Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3616 0 пікір 25 Мамыр, 2012 сағат 12:07

Асанәлі ӘШІМОВ: Сахнадан кеткен жоқпын

 

Жуырда даңқты да ардақты ағамыз Асанәлі Әшімов 75 жасқа толды. Артынша, «Асанәлі сахнадан кетіпті» - деген әңгіме тарады. Мән-жайды ағаның өзінен білмек болдық. Алайда ағамыз шетелде демалып жатқанын айтты. Араға уақыт салып тағы хабарластық. Ауруханада екен. Алаштың атақты актерінің көңілін сұрап ауруханаға бардық. Аз-кем әңгіме барысында біраз жайтқа қанықтық.

Тірі жүргеннен кейін бірнәрсе жасау керек

 

Жуырда даңқты да ардақты ағамыз Асанәлі Әшімов 75 жасқа толды. Артынша, «Асанәлі сахнадан кетіпті» - деген әңгіме тарады. Мән-жайды ағаның өзінен білмек болдық. Алайда ағамыз шетелде демалып жатқанын айтты. Араға уақыт салып тағы хабарластық. Ауруханада екен. Алаштың атақты актерінің көңілін сұрап ауруханаға бардық. Аз-кем әңгіме барысында біраз жайтқа қанықтық.

Тірі жүргеннен кейін бірнәрсе жасау керек

- Актер сахнаға кіре білуі керек, сосын содан кете білуі керек. Жас келді, партнерлар кетті. Өлгені өлді. Өлмегені қартайды. Жастардың арасында салпақтап жүре беруге де ыңғайсыз. Теке сияқты бас болып жүруге де болады ішінде. Бірақ шайқалақтап жатып қалмай, әуре боп тележкамен жүріп ойнап, сосын жұрт саған мүсіркеп қарайтындай жағдайға жеткізбей кету керек. Өзің сияқты бір журналистке осыны айтқам. Соны «Асанәлі сахнадан кетейін деп жатыр» деп басқаша жариялап жіберіпті. Оған интернетте біреулер «жоқ, кетпейді» деп жазыпты. Маған сол керек.
- Демек, кетпейсіз ғой?
- Кетем бе, кетпеймін бе, оны өзім білем. Сосын денсаулығым біледі. Кетсем, кете салам. Кеткен күнде де жастармен жұмыс істеймін ғой. Спектакль қоям. Ақыл-кеңесімді айтам. Сахнадан кеткен жоқпын. Өлмегеннен кейін бірнәрсе жасау керек қой. Спектакль ойнауға да шама келеді. Бірақ қиқалақтап жүріп ойнаудың не керегі бар? Сахнада жүргеніме елу жыл болды. Түпсіз дүние болмайды. Ол бір күні бітеді. Сондықтан, соны құртып, қиқалақтатпай, дұрыс бітіру керек. Халыққа сыйлы болып өтсең, сол - бақыт.
- Бір хабарласқанымда Дубайда демалыста едіңіз, бүгін ауруханадасыз. Соған қарағанда, демалыс пен денсаулыққа ерекше көңіл бөлетін сияқтысыз?
- Қазіргі жас шамамыз соған мәжбүрлеп тұр. Ал сендей кезімізде демалыстың не екенін білген жоқпыз. Сартылдатып жүре бердік. Қазір енді баламды сылтау қылып, әйелім үшеуміз қыдырғанды жақсы көреміз.
- Сексенге келген бір кісі бар. Әлі күнге шейін қызметте. Жеке фирмасы бар. «Жұмыс жасамасам, өмір сүргенімді сезінбеймін» дейді. Сіздің сахнаны қимауыңызды сыры осыған ұқсамай ма?
- Мен сахнаға шыққанда рахат табамын. Қазір сондай жас шамасындамын. Сендердей кезімізде қобалжып, дірілдейтінбіз. Ал қазір басқаша. Мынау бұлшықет, денені еркін ұстаған кезде, ми да еркін жұмыс істейді. Бүкіл ағза еркін болған кезде, текстімді ұмытып қалам-ау деген уайым болмайды. Қасыңдағы адамды көру, жан-жағыңда не болып жатқанын есту жүз пайыз болады. Ал тәжірибе жоқ кезде, ол елу пайыздай болатын. Бұрын алдыңдағыны көрмей, сөзін естімей қалатын кездер болатын. Қазір, керісінше. Сахнаға шықсам - өзім патшамын.
