Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Алашорда 12575 7 пікір 14 Шілде, 2021 сағат 15:06

Алтынсарин бедерленген бір суреттің сыры

Атақты ағартушы қайраткер Ыбырай Алтынсарин 1889 жылдың 17 шілдесінде Тобыл өзенінің сол жақ жағалауына орналасқан Қостанай қаласының іргесіндегі қыстауында дүние салады. Көктемнің басында жабысқан созылмалы дерт дәрігерлердің ем-домына көнбей, жаз ортасында оны жеңіп тынады. Оның артында мол педагогикалық еңбектер, мол эпистолярлық мұра, түрлі мазмұндағы жазбалар, ағартушы-қайраткерлік қызметінің нәтижесінде Торғай облысының территориясында қалыптасқан мектептер жүйесінің (уездік-ауылдық) соқпағы қалады. Алтынсаринның мезгілсіз қазасы қазақ жұртын да, білім саласының қызметкерлерін де күйзелтеді. Атақты тұлғаның жаназасына қазақ, татар, орыс жұрты бар 900-ге жуық кісі жиналады. Орынбор қаласынан шығатын «Оренбургский листок» газеті қазанама (некролог) жазып, марқұмның ұстазы әрі досы Н.Ильминский қайғылы хабарды естісімен дереу естелік жинақ құрастыруға кіріседі...

Біздің заманымызға Алтынсарин бейнесі таңбаланған екі фотосурет жетті. Бірінде ағартушы шәкірттер мен ұстаздар ортасында отырса, екіншісінде оның өз отбасымен түскен бейнесі бедерленген. Ағартушының шәкірттер ортасындағы суретінің түсірілген мезгілі мен мекені – 1889 жылдың сәуір айының басы, Қостанай қаласындағы екі кластық орыс-қазақ мектебі. Фотоның Қостанай мектебінде түсірілгенін Н.Ильминский өзінің 1891 жылы Қазан қаласында жариялаған «Ы.А.Алтынсарин туралы естеліктер» атты жинағында атап өтіп, ондағы оқушылардың сыртқы бейнесін суретші А. Чернышевтың 1853 жылы «Художественный листок» газетіне ««Школа для киргизских детей в Оренбурге» атты тақырыппен жарияланған мақаласында бейнеленген «бес данышпан» (Мархаббат: https://kstnews.kz/newspaper/1016/item-66474) шәкірттің киім үлгілерімен салыстыра сөз етеді.

Фотосурет Ы.Алтынсаринның қайтыс болар мезгілінен, шамамен, 3 ай бұрын түсірілген. Көне суреттің тарихи маңызы мынадай: аталмыш сурет Қостанай қаласында ұстаздық еткен алғашқы мұғалімдердің қатарын түгендеуге сеп болады. Бұл – бір. Екіншіден, суреттегі оқушылар – Қостанай мектебінің орысша білімінен ілім-тәлім іздеген шәкірттердің алғашқы легі. Оларды да анықтау маңызды мәселе (1 сурет).

1сурет. Ы.Алтынсарин Қостанай орыс-қазақ мектебінің шәкірттері және ұстаздарымен бірге. 1889 жылдың сәуір айы. Қостанай қаласы.

Сурет түсірілген уақытта Ы. Алтынсарин, оның замандас әріптестерінің айтуынша, дертке шалдығып, науқастанып жүреді. Бұл туралы Қостанай қаласындағы екі кластық орыс-қазақ мектебінің меңгерушісі Ф. Соколов 1889 жылдың 9-тамызында Н.Ильминскийге жолдаған естелігінде былай деп жазады (жазбаның мазмұнын түпнұсқада толық сақтау үшін орысша беруді жөн санап отырмыз): «Добрейший и дорогой Иван Алексеевич заболел 24-го апреля от расстройства сердца и печени, от чего и скончался. Недели за две до серьезного заболевания покойный жаловался на какое-то неопределенное недомогание и в этом состоянии он снять на карточке вместе с учителями и киргизскими учениками...».

