Мұхтар Мағауин. Ғаламат апат шындығы
Бір сәт балаша қиялдап көрейік: қазіргі Қазақстан шегіндегі байырғы халық қазақтың жиын саны отыз бес миллион екен.
Бір сәт балаша қиялдап көрейік: қазіргі Қазақстан шегіндегі байырғы халық қазақтың жиын саны отыз бес миллион екен.
Отыз бес миллион қазақ! Сонда... ақыл жетпес ғажайыпқа ұшырасамыз. Ел иесі ғана емес, жер иесі де қазақ. Жер астындағы, әлемде жоқ қыруар байлық - нәсіл-тегі беймәлім әлдебір келімсектердің қалтасына емес, қазақ халқының игілігіне қызмет етеді. Жер үсті тағы да толған қазақ - республика шегіндегі барша жұрттың тоқсан бес пайызы. Қалған, тума тілі бөтен ағайындардың өзі қазақша сайрап тұр. Яғни, мемлекеттік тілде. Және демократиялық жүйе салтанат құрған республикада ата-тегіне қарамастан, барлық ұлттың азаматтық құқығы бірдей. Есебі, қазақ та өз жұртында өгей емес, осындағы азды-көпті орыспен, саны тіпті шектеулі күрд, ұйғыр, кәріспен және басқа да, ешқандай ресми санатта жоқ, небәрі үш-төрт, бес-он кісіден, көпшілігі бірер жүз, асса бірер мыңмен шектелетін, ешкім нақты түгендемеген жүз қырық бірдеңе ұлт өкілдерімен тең дәрежеде, отырса опақ, тұрса сопақ емес, өкіметің ары итеріп, бері жығып жатқан жоқ, отандас ағайындар сен қазақша сөйлейсің, сен қазақсың деп көзге шұқымайды. Ең бастысы - Қазақ республикасы Орталық Азияның сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі болат діңгегі. Алыстағы Америка Құрама Штаттарының ықылас-пейілі айрықша. Тақаудағы Орыс елімен құлдық емес, пара-пар еркіндік орайындағы, достық қатынас қалыптасқан. Миллиард Қытайдың өзі қадір тұтады. Алыс-жақын басқа мемлекеттерді түгендемей-ақ қояйық. Құрмет, сыйластық, теңдік. Өйткені Қазақстан - асты толған кен, үсті - кемерінен асқан береке мен ырыс, еңсесі зор, азат республика. Осындай сындарлы, аңсағай елдің ең үлкен байлығы - халқы. Құт-берекесі, сән-салтанаты өз алдына, мұндағы қазақ деген жұрттың ұлттық санасы жоғары, адамгершілік кейпі ерекше, ерлік бітімі жалпыға мағлұм, оқуы мен ғылымы өз заманының алдыңғы деңгейінде. Әдебиеті әлемге танылған, мәдениеті жаңа дәуірдегі өзгеше бір үлгі. Ал ел билігін ұстаған тұлғалар - осы халыққа қызмет көрсетуді өзінің ең негізгі міндеті санайды...
Болды. Қалғанын өзіңіз түгендеп алыңыз.
Айттық, алыс болашақ емес, бүгінгі күн. Үстіміздегі 2012 жыл... Қисынсыз қиял дерсіз. Қиял екені рас. Бірақ қисынсыз емес. Дәп осылай болар еді. Болатын еді. Егер... егер бұдан сексен жыл бұрын - 1932-1933 жылдарда қазақ халқының басына түскен, ақыры, халқымыздың кем дегенде үштен екісін, әйтпесе төрттен үшін жер жастандырған Ғаламат Ашаршылық болмаса!..
Тарихта әйтпесе былай деген жорамал жүрмейді. Өткен қайтып оралмайды. Қырылдық, тапалдық, жалпы жұрттың ұзын саны ғана емес, кез келген тірі қазақтың көкірегіндегі игі, ізгі қасиет атаулы да еселеп кеміді. Соның ішіндегі ең сұмдығы - кешегі кеудесі биік қазақтың бүгінгі, көрінген көзге түрткен, өзің де мойындап біткен, езілген, жаншылған, кемшілік санасы екен - таратып айтқанда, ұлттық тұрғының ойсырауы. Әйтпесе, осы қалпымызда да кердеңдей басып жүрмес пе едік.
1932-1933 жылдарғы Ғаламат Ашаршылық тек Қазақстан кейпін ғана емес, бүкіл Орталық Азияның этно-саяси жағдайын мүлде басқа арнаға түсірді. 1897 жылғы Бүкілресейлік ресми санақ бойынша, әмбе Түркстан өңірінде жасайтын өзбек, түркмен, қырғыз, тәжік, қарақалпақ - бәрін қосып есептегеннен екі есе артық болып шыққан, өз заманындағы саны мол отыз халықтың қатарынан орын алатын қайран қазақ адам ақылы жетпес, қисынсыз Апаттан соң, аймақтағы алдыңғы орыныңыз не, өз жерінде азшылыққа айналды. Қарасыны сұйылған, рухы сөнген және айрықша есеп, өзгеше қыспақтағы мүсәпір қазақтың өзіндік мінез-құлқы ғана өзгеріп қойған жоқ, басқалардың оған деген қатынасы да жаңаша - биіктен, кемісітіп қарайтын тосын арнаға түсті. Қазақ өзін әлемдегі ең қор халық санайтын болды, басқалар да қазақты одан әрмен жаныштауды, үнемі төмендетіп, қорлап отыруды әдетке айналдырды. Өткенді айтпайық, бүгінгі күннің өзінде Қазақстан шегінде қазақтан кемшін, қазақтан сорлы халық бар ма?! Егер осыдан сексен жыл бұрын жаппай қырылып, тек Америка үндістерінің ғана басынан өткен апатқа ұшырамасақ, қазір біздің шенімізге кім келер еді!?
