Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Арылу 11923 112 пікір 29 Шілде, 2021 сағат 16:02

Президентке ұсыныс - хат

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Министрлер кеңесінің төрағасы Асқар МАМИН,

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМЕТУЛЛИН мырзаларға және Парламент депутаттарына

Сіздерге жазғаным жөн болар деп білген бұл хатымның айтары мыналар:

1. Еліміз  тәуелсіздік   алысымен  «Қазақ   Советтік  Социалистік Республикасын»  жаңаша  қалай атау туралы жұртшылықтан ресми түрде пікір сұралды. Баспасөзде жарияланған ұсыныстың басымы: «Қазақстан»; «Қазақ елі»; «Қазақ республикасы» болды, бірақ Жоғарғы Кеңес сессиясында «Қазақстан Республикасы» деп қабылданды. Оның жаңсақ екені айтылды да, жазылды да, алайда «өтті – кетті».

Жаңсақтық неде еді?

Біріншіден, «стан» сөзінің еуропа елдерінде, Ресейде жиырма шақты оңды-солды, тіпті кереғар түсініктері бар, ал  парсы тілінен тараған «стан»  – «ел» деген сөз. Арғыны қозғамай, бертінгіні шолсақ, «стан» сөзі бүгінгі «Индия республикасының» алғашқы аты парсының «хунду» («хинду») сөзінен шыққан. Бүгінде ұлы мемлекет санатындағы ресми «Индия республикасының» жұртшылығы  бейресми ретте «Хиндустан» дегенді жиі қолданады. Халықаралық деңгейде айтылуы да солай. Тарихқа үңілсек: Моғолстан, Ауғанстан, Пәкстан, Курдстан... тізім  қысқа емес. Яғни, біз үшін дұрысы – «Қазақстан».

Екіншіден, «республика» - латын сөзі. «Белгілі уақытқа сайланғандар басқаратын мемлекет».  «Республика» сөзінің де бірнеше түсінігі бар. Ал ханын да сайлап алатын дәстүрлі «Қазақ еліне» («Қазақстанға») «республика» сөзін де тықпалаудың ешқандай қажеті жоқ еді, бірақ ол да қабылданды. «Қазақ елінің мемлекет» болып шықты.

2. «Гимн» жөнінде. Ол көне грек сөзі. «Мақтаныш сезіммен айтылатын салтанатты ән». Осы орайда пікір алысу болғанда көпшілігіміз: «Қазақстанның әні», «Қазақ елінің әні» деудің дұрыстығына жүгінгенбіз. Бірақ «Қазақстан Республикасының Әнұраны» жеңді. «Ұран» сөзінің мағынасы ескерілмеді. Мәтінінде «әйтейік те сөйтейік, өйтейік те бүйтейік» дегендей ұран сыңайлы бір сөз болмаса да, «Әнұран» деп өрескел бұрмаланып бекітілді. Оны түзету керек. Қазақ тілінде «Қазақтың Ел әні» жарасымды. «Қазақстанның Ел әні» десек, «Қазақ елінің Ел әні» болып шығады. Ал орыс тілінде,  түсінікке түсінік іздемей-ақ, «Гимн Казахстана» деу қисынды. Ел атының «Республика Казахстан» деген орысша нұсқасындағы «республика» сөзін алып тастау қажет.

3. Қазақ қалаларының аты хақында. Патшалы Ресейдің боданы  болған елдердің, оның ішінде Қазақстанның көптеген ауыл-село, бірнеше қала аттары орысшаланғаны  белгілі. Қызылжар қаламыз «Петропавел», Кереку қаламыз «Павлодар», Атырау «Гурьев»  делінді. Бекініс деп салынған:  «Устье каменных гор», «Семипалатинск»... өз алдына.

Бертінде «Ақмола қаламыз ұр да жық Хрущевтың бұйрығымен «Целиноград» аталды.

1992-жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесі: «Орал, Шымкент облыстары аттарын қалпына келтіру, «Целиноград» қаласын қайтадан «Ақмола» деп атау туалы» қаулы қабылдады. Ақмола 1822-жылы патшалық бекініс орнына таңдап алынып, 1862-жылы қалаға айналған. Сол «Ақмола» 1998-жылы президенттің жарлығымен «Астана» деп орынсыз өзгертілді. Біріміз түсіндік, біріміз түсінбедік. «Ресей басшылары қала атының орыс тіліндегі аудармасын естіп: - «Белая могила»? Что за могила? - деп күліпті-мыс.