«Иван Алексеевич» - Алтынсаринның білім саласындағы қызметтес достары мен таныстарының орыс мәдениеті негізіне бейімдеп атаған лақабы. 1889 жылы «Оренбургский листок» газетінде жарияланған қазанамада (некрологта) оның осы лақап есімі де аталады (2 сурет).

2 сурет. «Оренбургский листок» газетінде жарияланған қазанамадан үзінді

Фотосуретке Алтынсаринды қоса есептегенде 23 адам қамтылған (1 сурет). Олардың он жетісі – мектеп оқушылары-шәкірттер. Бесеуі – ересек кісілер. Олар фотоның ортаңғы бөлігінде бейнеленген. Бесеудің біреуі, анық байқалып тұрғандай, әскери кісі, ал қалған төртеуін Ы.Алтынсаринмен қызметтес болған білім саласының кісілері деп санаймыз. Мұны Н.Ильминскийдің аталмыш суретке берген мына бір мазмұндық сипттамасынан байқаймыз: «...На второй картине 1889 года представлены сидящими в ряд, справа уездный начальник, русский полковник, слева инспектор Алтынсарин в форменном вице–мундире; по сторонам того и другого сидят два русских учителя из воспитанников Казанской учительской семинарии, за этим сидят их помощники киргизы из воспитанников Орской учительской школы, - учителя и их помощники в черных сюртуках».

Сонымен Қазан және Ор мұғалімдік мектебін бітірген ұстаздар кімдер? Әскери шендегі уезд басшысы кім?

Алдымен, Ы.Алтынсаринның жанында отырған әскери кісінің кім екендігін нақты анықтап алайық. Себебі Алтынсаринтауда оны Торғай уезінің басшысы Я.П.Яковлевпен шатастыру орын алған. Бұл кісі – Қостанай уезінің басшысы, полковник Н.Караулов (1886-1890 жылдары уезд басшысының қызметін атқарған). Ағартушының танымал шәкірті, ұстаз Ғұбайдолла Балғымбаевтың жазуынша, Ы.Алтынсарин Қостанай уезінің басшысымен өте жақсы қарым қатынаста болған. «Оның, - деп жазады Ғ. Балғымбаев, - Қостанайдағы орыс интеллигентерінен көңілдес дос-жарандары да көп еді: бұлардың қатарында сот та, орманшы да, дәрігер де болатын, алайда солардан Ыбырайға айырылмас дос, ең жақыны - уез начальнигі, подполковник Николай Караулов деген кісі еді. Ол Ыбырайды үнемі үйіне не түскі тамаққа, не бір шараумен қалада қонатын болса, кешкі асқа шақырып, айрықша қонақжайлық танытатын».

Ғ.Балғымбаевтың бұл сөзін ағартушының эпистолярлық мұралары да қуаттайды. 1888 жылдың 31 желтоқсанында Ы. Алтынсарин В. Катаринскийге жаңа жылды ұстаздармен бірге уезд басшысының үйінде қарсы алып отырғандарын жазады: «Мы, весь учебный персонал, проживающие в Николаевском уезде, сидим теперь у многоуважаемого нашего уездного начальника и, после должного привета хозяину дома, первый наш тот с за здоровье благодарных, честных деятелей по учебной части! Да здравствуют люди добрые и да поможет Великий Бог человекам в истинном смысле этого слова! Ура!!! (пишем сие письмо у уездного начальника)».