Хош, америкалық үндістер түгелдей дерлік қырылып кетіпті, біздің тұқымымыз біржола құрымапты. Тәуба демейміз, бірақ өткенді байыптап, бүгінгі ахуалымызды айқындасақ керек еді. Соның ең оңайы және қайткенде де міндеттісі - аруақтарды еске алу, бұрнағы сұмдықтың сырын танып, келешекке бағдар жасау, ойрандалған ошағымызды қайтадан түтетіп, қадарынша қатарымызды толтыруға талпыныс болса керек еді. Яғни, мемлекеттік тұрғыдағы демографиялық саясат. Мұның бергісі - ана мен сәбиге қамқорлық, ішкі, табиғи өсімге жағдай жасау. Екінші - сырттағы, кемі бес миллион қазақтың тым құрса тең жарымын ата жұртқа қайтару. Іштегі жағдай белгілі. Қатардағы қазақ туажақ сәби түгілі, бауырындағы бірер баласының өзін әрең асырап отыр. Ал сырттан кісі тарту - көші-қон жөні... Біздің егемен өкіметіміз үшін қуаныш емес, қайғы болып шықты. Тәуелсіздік келген алғаш күндерден бастап-ақ ескі жұртына асыққан оралмандардың алдынан қисапсыз бөгесін тартылды, енді міне, соңғы бес-алты жыл орайында ашық жүргізілген қарсы саясат нәтижесінде ең соңғы ұлы көш те тоқырап, біржола тыйым салыну алдында тұр. Жарар, демография - өз алдына дербес, таусылмас әңгіме. Бұрнада талай жазғамыз, әлі де жазармыз, мына жерде орайына қарай шеті шығып қалды. Аспандағы құдайдың емес, жердегі әлдебір кісінің қолындағы нәрсе, аса күрделі және бүгінгі билік үшін қауіпті жағдай екен, осымен іркілейік. Ендеше... байлаулы, байлаусыз еркін сөзге ғана тірелетін, шенеунік атаулының босағасын тоздырмайтын, нысан ретіндегі, қағаз жүзіндегі тауарих жайы неге тұмшалап жабылып қалған? Міне, жиырма жыл болды, Алматыдағы, Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш орнатылмақ белгі тастың өзі тозып, мүжілуге тақаған. Ал Ақмоладағы атаулы белгі - адресін өзгертіп, саяси құрбандар естелігімен алмасып кетіпті. Өкіметіміздің ықылас-пейілі басқаша болғаннан соң, бәрі де табиғи жағдай. Ал тас емес, сөз... Ол да мұқалып, ірімтік қоқырға айналған. Бүгінгі замандағы зерттеу тақырыбынан тыс екен. Яғни, қазаққа ғана қатысты бұл сұмдықты мүлде ескермесе де болады. Шын мәнісінде сұмдық емес, игілік екен. Әйтпесе, бәрі керісінше шығатын еді - мақаланың кіріспе бөліміне қайта қараңыз...
Зұлымдық империясы тырапай асып құлаған жылы дүние ғажайып еді. Сол жыл ғана емес, соған жалғас тағы бір-екі жыл. Көңіл қандай, үміт пен тілек қандай, мақсат-мұрат қандай. Бірақ алакеуім кезеңде айрықша ептілік танытып, өкіметті басып қалған билеуші тап - бұрынғы коммунистік номенклатураның ниеті де, жоспары да басқаша болып шықты. Олар өз бетінше - қарпып қалу, қамтып қалу бағдарындағы жанталас үстінде, біз өз бетімізше - тәтті қиял, орындалмас арман жетегінде, әрекетсіздік емес, қарбалас жұмыс астында. Зиялы қауым, оның ішінде жазармандар тарабынан жаңа тақырыпты, жаңа емес, ескі, бірақ тиым салынған, жабық жатқан, сан-салалы мәселелерді айқындап, көмескінің бетін ашуға жаппай ұмтылыс басталды. Соның ішінде ең бір өзекті, қызығы жоқ, тек дерт-қайғысы ғана бар өзгеше желі - Қазақ Ашаршылығы болатын. Әуелі әрқилы өлеңдер жазылды, бірді-екілі хикаят дүниеге келді. Мұның бәрі - кейін де, тіпті, жүз жылдан соң да жүзеге асуы мүмкін нәрселер. Ең бастысы - Ашаршылықтың шынайы тарихын қалыптау болатын. Осы орайда, талапкер ізденушілер тарабынан жекелеген мақалалар жазылды, бірді-екілі архив деректері мағлұм болды. Мәселен, жер аударылған оқымысты профессордың бойжеткен қызы Татьяна Невадовская жан түршігерлік деректер және нақты фото-айғақ қалдырған екен, архивші ғалым Марат Хасанаев жарыққа шығарды. Әйткенмен, атаулы тақырып мүлде игерілмей жатқан. Біздегі тарих ғылымының өріс-қауметі белгілі. Дәрежелі оқымыстымыз тінтінектеп, ырғатылып, сүйретіліп, ақыры шалағай бір мақала жазып біткенше қаншама заман. Саны мен сапасын айтпай-ақ қояйық. Жетпіс жыл бойы тек нұсқаумен ғана жүрген, ал 1951 жылғы зобалаңнан соң мүлде жоққа сайған мүгедек, жарымжан ғылымнан не күтуге болады. Қазақ Ашаршылығы күні бүгінге дейін толық зерттелмеген, бар сұмдығы ашылмаған, шалғай тақырып күйінде қалуы заңды. Жан-жақты, түбегейлі зерттелуі үшін партиялық жаңа қаулы керек екен. Онымен де дүние түзелмесі анық, тарихшы ғалымдардың жас, әлуетті, жаңа бір толқыны керек екен. Қайткенде, қалған жұрт кеше ғана колхоз құрылысы мен кәсіподақ тарихын зерттеген оқымыстыларымыз қашан жазады, немене жасайды деп күтіп отырмайтын еді. Ең алдымен республикалық әдеби «Жұлдыз» журналы, сол тұстағы «қайта құру» және «жариялылық» ұранын пайдаланып, 1989 жылдың бірінші санынан бастап, Қазақ Ашаршылығы тақырыбына айрықша бет бұрды. Көркем шығармалармен қатар, көзкөрген естеліктерге кеңінен жол ашылыпты. 1932 жылы ес білген, жеті жасар баланың өзі бұл кезде алпысты орталағанын айтсақ, әлденедей әңгіме шығуы мүмкін кісілердің саны шектеулі екені түсінікті, көп ұзамай-ақ бұлардың барлығы да өтіп кетерін ойласақ, мейлінше асығу қажет еді. Ақыры, 1989-1994 жылдар орайында «Жұлдыз» журналы қасіретті «Сары кітап» айдарымен, мүмкін болған, арнайы жүктелген, соған жалғас өз аяғымен келіп түскен қаншама естелік жариялады, жинақтап, қайыра бастырса, екі томға тартар еді. Бұл кезде «Жұлдыз» ғана емес, қазақ тілді басқа да басылымдар шама-шарқынша, үзік-үзік естеліктерге орын берген. Тасқа басылған жазу ешқашан өшпейді десек, ертелі-кеш бұл жазбалардың барлығы да қайта теріліп, қасірет кітабының қатарын толтыруға тиіс.
