Сенбі, 23 Қараша 2024
Дабыл 3574 3 пікір 14 Шілде, 2021 сағат 09:56

Қуаңшылық: Аралда төтенше жағдай жарияланды

Қызылорда облысы Арал ауданында құрғақшылық пен мал азығының тапшылығына байланысты төтенше жағдай жарияланды.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, жауын-шашынның аздығы мен Сырдария өзені суының аз болуынан жайылымдардың 90 пайызы жарамсыз болып қалған. Ал маусым айының басында өңірде 500 бас мал өлген.

Жергілікті әкімдік төтенше жағдай енгізу үшін тиісті құжаттарды 1 айға жуық уақыт дайындапты. Аталған құжат Әділет министрлігіне тіркелген.

Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетовтің айтуынша, қуаңшылықпен күресу үшін ауданға 2 млрд теңге көлемінде қаражат керек екен.

«Құрғақшылықтың салдарын жою үшін 2 млрд теңге керек. Біз «Қызыл аймаққа» енгізген 13 ауданда 15 су ұңғымасы бұрғыланды. Жайылымдарды толық пайдалану үшін 8 канал қазылып, тазаланды. Бұл жұмыстарды әрі қарай да жалғастыру үшін техника керек», - депті Арал ауданының әкімі.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, алдағы уақытта қуаңшылық мәселесін жою үшін су насостары мен арнайы техникаларды сатып алу, құдықтар қазу және ауылдарды жем-шөппен қамтамасыз ету үшін қолданылатын техникаларға қажетті жанармай шығындарын өтеу жоспарланған.

Қазіргі уақытта тәулік бойы мониторинг жасалып отыр екен. Ауыл-ауылдарда шабындыққа еріктілер бригадалары тартылған. Олар Қазалы, Қармақшы және Сырдария аудандарында жұмыс істейді. Ақтөбе облысымен де келісім жасалған. Ақтөбедегі Ырғыз ауданының шаруашылықтары қолжетімді бағамен жем беріп қоймай, жайылымдық жерлерін шөп шабу үшін пайдалануға да берген.

Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетовтің сөзінше, қазір ауданда 205 мың бас мал бар екен.

«Шамамен 185 мың тонна шөп қажет. Аудан өз күшімен 36 мың тоннаны қамтамасыз ете алады. Қалғаны облыстың басқа аудандарынан әкелінеді», - депті аудан әкімі.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, осыған дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі болған Сапархан Омаров 3 шілдеде Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында қуаңшылық салдарынан малдың қырылуы тоқтағанын, жағдайдың қалыпқа түсе бастағанын мәлімдеген. Ал 10 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрін отаставкаға жіберген.

«Жүйелі әрі нақты жұмыс атқарылмаған. Соның кесірінен шаруаларымыз тығырыққа тіреліп отыр. Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтып жатыр. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл мәселенің бір жағы ғана. Ең бастысы осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді»,- деп сөккен еді Тоқаев.

Қазір министр міндетін оның орынбасары атқаруда.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5478