Айтпақшы, Ғ.Балғымбаев та осы суретте бейнеленген деп болжаймыз: ол уезд басшысы Н. Карауловтың оң қолы жағында отыр .Ол алғашқыда Алтынсарин ашқан Торғай мектебінде оқиды, кейін 1886 жылы 18 жасында Ор қаласындағы мұғалімдер мектебін бітіреді. Сол жылы әкесі қайтыс болып, марқұмның артына көңіл айту үшін Ы.Алтынсарин бұлардың отбасына бас сұғып, жас жігітті Қостанайға мұғалімдік қызметке шақырады. Ол қайғы шегіп отырған шешесін көндіріп, мұны өзімен бірге Қостанайға алып келеді. Мұнда Алтынсарин оны жаңа уезд орталығы Қостанайға Троицкідегі бастауыш мектепті көшіріп алдыру үшін арнайы салынған уездік мәртебедегі мектепке (Мархаббат: https://egemen.kz/article/272384-altynsarin-dgane-qostanay-mektebi-onynh-bastau-arnasy-%E2%80%93-troitsk-kezdeysoq-tanh) мұғалімдік қызметке орналастырады.

Ұстазының үлкен қамқорлығын Ғ.Балғымбаев адал ақтағандығын байқаймыз. Ол 1889 жылдың мамыр айының соңында Ы.Алтынсаринның науқасы қатты дендеп төсек тартып жатып қалғанда, күні-түні қасында болып, ұстазын бағып күтеді, оны соңғы сапарға шығарып салады. Қостанай мектебінен кейін ол Шұбар-Жетіқара, Қарабұтақтағы болыстық (ауылдық) мектептердің меңгерушісі қызметінде болып, одан Орынбордан шығатын «Тургайские областные ведомости» газетіне редактор, бұдан соң біршама уақыт Торғай облысы оқу инспекторы лауазымының міндетін атқарады. Басқаша айтсақ, ол Ы.Алтынсаринның ұстаздық, ағартушылық қызметтік жолын қайталайды.

«Балғымбаев» деген фамилия 1914 жылы А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының үстінен жазылған домалақ (анонимдік) арыз мазмұнында «Қазақ» газетіне қолдау көрсететін шенеуніктер қатарында аталады. Онда ол Орынбор округтік сотының аудармашысы деп көрсетіледі (Мархаббат: https://abai.kz/post/135310?fbclid=IwAR33n3MOTThly4Yj7I9t0D-JRp7ApmZytCgbgkNlLTCKMvfRHSGXOk-o7lc.)

Жалпы, оқыған ағайынды Балғымбаевтар бірнешеу болған. «Қазаққа» тілеулес болып жүрген Балғымбаев Алтынсаринның шәкірті, оның жанында ұстаздық еткен Ғұбайдолла ма, әлде оның ағайыны, 1890 жылы Орынбор мұғалімдер мектебін бітірген Ахметбек пе, ол жағы әзірге белгісіз.

Сөз орайы келгенде айта кетуіміз керек, Алтынсаринның ағартушылық жолын Торғай уездік мектебінің 1891 жылғы, Орынбор мұғалімдер мектебінің 1895 жылғы түлегі А.Байтұрсынұлы нақышты ұлттық мазмұнмен тереңдетіп, толықтырып жалғастырады. Басты сонар-соқпағы (бір-бірімен сатылай сабақтасқан уездік – болыстық мектеп жүйесі) Алтынсаринның инспекторлық қызметі тұсында алғаш қалыптасып, 1892 жылдардан бастап Торғай-Қостанай өңірінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған ауылдық (болыстық) бастауыш мектептің бірі – Ақтөбе уезі Бестамақ болысының №2 ауылында (Мархаббат: https://www.kazpravda.kz/news/ruhani-zhangiru/neizvestnaya-statya-ahmeta-baitursinova) ұстаздық қызметтен бастаған Байтұрсынұлы қазақ мектептеріне оқулық жазады, араб ғаріпіндегі қазақ әлібиін дыбыстық жүйесіне бейімдейді, білім саласын бастауыштан бастап жоғары оқу орындары дейінгі сатыларын тереңдетіп ұйымдастыру ісіне белсене араласады, ауыл мектебі мұғалімінен ағарту ісінің министрі (Наркомпрос) дәрежесіне дейін көтеріледі.