Міне, осы кезде, ешкім күтпеген, өзгеше бір еңбек дүниеге келіпті. 1993 жылы. «Хроника великого джута» деп аталады. Яғни «Ғаламат жұт шежіресі». Орыс тілінде. Авторы - қазақ емес, орыс. Кәдімгі, сары орыс, таза орыстың өзі. Қазақстандық зиялы, ақын әрі жазушы Валерий Михайлов. Игі жақсы адамзатқа ортақ деген осы. Валера бауырымның маған, жекелей бір әңгіме үстінде, ағынан жарылып айтқаны бар еді: «Сен қазақтың ұлтшылысың, мен орыстың ұлтшылымын, - екеуміздікі де дұрыс!» - деген. Шын ұлтшыл - өз ұлтын сүйетін, сонымен қатар басқа жұртты сыйлайтын адам. Өз халқын қалтқысыз жақсы көрген тұлға бүкіл адамзатты құрмет тұтпақ. «Жақсыда жаттық жоқ», - деген баяғы қазақ.
«Ғаламат жұт шежіресі» - Қазақ Ашаршылығына арналған ең алғашқы және бүгінде бірден-бір деректі еңбек. В.Михайлов бұл кітабын жаңа мағлұмат, тың толғамдармен үстемелеп, 1996 жылы қайыра бастырды. Осы қалпында, қасірет жылдарының біршама толық тарихы деп айтар едім. Бүгінде 1932-1933 жылдарғы Ашаршылық тақырыбына арналған ең сүбелі, ең елеулі шығарма. Тарихи құжаттар, архив деректері алға тартылады. Сонымен қатар, осы ауыр жағдайды өз басынан өткерген, тікелей куә болған қаншама жанның нақты естеліктері бар. Автордың өзі жүздескен, ауызба-ауыз сөйлескен кісілері. Негізінен ұлт зиялылары, белгілі қаламгерлер. Кейінгілермен қатар, сол замандағы куәліктер де көрініс тапқан. Басқа ұлт өкілдері, ең алдымен орыс зиялыларының жан айқайы. Бір сөзбен айтқанда, Валерий Михайлов «Ғаламат жұт шежіресі» кітабында 1932-1933 жылдарғы Қазақ Ашаршылығы тақырыбын еркін игеріп, шынайы таңбаға түсіріпті.
Бірақ ешбір қазақ жазбаған бұл ерекше кітап өз ортамызда қалай бағаланды десек - жекелеген зиялылардың ілтипатынан аспапты. Тек «Жұлдыз» журналында ғана бірер тарауы аударылып басылды және тұтас кітап турасында ұнасымды пікір айтылды. Кезінде Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылған еді - ғұзырлы жиырма бірдеңе кісіден бес-алты-ақ дауыс жақтап шықты; бұл да сонау алапат жылдардың зардабы - алыс пен жақынды айыра алмайтын, тек бір сәттік пайдасын ғана ойлайтын көрсоқырлық, буынымызды бойлап, қанымызға сіңген тексіздіктің нақты бір көрінісі. Сөзіңді сөйлеп отырған марғасқаны сыйламасаң, құның белгілі болды, сені ешкім де сыйламақ емес. Алайда, айттық - Валерий Михайлов өлмес, өшпес еңбек жасады және бұл тақырыпта, баяғы Роберт Конквесттің «Үлкен террор» кітабындағы тиесілі тарауды айтпасақ, бірінші болды. Валерий Михайловтың қолынан шыққан Ашаршылық шежіресін толқымай оқу мүмкін емес.
Енді қазақ халқы ұшыраған жаппай Ашаршылықтың жалпы сұлбасы турасында азғана сөз.
Жойқын апаттың алғашқы толқыны Октябрь төңкерісімен бірге келді. Орыс шаруалары арасында: «Серп и молот, - Смерть и голод» («Орақ пен балға, - Аштық пен ажал»), - деген мәтел болған екен. Азамат соғысы және оған жалғас советтендіру кезеңінде бұрынғы алып империя шегіндегі барлық жұрт жапа шекті. Әйткенмен, Қазақстан жағдайы өзгешерек еді. Өз тарабымыздан айтсақ, «бұратана» халық жайлаған басыбайлы отар. Түркстан өлкесі есебіндегі оңтүстік облыстарды қамтыған, 1921-1922 жылғы әуелгі ашаршылық мұның айқын айғағы. Жиын саны бір миллиондай халық қазаға ұшырады. Қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған жағдай. Бірақ бұл - барлық бақытсыздықтың басы ғана екен.
