Бейсенбі, 4 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 196 0 пікір 4 Қыркүйек, 2025 сағат 14:33

Қазақстан банктері неге мәлімдеме жасады?

Сурет: GOV.KZ сайтынан алынды

Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы мен Kaspi Bank, Forte Bank, "Еуразиялық банк" және "Jusan bank" (Alatau City Bank) қызметкерлерінің ұйымдасқан қылмыстық топ ісіне қатысы бар деген ақпараттан кейін бірлескен мәлімдеме жасады.

Банктер прокуратурадан бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлерінің тергеуге ілінгені туралы ресми хабарлама алмағанын хабарлады.

"Банктер прокуратура органдарынан олардың бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлерінің аталған тергеу ісіне қатысы бар екендігі жөнінде ресми хабарлама алған жоқ", – делінген Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы жариялаған хабарламада.

Қаржы ұйымдары ресми ақпарат түскен жағдайда, құқық қорғау органдарына тергеу барысында және клиенттердің құқықтарын қорғау үшін барынша көмек көрсетуге дайын екендерін атап өтті.

Сонымен бірге, банк өкілдері қаржы институттарының іскерлік беделіне әсер етуі мүмкін тақырыптарға қатысты жария мәлімдемелер жасауда барынша абай болу қажеттігін айтты.

"Қазақстанның кәсіби қаржы қауымдастығы прокуратура мен өзге де құқық қорғау органдарын қаржы институттарының беделіне нұқсан келтіруі ықтимал тақырыптарға қатысты жария мәлімдемелерде салмақты ұстаным танытуға шақырады", – делінген хабарламада.

Еске салайық, 2 қыркүйекте Ақмола облысының прокурорлары қазақстандықтарды ұрлап, олардың атына несие рәсімдеген қылмыстық топты анықтаған болатын. Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында "Kaspi Bank", "Forte Bank", "Еуразиялық Банк", "Jusan bank" қызметкерлері болғаны айтылған.

Abai.kz 

 

0 пікір