Суретте үш славян нәсілдес ұстаз тұлғалар бедерленген. Олардың екеуі Ы.Алтынсаринның сол қолы жағында, ал үшіншісі Н.Карауловтың оң жағында, Ғ.Балғымбаевтан кейінгі шеткі орындыққа орын тепкен. Ағартушының сол жағында бірінші отырған кісі, біздің шамалауымызша, Ы.Алтынсарин туралы естелік жазбалар қалдырған, Қостанай орыс-қазақ мектебінің меңгерушісі Федор Демьянович Соколов. Одан кейін отырған жас ұстаз – Алексей Килячков. Екеуі де Қазан қаласындағы бұратана халықтарға арналған мұғалімдер семинариясының түлегі, Н.Ильминскийдің шәкірттері. Ильминский бұларды Алтынсаринның сұрауы бойынша Торғай облысына жібереді: «В 1883 году Алтынсарин просил еще русского учителя для Иргизского училища. Я назначил кончившего тогда курс в семинарии Федора Соколова, русского, очень способного молодого человека. Но по каким-то передвижкам учителей Соколов попал сначала в гор. Троицк в приходское училище; впоследствии он был заведующим Иргизским училищем, а потом – двухклассным Костанаевским. В следующие года Алтынсарин также постоянно обращался ко мне для замещения учительских вакансий в двухклассных училищах. Так в 1888 году были назначены: Алексей Килячков в Костанай и Василий Лапшин в Актюбу».

Сол Соколовты Ы.Алтынсарин жаңадан ашылған Қостанай мектебіне ауыстырып алады. Н.Ильминский құрастырған жинақта ағартушының Ф.Соколовқа жазған 7 хаты тіркелген.

Н. Карауловтың оң қолы жағындағы Ғ.Балғымбаевтан кейінгі шеткі орындықта отырған славян нәсілдес тұлғаның кім екенін дәлме-дәл белгілеу мүмкін емес. Дегенмен де, Ф.Соколовтың естелік жазбаларын мұқият зерделей отырып, олардың кім екендігін тұспалдап бағамдауға болады. Оның естелігінде сол жағалаудағы Қостанай қаласының өкпе тұсында Тобыл өзені үлкен доға жасап бұрылар мүйіске Торғайдан қоныс аударған жылдары қора-қопсымен қоса арнайы салынған қыстауда тұратын Ы.Алтынсаринге «А.И.К» және «А.В.Т.», деген кісімен бірге барғандарын жазады: ...Жил на зимовке, что в 3-х верстах от Костаная. А.И.К. и я почти ежедневно пешком похаживали к нему и прелестно время проводили, то в беседах, держа в руках по чашке кумыса, то в чтении». Ал Алтынсарин қайтыс болғанда ол екі кісімен бірге ағартушыны соңғы сапарға шығарып салуға барады: «А.В.Т., А.И.К. и я ещё приезжали на зимовку, чтобы последний раз проститься с любимым человеком...».

Осы жолдардағы бірнеше рет қайталанатын «А.И.К.» деген инициалдың астарында Алексей Килячков (әкесінің аты әзірге айқындалмады) тұр деп есептейміз. Ал «А.В.Т.» деген «қысқарылымның» артында қандай тұлғаның тұрғанын анықтау – алдағы зерттеулердің міндеті. Ол да білім саласының қызметкері екені сөзсіз. Бәлкім, Балғымбаевтың қасында тұрған кісі сол Соколов атайтын «А.В.Т.»  болар?

Түйіндей келгенде, бір тарихи суреттің сыры осындай. Оның жалғасы табылатынына сенім кәміл.

Алмасбек Әбсадық,

филология ғылымдарының докторы,
Қостанай  университетінің профессоры

Мақала ҚР БҒМ Ғылым комитетінің 2020-2022 жылдарға арналған ғылыми гранттық қаржыландыруға ие болған «А.Байтұрсынұлының ауылдық мектептердегі ағартушылық және қоғамдық қызметі (жаңа архивтік деректер мен өлкетанушылық мағлұматтар, тұлғаның тыңнан табылған шығармалары негізінде)» атты Жоба негізінде дайындалды.

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1984