1925 жылы Қазақстанды біржола советтендіру және жаныштау үшін Орталық билік қазақтың еліне де, жеріне де ешқандай қатысы жоқ Филипп Исаевич Голощекин деген біреуді Өлкелік партия комитеті - Крайкомның бірінші хатшысы қылып бекітеді. Қыркүйек айында келіпті. Сыннан өткен, шыныққан, байырғы большевик екен. Бүкілодақтық Атқару комитетінің төрағасы Яков Свердловтың ең жақын досы, 1903 жылдан бастап большевиктер қатарында, 1912 жылдан Орталық комитет мүшесі. Өткендегі айрықша бір еңбегі - құпия келісім нәтижесінде жоғарыдан түскен пәрмен жөнімен, 1918 жылы Екатеринбургте Николай Екінші патшаны бүкіл отбасы және қызметші-қолаңдарымен қоса атқызып тастауы. Бұдан соңғы революциялық жұмыстарға да белсене араласқан, Сталинмен жақсы біліс, Лениннің өзінің алдында беделді, Ресейдің әр тарабында Октябрь жеңістерін бекемдеуші. Қазақстан көсемі болып тағайындалған тұста Орталық Комитет мүшелігіне кандидат. Сенімділердің ішіндегі таңдамалы қатарында. Бір сөзбен айтқанда, рақым, мейірім, адамгершілік атаулыдан ада, кәнігі жендет. Қазақстанға арнайы, төтенше тапсырмамен келген, сондықтан да 1925 жылдың күзінен 1933 жылдың басына дейінгі, бірінен бірі өткен барлық қылмысты істері Орталық тарабынан үнемі қолдау тауып отырған. Қазақстан шегіндегі бар шаруасын мүлтіксіз атқарып болғаннан соң, яғни, қолдан ұйымдастырылған Ғаламат Ашаршылықтан кейін Мәскеуге алынады және мәртебелі қызметке жегіледі. (Ақыры, қызыл террор шыр айналып, байырғы коммунистердің өз басына келген кезде, 1941 жылы атуға кесілген. Қанды қылмыстарына қатыссыз, шет жұрттық шпион деген анайы айып негізінде. Кейін осы қатардағы жұртпен бірге толығынан ақталады.)
Азамат соғысы жылдарындағы Сібір әміршісі Колчак айтты деген сөз бар. Бұл қазақтарды қолға алу үшін зиялы бес жүз адамының көзін құртса жетіп жатыр, депті. Ежелден белгілі ақиқат - әлдебір еркін халықты бұғауға түсіру, құлдыққа жегу үшін ең әуелі оның көшбасшы кісілерін қатардан шығару қажет. Бұдан соңғысы оңай. Голощекин Қазақстандағы бар шаруасын осы, сыннан өткен тәсіл бойынша бастайды. Бұл кезде бұрынғы Алаш Орда қайраткерлерінің бәрі де ресми қызметтен шеттеген, бірақ әрқилы жағдайда, ағартушылық жұмыстарын жалғастырып жатыр. Осылай қала бермеуге тиіс еді. Бұл тарапта, яғни Алаштың айтулы тұлғаларын біржола құрту бағдарында, Мұстафа Шоқайдың сөзімен айтқанда «Сталиннің сүйемеліндегі шаласауат... большевик» Тұрар Рысқұлов бар қажыр-қайратымен, пәрменді әрекетке кіріскен. Әрқилы ғұзырлы мекемелерге, саяси полицияға, билікке жақын жекелеген тұлғаларға арнайы, үсті-үстіне жолданып жатқан жалақор арыз-хаттары өз алдына, 1924 жылы көктемде мемлекет және партия басшысы Сталиннің атына, Міржақып Дулатовты, Мағжан Жұмабаевты, Ахмет Байтұрсыновты және тағы қаншама Алаш арыстарын қаралаған үлкен мағлұмдама түсірген. Ақырғы нәтиже белгілі - 1929 жылы қазақ халқының бетке шығар ең адал ұлдары түгелімен түрмеге қамалды, біразы атылды, қалғаны айдауға кетті. Жалғыз Рысқұловтың еңбегі емес, әрине. Бірақ дәл осы ретте «шаласауат большевиктің» айрықша белсенділігі, көп ұзамай-ақ қажетті мұрат - үлкен мансапқа жеткізген сатқындық қызметі де атаусыз қалмауға тиіс.
Бұл кезде қазақ қайраткерлерінің бұрынғы Алаш қозғалысына қатынасып үлгермеген жас, жаңа бір тобы - Смағұл Садуақасов, Сұлтанбек Қожановтар бастаған кейінгі толқыны қалыптасып үлгерген еді. Халқының тағдырына бейтарап қарай алмайтын тағы қаншама жан әрқилы қызметте жүр. Әлі де көзі құрып бітпеген ұлт зиялылары өз алдына. Голощекин мұндай «буржуазияшыл ұлтшылдарға» қарсы аяусыз күрес ашады. Қолында өкімі бар, қазақ арасынан табылған қосшы-көмекшілері де біршама. Ақыры, «Садуақасовщина» мен «Қожановщина» біржола «әшкереленіп», мемлекет қызметінде жүрген, совет өкіметіне қарсылығы жоқ, сонымен қатар, туған халқының обалын да естен шығармаған коммунистердің өзі шетке қағылады. Ұлт мәдениетіне қызмет етіп жатқан зиялылар жөні айтпаса да белгілі.
Сөйтіп, 1930 жыл қарсаңында Қазақстан шегінде Голощекиннің тежеусіз билігі орнады. Бұл кезде ірі байларды кәмпескелеу жүзеге асып, қазақ ауылын колхоздастыру жұмысы басталған. Ғаламат Ашаршылықтың алғашқы шарты.
Голощекиннің Қазақстанды советтендіру жолындағы барлық ісін Сталиннің өзі «бірден-бір дұрыс саясат» деп бағалайды. Бұдан соң Голощекин мүлде еркін кетіпті. Қазақ ауылын біржола советтендіріп, қазақ жұртын түгелімен колхозға кіргізіп, нұрлы, бақытты болашаққа жеткізу керек екен. Большевиктер билігіндегі барлық тарапта жүргізіліп жатқан жұмыс. Бірақ қазақ жағдайында тек қана сорға бастайтын өзіндік ерекшелігі мол. Және айрықша астары бар зәндем іс.
