Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 6331 5 пікір 12 Шілде, 2021 сағат 14:04

«Бияштың қазасы туралы бір дерек»

«Ахаң (Ахмет) Бияшқа сеніп отырушы еді. Енді...»

Бияш

Өткен июлдің 17-сінде Орынбор қаласында Қазақстан оқу камисариятының басқарма мүшесі Биахмет Шегедекұлы (Сарсенов) оба ауруынан қаза болды.

Биахметтің руы Найман, болысы Нарын, уиезі Зайсан, губернасы Семей, жасы 36 да болатын. Биахметті Семей, Ақмола қазақтары жақсы біледі. Басқа жерлер де оны білетін шығар; өйткені ол қызметке жүйріктігі мен көзге түсіп, ауызға алынатын, санаулы қазақ азаматтарының ішінде маңдай жігіттің бірі болатын.

Ол Семейдегі учителская семинарияны бітіріп, алғашқы кезде ел ішінде ауылнай школде бала оқытып, соңынан хакімшілік ісіне кіріскен. 17-нші жылы революциядан кейін қазақ азаматтары әлеумет жұмысына араласып кетті. Бияш та солардың ішінде облосной қазақ камитетіне мүше болып, Павлодар уиезінде камитеттер сайлады. Соңғы Алашорда, замства болған замандар да Бияш көрнекті орында қызмет етті. Семейге 1920-ншы жылы Совет хүкүметі орнаған соң, Бияш Орынборға кетті. Онда алғашқы уақытта соғыс камисариятының саяси-білім беретін жұмысын басқарып жүріп, артынан оқу камисариятына шығып еді. Ол басқа қызметтермен қатар Семейде ашылған мұғалімдер курсында, қазақ семинариясында, Орынбор курстерінде оқытушы болып жүрді.

Әлеумет ісіне қатысқандықтан айдалып, Калчак тұсында, соңғы совет хүкүметі тұсында абақтыда жатып шықты.

Бияш қазақша айтқанда сегіз қырлы өнерлі жігіт еді. Алған орысша біліміне қарағанда шын мағынасы мен педагог (тәрбиеші) еді, оқушының қылып – еткенін сезіп, ұғым ыңғайын қойылуға, тисіп қойғандай көкейіне қондыруға ол сықылды шебер оқытушы, ол сықылды психолог қазақ оқытушыларынан кем. Оның оқытуынан ұғылмайтын көңілге көрдекті еш нәрсе қалмайтын. Егер бала оқыту жолында қызмет еткен болса белгілі жақсы тәрбиеші болар еді.

Төңкеріс заманға душар боп, әлеумет ісіне оқығаны аздықтан қазақтың ана жұмысы да, мына жұмысы да Бияшты керек қылды, сүйреді. Оның араласпаған қызметі болмады. Қандай жұмысқа кіріссе де тереңнен біліп, тез бітіретін Бияш болатын.

Ол хакімшілік іске өте жетік, тағатты, құнтақты болатын. Қол астындағы қызметкерді бір жағынан тілі мен, бір жағынан қыры мен өзіне мойын ұсындырып, жүгіртіп қоюға онан шебер кісі өтпейтін. Сондықтан оның жұмысы өрге домалайтын, қиын істі оңай бітіретін.

Ол орны томайтын дипломат (елші) еді. Бір көрген кісінің сырын тез біле қойып, ыңғайы мен жүріп, өзінің мақсатты жұмысын орындатуға, өз сырын кісіге жуырда бермеуге, бір көрген адамды ұршықтай айналып алуға, қисыны келген жерде сесекндіріп қоюға онан жетік кісі қазақ оқығандарының арасында жоқ деуге болады. Бұ жағынан Бияш қиын-қыстау, қияға салатын, дәнекер болатын, өзгеше жаралған жан еді. Ондай кісі қазақтан кем шығады. Бияштың орны үңірейіп қалды.

Ол ақылды еді. Оның ақылы сағым қуатын қаңғыбас құрғақ ақыл емес, нағыз өмірге, іске арналған (практичкский) ақыл еді. Оңай мен қиынды, пайда мен зиянды салыстырып, ең керекті, пайдалы болатын нәрсені ғана істеуге, оны тез орындауға шебер болатын. Кісіге сөзін де, есесін де жібермейтін, асып соқпайтын тапбасар еді. Өзінің дұрыс тапқан жолына беруді ұғындырып түсіруге, дәлелді негізді сөзге ұста болатын.

Оның тағы бір қасиеті: нашарға, мұқтаж шәкіртке, жолдас арасында жүрегі қайырымды, қолы ашық болатын. Жарлы шәкірттерге жанын салып болысып: «байқұстар бірдеме алып қалсын, оқуынан қалмасын» деп алғы біреуді орналастырып, бірдеме тауып беріп, құрақ ұшып жүруші еді. Досшыл, жолдасшыл, ер көңіл еді. Жолдасы үшін, ел үшін қатерлі жерде жалғыз қалуға жарайтын, жанын қиюға шыдайтын ер еді.

Еш нәрседен тауы шағылып тез қайтпайтын, қажымайтын қунақы, пысық еді. Бияш қысқаша айтқанда Бияш алмас қылыштай, қырағы қаршығадай жігіт еді.

Бияштың қызметі, Бияштың адамшылығы, мінезі, қалжыңы жолдастары арасында көпке шейін ұмтылмас, жоқтатар. Оны іздемеске болмайды. Оқу камисариятының қандай ісі болсын бір өзі басқарып бара жатыр еді. Хакімшілік жұмыста арнасы босағандай болып, Ахаң (Ахмет) Бияшқа сеніп отырушы еді. Енді...

Жүрген ортаның бетіне тез түсінгіштіктен саяси мәселелерге ортақшыл жолдастардан артық болмаса, кем түспейтін. Сондықтан оны ортақшыл партиясында жоқ деп, білмейтін кісі ойламайтын.

Төңкеріс заманында талай жігіттер шығын болды, тағы талайлар шығындар. Бірақ Бияш сықылды жігіттен айырыла беру аса шымбайға батарлық қайғы, өкінішті қаза.

Марқұмның артындағыларына сабырлық берсін.

Жүсіпбек.

Мәннән.

«Қазақ тілі». №136.1921.

Әзірлеген Абай Мырзағали

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458