр. Мұның бәрі айналып келгенде халықтың төлем қабілетін төмендетіп жатыр. Осының салдарынан халықтың кедейленуі артты. Аталған факторларға келетін болсақ, Үкімет әлі де болса өзінің жұмысын дұрыс атқара алмай отыр. Біздің елде көптеген мемлекеттік бағдарламалар болғанымен оның нәтижесі ертегі күйінде қалды. Неге ертегі болып тұр? Себебі қазір халықтың Үкіметке деген сенімі жоқ болып тұр. Өткен жылы Денсаулық және Экономика министрлігінде көптеген олқылықтар болған.
Азық-түліктің тапшылығына жауап беретін Ауыл шаруашылық министрлігі мен қазіргі қуаңшылықты алдын ала болжауы тиіс Экология министрлігінің кемшіліктері көп. Сондай-ақ индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бағаны тікелей бақылайтын ведомоства болып саналады. Негізі елдегі қымбатшылықты алдын алу керек еді. Бірақ Үкімет тарапынан бағаны бақылауға байланысты ешқандай жұмыстар атқарылған жоқ. Ісінен сөзі көп үкіметтің бізге керегі жоқ. Яғни, Асқар Мамин басқаратын министрлер кабинеті толық құрамда отставкаға кету керек.
Кейбір адамдар «Премьер-министр ауысқаннан не пайда? Тұтас жүйе ауысу керек» деп айтып жатады. Бірақ біздің елде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иманғали Тасмағанбетов үкімет басқарған кезде экономикалық өсім жоғары болды. Демек елдің экономикалық жағдайының жақсаруына премьер-министрдің ықпалы зор деп білемін» - деді ол. Осылайша Үкіметтің қазіргі жұмысын ел тарихындағы ең әлсіз министрлер кабинеті деп атауға болады.
Үкіметтің жұмысына айтылар сын жетерлік. Бір ғана жылдың хроникасын алып қарасақ, талай олқылықты көреміз. Қазірдің өзінде Үкімет тым баяу, тым сылбыр. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмауда. Қарапайым картоп пен сәбіздің қоймаларда ел халқына жеткілікті деңгейде болуын қадағалай алмаған Үкімет, басқасын қатырады деуге сену қиын. Өз өнімімізді арзанға сатып, үш есе қымбатқа сатып алу арқылы досқа күлкі, дұшпанға таба болдық. Нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін билік 50 млрд теңге қаржы бөліп отыр. Бұл өткен жылғыдан 20 млрд-қа артық деген сөз. Демек Үкіметтің өткен жылмен салыстырғанда жұмысының жақсармағанын біле аламыз.
Еліміздің әр өңірінде қуаңшылық болып, шөп тапшылығынан мал қырылуда. Бұл әсіресе Батыстық аймақта, Арал өңірінде айқын көрінуде. Мәселені Мәмин Үкіметі емес, алдымен қарапайым халық өзі реттеп жатыр. Тағы да кеш, тағы да сылбыр қозғалуда.
Түрлі тауар бағасының нарықтағы шарықтауы тоқтар емес. Жанармай, азық-түлік бағасы аспандап кетті. Кез келген Үкіметтің жұмысының нәтижесі халықтың әлеуметтік жағдайымен өлшенетінін ескерсек, бұл ең бір тиімсіз Үкімет болды деуге негіз бар. Сенбідегі басқосуда президент Мәминді орнынан алып тастай ма, әлде сылбыр қозғалатын Үкіметке тағы тапсырма бере ме?!
Ка Мырза
Abai.kz