Әлбетте, ең басты бағыт-бағдар - жоғарғы жақтың нұсқауы. 1929 жылы желтоқсанда БК(б)П - Бүкілодақтық коммунист-большевиктер партиясы Орталық Комитетінің арнайы комиссиясы колхоздастыру (коллективизация) туралы шешім дайындайды. Жобаны талқылау кезінде Орталық Комитет мүшелерінің көпшілігі колхоздану үрдісінің тым шұғыл екенін айтып, тиесілі түзетулер ұсыныпты. Алайда Сталин осы жедел қарқынның өзін тым сылбыр санап, бұл маңызды шаруаны тездетуге нұсқайды.Осы орайда Ресей Совнаркомы - Халық комиссарлар советінің орынбасары Т.Рысқұлов Сталиннің өзінен өткен «солақай» болып шығады. Жобаны талқылау кезінде арнайы ұсыныс түсіріпті (3 январь, 1930). Колхоздану ісін шапшаңдату үстіне, алғашқы жобадағы біршама жеңілдіктер, мәселен, колхозға тартылған шаруаның өз отбасында азғана мал қалуы, колхозға ену және кету еркіндігі есептен шығарылады. Ал тек мал шаруашылығына ғана қараған Қазақстан жағдайы әуелгі, 1935 жылғы межеден шегеріліп, Ресейдің астықты аудандарымен бір мезгілге белгіленеді. Яғни, байтақ ел 1931 жылдың күзі, асса 1932 жылдың көктеміне дейін түгелдей колхоздасуы шарт. Т.Рысқұловтың тиесілі түзетулері енгізілген ең соңғы нұсқа 1930 жылдың 5 январында бекіпті.
Бұдан соңғы жағдай белгілі. Украина мен Еділ бойында, Қазақстан мен Терістік Қапқазда жаппай ашаршылық басталды. Орыс тарихшылары мен жазушылары Ресей шегіндегі көлденең апаттың Сталиннен соңғы ең басты күнәкары - Тұрар Рысқұлов болды деп атап көрсетеді. Ал біз бұл кісіні қазақ халқын Ашаршылық азабынан құтқарушы ұлттық қаһарман ретінде дәріптеп жүрміз. (Тілге тиек болып келген өзгеше хаттар жөні: әуелгі, үстірт екі хат 1932-1933 жылдардың жапсарында жазылған, ал біршама толық, үшінші хат - 1933 жыл, 9 март, Голощекин орнынан түскен соң, Орталық Комитеттің арнайы шешімінен кейін; бұл кезде қазақ қырылып біткен; өзі күнделікті кіресілі Сталинге бар жағдайды тым құрса бір жыл, тіпті, жеті-сегіз ай бұрын мәлімдеуге мұршасы келмеген, немесе, осының бәріне сенің өзің жауапкерсің деп сөгіс арқалаудан қорыққан...) Бірақ біз қалай бүркемелесек те, ақыр түбі шындық ашылмай қалмайды екен. Бұл ретте әуелгі нақты дерек «жылымық» кезі, «Вопросы истории» журналының 1964 жылғы 1-санында жарияланған еді. Содан соң қазақ тарабында алғаш рет 1989 жылы, «Жұлдыз» журналының 7, 8 сандарында айтылды.
Партиялық, атаулы нұсқаудан соң Голощекин біржола күшіне кірді. Әлдеқандай бөгет жасауы мүмкін ұлт зиялыларының көзі тірілері алыс айдауда, бірлі-жарым басы бостаны сырт аймақтарда және қолдарында не билік, не баспасөз жоқ. Голощекин өз төңірегіне санасыз ғана емес, айрықша жандайшап ұлт сатқындарын топтастырады. Қазақ ауылын біржола тұралату, барлық халқын жерге тығу бағдарындағы жаппай қарақшылық басталды. Ірі байлардан соң орта шаруалардың, оған жалғас тақыр кедейлердің өзінің қолдағы барлық малы кәмпескеге түседі, тартып алынады. Әлбетте, қарсылықсыз болмаған. Бірақ халық қарусыз. Елдің әр тарабындағы наразылық, көтеріліс атаулы қанға боялып басылды. Ақыры, 1931 жылы сыз берген Ашаршылық 1932 жылы жаппай апатқа ұласады.
Бірден-ақ дабыл қағылғанын көреміз. Ашаршылық, босқын жайы Қазақстан өкіметінің көз алдында, Мәскеудегі Орталыққа да мағлұм. Қатер қарасынын ең алдымен танып, жоғарыға хабарлаған - Ресей, Батыс-Сібір крайкомының бірінші хатшысы, ұлты латыш Роберт Эйхе болған сияқты. Босқын қазақтар, аш қазақтар теміржолмен қаптап келіп жатыр, өліп жатыр деген. Арнайы сұрау түскенде Голощекин: бізде бәрі дұрыс, ешқандай себеп жоқ, бұл қазақтар көшпенді халық, қыдырып, қаңғырып жүрген деген тұрғыда жауап қайтарса керек. 1932 жылдың 8 мартында үйлес ақпар Орта-Еділ (Средне-Волжский) крайкомы тарабынан да көтеріледі. Кәмпескеден қашқан бай-құлақтар деген ресми қатынас түседі. Және Ресей шегіндегі тиесілі аймақ, облыс басшыларына мұндай қашқындардың бәрін тұтқындап, Қазақстанға қайтару туралы талап қойылыпты. Сондай-ақ, айдаудағы саяси айыптылар: В.Иогансон, О.Селихова, П.Семинин-Ткаченко, Ю.Подбельский, А.Флегонтовтар 1932 жылы 1 февральда - ең бір қажетті кезеңде, Мәскеудегі ғұзырлы билік атына арнайы хат жолдапты. Осы жылы жазда Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатаулин һәм Мұташ Дәулетқалиев, Қадыр Қуанышев, Емберген Алтынбаевтар қол қойған "Бесеудің хаты" және жолданады. Қатер дабылы осы, бүгінде белгілі санаулы деректермен ғана шектелмесе керек. Алайда, мұндай төтенше ақпардың барлығы да өтірік, тап жауларының социалистік құрылыс табыстарын көре алмаған арандатушылығы деген желеумен мүлде ескерусіз қалады. Және дабыл көтерушілердің барлығы да қатаң жауапқа тартылған, көпшілігі ертелі-кеш "халық жауы" ретінде атылып та кеткен.