1971-жылы Ақмола өңірінде болғанымда жасы сексеннен асқан қарттың  «Ақмола» деген аттың қалай шыққаны жайында, әдейілеп емес,    сөз ыңғайына қарай айтқан мына қысқа әңгімесін естідім: «Дәкең деген      аса абыройлы би қайтыс болып, ел-жұрты құрметтеп, оңашалап жеке жерлеп, ақсақалдар бақиға аттанған аса абыройлы, киелі адамдарды содан былай  Дәкеңнің моласы маңына жерлеуді ұйғарысыпты. Сөйтіп, зират «Ақмола» деп аталыпты. Ол кезде мен бұ дүниеде жоқ та шығармын, естігенімді айтып отырмын. «Ақмола» кейінде қалаға айналған, қалайша екенін білетіндер қалмаған, ал сол  бидің де, жерленген болса басқалардың да молаларынан белгі жоқ», деді қарт. Ол ақсақалдың өзінің де, айтқан биінің де аты-жөні, қажет болар деп ойламағандығымнан, есімде қалмапты.

Бұл жәйтке ұқсас оқиғалар  славян елдерінде де болған. Мысалы, Белоруссиядағы «Могилев» атты қала 1267-жылдан бері бар. Әуелде деревня екен. Қазірде қала халқының саны 387 мың. Украинада «Могилев-Подольск» атты қала 1593-жылдан бері бар. Халқының саны 31 мың. «Могила» сөзі болса да, бұлайша сақтау – елдегі  көне, тарихи атауларды силау!

Демек, біз де көне тарихымызды қадірлеу рәсімімізбен және аталған 1992-жылғы қаулы негізінде «Ақмола» атын қалпына келтіруге міндеттіміз!

«Петропавел» мен «Павлодардың» тарихи аттарын қайтару, Семей облысын қалпына келтіру  туралы талабымыз аз боған жоқ. Өкімет-үкімет басшылықтарына хаттар  да  жазылды. Ал ол жақтағы үнсіздік бұзылмады.

Семей десек, ол қазақ тарихындағы қасиетті, киелі аймақ емес пе? Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Сапарғали Бегалин, Қайым Мұхамедханов, Бибігүл Төлегенова, Байғали Досымжанов... туып-өскен.

«Қызылжар» қаламыздың аты 1752-жылы «Петропавел» деп өзгертілді.

«Кереку» қаламыздың аты 1861-жылы «Павлодар» делінді.

Осы екеуінің тарихи қазақы аттарының күні бүгінге дейін қайтарылмай тұрғаны неліктен? Ресейдің Петр мен Павел патшалары қазақ жерін монғол мен жоңғар шапқыншылықтарынан қорғап, халқын қырылудан аман алып қалып  па еді? Әлде өздері отаршылдық саясат жүргізбей, яғни қазақтарға ешбір қиянат, зұлымдық жасамай,  алақандарына салып аялап өтті ме? Әлде Ресей тұрған құрылықты түгелдей орыстандыруды көксеген Петр патшаның: «Азиаттар қара жұмыстан басқаға жарамайды» дегеніне жүгініп жүрміз бе?

«Кереку» патшалық бекініс ретінде 1720-жылы Коряковтың әскер бөлімі негіздеген қала емес. Қазақ даласында ХІ-нші ғасырда болған «Кереге» елдімекеннің аты. Махмұт Қашқаридың «Түрік сөздігінде» көшпенділердің керегелі киіз үй жасап алатыны баян етіліп, олар  көшер кезде: «...Бейнет көрді, киіз үйін өзі артып алды» делінген. «Керегелі» сөзі «керегу» деп те айтылған, біздің «Кереку» деуіміздің төркіні сонда.

Меніңше, бүгінгі Павлодар облысын «Қаныш Сәтбаев облысы», Павлодар қаласын, егер «Керегу» деуді ұйғармасақ, «Қаныш Сәтбаев қаласы» деп атау қажет. Осы өңірдің перзенті Қанекеңнің  «бір сырлы, сегіз қырлы» Адам, Азамат, Ғұлама болғаны әлемге аян екенін білесіздер.