- Сөзіңізді ұмытып қалмайсыз ба?
- Ұмытып қалсам, басқа сөзбен ауыстырып жіберем. Бастысы миым еркін жұмыс істейді. Мысалы, «мен ертең келемін» деген сөзді ұмытып қалатын болсам, «әй, мен келермін саған» дей саламын. Одан ештеңе өзгермейді. Ал енді елу пайызы істеп отырған адам бітті. Спектакльдің быт-шытын шығарады. Қанша талантты болса да ол актерге бірден келе қалмайды. Жылдап, тәжірибемен келеді. Сосын сахна адамды тазартады. Әсіресе жақсы актерлерді солай жасайды. Көбісі кетіп қалды, бірақ финалға шыққандардың біразы - жақсы адамдар. Адамгершілігі жақсы, тазарған, кіршіксіз, бала сияқты болады. Айтқанға сенгіш. Таза адамды алдап кету оп-оңай. Өйткені ол сенеді. Онда арамдық жоқ, сенім мол. Ал арам адам - қу. «Мынау өтірік айтып отырған шығар», - деп күмәнданады.
- Актерге шындық, тазалық, адалдық ауадай қажет. Алайда, кейбір актерден бұл қасиетті байқай алмайтынымыз бар.
- Актер тазалықты, шындықты кішкентай баладан үйрену керек. Бала құмда ойнағанда қолындағы затты машина етіп ойнайды. Өзі соған сенеді. Актер де бала сияқты қолындағы нәрсесіне шын сену керек. Өзгені де сендіру керек. Өзі шын сенсе, көрермен де сенеді.
Ал адалдықты тіптен иттен үйрену керек. Ит иесін өмірі сатпайды. Иесі оған қандай қамқорлық көрсетсе, ит те оған сондай адал болады. Талай премьерлер итін тастап, ұшақпен ұшып кеткен. Солар бір жыл әуежайда жүріпті. Тағы бір мысал. Қиыр Шығыстың бір шетінен біреу көшпек болыпты. Алып жүруге қиын болып, мысығын қалдырып кетіпті. Мыңдаған шақырым асып кеткен. Өзен-суы, теңіз-мұхиты, орман-тоғайы бар... Бір жылдан кейін мысық иесінің үйін тауып, есігін тырнап тұр дейді. Көрдің бе, адалдығын?
Ал адамда адалдық аз дегіңіз келеді ғой?
Кісіге өмірінде шын дос табуы қиын. Сосын адал жар табу қиын. Адал жар тапқан адам - ол бақытты. Мен жар таптым. Майраны. 35 жыл тұрдық. Адамгершілік онда теңіздей еді. Қайтыс болды. Осы дәрежеге жетуімнің көп үлесі соныкі. Кейін Бағдатпен отау құрдым. Майра қайтып келді. Қазір төрт жасар ұлым бар.
Күнделігіңізде «екі кемшілігім, екі бақытым бар» деп жазыпсыз. Атап бере аласыз ба?
Кемшілік те көп, бақыт та жетеді. Бірақ, екі бақытым - Бағдат пен кішкентай Асанәлім болып тұр. Ұлым бірде менің орамалымды тауып алып, аузымды сүрткенімді айнытпай қайталап, қыран-күлкі қылған. Соны байқағанын айтсаңшы. Сосын философиялық ойы бар. Мен ауруханада болғанымда, ол шешесінің қасында ұйықтар алдында аспанға қарап жатыпты. «Әкемді сағындым», - депті. Шешесі: «Ертең барамыз», - депті. Біраз жатқаннан кейін тағы да: «Ана, әкем - аспан ғой», - депті. Төрт жасар баланың ойын қара. Тағы біраз жатып: «Ана, сен - айсың, мен - кішкентай ғана күнмін», - депті. Шешесі тағы не айтар екен деп: «Иә, анау жұлдыздар немене сонда?» - деп сұрапты. «Олар біздің туысқандарымыз ғой», - деп жауап беріпті. Үлкен адам айтпайтын ой ғой!
- Қазақшасы қалай?
- Құдайға шүкір, Ертісбаевты екі орап кетеді. Бұл - үлкен жетістік!