Қазақты жаппай қырғынға ұшыратқан науқан кезінде Қазақстан Өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы İзмұқан Құрамысов пен Өлкелік Халық комиссарлар советінің төрағасы Ораз Исаев Голощекиннің өзінен де асып түскенін көреміз. Ал «Қазақстан ақсақалы», яғни Атқару комитетінің басшысы саналатын сауатсыз Елтай Ерназаров бас шұлғумен болыпты. Дәрежесі төменірек жандайшаптардың да аты-жөні түгел белгілі, шетінен тізіп атай берсек, тақырыбымыздың ұшығынан адасамыз. Осыларға керісінше, өкімет төңірегіндегі бірлі-жарым азаматтардың қауіп ойлаған, туған жұртын апаттан арашаламақ болған жасқаншақ талабының өзі аяусыз жанышталып отырған. Қасақана, жоспарлы геноцид деген осы емес пе. Әдепкі науқан болса, қатеден кетсе, сол 32-жылдың күзіне жетпей-ақ бар жағдайды түзетуге болатын еді. Қазақ шығынын бірер жүз мың, асса жарым миллионмен шектеуге мүмкін еді. Керісінше, осы жазда халықтың қолында қалған ең соңғы бұзау-торпаққа дейін тартып алынады. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» - деген зәрлі мысқыл осы кезде шыққан.
Бүкіл қазақ даласын қаптай жайылған, мыңғырған төрт түлік түгел қолды болған екен. Ірі қара мен тұяқты мал, кеміте есептегеннің өзінде ондаған миллион. Ал, кәмпескеге түсірді. Содан соң қайда жіберді? - деген сауал тумағы орынды. Бұрынғы-соңғы зерттеушілердің ешқайсысы бұл жағына бармайды. Большевиктер соншама малды не қылды? - Ғұзыры жоғары БК(б)П Орталық Комитетінің 1929 жылғы 20 декабрьдегі "Ет проблемасын шешуге қатысты шаралар" дейтін атаулы қаулысы бойынша, Россияға айдады. Жазда аяғымен кетсе, қысқа қарай сойып, қатқан өлі етке айналдырып, эшелон, составымен пойызға тиеп, ішкі аймақтарға жөнелтті. Социалистік құрылыс жолында еңбек етіп жатқан орыс пролетариатының аузын майлау үшін. Сібірден бастап, Москва, Ленинградқа дейін. Бәлкім, одан арыға - достас Батыс елдеріне асыруы да ғажап емес. Халқы аштан қырылып жатқан Украинадан тәркіленген астықты Германияға жөнелткен ғой, Қазақ даласынан нәр алған дәмді, семіз еттің бір бөлігі дәп осы кезде коммунизмнің ең жақын туысы фашизмнің туын көтергелі жатқан ағайын жұрттың сыбағасына тартылуы күмәнсіз.
Ақыры, тіршілік көзі - талауға түскен, із-түзсіз жоғалған төрт түлік малдың соңынан мал иесі қоса кетті. 1932 жылдан 1933 жылға қараған қыс айларында бүкіл қазақ халқы жусап қалды...
Қанша жазсаңыз да, қалай жазсаңыз да қасірет жайын айтып тауыса алмайсыз. Арылмас қайғы. Орны толмас қаза. Алаш жұртының арғы-бергі тарихында болмаған апат. Бүгінгі нәтижесін көріп отырмыз. Зардабы сексен жыл емес, сегіз ғасырға кететін зұлмат...
Қашанда зорлықшыл империя атаулының түпкі саясаты біреу-ақ: үстемдік, өктемдік. Қарсылық серпін ғана емес, әлденендей наразылық лебінің өзін аяусыз жаныштаумен қатар, бұра тартуға жол қалдырмай, бәрін алдын-ала реттеп отыру, яғни билеуші әулеттің бүгінгі кеңшілік, ертеңгі кеніш ғұмырын қамтамасыз ету. Осы орайда, большевиктер өкіметі нендей күнәсі үшін бүкіл қазақ халқын өлім жазасына кесті деген жұмбақты сауал шығады. Жалғыз-ақ жауабы бар - кеңбайтақ жері үшін!..
Империяның Батыс аймағындағы, ол да қырғынға ұшыраған Украина туралы айтпай-ақ қоялық. Украиндар бұл мәселенің түйінін бізден көп бұрын шешіп қойған. Геноцид. Бізде де геноцид. Яғни, көпке белгілі, жалпақ тілмен айтсақ, жұртшылықтың белгілі бір бөлігін, тұтас халықтарды нәсілдік, ұлттық, немесе діни себептермен қырғынға ұшырату! Десе де... Өзбек аман. Қырғыз аман. Түркменге де тиіскен жоқ. Нәсілі бір, тегі орайлас, тілі үйлес, діні ортақ ағайындар ішінде «айрықша таңдау» қазаққа түсіпті. Неге? Неге ғана қазақ қырылуға тиіс еді? Айттық. Негізгі жауабы анық. Кеңбайтақ жері үшін. Және... ежелгі, ескі кек жөнімен. Яғни, бұдан жеті, алты, бес ғасыр бұрынғы, болған, болмаған зорлық, зәбірдің қарымтасына.
Патшалық империя кезінде көтерілген мәселе. Ресей тарихы барлық уақытта да «қырғыз-қайсақ» жұртын баяғы «татар-моңғолдың» жалғас мұрагері санаған. Және бұл - ғылыми тұрғыда дәлелденген жағдаят. Алғаш Н.Карамзин тарихында елес берген. Бұдан соң тарихшы-этнолог Н.Аристов қазақ ру-тайпаларының шығу тегін зерделей келсе, бұл халық Шыңғыс хан тұсында «татар» аталған қауымның тікелей жалғас, сарқыты деп дәйектеген. Енді бір атақты оқымысты Г.Грумм-Гржимайло да Шыңғыс ханның туы астында болған белгілі рулардың біразын кейінгі қазақтан табады. Атақты қаламгер В.Короленко Қазақ даласына қатысты жолжазбаларының бірінде кешегі Шыңғыс хан ұрпақтары бүгін жұпыны малшыға айналыпты деген. Орайлас мысалды көптеп келтіруге болады. Мұның бәрі - ұнамды тұрғыдағы, танымдық байыптаулар. Осыған керісінше, империялық астам көзқарас, ашық жаулық пікірлер де көп болды. Мәселен, 1907 жылы Мемлекеттік Думада және Жер игеру департаментінде: «Қазіргі қазақтар - кешегі Шыңғыс хан Ордасының ұрпағы, сондықтан оларды Америкадағы қызылтері жұрт сияқты, біржола жойып жіберу керек!» - деген сойқанды сөз ашық айтылыпты. Кезінде Әлихан Бөкейханов қарсы дауыс көтерген.