Қаныш Имантайұлы дүние жүзінде алғаш металлогения ғылымын қалыптастырған. Ол ғылым – жерасты кендерінің жатқан жерлерін анықтау, көлемін болжау. Қанекең КСРО Ғылым академиясының тапсыруымен Совет Одағының, оның ішінде Қазақстанның металлогениялық картасын жасаған.

Қазақстанына, қазағына сіңірген сан алуан еңбегі теңдессіз  Ұлы геолог Қанекең шетелдік әріптестерін ғана емес, мемлекет қайраткерлерін де тәнті еткен. Англия парламентінің шақыруымен Лондонға барғанында танысқан  премьер-министр Антони Иден: «Англияда ұлт мақтанышы болған тұлға жоқ, ал Совет Одағында әлемдік деңгейдегі қайраткер бар. Мысалы, Қаныш Сәтбаев. Ғажап жаратылыс!» деген. Қанекеңнің сол жолы Черчилльді таңданқан әзілі сан жұртқа жетті.

Қаныш Имантайұлының  аруағына ардақтау – исі  қазақтың  парызы!

4. Сөзімнің соңында «Түрік сөздігімен» байланысты айтылуы шарт мына бір қосымша бар. Дарынды ақын, жазушы, аудармашы, сыншы-ғалым Асқар Құрмашұлы Егеубай (бүгінде ортамызда жоқ, 2006-жылы небары 56 жасында көз жұмды) Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастан-эссесін (638 бет) 1986-жылы түпнұсқасынан қазақ тіліне аударып шығарды. «Жүсіп Баласағұн» атты роман жазды (қазақ және орыс тілдерінде, 320 бет).

1998-жылы «Түрік сөздігін»  түпнұсқасынан қазақшалады (3 том, 1710 бет) және тарихи екі еңбек  хақында ғылыми мақалалар жазды. «Сөздіктегі» ондаған сөздердің түрік-қазақ түбірін салыстыра түсінік   жазды. «Құтты білікті» Қытайдың «Ұлттар» баспасы сұрап алып, көп таралыммен шығарды.

Асқардың жаңа өлеңдер жинақтары 2004 және 2006-жылдары Мемлекеттік  силыққа ұсынылды. Ешкімді ағалап-көкелеп көрмеген ақынға, шығармалары баспасөзде «әбден лайық» деп бағаланса да, силық берілмеді. Комиссиядағы басшы-қосшылар Асқардың әдеби-тарихи ғылыми-зерттеу институның жүгін бір өзі арқалап жасаған екі аудармасы барын біле тұра ескермеді.

Бізде Түркістан қаласын түрік әлемінің мәдени-ғылыми орталығына айналдыру деген игі іс қолға алынғаны мәлім. Сол ыңғайда, мысалы, қалалық  университетте «Асқар Егеубай аудиториясы» ашылса, марқұмның отбасы университеттің кітапханасына оның аталған аударма кітаптарын, романын және жыр жинақтарын силайды дей аламын.

Республикамыздың астанасында, Алматы, Өскемен және Зайсан қалаларында (Асқар – Зайсан ауданының түлегі) «Ақын Асқар Егеубай көшесі» болса, Зайсанда мұражайы ашылып, ескерткіш орнатылса, құба-құп болар еді!

Құрметті  басшы мырзалар, депутаттар! Айтылған ұсыныстарым жалпы халқымыздың, мәдениетіміздің, әдебиетіміздің мерейін ойлағандық екенін анық аңғардыңыздар, қолдайсыздар, іске асырылатын шешім жасайсыздар деп бек сенемін!

Сәлеммен, - Ғаббас  ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы

Алматы. 13. 07. 2021 ж.

...........................................................

Автордан: бұл хатым арналған әдрістерге жазылған күні (13.07.2021) жетсе де, жауапсыз қалды. Кейбіреулер беталды қыжыртып жүрген Кеңес дәуірінде: Еңбекшілерден келген хатқа бір аптадан кешіктірмей жауап жазу міндет болған, ал бүгінде бізде қайда, кімге өтініш, ұсыныс, арыз-шағым жазылса да, жым-жылас қалады. Өкінішті «дәстүр»!..

Abai.kz     

112 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970