Жексенбі, 24 Қараша 2024
Дидар-ғайып 5678 0 пікір 19 Шілде, 2021 сағат 17:20

«Аруанадай бейнең қалды мәңгілік!»

Осыдан бірнеше күн бұрын 64 жасқа қараған шағында есімі бүкіл қазақ еліне белгілі ақын, айтыскер, Республикалық ақындар айтысының бірнеше мәрте жүлдегері Ханша Раисова дүниеден өтті. Қаралы хабарды ақынның қызы естірткен.

Ханша Раисова 1956 жылдың 5 қазанында Алматы облысында дүниеге келген. Алматы педогогикалық университетін «Бухгалтерлік есеп» және «Қазақ әдебиеті» мамандықтары бойынша тәмамдаған. Республикалық айтыстардың бірнеше мәрте жүлдегері, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты, ақындар мектебінің ұстазы, Алматы облысының құрметті азаматы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті мәдениет қайраткері, республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жүлдегері, Алматы облысының құрметті азаматы Ханша Мұсабайқызы Раисованың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Ханша Мұсабайқызы 1980-1990 жылдары айтыс өнері қайта жанданған тұста жарқ етіп көрінген ақындардың бірі еді. Ол мәдени құндылықтарымызды және рухани қазынамызды дәріптеп, ел ішіндегі және халықаралық жыр сайыстарында жүлделі орындарды жеңіп алды. Ел-жұрттың айрықша құрметі мен ықыласына бөленді. ЮНЕСКО сыйлығының лауреаты атанды. Жас өнерпаздарды сөз зергері болуға баулып, Жетісу өңірінде ақындар мектебін қалыптастыруға атсалысты.

Қазақтың айтыс атты әдеби мұрасын өркендетуге мол үлес қосқан Ханша Мұсабайқызының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз белгілі ақынның есімін әрдайым ардақ тұтады, – деп жазылған Президенттің жеделхатында.

Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы атынан марқұмның туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.


Қуат Қайранбаев:

Ақын Қанышаның рухына

Қапал жақтан,
Ақын-Сара елінен,
Ақешкі мен Баянжүрек төрінен.
Ақ жаулық сап түскеніңде айтысқа,
Алғашқы рет Сізді сонда көріп ем...

Жаман-жәутік жақындаса жай түстің,
Арзан қалжың айтпаушы еді қайта ішкім,
Сахынада сомдап Ана бейнесін,
Атанып ең Қанышасы айтыстың!

Қолда барда құны төмен алтынның,
Дәл өзіңдей құрметтейді салтын кім.
Қасиетті домбыраны қолға алып,
Хас өнерін өбектеп ең халқыңнын.

Тіршіліктің түйткіл жайын түйе шын,
Тығырықта таптың сөздің жүйесін.
Ақ кимешек – аманат деп Анамнан,
Хас өнердің қастерлеп ең киесін.

Кездерің жоқ сасқан және тасқан да,
Жығылмадың тағдыр төмен басқанда.
Шиыр-шиыр жолмен жүріп көтердің,
Қара өлеңнін қасиетін аспанға

Ортамызда жүруші едің сән құрып,
Тағдыр солай,
тағы сөнді таңғы үміт.
Қаныша әпке, жаннат болсын мекенің
Аруанадай бейнең қалды мәңгілік!

Қазақтың Сары Тентегі Қуаныш ақын:

- Қазақтың ақындар айтысы өнерінің көгінде жарқ етіп көрінген ақындардың бірі, тілеулесім, ақындар айтысының ыстығы мен суығын бірге көрген көзкөргенім Ханша ақын да өмірден озды...

Ол мәдени құндылықтарымызды және рухани қазынамызды дәріптеп, Республикалық және Халықаралық ақындар айтыстарында жүлделі орындарды иеленіп, құрмет мен ықыласқа бөлене білді .

Жас дарындарды баулып, бар күш-жігерін Жетісу өңірінің ақындар мектебін дамытуға арнады.

Ақындар айтыстарында кездескен кезімізде емен-жарқын ой бөлісіп, бір жасап қалушы едік...

Талдықорғандағы кітапханада болған онлайн-кездесуіне әлеуметтік желі арқылы қатысқаннан кейін ақындар айтысының келешегі туралы біраз ой бөлісіп, пандемия біткен соң ұсынысымызды ақындар одағына ұсынуға келіскен едік...

Беу, Жалған-ай...

Қазақтың айтыс өнерін өркендетуге мол үлес қосқан Ханша ақынның жарқын бейнесі ұмытылмайды. Халқымыз әрқашан ақындарының есімін ардақ тұтады.

Халқыма, ақындарға, отбасына, туған-туыстарына, Жетісу өңірінің еліне  қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Ел аман, жұрт тыныш болып, қатарымыз сиремесін.

Жиырма шақты күн байланыссыз өңірге кетіп қалып ем. Мына суық хабарды кештеу естіп отырмын. Қазақтың айтыс өнерінде ойып алған орны бар Ханша ақын өмірден озыпты... Айтыс ауылының ақындарына, марқұмның отбасына қайғыны бөлісіп, көңіл айтам...

Мұқаш Сейтқазиев:

Біреулер қу байлықты мансап етті,
Біреулер аз ғұмырда ән сап өтті.
.. Әселханның соңынан іле - шала,
Асығыс ана жаққа Ханша кетті..

Бақ таймасын базарлы, ажарлы елден,
Қайран қазақ, аз емес қазаң көрген.
" Біздің координаттарды атқылауда "
Момышұлы айтқандай ажал - мерген.

.. Бұлт шалмауын тіледік көк аспанның,
Адаспауын тіледік тау асқанның.
.. Ханша ақын бірі еді жыр - отаудың,
Уығын оң қолымен қадасқанның.

Аққуынан айрылса көл дір еткен,
Ақынынан айрылса ел дір еткен.
.. Жүйріктердің бірі еді-ау айтыстағы,
Жетісудың жалауын желбіреткен.

Шілденің ертең жаңа аптасы ма,
Ұқсай ма өмір шахмат тақтасына?
Ұлытаудан қайғырып көңіл айтам,
Ханшаның әулетіне, отбасына...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543