Арада он жыл өтпей, төңкеріс болды, патшалық билік коммунист-большевик билігімен алмасты. Алайда, ғасырлар бойғы империялық пиғыл өзгере қоймапты. Түркстан өңіріндегі, 1918 жылы басталған алғашқы Ашаршылық кезінде, ғұзырлы большевиктердің бірі Тоболин өкіметтің ресми мәжілісі үстінде: «Қазақтар экономикалық тұрғыда әлжуаз халық ретінде онсыз да қырылып кетуге тиіс, сондықтан әлденендей көмек көрсетілуінің өзі әбес», - деп мәлімдейді. Бәрі баяғыша. Бұрынғыдан басқадай ұрандар көтерілгенімен, ежелгі империялық саясат одан әрі жалғасты. Енді патша заманындағы, езілген ұлттарға ара түсер орыс зиялысы жоқ, заң-низам, адамгершілік, ізгілік атаулы аяққа басылған, билеуші жаңа әулет - коммунистер жыртқыш империяның өрісін бұрынғыдан әрмен кеңейте түсуге барын салды. Большевиктер өкіметі патшалық заманда көңілде тұрса да мүмкін болмаған жағдай - бүтін тіршілігі мал сүмесіне ғана қараған қазақ халқын біржола құртудың төтенше амалын ойлап тауыпты. Ізгілік атаулының қолқа-тамыры ортақ десек, зұлымдық атаулының нәсіл-тегі жоқ екен. Бар жарлықтың басында тұрған Сталиннің ұлты гүржі, негізгі, жауапты орындаушы Голощекин - жойыт, оның өзінен де асып түскен ең сенімді жандайшаптары Исаев пен Құрамысов - қазақ, бәріне ортақ сыпат - нағыз большевик-коммунистер, ал олардың аз уақытта абыроймен атқарып шыққан зұлымдық істері - империялық саясат шеңберінде, империяның мәңгілік мүддесі жолында. Осыған орай жүргізілген ұтымды жұмыс нәтижесінде, айналасы бір жарым-екі жылда үш мың жылдық тарихы бар, нешеме ғасыр бойы бүкіл Орталық Азияны дүбірлеткен ұлы халықтың басым көпшілік бөлігін қан шықпаған қасап қырғынға түсіріп, қалған азшылығын мүсәпір жағдайға жеткізіпті. Кеңбайтақ дала қаңырап қалды. Енді бұл жаңа, азат отарды өктем, билеуші нәсіл - жаңа жұртпен толтыру қажет еді. «Әлмисақтан иен жатқан» аймақта «Тың көтеру» деген ұран астында. Алайда, бұл кезде әлемдік жыртқыш империялар өзара жағаласып кетті. Қазақстан - ауыр жеңілістерге ұшыраған Советтік Россия үшін сарқылмас қазына, артық-ауыс адам атаулыны айдап тығатын жаппай түрмеге айналды. Соғыстан соңғы кезеңде, аз-маз ес жиған соң, 50-жылдардың басында бұрнада іркіліп қалған «Тың көтеру» - отарлық шапқынның жаңа бір дәуірі басталады. Өзгеше қысым, зұлматтың бәрін айтпағанда, 1959 жылғы санақ бойынша, қазақ халқы өзінің тарихи отанында барлық жұрттың үштен біріне де жетпей қалады - небәрі жиырма тоғыз пайыз... оған жалғас сұмдықтарды, бүгінгі, біршама өсіп-өнсек те теңсіздік жағдайындағы мүшкіл халімізді тәптіштемей-ақ қоялық. Басқа бір кітап, басқа бір еңбектердің сыбағасы.
1932-1933 жылғы, Совет өкіметі қолдан ұйымдастырған аяусыз, зұлмат Ашаршылық кезінде қанша қазақ шәйіт кетті? Әр тұста әрқилы сан айтылды. Дүмше коммунист, кезінде Алаш азаматтарының ақталуына қарсы болған Б.Төлепбаев бір миллионнан асырмайды. Большевиктік санадан арылмаған, бүгінгі егемен өкіметпен жалғас шалағай демограф М.Тәтімов бір миллион жеті жүз мыңға тірейді. Алғашқысы көпе-көрнеу жалған, кейінгісі ой-жота долбар. Колхоздастыру тарихын тексерген, негізінен Ашаршылық емес, кәмпеске және босқындар мәселесін сөз еткен Талас Омарбеков екі миллион екі жүз отыз мыңмен шектейді. Бұл да ресми есеп, өкіметтік құжаттар негізінде шығарылған түйін. Басқа бір тұрғыдан қарағанмен, біз де дәлме-дәл айта алмаймыз. Өйткені, Ашаршылық қарсаңындағы қазақтың ұзын саны нақты белгісіз. Бар дерек - кемшін, азайтылған жағдайда. Керісінше, Ашаршылықтан соңғы мағлұматтар түгел еселеп өсірілген, жалған. Әйтсе де, Ашаршылық құрбандарының жалпы санын шамалап көрсетуге мүмкіндік бар. Жалпы саны болмаса да, бүкіл қазақ құрамындағы үлес салмағын.
Біз мана 1932-1933 жылдар бүкіл халықтың анық үштен екісін, бәлкім, төрттен үшін жалмады дедік. Қазақ Ашаршылығының аумағы мен сұлбасы басқадай қорытындыға жол қалдырмайды. Ал шамалап айтқанда қанша жан десек... ескілікті деректерге сүйену қажет болады. Империя шегіндегі қазақ 1897 жылғы Бүкілресейлік санақ бойынша, төрт миллион және сексен төрт мың. Бұдан соңғы 1916 жыл дүрбелеңі, Азамат соғысына жалғас қиындықтар бар. Десе де, алаш жұртының ортасы ойылмаған. Отыз бес жыл орайында екі есе өспегеннің өзінде, бес-алты миллионды еркін еңсеруі анық. Кемітіп айтқанда. Осыған орай мен Ғаламат Ашаршылық кезінде кемі үш, әйтпесе төрт миллион халқымыз қазаға ұшырады деп білем. (Екінші бір есеп - жеті миллионның бесеуі кетті.)