«Мың бала» - Ақанның шыңы емес

- Сіздіңше кино қандай болуы қажет?
- Кинода аяғына шейін шығатын жалғасқан қызыл сызық болу керек. Бастауы бар, көтерілетін, түсетін жері бар. Аяғына жеткенше сол сызықтан шықпау керек. Ал қазіргі фильмдердің, әсіресе, сериалдардың не басы, не аяғы жоқ. Кез келген жерінен көрсең, түсінікті. Өйткені, бөлек-бөлек, кібіртік-кібіртік. Сондықтан, кино да Абай айтқандай «теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» дегенге сай келеді. Сонда ғана шығарма көріледі, ұнайды.
- Өзіңіз қандай кино көресіз?
- Кино тартымды, жоғары эстетикалы, талғамды болуы керек. Мен сондай киноны жақсы көрем. Кейбір кинода балшық, лас, көзге қораш көріністер байқалады. «Қыз Жібектен» тамақ ішкен не лай-батпақ сияқты сүреңсіз сахна көрдіңдер ме?
- Жоқ...
- Киноны көріп отырып жағымсыз әсер алсаң, ол өнер емес. Ал кино - ең алдымен өнер. Ойсыз өнер - өлік. Өмір болуы мүмкін, бірақ өнер аз.
Мысалы, тракторист жайында қызық кино жасау - өте қиын. Ол туралы комедия жасауға болады. Өзі май-май, бірақ біреуге ғашық болады. Сондай ситуацияға құрылса, қызық болады. Ал жерді жыртып келе жатқан көріністі актерден гөрі трактористің өзі жақсы ойнайды. Ол - өмір. Негізі өмір сүріп жатқан адамдардың бәрі - актер. Шекспирдің айтқанындай: «Бұл өмір - сахна». Адам да - актер.
- Сізді киноға шақыратындар бар ма?
- Шақырады, бірақ барамын ба, бармаймын ба ойланам! Жамбасыма келіп жатқан кейіпкер болса, барар едім. Өкінішке қарай, ондай бақыт менің маңдайыма жазылмай тұр. Ал сериалдарға бара алмаймын. Өйткені, үлкен шығармадан кейін төмен түсуге болмайды. Қазір «Сіз кімсіз Ка мырза?» фильмінің соңғы сериясын түсіріп кету - арманым. Шалдың не отбасы, не туысы жоқ. Бірақ Қазақстанды елім деп келді. Енді не істейді ол? Сексенге таяған шал. Бүкіл әлемнің тілін біледі. Ол - планетарный адам. Әлемдегі наркобизнесті бес саусағындай біледі. Енді елге келгенде оның пайдасы қалай тиеді? Мұны ел білмейді, бұл елін білуі керек. Сол еліне жұмыс істеу керек. Кино «ал» деп түсіре салатын нәрсе емес. Жобасын жан-жақты келтіру керек. Мен асықпаймын. Асығыстық - өнердің жауы. «Ойбай» деп алқынғаннан ештеңе шықпайды. Соның жобасын ойлап жүрудің өзі - шығармашылық процесс.
- Театрда жаңа спектакль де ойнамайсыз?
- Қасымдағылар кетіп қалды. Партнер жоқ десем, басқалар өкпелеуі мүмкін. Бірақ шындығындай - солай. Бір-ақ спектаклім бар, соны ойнаймын. Балалармен спектакль қоямын. Академияда актерлік курсым бар. Жұмыс жетеді енді. Үйде баламмен жұмыс істеймін. Гүл өсіремін. Ағаш егем. Соларды суарам. Жұмыс жетеді.
- Кино туралы айтып жатырмыз ғой. Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмі туралы не айтасыз?
- Тәуір фильм, халықтың рухын қамшылады. Жоңғармен талай жыл соғысқанымыз, қорлық көргеніміз рас. Үш жүздің баласы жиналып, Аңырақай соғысында үлкен соққы беріп құтылдық. Әйтпесе, жоңғарлар итімізді шығарған ғой. Тиіп-қашып, елді жаулап, малымызды тартып алып, әбден қорлық көрсеткен. Қазақ шыдамағаннан кейін жарылыс жасайды. 1986 жылғы Желтоқсан, әнеугүнгі Жаңаөзен. Басқа барар жер жоқ. Қазақ өзі шыдамды халық. Нан мен суы болса, сонымен отыра береді. Ал нан мен суды тартып алған кезде, шыдамайды. Сонда ғана бұрқ етеді. Оған жібертпеу керек. Мемлекетіміз бай деп жатырмыз. «Шүкір, барлығы жетеді, оған шыдау керек» деп ақыл айтатын адамдар да табылды.
- Сөзіңіз аузыңызда, сізден ақыл сұрағандар болды ма сол кезде?
- Хабарласты. Біріншіден, бәленбай адамды нашақор, алқаш деп бергеніне қосылмаймын. Екіншіден, мұндай жағдайда бейбіт адамдарға оқ жаудырғанға категорический қарсымын. Солай деп айтып бердім...
- Сұрағымызға қайта оралсақ?
- А, иә, жастардың ішінен ұнайтыны - осы Ақан Сатаев. Ол түсірген «Адасқандар», «Ағайындар», «Ликвидатор», осылардың бәрі - кино. Ақанда кино бар. Баталия, эффект көп, әрине. Ситуациясы, финальный сценасы ұнады. Сол жағынан «Қыз Жібектен» кейінгі тарихи жағдайға бара алған кішкентай алға жылжу - осы. Әзірге Ақанда алға жылжушылық бар. Сондықтан мен оның келешегінен үміт күтемін. «Мың бала» Ақанның шыңы деп ойламаймын.
- «Қыз Жібекке» ұқсайтын жерлерін байқадыңыз ба?
- Тура сондай болмағанмен, шығармаларда ұқсастық болады. Екеуі де жоңғар шапқыншылығы кезеңі. Атыс, өлім, жауыздық болды. Сатқындық болды. Мұнсыз тағы ситуация құрылмайды. Треугольник Қыз Жібек-Төлеген-Бекежан болмаса фильм құрылмайды. Тек Төлеген мен Қыз Жібекті қалдырсаң, конфет болып шығады. «Мың балада» да треугольник бар. Драматургияның дамуына қарсы келетін бір нәрсе тұрмаса, тағы болмайды. Болады ғой, бірақ қызық болмайды. «Қыз Жібектегі» ұтып тұрған нәрсе - Бекежан қарақшы емес. Ол - рыцарь. Қызды сүйген жүрегі, ел қорғаған білегі бар. Адамгершілік симпатиясы бар. Бір шетелдің адамдары «Қыз Жібек ғашық болатын адамды білмейді екен» деген екен. Ол - махаббат. Талғаммен қалай таласасың?
- Ал жас актерлердің өнерін қалай бағалайсыз?
- Актерлер былай тұр, былай жүрмен жүрген жастар ғой. Шеберлігі шыңдалмаған. Бірақ, өзінің орнында. Рөлді әркім де ойнайды, ал кейіпкер жасау әркімнің қолынан келмейді.
Сіздіңше дарынды актер қандай болуы қажет?
Әрбір нәресте жарық дүниеге дарынды болып келеді. Оның алдында екі жол бар. Бірі - кең, даңғыл жол да, екіншісі - жалғыз аяқ сүрлеу жол. Адамдардың көбісі кең де кедергісіз даңғыл жолмен жүргісі келеді. Ондай адамдар - тобыр. Ал сүрлеу, бұралаңы көп жолға мыңнан, миллионнан бірі ғана түседі. Міне, сол адам - дарын! Нағыз дарын - тасты жарып шыққан гүл сынды. Оның екінші мағынасы - намыс. Талантты биіктетенін де намыс. Намыс әркімде болмайтыны секілді, талант та сирек.