Апат аймағын елестетейік. Ашаршылық бүкіл Қазақстан шегін толық қамтыды. Еділді сағалай босқын тапқан Батыс шекара, Өзбек, Қырғызға өтетін Түстік шекара, Қытайға қарай қашатын Шығыс шекара демесек, бүкіл Орталық - кеңбайтақ Қазақ жеріндегі қисапсыз халықтың оннан тоғызы жусап қалды. Қияметтен өтіп, тірі шыққандардың әңгімесі басқадай есепке жол қалдырмайды. Ресеймен шектес, неше мың шақырымдық Солтүстік шекарадан өткендер түгелге жуық барған жерінде аштан, немесе таяқтан өлді. Кейінгі орыс жазушыларының дәйекті куәлігі бар. Басқа тараптағы шекараларды да сөз үшін ғана айтып отырмыз. Әуелде олар да ел ішінде жаппай қырылды, дәрмені бітіп, жолда қалды. Жеткендері, өткендері бестің бірі, бәлкім одан да кем. Өткеннен соң да жарылқанғаны шамалы. Батыста Еділге жеткендер Қазақстан шегінен тысқары қазақтарға барып пана тапты, ұлы дарияның бойынан балық аулап үнем айырды. Шығысқа ұмтылып, Қытай шекарасында қызыл сақшылардың қорғасын жаңбырының астында жығылғаннан қалған жұрт та қазақ арасына жетіп, өлмес талғажау тапты. Өзбекке жеткендер жас қыздарын сатты, алтын алқа, ақ күмістерін бір жапырақ нанға айырбастады. Қырғызға жеткендер тонын сыпырып, етігін шешіп берді. Күні кеше ғана жарым дүниені толтырып тұрған, байлығы шалқыған дарқан қазақты ешкім де есіркемепті. Құдай аямаған халыққа кімнің жаны ашымақ... Қай тарапта да тұзы таусылмаған санаулы кісілер ғана аман шығыпты.
Байыптап, тексеріп қарасаңыз, қазір Қазақстан шегінде жер басып жүрген әрбір қазақтың сол, Ашаршылық кезеңін өткерген әулет-жұрағаты әлдебір кездейсоқ, сәтті жағдай нәтижесінде ғана тірі қалғанын айғақтар едік. Бүгінгі үлкендер өздерінің әкелері мен аталарынан естіген әңгіме, ертелі-кеш таңбаға түскен нақты куәліктер бұған ешқандай күмән қалдырмайды. Ешбір заманда ешбір халықтың басына түспеген жаһаннамсыз тозақ.
Иә. Исі қазақта Ашаршылыққа ұшырамаған отбасы қалмады дедік. Жалпылай айтылған сөз. Жарты күн тарықпай, жайраңдап өткен кісілер де болыпты. Сол қылмысты науқанға дем қосқан большевик басшылар, аудандық, ауылдық деңгейдегі жендет белсенділер. Солардың ұрпақтары бүгінде ел билігінде отыр.
Ашаршылық - демографиялық апат қана емес, рухани апатқа да ұласқан зұлмат екен. Сұмдықтың, жетесіз мәңгүрт жағдайдың мыңнан бірін ғана айтайық. Қазақ халқын сексен жылда оңалмаған, жүз алпыс жылда да неғайбыл, бәлкім ешқашан орны толмас апатқа ұшыратқан Ашаршылық турасында айтудың өзі күнә саналады. Тәуелсіздік алдық, жарылқандық дегеннен бері жиырма жыл өтсе де, Ашаршылық құрбандарын еске түсірер ешқандай нысан жоқ. Апаттың 70 жылдығы атаусыз қалды. Зерттеу, білу, таным жағы мүлде жабық жатыр.
Бірақ өткен тарихты жарым әлемді қанды шеңгелінде ұстаған коммунистік билік те өзгерте алмады, оның бүгінгі жалғасы - егемен өкіметіміз де жауып тастай алмақ емес. Атүсті, шағын мақалада тұншыққан, мәңгілік шердің бір түйдегін ғана сыртқа шығардық. Неше том кітап жазсақ та, бар Сұмдықты айтып түгесе алмас едік. 1932-1933 жылдардағы Ғаламат Ашаршылық - қазақ жүрегіндегі айықпас қайғы, жазылмас жара. Атаңнан тартып, өзіңнен өтіп, ұрпақ, зәузатыңның сүйегімен кетер мұң мен зар. Алапат қырғын. Ешқашан ұмытылмауға тиіс зұлмат.
Осыған керісінше, сүйікті үкіметіміз бен билеуші партиямыздың бар ісі басқаша шығып отыр. Сексен жылдығының сиқы мынау, Тоқсан жылдығы еленер, еленбес, алдағы Алаш жұрты Жүз жылдығын күңіреніп еске алуы күмәнсіз дейміз. Түбегейлі зерттеулер жарыққа шығады, өткендегі естеліктер кеңінен жарияланады, ол кезде басқаша аталатын Қазақ астанасы мен Алматыда ғана емес, аймақтық үлкен қалаларда, тіпті, кіші-гірім ауыл, кент атаулының бәрінде әрқилы сыпаттағы арнайы ескерткіштер тұрғызылады. Ең бастысы - өткен Сұмдықта омырайған ортасын толтырудың төтенше амалдары қарастырылып, жүзеге аса бастайды. Яғни, еліміз шын мәнісіндегі тәуелсіздікке жетіп, республика шегіндегі барлық істі оң жолмен, жер иесі байырғы халықтың мақсат-мүддесі тұрғысынан шешуге ұмтылады деген сөз.
Біздің отыз жасымызда жазылып, әупіріммен әрең жарыққа шыққан алғашқы бір романымызда астарлап айтылғандай, Асан Қайғы арман еткен, яғни жат жұрттың телімінен тыс кеңшілік, кеніш заманды өзіміз көрерміз, көрмеспіз, қазіргі жас әулетіміздің сол күнге жетуі хақ, ал немере-шөберелеріміз өз Елі - ежелгі әрі Жаңа Жұртта ғұмыр кешуге тиіс.
12.III.2012, Прага
«Абай-ақпарат»