Шындықты жазып қалдырамын
- Күнделік жазып жүрсіз бе?
Мүмкіндігіне қарай күнде жазуға тырысамын. Ол маған тарих болып қалды. Әр адамға өзінің әр күні қымбат. Мынау жарық күнді аман-есен көргеніміз үшін де тәубе етуіміз қажет. Сондықтан, сол күні ештеңе бітірмесем де көңіл-күйімді күнделігіме жазып қоямын. Ол - менің пікірім, көзқарасым. Оны келешек ұрпақ өзі екшеп алады. Шындықты ғана жазамын. Айта алмайтын шындықты, жазып қалдырамын. Ішімдегі шерді шығаруым үшін күнделік маған үлкен көмек. Қазір 8-нші кітабымды жазып жатырмын. Бірақ ол қолжазба түрінде қалады.
- Неге?
- Өзімнің айта алмаған ойымды сонда білдіремін. Ол - менің жеке ойым.
- Өткен күндердегі көңілді сәттеріңізді оқығанда көңіл-күйіңіз бұзылмай ма?
- Қайта шабыттанамын. Әр күнімнен, қорытынды жасаймын. Сонысымен де жақсы.
- «Біреуге атақ берген, абырой бермеген» деп жазыпсыз кібабыңызда. Сізде осының екеуі де бар. Қайсысын жоғары бағалайсыз?
- Екеуін айырып алуға болмайды. Абырой арқылы атақ келеді. Атақ арқылы абырой өседі. Абыройың болса, халықтың саған деген сәлемі дұрыс. Халық барған жерде алақанына көтереді. Алақанда көтереді екен деп, алақанында отырып алмаймыз ғой. Ал халыққа жұғымды болу - әркімнің міндеті.
Сұхбаттасқан Серікбол ХАСАН

«Жас қазақ» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1544
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3332
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6095